Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа туған қозыны қалай дұрыс күтіп, баптау керек

Опубликовано:

Қозы мен бала
Ақ қозы ұстап тұрған бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ғасырлар бойы мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқы төрт түліктің қадір-қасиетін жақсы білген. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын ата кәсіптің өзіндік қыр-сыры бар. Бұл жазбамызда қой өсіру, жаңа туған қозының күтімі жайлы тарқатып айтамыз.

Мал бағу жеңіл жұмыс емес. Төрт түліктің қай-қайсысы болмасын ерекше күтімді қажет етеді. Қазақ халқында мал бағудың үлкен еңбек екенін суреттейтін сөздер көп. Мәселен мына мәтелдерден төрт түлікті түлетудің қиын әрі берекелі іс екенін аңғаруға болады:

Сиыр бақтым – сидаң қақтым,

Ешкі бақтым – еңіреп бақтым.

Түйе бақтым – түйме тақтым,

Жылқы бақтым – жорғалаттым,

Қой бақтым – қоңырау тақтым.

Қазақ халқы жануарға ешқашан былапыт сөздер айтпаған, басынан ұрмаған, аяқ көтеріп теппеген. Себебі мұндай өрескел қылықты берекесіздік деп санаған. Қырда жайылған малын барынша сылап-сипап баққан қазақ төрт түлігіне өзінше атау берген. Мысалы:

  • Түйе - Ойсылқара.
  • Жылқы - Қамбат ата.
  • Сиыр - Зеңгі баба.
  • Қой - Шопан ата.
  • Ешкі - Шекшек ата.
Көгалдағы қозы
Көгалда жүрген қозы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Төрт түліктің әрқайсысының жасына қарай атауы болады. Soyle.kz сайтында жарияланған "Төрт түлік атаулары" мақаласында бұл туралы егжей-тегжейлі жазылған.

Қой малына қатысты қандай атаулар бар?

Қойды жандық деп те атайды.

  • Қозы – жасы төрт айға толмаған төл, қой төлінің жалпы атауы.
  • Күйек қозы – сәуір, мамыр айларында яғни мезгілінде туған қозы.
  • Көбеген, Көбдік – ерте туған қозы.
  • Мәйікті қозы – енесінің ащы және жай уызын тоя еміп, тез өсіп жетілген төл.
  • Арамза – күйек айынан бұрын қашқан саулықтың мезгілінен ерте туған қозысы.
  • Көпей - өте кеш, маусымның соңында туған қозы.
  • Бөдене қозы – кенже туған, дене тұрпаты жетілмеген, жатаған кішкене қозы.
  • Торым – қозы, тоқты.
  • Кепе – қыста туған қозының марқайғаны.
  • Сырбаз қозы – жетілген, піскен қозы.
  • Марқа – ерте туған, күйек қозыларынан үлкен, тоқтыдан кіші қозы.
  • Бағлан – өз енесі мен теліген енесін тел еміп, сүбеленіп семірген қозы.
  • Шираз – көк елтірлі қаракөл қозы.
  • Жұрын – сүйегі терісіне ілінген арық қозы, тоқты.
  • Тоқты – жасы алты айдан асқан қой төлі.
  • Тұсақ – бір жас пен екі жас аралығындағы ұрғашы қой.
  • Ісек – екі жастағы піштірілген қой.
  • Бойдақ – тартылған ірі қой.
  • Құнан қой – үш жастағы тартылған қой.
  • Шар қой – ірі, кексе қартамыс қой, қысыр қалып не қозысы өліп, бірақ өзге қозы телінбей семірген кәрі саулық.
  • Азбан (ақ ауыз қой) – аурулығына немесе тұқымсыздығына байланысты піштірілген қошқар.
  • Сарық – қаракөл қойының екінші атауы.
  • Саулық – аналық қой.
  • Тел қой – енесі сүтіне жарытпаған төл телінген, қозысы өлген саулық.
  • Қошқар – аталық қой.
  • Қортық қошқар – тұқымы нашар, қошқарлық қасиеті болымсыз аталық.
  • Құтпан, келепан – отардағы таңдаулы құт-береке көзі болған киелі қой.
Көгалдағы қойлар
Көгалда жайылған ала қойлар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңа туған қозыға қандай күтім жасалу керек?

Әдетте жаңа туған қозының кіндігі өзі үзіледі, қажет жағдайда оны қарыннан 8-10 см болатындай кесіп, йод ерітіндісімен немесе 5 пайыздық креолин ерітіндісімен күйдіру қажет. Бұл жөнінде agroqogam.kz сайтында жарияланған "Жаңа туған қозыларды сақтап қалудың оңтайлы тәсілдері" мақаласында тарқатылып жазылған.

Қойды таза және құрғақ сабанмен немесе жаймамен сүрту керек. Әсіресе күн суық болса, төлдің үстін құрғату маңызды. Бұл булануға кететін жылу шығынын азайтады. Себебі жылу азайса, қозы әлсіреп, ауырып қалуы мүмкін.

Жаңа туған қозы бірден анасын іздеп, сүтін емуге ұмтылады. Алдымен оның еме алатынына көз жеткізу керек. Мұны қозының құйрығын қозғалтқанынан, басының қимылдарынан байқауға болады. Шамамен жарты сағат өткен соң қозыны емізуге дайындайды. Бірінші рет төлдеген, мазасыз немесе қытығы бар енесіне де назар салып, қозы еміп кеткенше көмектескен жөн.

Жаңа туған қозының ішін жүргізетін және алғашқы нәжістің шығуын тездететін негізгі азық уыз болып саналады. Уыздың құрамы қорғаныш заттардан тұрады әрі қоректік дәрумендерге өте бай. Мұндай пайдалы заттар қозылардың күш жинап, өсуіне ықпал етеді.

Төлдеген саулық бастапқы уақытта қатты шөлдейді. Сондықтан оларға 1-1,5 сағат сайын жылы су беру керек. Бұл уақыттағы негізгі азық – шөп.

С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохиннің "Овцеводство" кітабында ылғал жем мен концентраттардан аз мөлшерде беру керегі жазылған. Жемді көп мөлшерде беру желіндегі сүттің молаюына септігін тигізеді. Ал жаңа туған қозы оны толық еміп тауыса алмайды. Мұның саулыққа да кері әсері жоқ емес. Саулықты төлдегеннен кейін 3-5 күн өткен соң ғана толыққанды азықтандыруға қосу керек.

Қолға ұстап тұрған қозы
Әйелдің қолындағы әппақ қозы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Егіз қозыға қандай күтім жасалады?

Егер қой егіз қозы тапса, бірақ сүтке жарымаса, онда бір қозыны сүті мол қойдың жанына қою керек. Көбінесе мұндай жағдайда бір қозысы бар немесе төлі өлген қойдың қасына орналастырып жатады. Аяққа тік тұрып кету үшін өзге қойдың жанына жіберетін егіз қозының мықтылауын таңдаған жөн. Сонымен қатар қозы бөгде енеге әбден үйренгенше көмектесу керек.

Сақман дегеніміз не?

Сақман жаңа туған қозыға 5-10 күн болғанша аса қажет орын. Онда қозылар өз енесін тезірек тауып, қалаған кезінде еме алады. Үлкен көлемдегі жайылымдарда қозылар енесін ұзақ іздеп қалуы ықтимал. Мұндайда төл аш қалып, аурушаң болуы, тіпті әлсіреп өліп қалуы да мүмкін.

Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде сақман сөзі "қой және ешкі төлі" деп түсіндірілген. Жас сақмандарға жайылымды қой қораларға жақын жерден белгілеу керек.

Үш жыл келдік бір жерге,

Бар деген соң сақманға,

Жақсы жолдас Жалмырза.

Құтты болсын сақманың (Жамбыл, Меркі).

Өзбек тілінде де "сақмон" сөзі жас қозылы қойдың тобы дегенді білдіреді.

"Жаңа туған қозыларды сақтап қалудың оңтайлы тәсілдері" мақаласында сақман туралы мынадай мәлімет берілген:

Сақманға жасы мен даму ерекшелігі бір-біріне ұқсас қозыларды орналастыру керек. Ал егіз төлді саулықтарды шабандардың көбі бір төлді саулықтармен қамап қойғанды жөн көреді. Егер төлдер енелерінің сүтіне тоймай жатса, екінші бір төлді саулықтар емізуге көмек болады. Сақман жасаған кезде қозылардың дамуы мен олардың жағдайына көп көңіл бөлуі керек. Егер қозы әлсіздеу болса, онда оны кішілуі сақманда ұстайды. Мұндай әлсіз қозылар үлкен сақманда болса, әлсіз қозылар мен саулықтардың азығын күшейту керек. Табиғи-климаттық жағдайға, қозылау уақытына, қойлардың бағытына қарай сақман саны мен көлемі айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Күтімі жақсы қозылардың салмағы 100 күн ішінде 20 келіден жоғары болады.

Ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, қолданса – бұйымы, ұсынса – сыйы, дауласа – құны болған қазақтың төрт түлік малы тіршіліктің қайнар көзі іспетті. Тұрмысы мал шаруашылығымен біте қайнасқан қазақ халқының ұл-қызын төлдің атымен атап, еркелетуі де тегін болмаса керек. "Ботам, қоңыр қозым, қошақаным, құлыным" деген жылы сөздің ерекше әдемі естілетіні де содан болар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2022520-zana-tugan-qozyny-qalai-durys-kutip-baptau-kerek/

pixel