Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрбан айт-2024: маңызды мерекеде оқылатын басты дұғалар

Опубликовано:

Құран Кәрім
Қасиетті Құран Кәрім кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұсылман баласы құрбандық шалу арқылы қолында бар ризығына шүкір етеді. Құрбан айт күндері ізгі амалдар жасаумен қатар қандай дұғалар оқу керек? Бұл сұрақтың жауабын дін мамандарының еңбектеріне сүйене отырып, қарастырып көрдік.

Құрбандық шалудың мәні неде?

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Бұл амал арқылы адамның ішкі ниеті, шынайы пейілі, дініне бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сонымен қатар пенденің пендешілігі мен мәрттігі һәм сараңдығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауға тиіс. "Өзім ішіп-жесем, тоқ болсам болды", - деген түсінік мұсылман қауымы үшін жат әдет.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділік жөнінде мынадай хадистері бар:

"Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес".
"Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың".
"Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр".

Бұл хадистер күллі мұсылман жұртын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып қарасуға, мейірімді болуға шақырады.

Құрбан айт күндері қандай сүрелер мен дұғалар оқу керек?

Құрбан айт күндері тәшриқ тәкбірі айтылады. Тәшриқ тәкбірі дегеніміз не? Тәшриқ тәкбірі Арапа күнінің таң намазынан кейін Құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін оқылады. Арапа деп Құрбан айттың алдындағы күнді атайды. Бұл туралы Қайрат Жолдыбайұлының islam.kz сайтындағы жазбасында түсіндірме берілген.

Тәшриқ тәкбірінің оқылуы мынадай:

"Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллАллаһу уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лиллаһил-хамд".

Мағынасы:

"Алла ұлық, Алла ұлық, Алладан басқа тәңір жоқ! Алла ұлық, Алла ұлық! Барлық мадақтар мен мақтаулар Аллаға тән!"

akmechet.kz сайтында берілген мәлімет бойынша "Тәшриқ" күндері деп зүлхижжа айының 11,12,13 күндерін, яғни айттың екінші, үшінші және төртінші күндерін айтады. Бұл күндердің бұлай аталуының себебі ертеректе осы күндері сойылған құрбанның етін қажылар бұзылып кетпесін деп сүрлеп қоюымен байланыстырады. Сондықтан бұл күндерді тәшриқ, яғни күнге кептіру күні деп те атаған деседі. Тағы бір деректе "ташриқ" сөзінің сыртқа шығару, көрсету деген мағынасы бар. Бұл тәкбір-тәшриқты дауыстап айтуды білдіреді", - делінген.

Мешіттегі жамағат
Құрбан айтта мешітке жиналған жамағат. Көрнекі сурет: muftyat.kz

Құрбандық шалатын кезде қандай дұға оқылады?

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

"Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ".
"Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ".

Содан кейін:

"Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд" - деп тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" - деп бауыздалады.

"Ислам ғылымхалы" кітабының авторлары тек құрбан иесінің ғана "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" - деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар"- деу керек дейді. Ал мұны ұмытпай, әдейі "Бисмиллаһ" деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздағалы жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуі де "Бисмиллаһ" деп айтулары керек.

Ибн Аббас жеткізген хадисте:

"Белгілі күндер ол – Зулхижжа айының 10-күні, санаулы күндер ол – ташриқ күндері", - деп түсіндірген.

Осы күндері ораза ұстауды харам қылынған. Ал Пайғамбар өз хадисінде:

"Ташриқ күндері – тамақ, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері".
Балаларға сыйлық таратқан мүфти
Құрбан айт мерекесінде балаларға сыйлық тарту еткен бас мүфти. Көрнекі сурет: muftyat.kz

Қазақ халқында: "Бота емес, бата ал" - деген сөз бар. Құрбан айт мұқтаж жандардың алғысына бөленуге септігін тигізетін, үлкендерден бата алғызатын, сауапқа кенелтетін ұлық мейрам.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды қуантудың қаншалықты маңызды екеніне қатысты мынадай хадисі бар:

"Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау".

Құрбан айт күндерінде қандай амалдар жасау құпталады?

  • Аллаға мадақ айту;
  • Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту айту;
  • Мұқтаж жандарға көмек қолын созу;
  • Жақын адамдарды қуанту.

Құрбан айт мейрамы болған түні тұрып намаз оқу, зікір айту және Құран оқумен айналысу жақсы амал болып саналады. Муғаз ибн Жабалдан келген хадисте былай делінген:

"Кімде-кім мына төрт түнде намаз оқыса оған жаннат уәжіб болады: Таруия түні, арафа түні, Құрбан айт түні, Рамазан айт түні".

Құрбан айттың адам баласына мәлім әрі беймәлім пайдасы ұшан-теңіз. Қасиетті саналатын күндерде мұсылман қауымы тілімен де, ісімен де барынша ізгі амалдар жасау арқылы Құрбан айт мерекесінің берекесін келтіретіні сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2025924-qurban-ait-2023-manyzdy-merekede-oqylatyn-basty-dugalar/