Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ислам дінінде салауат айтудың маңызы қандай

Опубликовано:

Сары түсті тәспі
Көліктің терезесінде тұрған сары түсті тәспі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Күллі мұсылман қауымы сағына күтетін қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Сауаптар еселенетін айда өзін Жаратушының құлы, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті деп санайтын әрбір адам құлшылығын көркем етіп, барынша ізгі амалдар жасауға тырысады. Ал адамзатқа тура жолды көрсеткен ардақты Пайғамбарымызға салауат айтудың астарында үлкен мән, сансыз сауап жатыр.

Адамзаттың асыл тәжі, екі дүниенің сардары, ең соңғы елші Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің алдындағы пайғамбарлардың жолын жалғастыру әрі тәмамдау мақсатында келді. Жиырма үш жыл ішінде екі дүниеде де өшпейтін мұра қалдырған Пайғамбарымыз миллиардтаған жүректің түкпірінен орын алды. Арада он төрт ғасыр уақыт өтсе де, оның салған сара жолымен жүретін үмбетінің қатары көбейіп келеді. Әлемде күн сайын қаншама адам салауат айтады, соңғы нәбидің есімін атап, көркем болмысын үлгі етіп, ұқсап баққысы келеді.

Салауат сөзінің мағынасы қандай?

Салауат деген сөз араб тілінен аударғанда "береке", "құрмет көрсету", "тілек" деген мағыналарды білдіреді. Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақындай түсіп, сүйіспеншілікті білдірудің белгісі, оған деген алғысты, сағыныш пен құрметті жеткізудің жолы.

Салауат сөзі қазақ халқы үшін таныс ұғым. Тарихымызға үңілсек, ата-бабамыз қолдағы барына шүкір етіп, жоғына сабыр еткен. "Барға қанағат, жоққа салауат" деген сөздің астарынан дін мен дәстүрдің сабақтасқанын көруге болады.

Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" кітабында салауат айтудың маңызы жайында мынадай шумақтар келтірілген:

Күндіз жемей, көр, түнімен жатпады,

Сені жақтап, қолдамады басқаны.

Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн,

Салауат айт, мақта, ақта үмітін!

Алла елшісіне салауат айту туралы Құран Кәрімде қандай аяттар жазылған?

Пайғамбарға салауат айту қасиетті Құран Кәрім кітабында бұйырылған. "Ахзаб" сүресінің 56- аятында "Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар!" - делінген.

Бұл аяттан Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рахмет етіп, абыройын жоғарылатып, дәрежесін өсіретінін, ал періштелер сол дәрежені тілеп, дұға ететінін аңғаруға болады. Адам баласы екі дүниенің бақытына кенелу үшін салауат айтуды Жаратушының жіберген бұйрығы деп біледі.

Қасиетті Құран кәрім кітабы
Мұсылманға тура жолды көрсететін қасиетті Құран Кәрім кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Салауаттың түрлері қандай?

  1. Алла Тағаланың Пайғамбарға салауат айтуы. Бұл – Алла Тағаланың оған деген мейірімі мен ризалығын білдіруі деген сөз. Сонымен қатар оған жәрдем етуі, абыройын асқақтатуы, істерін берекетті етуі, атының дәріптеліп, ақырет сыйлықтарын беруі және айтылған салауатты қабыл етуі деген мағыналарды білдіреді.
  2. Періштелердің салауат айтуы. Періштелердің салауат айтуы ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жоғарғы мәртебелердің берілуін сұрап, Алла Тағалаға дұға етуі мен кешірім тілеуі. Ілкіде атап өткен "Ахзаб" сүресінде Пайғамбарымызға періштелердің де салауат айтатыны айтылған. Періштелердің салауаты Қияметке дейін тоқтамайды делінген.
  3. Мүминдердің салауат айтуы. Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметтеп, ол үшін дұға ету дегенді меңзейді.

Салауаттың қалай айтылатыны жөнінде ақпарат іздесеңіз Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мына сайтынан қарауыңызға немесе сұрақтарыңызды жолдап, жауап алуыңызға болады.

Салауаттың сауабы туралы қандай хадистер бар?

  • Әбу Жағфардан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім маған салауат айтуды ұмытатын болса, ол жұмаққа бару жолынан адасты", - делінеді.
  • Әнас ибн Мәликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді" - деген.
  • Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындайды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды" - дейді.
  • Имам Муслим жеткізген хадисте: "Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады"- делінген.
  • Имам Насаи жеткізген хадис шәріпте: "Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді" - деп берілген.
  • Тирмизиден жеткен хадисте: "Сараң адам – менің атым аталғанда, маған салауат айтпаған адам", - деп келтірілген.
  • Имам Тирмизиден келтірілген хадисте: "Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам" - делінген.
Арабша Құран аяттары
Құран аяттары жазылған парақ. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дұғаның қабыл болуына салауат айтудың әсері қандай?

Жарық дүниеге келген адам баласының жүрегінде қандай да бір арман-тілегі болады. Қалауының жүзеге асуы үшін иісі мұсылман Жаратқаннан алақан жайып, керегін сұрайды. Имам Әбу Дәуд: "Дұға ету ол – ғибадат" - дейді. Дұғаның қабыл болуы үшін де орындалатын арнайы амалдар бар. Мысалы:

  1. Дұға етуші адам алдымен Аллаға мадақ және Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудан бастау керек;
  2. Дұға жасаушы дұғаларын айтып болғаннан кейін де Аллаға мадақ, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқаны абзал.

Ибн Мәсғұд (Алла оған разы болсын): "Сендердің бірің Алла Тағаладан сұрайтын дұғасы болса, Оған лайықты түрде мадақ айтудан бастасын, сосын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып барып тілесін. Себебі осылай істеу арқылы дұға қабыл етілуге жақынырақ", - деген.

Тәспі тартып тұрған адам
Тәспі тартып тұрған адамның қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудың пайдасы ұшан-теңіз:

  • Періштелердің салауатына қосылғанмен бірдей болады.
  • Күнәларының кешірілуіне себеп жасайды.
  • Қиямет күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқан адамға шапағатшы болады.
  • Алла Елшісі салауат айтқан жанға жауап қайтарады.
  • Жаратқанның рахметінің түсуіне сеп болады.
  • Егер адам бір нәрсені ұмытып қалса, салауат айту ұмытқан нәрсені еске түсіруіне септігін тигізеді. "Айтайын деп тұрған нәрсесін ұмытқан адам сол нәрсені есіне түсіру үшін маған салауат айтсын" - деген хадис мұның дәлелі болса керек.
  • Салауат айту уайым мен қайғыны сейілтеді.
  • Салауат жүректің нұрлануына, деннің сау болуына ықпал етеді.

Мұсылман адамның өмірінде бір рет Пайғамбарымызға салауат айтуы уәжіп амалға жатады. Ал негізінен салауат айтып жүру – мұстахаб амал. Қасиетті Рамазан айында көбірек салауат айтып, сауапты істер мен ізгілік жолындағы амалдардың жалғасын тапқаны абзал. Өйткені бұл айда қандай іс жасасаңыз да, оның қайырымы еселене түседі әрі салауат айту арнайы құлшылық орнын қажет етпейтін сауапты амал саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2013639-islam-dininde-salauat-aitudyn-manyzy-qandai/

pixel