Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жүктіліктің белгілері: жүкті екеніңізді қалай тез білуге болады

Жарияланған күні:

Кішкентай шұлық
Сәбидің қызғылт түсті шұлығы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Өмірге сәби әкелу - әйел заты үшін баға жетпес бақыт әрі жауапкершілік. Кейде әйелдер өз бойында болып жатқан өзгерістерді байқамай қалуы мүмкін. Жүктіліктің алғашқы белгілері қандай? Әйел жүкті екенін неше күнде біле алады? Бұл сұрақтардың жауабын бірге қарастырып көрейік.

Жүктіліктің алғашқы белгілері қандай?

Іштің төменгі жағының ауырсынуы

Әйелдердің көбісінде етеккір мерзімі жақындаған кезде іші ауыруы мүмкін. Сондықтан іштің төмен тартып ауырсынуын етеккір циклінің жақындауымен байланыстырып, бұған назар аудара қоймайды. Алайда мұндай жағдай күнделікті қайталанып, етеккір кешігіп жатса, басқа да себебі болуы мүмкін. Өйткені жүктілік салдарынан әйел ағзасында өзгерістер болады.

Жиі ұйықтау және тез шаршау

Қазіргі күні адамдардың жұмыс күні аяқталған кезде шаршауы қалыпты секілді көрінеді. Дегенмен әйел үшін таңертең ұйқыдан ояну қиынға соғып жүрсе, күндіз себепсіз жатып демалғысы келсе, бұл оның гормоналдық фонының өзгеруімен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ, дене температурасы сәл көтерілуі де ықтимал.

Омыраудың ұлғаюы

Жүктілік кезінде емізіктің диаметрі ұлғайып, түсі қараяды. Себебі омырау дүниеге келетін сәбиді тамақтандыруға бейімделеді. Бұл белгі жүкті әйелдердің 70%-інде кездеседі. Алайда омыраудағы өзгеріс етеккір циклі жақындағанда да болады.

Жүрек айнуы

Мұндай белгінің нақты уақыты жоқ, сондықтан жүрек айнуы кез-келген әйелде болады. Жүктілікпен байланысты токсикоз белгілері бала жатырға біткеннен кейінгі бірнеше күн, ай өткен соң пайда болуы да мүмкін.

Бастың айналуы

Қан тамырларының кеңеюі, қан қысымының төмендеуі жүктілік кезінде бас айналудың себебі болуы мүмкін. Әдетте бастың айналуы бірінші триместрде болады. Егер бұған алаңдасаңыз немесе жүктіліктің соңында басыңыз жиі айналса, бұл жағдайыңызды дәрігеріңізбен бірге талқылаңыз.

Күн мен әйел
Күншуақта тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұрынның бітелуі

Гормондардың және қан мөлшерінің артуы мұрынның шырышты қабығының ісінуіне, кебуіне, кейде қанауына әкелуі мүмкін. Бұл көбінесе жүктіліктің бастапқы кезеңдерінде болады, сонымен қатар үшінші триместрге де болуы мүмкін.

Зәр шығарудың жиілеуі

Бұл белгі көбінесе жүктіліктің үшінші триместрінде байқалады. medicalnewstoday.com сайтында берілген мәлімет бойынша жатырға біткен ұрық үлкейіп, қуыққа қысым түскендіктен аяғы ауыр әйел дәретханаға жиі барғысы келеді. Сонымен қатар жүктіліктің алғашқы күндерінде де осындай белгі байқалып жатады.

Етеккірдің кешігуі

Жүктіліктің ең айқын белгісі етеккірдің кешігуі болып есептеледі. Бірақ етеккір циклінің бұзулуының бірнеше себебі болуы мүмкін. Қан және зәр сараптамалары негізінде жүктілік жайлы білуге болады.

Жүрек пішінін ұстаған әйел
Жүрек пішінін ұстаған жүкті әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Иістің әсер етуі

Таңертең кофенің немесе басқа да хош иістің жүрек айнытуы жүктіліктен хабар беруі мүмкін. Кейбір әйелде етеккір мерзіміне дейін иістерге сезімталдық артады. Оған қоса тағамдардың дәміне байланысты талғамы күрт өзгереді.

Жүрек айнуын басу үшін таза ауаға жиі шыққан жөн. Ал үй ішінде бөлмені екі сағат сайын 5-10 минут желдетіп алған дұрыс.

Ұйқысыздық

Гормоналдық және психологиялық өзгерістердің нәтижесінде жүкті әйелдерді ұйқысыздық мазалауы мүмкін. Сондықтан демалыс күндері түстен кейін демалу, ұйықтар алдында таза ауада серуендеу және жатын бөлмені кем дегенде 10-15 минут желдету арқылы ұйқысыздықты болдырмауға тырысу керек.

Маңызды! Дәрігермен кеңеспей ұйықтататын дәрілер қабылдамаңыз. Ұйқыны дәрі-дәрмексіз де жақсартудың жолдары бар.

Іштің қатуы

Жүктілік кезінде прогестерон гормонының артуы ішек бұлшықеттерін босаңсытады, бұл ас қорытуды қиындатады. Тамақтану мәзіріне тұтас дәнді нан, жемістер мен көкөністер қосқан абзал.

Көңіл күйдің түсуі

Жүкті әйелдерде эмоционалдық тұрақсыздық, көңіл-күйдің өзгеруі жиі болады. Бұл гормондардың ықпалына байланысты. Жүктілігіңізден хабарыңыз болмаса да, жақсы ойлап, жаныңызға жақын іспен шұғылдану арқылы көңіл-күйді көтеру керек.

Безеу

Бөртпелердің және теріде басқа дақтардың көбеюі жүктіліктің алғашқы белгісі болуы мүмкін. Бұл да гормондардың жұмысымен байланысты. Себебі денедегі май бездерінің жұмысы белсенді бола түседі. Бөртпелер гормоналдық фон қалыпқа келген кезде кетіп қалады, кей әйелдерде жүктілік мерзімі аяқталғанша созылады.

Қанды бөліністердің келуі

Етеккір мерзімі басталғанша әйелдерде аздаған қан жұғындысы болуы мүмкін. Healthline мұны ұрықтанған аналық жұмыртқа жатыр қабырғасына орныққан (имплантация) сәтте пайда болатынын жазады. Әдетте бұл белгі етеккір күніне сәйкес келеді. Дегенмен мұндай бөлінді барлық әйелде бола бермейді.

Қан жұғындысы бірнеше сағат, кейде 3 күнге дейін созылуы мүмкін. Ал одан ұзағырақ болса, дәрігерге хабарласу керек.

Дереккөз:

  1. Carrie Sue Halsey. What are the early signs of pregnancy? // Medical News Today. — 2021. — 11 August. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.medicalnewstoday.com/articles290414#_noHeaderPrefixedContent
  2. Early Pregnancy Symptoms // Healthline. — 2021. — 23 September. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.healthline.com/health/pregnancy/early-symptoms-timeline

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Жүктілікке байланысты жағдайлар бойынша дәрігеріңіздің кеңесіне жүгініңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2025470-zuktiliktin-belgileri-zukti-ekeninizdi-qalai-tez-biluge-bolady/