Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ даласында жарапазан қалай пайда болды: тарихы және ерекшеліктері

Опубликовано:

Жарық майшам
Жарық беру үшін қолданылатын майшам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқының әдет-ғұрпында кездесетін жарапазан әндері тыңдаған жанның назарын аудартпай қоймайды. Бүгінгі күні Рамазан айында орындалатын мұндай құттықтау ән-жырының тарихы ерте замандардан бастау алады. Жарапазан айту дәстүрі қазақ даласында қалай пайда болды? Бұл сұрақтың жауабын мақаламызда тарқатып айтамыз.

Жарапазан әндері көне замандардан бері Орта Азия халықтары арасында орындалып келген. Кейіннен мұндай әндерді күллі мұсылманның ұлық мерекесі - Рамазан айы туған кезде орындау дәстүрге айналды. Жарапазан сөзі жарамазан деп те айтылып жүр.

Жарапазан айту салты қазақ халқы арасында ислам діні енгеннен кейін пайда болған деген деректер бар. Ислам дінін насихаттау үшін дінді таратушылар поэзияны қолданған. Себебі араб тіліндегі сөздерді қазақтар түсінбеген, ал үгіт жүргізу үшін халықтың өлең-сөзге құлақ түре білетін сауықшыл, өлеңшіл қасиеті ескерілген.

Жарапазан өлеңдері қай кездерде айтылады?

  • Ораза кезінде;
  • Құрбан айт кезінде;
  • Садақа сұрау мақсатында айтылады.

Жарапазан қалай орындалады?

Бір топ жастың ел ішіндегі үйлерді аралап жүріп айтатын әндері жарапазан болып саналады. Жарапазан айтатын жастар үй ішіндегі жандарға амандық-саулық, мал-жанының көбеюін тілеп, ізгі лебіздерін ән-жыр арқылы жеткізеді. Ал үй иелері жарапазан айтып, құттықтап келген жастарды құр қол қайтармай, тәттілерін немесе тиындар, сый-сияпатын ұстатып жіберуге тиіс.

Ахмет Байтұрсынұлы: "Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түн­де үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айт­қандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатын екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады" - деп жазған.

Айтамын жарапазан еліңізге,

Байлаңдар бір орамал белімізге.

Байласаң бір орамал белімізге

Барамыз мақтап, мақтап елімізге.

Қайырмасы:

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан,

Әсіре мазан, сайра мазан.

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Құран оқып отырған баланың қолы
Құран Кәрім кітабын жүргізіп оқып отырған баланың қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рамазан айында айтылатын жарапазан мәтіндерінен діни нанымдарды байқау қиын емес. "Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері" кітабында мұсылмандар ораза тұтатын кезде айтылатын жарапазанда діни нанымдардың бой көрсететіні, бұл әндерде ислам дінінің тақырыбы басым болғанымен, халықтың көне дәуірдегі әдет-ғұрыптарының көрінісінің бар екені жазылған. Кітап авторлары ол кезеңді VII-VIII ғасырлардағы халық тіршілігімен байланыстырады. Рамазанда айтылатын жарапазан да үй ішіне саулық, береке тілейтін сөздермен өріледі.

Оразада айтылатын жарапазан мәтінінде мұсылмандар үшін ең қасиетті саналатын "Лә илаһа илАлла", яғни "Алладан басқа тәңір жоқ" және "Мұхаммед пайғамбар" деген сөздер кездеседі.

Мысалы, қазақ музыкасын зерттеген белгілі этнограф А.В. Затаевичтің жинағында "Мұхамедия" әні ер адамның есімімен байланысты деп түсіндірілген. Ал шын мәнінде бұл мұсылман қауымының ардақты елшісі Мұхаммед пайғамбардың есімімен байланысты. Осылайша "Мұхамедия" әні қазақтың көшпелі тұрмысына бейімделіп, жаңа мазмұнға ие болған. Оның түбірі Құран сөзімен байланысты болып саналады.

Жарапазанның қандай нұсқалары бар?

Айтайын жарапазан есігіңе-оу,

Сәби бітсін осы үйдің бесігіне-ау.

Жарапазан тек қана дін жолы емес,

Бұйыртсын деп айтайын несібеңе-ау.

Айтайын жарапазан қадіріңе-ау,

Есіктен жұрағаттың өміріне-ай.

Жаңа жыл, жаңа туған айың үшін,

Сәбидің мен айтайын қадіріне-ау.

Ескі жыл кетіп қалған есіркейді-ау,

Жаңа жыл жетіп келген нені істейді-ау.

Жаңа жыл жетіп келген жүкпен келер,

Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер.

Өйткені жаңа жылдың табысы көп,

Қазақтың жаңа жылда абысын-ау!

Ал енді мен айтайын сәбилерін,

Сәбидің жаңа туған әлдилерін.

Жаңа жыл жаңа туған жарапазан,

Жаңа жыл жаңа өмірмен әлдиледім.

Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер,

Өйткені жаңа жылдың табысы көп.

Қазақтың жаңа жылда табысы көп,

Ал енді мен айтайын сәбилерін,

Сәбидің жаңа туған әлдилерін.

Жаңа жыл жаңа туған жарапазан,

Жаңа жыл жаңа өмірмен әлдиледім.

Күміс ыдысқа салынған құрма
Дастарқандағы күміс ыдысқа салынған құрмалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рамазан айында қандай жарапазан түрлері айтылады? Мына нұсқадағы жарапазан түрлері ораза кезінде айтуға арналған:

Оу, айтайын жарапазан елім саған,

Ел жаңа елу жылда жүз жыл қазан.

Айт десең жарапазан сені көрмес,

Шариғат жолын қуған біз бір адам.

Қайырмасы:

Мұхамбет, Үмбет айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда Рамазан.

Оу, айтайын жарапазан елімізге,

Байлар гөр барша орамал белімізге.

Байласаң барша орамал белімізге,

Барайық мақтай-мақтай елімізге.

Оу, мінгенім дәйім менің ақ атанды,

Әр үйде мұндай тұрсаң таң атады.

Орамал тон болмайды, жол болады,

Әкел де орамалды, ал батаңды.

***

Бисмиллә ой, о Рахман,

Жарапазан тыңда, жан,

Жарылқа жаратқан.

Лә илаһа ил Алла.

Бисмиллә, ой, о Саттар,

Әбубәкір, Жағумар,

Оспанғали, Шахайдар,

Лә илаһа ил Алла.

Бисмиллә ой, о Ахат,

Қолын сана-ай, айтып зат.

Ұл болмай нұр қанат,

Лә илаһа ил Алла.

Руды ауыл бастайық,

Жауыздықты тастайық.

Ұрысты тастайық,

Лә илаһа ил Алла.

Кезде болса айдары,

Ақыл жаста айтайын.

Шапан жауып тұрғаны,

Озбақ болып жайдары.

Лә илаһа ил Алла.

Ол жұмақтың панасы,

Қияметтің пайдасы.

Екі дүние жайнайды,

Лә илаһа ил Алла.

Сахара айтқан балалар,

Әр ауылды аралар.

Түк үзілмес шариғат

Лә илаһа ил Алла.

Сахара айтқан біз мұнда,

Үйде отырып жыр тыңда.

Керек болса күй тыңда

Лә илаһа ил Алла.

Жарапазан мәтіні
Бір шумақ жарапазан мәтіні. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Жарапазан айтушылар арасында тұрмыс жағдайын, ауыр халін айтып садақа сұрап бір елден екінші елді жағалайтындар да болған. Жарапазан өлеңдеріндегі мұң мен зар, көркемсөз, ақындық шеберлік адамға әсер етпей қоймаған. Мынадай өлең жолдарын естігеннен кейін бұл адамды құр қол жіберу сын болған деседі:

Ассалаумағалайкүм, ақтан келдік,

Ауылы Арғын-Найман жақтан келдік.

Жарапазан айтумен үміт қылып,

Балалардың азығы жоқтан келдік.

Жарапазан батасы

Жарапазан әндерінде жастар отбасына амандық, сәттілік, бақыт тілесе, жасы үлкен кісілер батасын беретін болған. Жарапазан батасы қалай беріледі? Ел арасында жарапазан батасының мынадай нұсқасы кездеседі:

Жарапазан батасы,

Сөзімнің жоқ қатасы.

Ораза тілеп айтқан,

Мұсылманның атасы.

Тағы-тағы берейін,

Таусылмас менің көп батам.

Бата беріп қолыңнан,

Жақсылықпен дәм татам.

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан діңгек орнасын.

Күнде келген мейманның,

Оған аты байлансын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен діңгек орнасын.

Оған келген мейманның,

Күнде аты байлансын.

Жарапазан айтылып болғаннан кейін кәде-сый берілген соң жарапазаншылар өлеңінің соңын батамен аяқтап жатады:

Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,

Бозторғайдай төлшіл бол.

Бәйтеректей бүрлі бол,

Пайғамбардай нұрлы бол.

Жарапазан әдеп-ғұрып фольклорының бір жанры ретінде қарастырылады. Жарапазанды бабалардың салып кеткен сара жолын өнегелі насихат арқылы жеткізуге бағытталған өміршең өлең деуге негіз бар. Себебі ұйқасы мен әуені үйлескен мұндай әндер ораза ұстаған адамның көңілін көтеріп, бойын сергітеді әрі қуат беретін сөздер арқылы ізгі амалдар жасауға ұмтылдырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2015596-qazaq-dalasynda-zarapazan-qalai-paida-boldy-tarixy-zane-erekselikteri/

pixel