Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Картопты қызартып әрі қытырлақ етіп қуырудың тиімді әдістері қандай

Опубликовано:

Қуырылған картоп. Көрнекі сурет
Қуырылған картоп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Картопты қызартып және қытырлақ етіп қуыру өте оңай. Ол үшін аспаздардың қолданатын амал-тәсілдерін білсеңіз жеткілікті. Танымал аспаздық кітап авторлары - Мария Шустаковская - Хойнацкая мен Эдуард Алькаев үй жағдайында картопты дұрыс қуырудың әдістерін бөлісті.

Картоп қытырлақ болуы үшін оны қалай қуырған дұрыс?

Картопты қуырған кезде оның бірыңғай қызармай, кейбірінің мүлдем қуырылмай қалуы жиі кездесетіні жасырын емес. Картопты дұрыс қуыру үшін:

  1. Дұрыс картоп таңдаңыз. "Овощи на вашей кухне" кітабының авторы Мария Шустаковская- Хойнацка жақсы картоп тегіс, соғылмаған, көгермеген болуы қажет екенін жазады. Қуыруға крахмалы орта деңгейдегі, сары немесе қызыл картопты қолдануға болады. Бұндай картоптың ішінің жұмсақтығы сақталып, сырты қытырлақ болып шығады.
  2. Картопты жұқа әрі біркелкі етіп тураңыз. Осылай туралған картоп бірдей болып қуырылады.
  3. Қуыру алдында орамалдың көмегімен картоптағы артық ылғалдан арылыңыз. Дәл осы ылғал картоптың қызарып қуырылуына кері әсерін тигізеді.
  4. Қуырар алдында картопты тұздамаңыз. Дайын болғанда ғана дәміне қарай тұз қосқаныңыз жөн. Себебі тұздалған картоптан шығатын сөл, оған қызаруға мүмкіндік бермейді.
  5. Тураған соң, қуырар алдында картопқа аздап ұн сеуіп жіберіңіз.
  6. Барынша қызған табада, жеткілікті мөлшердегі күнбағыс майында қуырыңыз.
  7. Табаңыздың қырлары биік, түбі қалың болғаны абзал. Ондай табада картоп біркелкі қуырылып, аударуыңызға да өте ыңғайлы болады.
  8. Табаға көп мөлшерде картоп салудың қажеті жоқ. Екі қабат қылып салсаңыз жеткілікті. Көп салып қойсаңыз, картоп өз сөлінде бұқтырылып пісіп қалады.
Табадағы қуырылған картоп. Көрнекі сурет
Табадағы қуырылған картоп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Табада қытырлақ картоп қуыру үшін қажетті заттар:

  • картоп - 500 гр;
  • күнбағыс майы – 60 мл;
  • тұз – дәміне қарай;
  • дәмдеуіштер – қалауыңызша.

Дайындалу жолы:

  1. Картопты жуып, тазалап жуыңыз.
  2. Біркелкі етіп турап алып, қағаз майлыққа салып алыңыз.
  3. Табаға май құйып, пешке қойыңыз.
  4. Майды жақсылап қыздырып алыңыз.
  5. Туралған картобыңызды табаға салып, орташа отта қақпақсыз 3 минуттай қуырып, араластырыңыз.
  6. Картоптың сырты қызарғанша араластырып, барлық жағынан қуырып алыңыз.
  7. Соңында қалауыңызша тұз бен дәмдеуіштер қосыңыз.

Осы технология бойынша қытырлақ картопты дайындай аласыз. Дайын болған картопты соуспен жеке тағам ретінде немесе ет, балықпен гарнир ретінде ұсынсаңыз болады.

Қуырылған картоп пен соустар. Көрнекі сурет
Қуырылған картоп пен соустар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Картоп пен пиязды қуыру әдісі

Қызарған картопты пиязбен де дайындауға болады. Пияздың дұрыс қуырылып, картоптың дәмді болып шығуы үшін келесідей құпияларды білген жеткілікті:

  1. "Блюда из овощей и грибов" кітабының авторлары картопты 160-170 градусқа дейін қыздырылған майға салуға кеңес береді. Рафинадталған өсімдік майын, шыжғырылған май немесе аспаздық майды қолданған дұрыс. Майдың мөлшері картоптың 10 пайызын құраса жеткілікті.
  2. Пиязды тым ұсақтап турамаңыз. Ұсақ пияз тез күйіп кетуі мүмкін.
  3. Ақ пияз немесе порей пиязын қолданған жөн.
  4. Туралған пиязды жартылай пісіп қалған картоптың үстінен салыңыз.
  5. Картобыңыз езіліп кетпес үшін ағаш қасықпен түбінен араластыру керек.
  6. Табаны қақпақпен жаппаңыз. Жабық қақпақты табада картоп тез жұмсарып кетеді.

Асты даярлау үшін қажетті заттар:

  • картоп - 10 дана;
  • пияз – 2 дана;
  • күнбағыс майы – 100 мл;
  • дәмдеуіштер – қалауыңызша;
  • аскөк – дәміне қарай.

Дайындалу жолы келесідей:

  1. Картопты жуып, тазалап, 3-4 мм қалыңдықта тураңыз.
  2. Пиязды тазалап, жартылай дөңгелек етіп тураймыз.
  3. Туралған картопты суық суда жуып, қағаз сүлгіде кептіріп аламыз.
  4. Түбі қалың табаға май құйып, жақсылап қыздырып аламыз.
  5. Орташа отта картопты 5-7 минут қуырып, келесі жағына аударамыз.
  6. Отты баяулатып, картопты жартылай дайын күйге дейін пісіріп аламыз.
  7. Картопқа пияз қосып, араластырып, дайын болғанша қуырамыз.
  8. Соңында қалауыңызша тұздап, дәмдеуіштер қосамыз.
  9. Дайын картопты ұсақталып туралған пиязбен, балғын шөппен дастарханға ұсынсаңыз болады.
Туралған пияз. Көрнекі сурет
Туралған пияз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Пиязды бөлек қуырып та қосуға болады. "Лучшие блюда из картофеля. Разнообразные меню для будней и праздников" кітабының авторы Эдуард Алькаев картопты пияз және саңырауқұлақ қосып қуырудың рецептісін ұсынады. Онда картопты бөлек, ал пиязды бөлек қуырып алып, артырнша араластыруға болатыны жазылған.

Жоғарыдағы кеңестер негізінде әзірленген картоп қызарып әрі қытырлақ болып шығады. Әрі бұл тағамды дайындауға аз уақыт кетеді. Күнделікті ас мәзіріңізді түрлендіру үшін картопқа басқа да көкеністер мен дәмдеуіштер қосып көруден қорықпаңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2012736-kartopty-qyzartyp-ari-qytyrlaq-etip-quyrudyn-tiimdi-adisteri/

pixel