Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бесік жыры: ең кең таралған және ең оңай нұсқасы

Опубликовано:

Ұйқыдағы сәби. Көрнекі сурет
Ұйқыдағы сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқында бесік жырына ерекше мән берген. Ата-бабалар салтында бесік жыры арқылы сәбиді ұлттық әуенге, қазақтың ән өнеріне деген қызығушылығын арттырып, кішкентайынан ұлттық нақыштағы үнге баулып өсіру сынды астар жатқан. Осы орайда бүгінгі материалда бесік жырының ең көп таралған әрі тез жатталатын нұсқасын назарларыңызға ұсынбақпыз.

Әлемнің көптеген елі сияқты қазақ халқында да бесік жырына ерекше мән берілген. Мәселен, Islam.kz сайтының мәліметінше елімізде бесік жырын алғаш рет Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 жариялаған екен. Басылым солардың ішіне халық арасында кең таралған нұсқасы ретінде төмендесі бесік жырын мысалға келтіреді:

***

...Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің!

Бармақтары майысып,

Ою-өрнек ойысып,

Ұста болар ма екенсің!

Таңдайларың тақылдап,

Шешен болар ма екенсің!...

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Қызмет қылар ма екенсің?!

Қолымыздан іс алып,

Бақытымызға жан балам,

Бізді бағар ма екенсің?!

Бесік жыры. Көрнекі сурет
Бесік жыры. Көрнекі сурет: pixabay.com

Cонымен бірге басылым әйгілі Г. Потанин хатқа түсірген тағы бір бесік жырының нұсқасын ұсынған:

“Таудан Тоғас түскен жоқ,

Секемен тары піскен жоқ.

Тоғас түссе етекке,

Қой жүреді жетекке.

Жылама, бөпем, жылама!

***

Cол сияқты "Қазақ әдебиеті" газеті бесік жырының халық арасында кең таралған әрі жаттауға жеңіл мына нұсқасын көптің назарына ұсынған.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

***

Қазақ халқының пайымдауынша бесік жыры арқылы жас ана Құдайдан сәбидің тілеуін тілеп, оған жарқын болашақ сұраған. Соған сәйкес басылым бесік жырының ел арасында кеңінен танымал тағы бір нұсқасын мысалға келтірген:

Көзімнің ағы-қарасы,

Жүрегімнің панасы.

Уайым, қайғы ойлатпас

Көңілімнің санасы.

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым.

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым.

***

Ұйықтап жатқан сәби. Көрнекі сурет
Ұйықтап жатқан сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ал Massaget.kz сайты бесік жырының мынадай нұсқасын жариялаған:

Айым болып тудың ба?

Күнім болып тудың ба?

Әке жолын қудың ба?

Ата жолын қудың ба?

Бұл дүниеге келген соң,

Сұрауы бар судың да...

Қуанышым, арай жүз,

Сөйлесерміз талай біз.

Бар ағайын жиналып,

Мәз боп саған қараймыз.

Сендей бала ешкімде,

Болмаған деп санаймыз.

Не деп енді мақтайын,

Айтуға сөз таппаймын.

Мақтап кетсем көбірек,

Мен әжеңе жақпаймын.

Келші, келші, балашым,

Бір иіскемей жатпаймын.

Бұл ретте қазақ халқы бесік жырымен болашағын ұрпағын әлдилеп, ол арқылы атадан балаға мирас болып келе жатқан айрықша дәстүрді аманат еткен. Сол себепті сәби дүниеге келген соң, жоғарыдағы нұсқалардың бірін таңдап, әлдилеп бесік жырын айтуды ұмытпаңыз. Сонда сәбиіңіз кішкентайынан ұлттық құндылықтарға сусындап өсіп, анасының әлдиіне ерекше құрметпен қарайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2013986-besik-zyry-en-ken-taralgan-zane-en-onai-nusqasy/

pixel