Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Некенің сәтті болуы өзіне байланысты: ер адамға тән қасиеттер қандай

Опубликовано:

Үйлену тойында түсірілген сурет
Жас жұбайлардың жүрек тәрізді түйіскен қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бақытты отбасы болу тек сүйіспеншілікті ғана емес, ер мен әйелдің жағымсыз мінезімен жұмыс істей білуін де қажет етеді. Әйел болашақ күйеуінің бойынан жауапкершілікті, мақсат қоя алатын және дамуға ұмтылатын қасиеттерді іздейді. Ер адамға бұдан басқа тағы қандай қасиеттер қажет екенін психологтар Михаил Лабковский, Сабрина Алексис және Сатья Дас түсіндіріп берді.

Отбасылы ер адамда қандай қасиеттер болу керек?

Ер адам қандай болу керек? Нағыз ер адам ​​ақылды, алдына мақсат қоя алатын, еркін, сенімді және оптимистік көзқараста болады. Оның бойынан көшбасшылық қасиеттер байқалады, өйткені барынша жақсы нәтижеге жетуге ұмтылады, әрдайым сөзінде тұрады, жақындарына қамқорлық жасайды, өзін және басқаларды құрметтейді, өмірде немесе жұмыс бабымен байланыс орнатқан әрбір адамға әдептілік үлгісін көрсетеді. Психолог Михаил Лабковский нағыз ер адам өзін бар болмысымен қабылдай алатынын айтады. Ол – өз қателіктеріне күліп қарауға және одан әрі қарай дами түсуге дайын адам.

Күйеу қандай болу керек? Қарым-қатынас психологиясы саласындағы автор Сабрина Алексистің айтуынша, жақсы отағасының бойында мынадай қасиеттер болу керек:

  • Сенімділік пен жауапкершілік. Үйлену – бұл ұзақ жұмыс күнінен кейін құшақтасып, бір-бірін сүю ғана емес. Некедегі өмір кейде ерлі-зайыптының құрбандығын немесе ымыраға келуін талап етеді. Өмірде қандай жағдайлар болатыны белгісіз және алға қойған жоспарлардың бәрі орындалмауы да мүмкін. Бірақ қиын сәттерде күйеуі әйелінің жанында болу керек. Оның міндеті – барлық жағынан қолдау көрсету және қажет болған жағдайда мәселені шешуді өз қолына алу.
  • Кемшіліктерді қабылдау. Әлбетте ер адам сүйіктісінің жақсы қасиеттерін бағалайды, бірақ оның кемшіліктерін де қабылдай білген абзал. Әйел өмірлік жарынан өзінің шынайы келбетін жасырмауы керек. Күйеуіне ашық айта отырып, ол бойындағы қандай да бір кемшіліктерге немесе әдеттерге байланысты айыпты емес екенін біліп, өзін кінәлі сезінбеуге тиіс.
  • Құрмет көрсету. Жақсы күйеу әйелін құрметтейді және оны сенімді серік деп санайды. Отбасы ретінде қандай қиындықты да бірге жеңетінін түсінеді. Ер адам жұбайынан эмоционалдық қолдауды және үлкен құндылықты көре біледі. Ол әйелінің ойын, амбициясын және пікірін құрметтейді, бастамаларын қолдайды әрі оның таңдауын бағалайды.
  • Шешім қабылдау кезінде жұбайының пікірін тыңдауға дайын болу. Ер адамда өзін отбасының басшысы ретінде сезінеді, сондықтан шешім қабылдауға келгенде де өз пікіріне басымдық береді. Дегенмен отбасылық қарым-қатынаста екінші адамның да сөзіне құлақ асу маңызды. Қабырғасымен кеңескен ер адам әйеліне құрмет көрсеткенмен тең және оның тілектерін, қалауын, қажеттіліктерін ескеруге дайын болады.
Көшеде демалып отырған жұп
Көшеде демалып отырған ер мен әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com
  • Қарым-қатынастағы ашықтық. Әйел көңіл-күйі қандай болса да, күйеуімен кез келген тақырыпта ашық сөйлесе алуы керек. Отбасын құрған соң адамдар түрлі кедергі мен қиын кезеңдерге тап болады. Мұндай сәттерде әйел күйеуімен сөйлесуден қорықпай, ренжігенде, ашуланғанда, мұңайғанда эмоциясын жасырмағаны жөн. Кикілжіңге, түсініспеушіліктерге, дау-дамайларға дайын болыңыз. Тіпті ерлі-зайыптының бірі өзін сүйікті жан ретінде сезінбейтін сәттер де болады. Осындай кедергілерді бірге еңсеру үшін мәселені ашық айтып, талқылау қажет.
  • Қарым-қатынасты жақсартуға дайын болу. Жұбайлық өмірдегі түсініспеушілікті немесе мәселенің өзегін тауып, ер адам жағдайды түзетуге тырысады. Осы орайда мәселені шешудің жолын іздеп, өмірлік серігіңізбен қарым-қатынас жасауды үйрену маңызды.

Өзін жақсы күйеу деп санайтын ер адам мен әйелінің ұстаным мен құндылықтары ортақ болғаны дұрыс. Себебі күрделі мәселелердің шешімін іздеген кезде екеуі де әрқашан бір тарапта бола алады. Мұндайда әйел ерінің пікірін құрметтейді және оны жан-жақты қолдап, дауда жеңуге, өз ойын дәлелдеуге тырыспайды.

Кофе ішіп әңгімелесіп отырған жұп
Кофе ішіп отырып әңгіме-дүкен құрған жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ер адамға отбасында кедергі келтіретін қасиеттер

Отбасылық қарым-қатынастың сәтті болуы көбінесе ер адамға және оның жеке қасиеттеріне байланысты. "Дорога к счастливой жизни" кітабының авторы Сатья Дас ер адамның отбасы мен әйелі үшін өзгеруге дайын болуы маңызды екенін айтады. Бұл пікірді тұлғалық өсу бойынша жаттықтырушы Антон Гломозда да растайды. Ол адамды ер ететін физиология емес, өзімен және мінезімен күнделікті жұмыс істеуге деген құлшынысы екенін алға тартады.

Некені сақтап қалу және сүйіктісін жоғалтып алмау үшін ер адам кей мінезі мен әдетінен арылуы керек. Ер адам отбасында қандай әдеттерден аулақ болу керек? Қарым-қатынастағы ең зиянды әдеттер мыналар:

  • Міндетін сезінбеу. Ер адам кез келген жағдайда әйелінің өзіне деген сенімінен шығуы керек. Өмірлік серігіне қандай да бір уәде берсе, сөзінде тұруға тиіс. Әйтпесе, жұбайының көңілі қалады және бейсаналық түрде күйеуінен көмек, қорған, қолдау іздеуді тоқтатады. Ол бәрін өзі жасайды немесе өзіне көмектесуге дайын адамды табуы да ғажап емес.
  • Эмоционалдық тұрақсыздық. Marriage журналының сарапшылары ер адам өзін салқынқанды қалыпта ұстай алмаса, некесі ұзаққа бармайтынын жазады. Әйел дұрыс және бақытты қарым-қатынастан ләззат алып, күн сайын психологиялық күйзеліске ұшырағысы келмейді. Ол жиі ашуланатын, үнемі ренжіп жүретін және болып жатқан жағдайға сабырлылық танытуды білмейтін адамға төзе алмайды.
  • Әйелді, оның сезімі мен эмоциясын құрметтемеу. Көптеген ер адам өзінің жұбайына қатысты "түймедейді түйедей көреді" немесе "бос сөзге жылайды" деген ойда болады. Бұл баға әйелдің басынан кешкенін, оның ойы мен эмоциясын жоққа шығарады. Егер сіз бақытты қарым-қатынасқа ұмтылсаңыз, мұндай әрекетке, әйелге құрметсіздік танытуға, сондай-ақ жұбайыңызға өз сөзіңіздің дұрыстығын дәлелдеуге жол бермеңіз.
  • Шыдамсыздық. Сабырлылық – жақсы ерге тән басты қасиеттердің бірі. Адамдар некеде неғұрлым ұзақ жыл өмір сүрсе, болмашы нәрсеге бола туындайтын түсініспеушіліктер да соғұрлым көп болуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда күйеуінің шыдамсыздығы ерлі-зайыпты арасындағы ұрыс-керіс пен қажетсіз жанжалға әкелуі ықтимал.
  • Бітпейтін сын. Уақытында пісірілмеген кешкі ас немесе жуылмаған жейденің болмауы ер адамның ызасын тудырады. Ол мұндайда жұбайының үй шаруасына олақтығын айтып, әйелінің сыртқы келбетін, кейде оның ақыл-ойын сынап әлек болады. Алайда негізсіз сын әйелді жақсы жаққа өзгеруге итермелемейді, керісінше оны ренжітеді және қарым-қатынасты нашарлатады.
  • Барлық жұмысты әйелдің иығына арту. Әрине ерлі-зайыпты үнемі барлығын бірге жасауға және 24 сағат бойы бірге болуға міндетті емес. Бұл жеке шекараға да әсер етеді. Бірақ күйеу үй ішіндегі көршіге айналмауы керек. Бақытты өмір сүру үшін ер адам үй шаруасына да тікелей араласуға тиіс.
Ер мен әйелдің ұрысынан қорқып тұрған бала
Ер мен әйелдің жанжалынан қорқып бетін жауып тұрған бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ер адамдардың көбісі некелескеннен кейін кей әдеттері мен мінезін өзгертуге ұмтылмай жатады. Олар дамымай бір орында тұрып қалады және қарым-қатынастың бұзылуына әкелетін әрекеттерге өздері итермелейді.

Некенің сәтті болуы көп жағдайда ер адамның өзіне байланысты. Отбасын сақтау және қарым-қатынасты нығайту үшін ол сенімді әрі жауапкершілігі мол және қамқор болуы керек. Сондай-ақ жұбайына құрмет көрсету, бос уақытты бірге өткізу және екеуінің де бақыты үшін жақсы жағына қарай өзгеруге дайын болуы маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2014195-nekenin-satti-boluy-ozine-bailanysty-er-adamnyn-otbasyndagy-roli-qandai/

pixel