Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1 маусым - балаларды қорғау күні: тарихы мен мәні

Опубликовано:

Сүйкімді балалар
Күлімдеген сүйкімді балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бала - өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды. Бұл мақаламызда 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күнінің шығу тарихы жайлы ақпаратпен бөлісеміз.

Балаларды қорғау күнінің тарихы қай кезден басталады?

Жыл сайын 1 маусымда әлемнің әр түкпірінде балаларды қорғау күні аталып өтеді. 1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген еді. Ал 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды. Қазіргі таңда балаларға қатысты қысым көрсету мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бүкіл әлем балаларының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды істер жалғасын тауып келеді.

nationaltoday.com сайтында жарияланған "History of International Children's Day" жазбасынан балаларды қорғау күнінің тарихы әріректе екенін білуге болады. 1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған Дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған. Кейбір елдер бұл мерекені маусымда, ал кей мемлекеттер қарашада тойлайды. Дегенмен, балаларға арналған мейрамның мақсаты бірдей.

Өнеркәсіптік революция мен әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстардан соң балалардың зорлық-зомбылық, қысым көрсету және адам құқығынан айырылуы сынды мәселелер белең ала бастады. Балалардың әлжуаздығын әділетсіздік пен әдепсіз әрекеттерге итермелегендер де жоқ емес. Миллиондаған бала жарытып тамақтана алмады. Осы келеңсіздіктің барлығы Женева конференциясында арнайы қозғалды. Сондықтан да әлем көшбасшылары бүкіл әлемдегі балаларды қорғау керек деген шешімге келген болатын.

Сол кездегі дамыған елдерде балалардың жағдайын жақсарту бойынша шұғыл шаралар басталып кетті. Ал дамушы елдер үшін агенттіктер тарапынан қаражат бөлініп, қайырымдылық жасалды. Әр түрлі науқандар ұйымдастырылып, еріктілердің жұмысы қыза түсті.

Осылайша балаларды оқыту, тамақтандыру, адам саудасына қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар бала еңбегін пайдалануды тоқтатуға айрықша басымдық берілді.

Ойнап отырған балалар
Сумен ойнап отырған балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Халықаралық балаларды қорғау күнінің хронологиясы

1857 жыл. Раушан күні

Доктор Чарльз Леонард шіркеуде балаларға арнап жыл сайын арнайы қызмет көрсетті.

1920 жыл. Ұлттық мереке

Түркия Республикасы 23 сәуірді Балаларды қорғауға арналған ұлттық мереке деп жариялады.

1949 жыл. Халықаралық балаларды қорғау күні

Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының арнайы сессиясында халықаралық балаларды қорғау күні жарияланды.

1959 жыл. БҰҰ Бас Ассамблеясының Декларациясы

БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқығы бойынша Декларация қабылдады.

1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған ЮНИСЕФ ұйымы құрылды. Бұл ұйым бірқатар елдің үкіметі мен жеке тұлғаларынан қайырымдылық үшін қаражат жинайды. Жиналған қаржының барлығы балаларға қатысты мәселелерді шешуге бағытталған.

Доп ойнаған балалар
Саябақта доп ойнаған балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

1 маусым - халықаралық балалар күні қай мемлекеттерде аталып өтеді?

Халықаралық балаларды қорғау күні Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Эстония, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Өзбекстан сияқты елдерде, көбінесе бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттерде атап өтеді.

Дүние жүзінде 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні қалай тойланады?

"International Children’s Day 2023: Date, History, Activities & Gift Ideas" мақаласында әлем елдерінде балалар күнінің қалай тойланатыны туралы қызықты ақпарат берілген. Дүние жүзінде 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні қалай тойланады?

  • Германияда балалар күні Kindertag деп аталады. 1950 жылдан бастап тойланатын бұл мерекені неміс балалары асыға күтеді. Бұл күні балалар ата-аналарынан құттықтау естіп, сыйлықтар алады. Сонымен қатар экскурсияларға, мектептегі арнайы іс-шараларға қатысады.
  • Қытайда 1 маусым күні эксклюзивтік спектакльдер ұйымдастырылады және бірнеше туристік бағыттар, мейрамханалар мен кинотеатрлар тарапынан балаларға жеңілдіктер жасалады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтіндерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін демалыс беріледі.
  • Вьетнам балалары бұл күні ойын ойнап, хайуанаттар бағына барады. Кейбір ата-ана балаларын сүйікті мейрамханасына апарып тамақтандырады. Балалар мектептерде өтетін арнайы ән мен би шоуларына да қатысады. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мұғалімдері сыйлық беріп, марапаттайды.
  • Польшада халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Мектептерде спорттық ойындардан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарланады. Ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізуп, сүйікті тағамдарын дайындайды немесе ойыншықтар, тәттілер сыйлайды. Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Глобус және қуыршақтар
Түрлі ұлт балаларының бейнесіндегі қуыршақтар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Халықаралық балаларды қорғау күнінде қандай пайдалы іс жасауға болады?

  • Балаларға арналған қорларға қаражат жолдау. Ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық жасай аласыз. Бұл қаражат олардың қажеттіліктерін алуға көмектеседі.
  • Ерікті ретінде жұмыс істеу. Әлемде көптеген ұйым балалардың игілігі үшін жұмыс істейтін еріктілерді іздейді. Волонтерлік қызметтің бұл түрі қай кезде де жоғары бағаланады.
  • Бір балаға демеушілік жасау. Қайырымдылық көпшіліктің игілігі үшін жұмыс істейді, бірақ балаларға арнайы демеушілік жасау өте жақсы нұсқа болуы мүмкін. Бұл баланың есейгенше толыққанды өсуін қамтамасыз етеді.

Қазақстанда балалардың құқығы қалай қорғалады?

1994 жылы Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. Елімізде балалардың құқығын қорғауға арналған мынадай заңдар қарастырылған:

  • ҚР Конституциясының 27 бабы бойынша отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады.
  • "ҚР балалар құқығы туралы" Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген.
  • ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2022671-1-mausym-balalardy-qorgau-kuni-tarixy-men-mani/

pixel