Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шие тосабын қалай жасайды: құнды кеңестер

Опубликовано:

Ыдыстағы шие. Көрнекі сурет
Ыдыстағы шие. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тосаптың отаны - Парсы елі. Ең бірінші рет оны бал, крахмал, жемістер мен қызғылт судан дайындаған. Ал қазір тосапты жемістер мен қанттан әзірлейді. Назарларыңызға ерекше дәмді болып шығатын шие тосабын ұсынамыз. Оны дайындаудағы құпияларын Сергей Кашин мен Джессика Формикола бөліседі.

Тосапты дайындағанда нені білу керек?

Жеміс-жидектерден әр түрлі тосап дайындап, қысқа қамданатын мезгіл жаз болып саналады. Тосаптың ұзақ сақталып, әрі пайдалы болуы үшін жемістерді дұрыс таңдап, тосапты дайындаудағы ережелерді түгелдей сақтау қажет.

Тосапқа қандай шие таңдаған дұрыс?

Оңтүстікте таралған шиенің "мичирунский", "шпанки крупноплодный", "тургеневки" түрлерінен өте дәмді тосап, джемдер шығады. Жемістің шырыны қою қызыл түсті немесе сырты қызыл, ал шырыны түссіз болуы мүмкін. Жидекті ағаштың бұтағымен немесе өзін ғана жұлып алуға болады, ол тосаптың дәміне әсер етпейді.

Бірақ жидектің сақталуына әсер ететіні сөзсіз. Егер шие тосабын бірден дайындамайтын болсаңыз, бұтағымен алған дұрыс, сонда ол ұзағырақ сақталады. Шиені таңдағанда оның кепкен, жарылған болмауына назар аударыңыз. Жидектің түрлері көп болғандықтан, оның түсі піскендігінің белгісі емес екендігін есте сақтаңыз.

Шие тосабын дайындаудың қандай құпиялары бар?

Тосапты шие сүйегімен немесе сүйексіз, езілген шиеменде дайындайды. Тосаптың дәмді шығуы үшін клеесідей кеңестерге құлақ түріңіз:

  1. Піскен шиелерде құрттар болуы мүмкін. Олардан құтылу үшін ыдысқа шиені салып, үстінен салқын су құйыңыз. Оған 2 ас қасық тұз салып, бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Ол уақыт ішінде құрттар сыртқа шығады. Суды тқгіп тастап, шиені таза сумен шайып алыңыз.
  2. Жидегіңіз сүйекке жабысып, немесе жарылып кетпес үшін алдын-ала ыстық суға салып алған дұрыс. "Консервирование. Варенье, джемы, желе" кітабының авторы Сергей Кашин тосапты дайындамас бұрын, жидекті 60-90 секундқа ыстық суға салып алу керек деп кеңес береді.
  3. Тосап дәмінің гармониялық болуы үшін 1кг қантқа 1 кг жидек деген есеппен дайындаған абзал. Бірақ әркім өз қалауына қарай – тосаптың тәтті немесе қышқыл болуын қадағалай алады.
  4. Ерекше тосап жегіңіз келсе, оған дәмдеуіштер қосып көріңіз. Шие табиғатынан ванильмен, мускат жаңғағымен, қалампыр немесе корицамен жақсы үйлесім табады. Әр дәмдеуішті шекті мөлшерде қосқан дұрыс, олар тосапқа ерекше түс пен дәм беретіні анық.
  5. Сонымен бірге шиені басқа жеміс-жидектермен араластырып дайындауға болады. Өрік, алма, құлпынай, таңқурай және цитрусты жемістермен жақсы үйлесім табады.
  6. Тосабыңыздың ұзақ сақталуы үшін стерильді, құрғақ банкада, гермитикалық қақпақпен жауып сақтаған дұрыс. Ал егер бірден пайдаланатын болсаңыз, пластикалық қақпақпен, тоңазытқышта да сақтауға болады.
  7. Шиенің сүйексіз тосабын 1.5-2 жылға дейін сақтап, пайдалануға болады. Ал қақпағы ашылған банка, егер тоңазытқышта сақталса 1 ай көлемінде жарамды болып табылады. Ал сүйекті шие тосабын 8-12 ай көлемінде ғана сақтауға болады. Себебі шие сүйегінде синил қышқылы бар, ол уақыт өте келе тосапқа өтуі мүмкін.

Шие шырыны шие сортына қарай әр түрлі болуына байланысты, тосаптың қоюлық мөлшері- оны қайнату уақытына тәуелді.

Құтыдағы шие. Көрнекі сурет
Құтыдағы шие. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шие тосабының рецептілері

Дәмді, хош иісті шие тосабын жеке десерт ретінде пайдалануға немесе құймақпен, печеньемен, тәтті бәліш,торт пісіруде қолдануға болады. Назарларыңызға шиенің кез-келген сортымен дайындауға болатын үздік 3 рецептіні ұсынамыз.

Шиенің сүйегін алып тосап жасау

Бұл рецептімен шие тосабын дайындау үшін екі ақ құрам мен аз ғана уақыт қажет. "Пятиминутка" шие тосабына 1кг шиеге 1кг қант қосамыз.

Тосаптың дайындалу жолы келесідей:

  1. Жидекті жуып, қағазға қойып, кептіріп алыңыз. Кепкен шиенің сүйегін алып тастаңыз да, ыдысқа салып, қантпен араластырыңыз. Шиені бірнеше сағатқа қалдырыңыз.
  2. Баяу отқа қойып, қайнағанша күтіңіз. 5 минут қайнатып алған соң, оттан алып, суытып алыңыз. Дәл осылай 2 рет қайталаңыз. Әр қайнаған сайын көбігін алып тастап отырыңыз.
  3. Үшінші рет қайнатып алған соң, тосапты банкаларға құйып, қақпақпен аузын жауып тастаңыз. Кулинар кітаптарының авторы Джессика Формикола қақпағын жаппай тұрып, банканың аузын тазалап сүртіп алуға кеңес береді. Себебі қатқан тосап қалдықтары қақпақты жабуға кедергі келтіріп, тосаптың ұзақ сақталуына әсер етуі мүмкін деп жазған.

Тосапты салқын, әрі қараңғы жерде сақтаңыз. Осылайша ұзақ сақталуына септігіңізді тигізесіз.

Шие тосабы. Көрнекі сурет
Шие тосабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Грек жаңғағымен шие тосабы

Сироптағы шиемен грек жаңғағының үйлесімдігі ерекше дәмге ие. Шаймен бұл тосаптың алатын орны ерекше. Оның құрамы келесідей:

  • Шие, қант – 1 кг-нан
  • Грек жаңғағы- 200 гр

Тосапты дайындау жолы өте қарапайым. Оның жолы төмендегідей:

  1. Шиенің бұзылған, кепкендерін алып, тазалап алыңыз. Оны жуып, сүйегін алып тастаңыз.
  2. Грек жаңғағын ыстық суға салып, 10-15 минутқа қалдырыңыз. Олар жұмсаруы керек. Сыртқы қабатын алып тастаңыз, ол жаңғақтың қышқыл дәмінен құтылуға септігін тигізеді. Жаңғақты ұсатып алыңыз.
  3. Ыдысқа қант пен шиені салып, 1-2 сағатқа қалдырыңыз. Шиенің шырыны шығуы керек.
  4. Баяу отқа қойып, тосапты 10 минуттай қайнатамыз. Бетіне шығатын көбікті алып тастаған дұрыс.
  5. Тосапқа жаңғақты қосып, тағы 5 минуттай қайнатыңыз. Стерильді банкаға салып, аузын жақсылап жауып тастаңыз.

Құймақпен бірге бұл тосаптың дәмі ерекше үйлесім табады. Сонымен бірге әр түрлі десерт, торт жасағанда да қолдануыңызға болады.

Шие тосабы. Көрнекі сурет
Шие тосабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сүйегімен қайнатылатын шие тосабы

Сүйегімен дайындалатын шие тосабы өте дәмді, хош иісті және қою болып келеді. Оның құрамы келесідей:

  • Қант,шие- 1кг-нан
  • Су- 150 мл
  • Ваниль қанты- 1 шай қасық

Дайындау жолы:

  1. Шиені жақсылап тазалап, жуып, сүзгіде сүзіп алыңыз. Барынша артық судан арылу керек.
  2. Ыдыста су мен қантты араластырып, қантты сироп қайнатамыз. Қанттың еруіне көңіл бөлеміз.
  3. Қайнаған сиропқа шиені салып, баяу отта 5 минуттай қайнатып аламыз. Дәл солай 2 рет қайталаймыз.
  4. Қайнаған тосапты банкаға салып, аузын жақсылап жабамыз.

Тосапта жидек өз формасын сақтап қалады. Оның қою болғанын қаласаңыз, ұзағырақ қайнату керек.

Шие тосабында жидек өз балғындығын сақтап қалады. Мамандардың кеңестері керемет тосап дайындауға көмек болады. Кеңестерді өз пайдаңызға жаратып, кез-келген жыл мезгілінде дастарханыңыздың сәнін келтіретін тосапты дайындап қойыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2021026-sie-tosabyn-qalai-zasaidy-qundy-kenester/

pixel