Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

36 сұрақ: Өмірлік жарыңызды тануға көмектесетін ерекше тәсілді білесіз бе

Опубликовано:

Қол ұстасып келе жатқан жұп
Қол ұстасып келе жатқан қыз бен жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кейде бір адамды тану үшін бүтін бір ғұмыр қажет болады. Өзіңді де, өзгені де тану өмір бойы жүзеге асады. Ал болашақ жарыңызды жақынырақ танып, бағалай түсу үшін және оған сенім арту үшін қандай сұрақтарға жауап алу керек? Осы бойынша бірегей әдіспен бөліскен Артур Арон және психолог Элейн Арон 36 сұрақ қою арқылы сүйікті адамыңды тануға болатынын айтады.

36 сұрақ әдісінің мәне неде?

Ғылыми тәжірибенің соңы үйлену тойына жалғасуы мүмкін бе? Мұны болашақ психологтар қолға алатын болса, әлбетте бәрі мүмкін. 36 сұрақ әдісінің тарихы мен мәні ерекше назар аударуға тұрарлық деуге болады.

36 сұрақ дегеніміз не?

Бұл – жұптың мінез-құлқын зерттеуге арналған әрі адамға тікелей әсер ететін бірегей әдістеме. Мұны іскерлік жолын жаңа бастаған психологтар әзірлеген. Әдістеме адамдардың бір-бірін танып, жақындасуына ықпал ететін 36 сұрақтан және сауалнама жүргізу алгоритмінен тұрады.

Тұлғаның болмысын ашуға арналған жаттығулар авторы, философия ғылымдарының докторы Артур Арон әлеуметтік психология және тұлғааралық қарым-қатынас психологиясы бойынша зерттеу жұмысын Берклидегі Калифорния университетінде оқып жүрген кезінде бастаған еді. Ол білім алып жүргенде сауалнаманы әзірлеуге және танымал етуге елеулі үлес қосқан болашақ жұбайы Элейнмен кездесті.

1997 жылы Артур Арон зерттеушілер тобын құрды, оның ішінде Элейн де болды. Зертханаға Стоуни Брук университетінің студенттері, бірін-бірі танымайтын еріктілер шақырылды. Элейн Арон бұл тәжірибенің мақсаты махаббатпен байланысты болмағанын айтады. Олар жай ғана бейтаныс адамдар арасындағы сенім мен эмоционалдық жақындыққа негізделген қарым-қатынас орнату ықтималдығын зерттегісі келген көрінеді.

Тәжірибе нәтижесінде адамдар жақындаса түсті, тіпті бір жұп жарты жылдан кейін үйленді. Мэнди Лен Кэтрон The New York Times газетіне осы сауалнаманың өзіне және досына оң әсерін тигізген тәжірибе болғанын айтты.

Бақытты жас жұбайлар
Қалыңдық пен күйеу жігіттің бақытты сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

36 сұрақ әдісі қалай жүзеге асырылады?

Бір адамға ғашық болу үшін оған қанша сұрақ қою керек? Жұп арасында эмоционалдық жақындық пайда болу үшін адамдар белгілі бір ережелерді сақтай отырып, Артур Арон сауалнамасының 36 сұрағына дәйекті түрде жауап беруі керек деп есептеледі. 36 сауалдан тұратын әдістемеде адамның болмысын ашатын триггерлік сұрақтар жинақталған. Бұл техниканың арқасында кез келген ыңғайсыз жағдай реттеліп, адамдар тезірек жақын бола түседі.

Жаттығудың нәтижесінде мына дүниелерге қол жеткізуге болады:

  • Өзара қызығушылық таныту;
  • Адамды танып, түсіну, сенім ұялату;
  • Сенім мен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынасты орнату, ол НЛП бойынша келіссөз деп аталады.

36 сұрақ қаншалықты тиімді? Цинизмге жақын және егде жастағы адамдар 36 сұрақ әдісіне белсенді араласа қоймайды. Ал басқа қатысушылар ең болмағанда бір-біріне қызығушылық танытады, ал өзгелерге саналы түрде көңілі ауса, одан әрі эмоционалдық жақындасуды қалайды.

Сауалнама және әдістеме ережелері

Арон әдісі бойынша сұрақтармен тәжірибе жасауды бастамас бұрын оның ережелері мен ерекшеліктерін түсіну керек. Сіз білуге ​​тиіс негізгі мәселелер мынадай:

  1. Тәжірибеге қатысушыларға әр түрлі сипаттағы 36 сұрақ қойылады.
  2. Жауап беру уақыты 45 минуттан аспайды.
  3. Сұрақтар үстіртін басталып, жеке сұрақтарға қарай көшеді. Cosmopolitan әрбір келесі сұрақ тереңдей түсетінін және адамды жақын ететінін жазады.
  4. Сауалнама толтырылғаннан кейін ер мен әйел 4 минут бойы бір-біріне қарап отырады.
Бір-біріне қараған қыз бен жігіт
Бір-біріне қарап отырған қыз бен жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

1-бөлім

Сауалнаманың бірінші бөлімінде мынадай сұрақтар бар:

  1. Егер сізде кез келген адамды таңдау мүмкіндігі болса, кіммен кешкі ас ішкенді қалар едіңіз?
  2. Атақты болғыңыз келе ме? Не арқылы танымал болуды қалаушы едіңіз?
  3. Қоңырау соғар алдында сөздеріңізді қайталап дайындаласыз ба?
  4. Керемет деп есептейтін күніңіз қандай?
  5. Сіз қашан ыңылдап немесе дауыстап ән салдыңыз?
  6. Егер сізге 90 жасқа дейін өмір берілсе, алайда оның соңғы 60 жылында сізде тек дене немесе 30 жастағы адамның ақыл-ойы болады деген шарт қойылса, қайсысын таңдар едіңіз?
  7. Өз ажалыңыздың қандай болуы мүмкін екені жайлы ойлап көрдіңіз бе?
  8. Сізді серігіңізбен біріктіре алатын үш ортақ нәрсе қандай?
  9. Тағдырға не үшін алғыс айтқыңыз келеді?
  10. Өзіңіздің тәрбиеңізге қатысты нені өзгертер едіңіз?
  11. 4 минут ішінде өз өміріңіздің тарихын айтып беріңіз.
  12. Қандай қасиетке ие болғыңыз келеді?

2-бөлім

Екінші бөлімде өмірдегі достықтың, махаббаттың рөлі туралы сұрақтар берілген:

  1. Сиқырлы кристалдан не сұрар едіңіз?
  2. Ең үлкен арманыңыз қандай? Неліктен орындалмады?
  3. Ең басты жетістігіңіз қандай?
  4. Достықта нені бағалайсыз?
  5. Ең қымбат естелігіңіз қандай?
  6. Ең жаман естелігіңіз қандай?
  7. Енді бір жыл ғана өміріңіз қалды десе, нені өзгертетін едіңіз? Неліктен?
  8. Сіз үшін достық деген не?
  9. Сіз үшін сүйіспеншілік пен махаббат нені білдіреді? Олардың сіздің өміріңіздегі рөлі қандай?
  10. Серігіңізге оның 5 жақсы қасиетін айтыңыз. Ол да өзінің жақсы қырларымен бөліссін.
  11. Отбасыңыздағы қарым-қатынасты жылы және жақын деп айта аласыз ба? Балалық шағыңыз басқа адамдарға қарағанда бақыттырақ өтті деп ойлайсыз ба?
  12. Анаңызбен қарым-қатынасыңыз қандай, бұл байланыс туралы не ойлайсыз?
Құшақтасып тұрған жұп
Терезедегі тамшылар және құшақтасқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

3-бөлім

Үшінші бөлімде жеке мәселелерді айтуға итермелейтін сұрақтар бар:

  1. Екі адамға да дұрыс боп саналатын "біз" есімдігі бар үш пікірді кезекпен айтыңыз.
  2. Сөз тіркесін жалғастырыңыз: "Менің әрбір сезімімді бөлісетін бір жанның болғанын қалар едім...".
  3. Жақын дос ретінде серігіңізге не айтар едіңіз?
  4. Оның сізге ұнайтын қасиеттерін айтыңыз.
  5. Өміріңіздегі жағымсыз немесе ыңғайсыздық тудырған жағдайлар туралы бөлісіңіз.
  6. Соңғы рет қашан жалғыз қалғанда немесе көпшілік алдында жыладыңыз?
  7. Жаныңыздағы адамның бойынан бірден ұнатқан қасиеттерді айтыңыз.
  8. Әзілдесуге болмайтын тақырыптарды ескертіңіз.
  9. Бүгінгі күн аяқталғанша дүниеден өтетініңізді білсеңіз, ішіңізде нені сақтап жүргеніңізге өкінер едіңіз? Бұл туралы әлі күнге дейін неге айтпай жүрсіз?
  10. Өртеніп жатқан үйден жақын адамдарыңыз бен үй жануарларынан басқа нені алып шығар едіңіз? Неліктен?
  11. Отбасында кімнің қазасы сізді қатты құлазытар еді?
  12. Жеке мәселеңіз туралы сөйлесіңіз және жаныңызда отырған серігіңізден бұл туралы кеңес сұраңыз.

Сұрақтардың бірінші бөлімі ойын-сауық түріне ұқсайды. Ал үшінші бөлімдегі сауалдар қойылғанда адам тұйық болып отыра алмайды, ол әрбір сұраққа бір демде жауап береді. Соның салдарынан сезім лаулап, достық қарым-қатынас орнайды.

36 сұраққа жауап беру арқылы ғашық болу мүмкін бе? Америкалық психолог Артур Арон бұған бірегей әдістеме жасау арқылы жауап табуға тырысты. Мұны өзіңіз сынап көргеннен кейін қорытынды жасай аласыз және ұнатып жүрген адамыңызбен жақын қарым-қатынас орнату мүмкіндігін осы әдіс арқылы іске асырып көріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2015930-36-suraq-omirlik-zarynyzdy-tanuga-komektesetin-erekse-tasildi-bilesiz-be/

pixel