Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отамалы, ұзынсары, бес қонақ: қазақ халқының көктемгі ауа райына қатысты болжамдарын білесіз бе

Опубликовано:

Бәйшешек гүлі
Бәйшешек – көктемнің алғашқы жаршысы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Көктем мезгілі Қазақстанның оңтүстік аймағына ерте келсе, солтүстік, батыс өңірлерге кеш жетеді. Бұл қазақ даласының географиялық ерекшелігіне байланысты болса керек. Қазақ халқында табиғат құбылыстарына қатысты ежелден келе жатқан атау көп. Мақаламызда "ұзынсары", "отамалы", "бес қонақ" кезеңдері жайлы тарқатып айтамыз.

Ауа райына болжам жасай білген қазақ халқы көктем мезгілін ерте көктем, орта көктем және кеш көктем деп бөледі. Сонымен қатар бұл кезеңге қатысты көктемнің басы, көктемнің жуан ортасы және көктемнің соңы деп те айтылады.

"Ұзынсары" дегеніміз не?

Күн мен түн теңелгеннен кейін күннің ұзарып, топырақтың қызатын және жер бетіне көктің шығатын уақытын "ұзынсары" деп атайды. 22 наурыз бен 23 маусым аралығын қамтитын бұл кезең шамамен 93 күнге созылады. Ұзынсарыда қыстың суық ызғары кетіп, Жер-Ана жаңарады, күн сәулесі көбірек түседі. Ал жарықтың ұзағырақ түсуі адам баласына да, жан-жануар мен табиғатқа да оң әсерін тигізеді.

Көшпелі қазақ халқының мезгілге қатысты кезеңдері "Ана тілі" басылымында жарияланған "Ұзынсары" мақаласында былай берілген:

  • Мал отығар кез – қыстаудан жайлауға көшкен елдің шүйгін шөпке тойынатын кезі.
  • Қозы пісер кез – көктемде туған қозының жетіліп, союға жарап қалған кезі.
  • Мал аяқтанар кез – қыс қыстаудан көшкенде жердің оты шығып, мал көкке сүйенген кезде жас қозының жайылымда жүріп буыны қатып, аяқтанған уақыты.

Ел аузынан "жуанның созылып, жіңішкенің үзілген кезі" деген сөзді жиі естіп жатамыз. Бұл қысқы қордың сарқылып, малдың көкке тойынбаған, бардың жұқарып, жоқ-жітіктің жадап-жүдеген кезі. Ал көкөзек шақ дегеніміз қысқы азық таусылып, көктемдегі көк шалғынның өсіп-жетіле қоймаған кезі. Ұзынсары кезеңін осы атаулармен де атап жатады.

Жайлау көрінісі
Тау баурайына тігілген киіз үйлер. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Ұзынсары" әңгімесінде ауыл тіршілігі қалай суреттелген?

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің "Ұзынсары" әңгімесі – алаңсыз балалық шақты боямасыз суреттейтін шығармалардың бірі. Бұл әңгімеден әдет-ғұрпын сақтаған қазақ ауылының көрінісін көруге болады:

Апам жылда соғым сойған сайын "Мынау сенің шұжығың" - деп балалардың әрқайсысына бір-бір шұжық жасап беретін-ді. "Өзімдікі" деген қиын ғой, оқта-текте тошала үйге кіріп, қайысқан қалың еттің арасынан өз шұжығымызды қарап жүреміз. Томпиған сүйкімді шұжықты жегіміз келіп қыңқылдасақ, "соңыра ұзынсары келгенде жейсіңдер" деп апам ылғи кейінге қалдыра береді. Ал "ұзынсары" деген қонақтың қашан келері белгісіз...

Бір күні есік алдында балалармен асық ойнап жүрсем, бір ұп-ұзын сары кісі аттан түсіп, шылбырын атағашқа байлап жатыр екен. Өмірі мұндай қуанбаппын. Ойынды қоя салып, үйге қарай ұштым:

Апа, "Ұзынсары" келді. Шұжық ас! - деппін табалдырықты аттай бере.

Апам ішегі қата күліп, әлгі қонақты үйге кіргізді. Сөйтсем, ол төменгі Көктал жақта тұратын Сарыбай деген шал екен. Апам "ұзынсары" дегенде әлдебір кісіні емес, наурыздың ұзақ, сары күнін айтатынын кейін білдім.

"Ұзынсары" әңгімесінде қазіргі күні ұмыт болып бара жатқан мынадай сөздер кездеседі:

  • Тошала – қыста ет сақтайтын жеке үй.
  • Атағаш – ат байлау үшін орнатылған кесінді ағаш.
Даладағы жылқылар
Жайылып жүрген жылқылар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Соғым туралы бірер сөз

Қыстың қаһары күшейген шақта малдың да күйі қашады. Сол себептен қазақ халқы жаз және күз мезгілінде қоң жинаған күйлі малды соғым ретінде сояды. Соғым малы боранды күні азықтан таршылық көрмеу мақсатында сойылады. Оған қоса ағайын-туыстың арасын жақындата түседі. Ерте заманнан қалыптасқан дәстүр бойынша ауылдың бай-бағланы кедей-кепшікке, жалшыларға қарайласып, соғымның етімен бөлісетін болған әрі туыстардың басын қосып, сыбағасын беру дәстүрі де бар. Бұл үрдіс бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді.

"Ernur.kz" ақпараттық порталында соғым сою кезінде жасалатын мынадай салт түрлері туралы ақпарат берілген:

  1. Соғымбасы. Соғым күні белгіленген кезде ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран және мал соятын қасапшы жігіттер арнайы шақырылады. Соғымға арналған малға пышақ тигізбей тұрып, ауыл ақсақалы құран оқып, бата береді. Ақ бата алған жігіттер өз жұмыстарын бастайды. Бұл кезде әулеттің кіші келіндері жылы суы мен үлкен ыдыстарын дайындайды. Қасапшы жігіттердің берген ішек-қарнын тазалауға білек сыбанып кіріседі. Ал үлкен абысындар соғымның өкпе, бауыр, жүрек етінің бір кесегін алып, қуырдақ жасайды. Міне бұл қуырдақ "соғымбасы" деп аталады. Бұл тағамнан жиналған жұрт ауыз тиіп, ақ тілектерін айтады.
  2. Сыбаға. Кеңпейілділік пен жомарттық қанында бар қазақ халқы сыбаға үлестіруді жақсы біледі. Әдетте мал сойған үй иелері соғымбасына келе алмаған алыстағы ағайынға, құда-құдағиға, тұрмысқа шығып кеткен қыздарға арнап сыбаға алып қалады. Оны реті келсе беріп жібереді немесе сол адамдарды арнайы қонақ қылып шақырып, ет асып, дәм татқызады.
  3. Қолкесер. Бұл – соғым союға білек сыбана кіріскен қасапшы жігіттерге берілетін сый. Соғым малының әр бөлігін рет-ретімен үлестіріп берген қасапшыларға үй иесі разылығын білдіріп, еттің бір бөлігін салып береді.

Қазақ дәстүрінде қысқы соғымның ең майлы, дәмді жерін ұзынсарыға арнап сақтайды. Себебі күн ұзарған кезде адамның ағзасы әлсірей бастайды, жер жыртып, еңбекке араласқан адамның тамаққа тәбеті арта түседі. Сондықтан да қазақ әйелдері әу бастан астың құнарлысын, соғымның сүр етін кебежеге салып, ұзынсарыға арнайылап сақтайтын болған.

"Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің жұқаратын шағы" отағасы үшін ғана емес, қазан-ошақ басындағы әйелге де жауапты кезең. Қорасында жем-шөбінің азайғаны ер адамды алаңдатса, соғымының соңы көрініп, азықтың тықырлана түсуі әйелдерге үнемдеуді үйретеді. Халықтың ұзынсарыны күтуінің астарында ұқыптылық пен ыждағаттылыққа баулу жатыр деуге негіз бар.

Отамалы - адам есімі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан тағы бір ұғым-түсінігі – отамалы. Ғалым Орынғазы Әбутәліптің түсіндіруі бойынша, отамалы – маусым айының тағы бір атауы. Бұлай деп атауының себебі жер көгергеннен кейін жемісін бере бастауы, нәрге толып, малға бай азық болатын кезін білдіретін кезең.

Алайда этнограф Василий Радловтың ай жүйесінде отамалы мамырға келеді. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов болса отамалы деп наурызды белгілеген.

"Сондай-ақ, қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауын-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңін отамалы деп атаған", - делінеді Уәлихановтың жазуында.

Ал Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Әбдіғапар Мұстафиндер "Шаруа каленьдарында" ақпанды "отамалы ай" деп келген.

Филолог Гүлсінай Исаева мақаласында Отамалыға ғалым Орынғазы Әбутәліптің "Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері" атты еңбегіне сүйене отырып, былай деп анықтама жазған: "Ал халықтық этимологияға жүгінсек, отамалы сөзі малдың отқа ауыз салып, жердің отайып қалған кезін айтады. Көктем айларында көк шыға бастағанмен, малдың отап тастап, отайып қалған жердің бейнесі жаздың бірінші айында байқалатыны ақиқатқа сыйымды көрінеді. Сондықтан да отамалы деп отырғанымыз жаздың алғашқы айы болса керек".

Отамалы
Қарлы-боранды күн. Көрнекі сурет: pixabay.com

Отамалыға қай айда және қандай ауа райын білдіретініне қатысты әрқилы жазылған нұсқалар баршылық. Мысалы Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясындағы "Шытырманда" тарауында мынадай мәлімет беріледі:

"Бірақ сәуір турасындағы жаңағы сөзді алғаш есіткені осы еді. Жазға салымның ең жайсыз кезін әнеугүні әжесі "отамалы" деп атап еді.

- Осы "отамалы" немесе? Не деген сөз өзі? - деп, Абай соны сұрады.

- Отамалы көке айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі: "Қойды жайылысқа шығармайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, маңынан айырыласың", десе, байы бір діні қатты кәпір екен.

"Сен тоғышарлық қып алдап отырсың" деп, Отамалына сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы - "отамалы" атанғаны да содан дейді. Әжең бақыр соны біледі ғой, - деді Қарабас".

Мұхтар Әуезов
Мұхтар Әуезов. Фото: egemen.kz

Байқасақ, отамалы бұл аңыз бойынша адам аты да, оның нақты түсетін күні сәуірдің 11-і мен 17-сі аралығы болып отыр. Бұл күндері әдетте күн суытып, қар қалың болып, бұрқасын боранға ұласады.

Бес қонақтың аңызы

Бұл ауа райының күрт өзгеруі, суық, қатты жел. Бес қонақ наурыз айының аяғында пайда болатын қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) - көктемнің алғашқы жылы күндерінен кейін, қоршаған ортаның температурасы 20-25 градусқа дейін көтерілгенде, қардың қатты еруі, су тасқыны - сәуірдің бірінші жартысында температура теріс мәндерге дейін күрт төмендейді, солтүстік, солтүстік-шығыс екпінді жел соғады, жауын-шашын (жаңбыр, қар) сәуірдің аяғы мен мамырдың басына дейін жалғасады. Бұл күн белсенділігімен, циклонмен, қоршаған орта температурасының төмендеуімен, буланудың жоғарылауымен, өзендердегі мұздың ағуымен түсіндіріледі.

Жазушы-этнограф, академик Болат Бопайұлы бес қонақ құбылысын түсіндіріп берген.

"Сәуірдің 5, 6, 7-сі күндері ай тоғысады. Дәлірек айтқанда, айдың Үркер жұлдыз шоғыры (Плеяды) басып өтуін тоғыс деп атаған. Қазақ осы тоғыс күні аспанға қарап, ауа райын болжаған екен. Мысалы, Үркер айға жақындаған күні ауыл жерге қонады. Ал жұлдыз айдың тасасында қалған күні ерулейді, айдан өткен күні өріп шығады. Осы үш күндегі ай тоғамына қарап, қазақ алдағы бір жылдың ауа райын болжап отырған", - дейді этнограф.

Осы ай тоғысынан кейін көп ұзамай "бесқонақ" басталады. Оның басталу уақыты әр өңірде әр түрлі. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болады деседі. Басқа бір өңірде сәуірдің сегізі кіріп, он сегізі шығады деп болжаған. Ал батыс аймақта "бесқонақ" 13-18 сәуір аралығында болады.

"Бесқонақ" келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған дала борап, жаңбыр мен қар жауады. Күн суытып, қыс қайта басталғандай әсер де болуы мүмкін. "Бесқонақ" күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын. Бұл құбылыстың "бесқонақ" деп аталуына қатысты аңыздар бар екен.

Оны ғалым Бопайұлы былай түсіндірген:

"Баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді "бесқонақ" деп атап кеткен".

Бес қонақ
Боранды дала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тарихшы-этнограф бес қонақ туралы мақаласында бұл табиғи құбылысты былай сипаттаған:

"Тіпті, елдің батысындағы қазақтар жыл сайын 13-18 көкек арасын әлгі "бес қонақтың"  меймандайтын күндері ретінде ауа райының бұзылысын әлгі мифтік-астрологиялық құбылысқа балайды: сол күндері кәдімгідей, көктем шықса да, қар аралас жаңбыр жауып, кейде борандатып, бірде найзағай ойнап, бұршақ жауатын кездері болады. Қысқасы, бұл бес күнде Табиғат өзінің жылдық мінезінен "миниспектакль" көрсетеді. Алайда, климаты өзгерген қазіргі уақытта мұның бәрі бола береді деу қиын".

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Елікбай Ertis телеарнасына берген сұхбатында бұл құбылыс қазақтың өз қоршаған ортасына, соның уақыты мен секундын қалт бағып, нақ біліп отырғанын көрсетеді дейді. Бұл күні қазақтар жолға шықпаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2018142-uzynsary-keledi-koktemgi-aua-raiyna-qatysty-qazaqtyn-senim-nanymy/

pixel