Ұлының құлағын тескен ер адамның үйіне бес бірдей полицей баса-көктеп кіріп, оны қамауға алды
Жарияланған күні:
АҚШ-тың Арканзас штаты Тонтитаун қаласында 45 жастағы ер адам ұлының құлағын тескені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ dailymail сайтына сілтеме жасап.
Арканзас штатында ата-анасының келісіміне қарамастан 16 жасқа толмаған балаларға татуировка мен пирсинг жасауға тыйым салынған. Осы орайда бес бірдей полиция қызметкері Джереми Шерланд есімді ер адамның отбасының үйіне баса-көктеп кіріп, оны ұлының құлағын тескені үшін қамауға алды. Ер адамды ұстау сәтінің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен.
Полицияның айтуынша, 18 жасқа толмаған ұл бала құлағын әкесі мас күйде күштеп тесіп тастағанын мектептегі сыныптастарына айтқан.
Ер адам полицейлер оны ұстамақ болғанда тәртіп сақшыларын мазақ еткен. Ал ұлы полицейлерге "құлағын өз қалауымен тескенін" айтып, әкесін тиіспеуді сұраған.
Басылымның жазуынша, мектепте жұмыс істейтін полиция қызметкері Шерландтың отбасындағы жағдайды тексеру үшін Тонтитаун полициясына хабарласқан. Кейін полиция Шерландтың үйіне келген кезде ол ұлының құлағын тескенін мойындаған, бірақ баламен сөйлесуге немесе қойылған сұрақтарға жауап беруге рұқсат етпеген.
Полиция қызметкерлері қамауға алу туралы ордермен ер адамның үйіне қайтып оралды. Шерландтың әрекеті қылмыс деп танылып, ол екі күн бойы қамауда отырған.
Арканзас штатында лицензиясы жоқ мекемелерде татуировкалар мен пирсингтерді жасауға тыйым салынған.
Шерландтың қамауға алынуы әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Кейбіреулер ұлдың әкесін қолдап, ата-ана балалары үшін шешім қабылдауға құқылы болуы керек деген. Тағы бірі 16 жасқа толмаған балаларға олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін татуировка мен пирсинг жасауға тыйым салудың орынды екенін айтады.
Шерланд қамауға алынып қана қоймай, 1500 АҚШ доллары көлемінде айппұл төлеуге міндеттелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2018411-ulynyn-qulagyn-tesken-er-adamnyn-uiine-bes-birdei-policei-basa-koktep-kirip-ony-qamauga-aldy/