Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қадір түнінің маңызы: қасиетті түн туралы не білу керек?

Опубликовано:

Мекке кеші
Қасиетті Мекке қаласының кеші. Көрнекі сурет: pixabay.com

Күллі мұсылман қауымы сағына күтетін, қимай қоштасатын Рамазан айының аяқталуына да санаулы күн қалды. Рамазанның соңғы он күнінде қасиетті Қадір түні жасырылған. Мың айдан да қайырлы түн туралы не білеміз? Қадір түнінде қандай амалдар жасаған пайдалы? Бұл жөнінде мақаламызда кеңірек айтатын боламыз.

Қадір түні қандай түн?

Ислам дінінде Қадір түні "үкім түні" деп айтылады. Себебі, Қадір түнінде келесі жылы орындалатын істерге, тағдырға үкім жазылады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің "Духан" сүресінің 4-аятында жазылған:

"Ол кеште барлық хикметті істер айырылады".

Қадір түнінің тағы бір мағынасы "абырой, бедел" сөздерімен байланысты. Құрандағы "Қадір" сүресінде бұл түннің қаншалықты қадірлі екені баяндалады:

"Қадір түні мың айдан да артық".

Мың ай дегеніміз шамамен 83 жыл 4 айды, бәлкім одан да көп уақытты құрайтын қасиетті түн. Ислам ғалымдары осы аятты және хадистерді негізге ала отырып, жасаған құлшылығы Қадір түніне сәйкес келген адам мың ай бойы амал еткендей сауап алады деген тұжырым айтқан.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айы келгенде мынадай ғибратты сөзін жеткізген:

"Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!"

Қағба және Құран Кәрім кітабы
Қағба көрінісі және Құран Кәрім кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қадір түні Рамазан айының қай күнімен сәйкес келеді?

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының "Оразаға қатысты 200 сұрақ" кітабында Қадір түнінің болжамды күндері туралы деректер берілген:

Қадір түнінің қай түнге сәйкес келетіндігі тек Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғана білдірілген. Алайда әрбір істі белгілі бір хикметпен, даналықпен жаратқан Алла Тағала Пайғамбарымызға ол түнді ұмыттырған. Десе де, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көптеген хадисінде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінде және сол он күндіктің тақ түндерінен іздеуімізді бұйырған. Яғни Қадір түні Рамазан айының 21, 23, 25, 27, 29 күндері болуы әбден мүмкін.

  • Тақ түндерге байланысты сахаба Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) бірнеше жолмен жеткен сахих хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қадір түнін Рамазанның 27-түні іздеңдер", - деген (Бұхари, Мүслим).
  • Осы сынды хадистерге сүйенген ғалымдар, әсіресе Орта Азия мұсылман жұрты осы түні Қадір түні болуы әбден мүмкін деген болжам жасаған. Алайда, қадір түнінің нақты қай түн екендігі тек бір Аллаға ғана аян. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазанның соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше беріліп, иғтикафқа кіретін еді деген.

Иғтикаф – құлшылық мақсатымен мешітте оқшаулану. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) сөздерін ескерсек, Рамазан айының соңғы он күнінде, Қадір түні әсіресе тақ түндерінде құлшылыққа ерекше ден қойған жөн. Сонда соңғы он күндіктің ішіндегі тақ түндерінің біріне сәйкес келу ықтималдығы жоғары болады.

Тас үстінде құлшылық орындап отырған адам
Тастың үстінде дұға жасап отырған қария. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қадір түнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?

Бұл түні мұсылман баласының барлық тілегі қабыл болады деген түсінік бар. Сондықтан да осы мезетте барынша пайдалы іспен шұғылдану құпталады.

Бұхари жеткізген хадисте: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Аллаға иман келтіріп, сауабын Алладан үміт ете отырып Қадір түнін құлшылықпен өткізетін болса, оның өткен барлық күнәлары кешіріледі", - деп келтірілген.

Қадір түнінде мына амалдарды орындау мұстахаб болып саналады:

  • Намаз оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", - деген.
  • Көбірек дұға жасау.
  • Құран оқу.
  • Алланы зікір ету.
  • Пайғамбарға салауат айту.
  • Садақа беру, тағы да басқа ізгі амалдар жасаған абзал.

Қадір түнінде қандай дұға оқылу керек?

Айша анамыздан жеткен риуаятта былай делінген: "Уа, Алланың елшісі! Мен Қадір түніне сәйкес келіп жатсам не деп дұға етейін?" – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сонда былай дейді:

"Аллаһуммә иннәкә афуун тухиббул-афуә фағфу әнни".

Қазақша аудармасы: "Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш)" - деп айт", - деді.

Қоңыр тәспі
Қоңыр түсті тәспі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қадір түнінде қандай адамдардың дұғасы қабыл болмауы мүмкін?

Бір риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қадір түнінің жақсылығына құлшылық еткен барлық адам бөленеді. Бірақ мына төрт түрлі адам Қадір түнінің жақсылығынан құр қалады", – дейді. Олар:

  1. Ата-анасына қарсы келген, оларды ренжіткен адам.
  2. Туған-туыстарымен байланысын үзген адам.
  3. Арақ ішіп, маскүнем болған адам.
  4. Ызақор, кек сақтап, араз болған адам.

Бұл түні көктен періштелердің түсетіні рас па?

Ғалымдар "Қадір" сөзінің бір мағынасын "сығылысу", "тарылу" деп те аударған. Себебі Қадір түнінде жер бетінің періштелерге толатынына Құранның өзі дәлел. Бұл туралы "Қадір" сүресінде: "Ол түні періштелер және Жебірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) Раббыларының рұқсатымен әр түрлі іс атқару үшін түседі", - деген аят бар.

Сонымен қатар ол түні көктен түскен періштелердің саны жердегі майда тастардан да көп болатыны, ал адамдар дұға еткен кезде әрбір періштенің "әмин" дейтіні туралы айтылады.

Күллі мұсылманға бағдаршам болған қасиетті Құран Кәрім кітабы Қадір түнінде түсірілді. Ілкіде атап өткен "Қадір" сүресінің алғашқы аяты "Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік", - деп басталады.

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: "Алла Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден "сақтаулы тақтадан" (ләухул-махфуз) "бәйтул-иззаға" (Ұлылық үйі) деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Алла Құранды Өзінің Пайғамбарына(Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірәйіл (ғ.с.) періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты) жиырма үш жыл бойы түсірді". Яғни, ең алғашқы уахи Қадір түнінде түскен.

Қадір түні - ізгілік түні. Таң бозарып атқанша бүкіл әлем бейбітшілік бесігінде тербеледі, бір түн бойы тыныштық орнайды, ешқандай жамандық атаулы болмайды деген діни деректер бар. Ал сауаптар еселенетін, жер бетіне нұр төгілетін амандық түнінде әрбір мұсылман жақсылық жасауға ұмтылып, игі амалдарын жүзеге асыруға тырысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2017051-qadir-tuninin-manyzy-qasietti-tun-turaly-ne-bilu-kerek/