Келін туралы ең қызықты әрі танымал кинотуындыларды білесіз бе
Жарияланған күні:
Келін — кино саласындағы қызықты тақырыптардың бірі. Бұл тақырып бойынша түрлі жанрда түсірілген фильмдер бар. Осы жазбамызда әлемнің әр түкпірінде көрсетілген келін туралы қызықты әрі танымал кинотуындылар жайлы айтамыз.
Қалыңдық, келін жайлы әлем халқы тамашалаған қандай фильмдер бар?
"Father of the Bride — Қалыңдықтың әкесі"
1950 жылы АҚШ-та Metro-Goldwyn-Mayer (MGM), Loew's арқылы шыққан фильм.
- Жанры — комедия, мелодрама.
- Ұзақтығы — 1 сағат 32 минут.
- Режиссеры — Винсент Миннелли.
Заңгер Стэнли Бэнкстің жанға жайлы өмірі қызы Кей қара жаяу Бакли деген жігітке тұрмысқа шығатынын айтқан сәттен бастап күрт өзгереді. Ол болашақ күйеу баласын "тексеруге" кіріседі. Тіпті тойға қажет дүниелерден бастап мерекелік кешке арналған торт пен тағамдарды таңдауға дейін араласады.
"The Princess Bride - Ханшайым-қалыңдық"
1987 жылы Act III Communications, Buttercup Films Ltd., The Princess Bride Ltd. арқылы жарыққа шығарған АҚШ, Ұлыбритания фильм. Die Braut des Prinzen, La storia fantastica, The Bridges' Bride, La princesa атауларымен де көрсетілген.
- Жанры — фэнтези.
- Ұзақтығы — 1 сағат 38 минут.
- Сценарий авторы — Уильям Голдмен.
- Бюджеті — 16000000 АҚШ доллары.
- Фильмнен түскен қаражат — 30 857 814 АҚШ доллары.
"The Princess Bride" қандай фильм? Әдемі сарайлардың, қорқынышты зындандардың, шексіз мұхиттардың, орман мен таулардың ғажайып әлемін көрсететін фантастикалық фильм. Өзінің сүйіктісін, сұлу қалыңдығын құтқару үшін ержүрек батыр алдынан шыққан кедергілерді жеңіп, адам сенгісіз ерлік жасайды.
"The Wedding Planner — Үйлену тойын жоспарлау"
2001 жылы Германия және АҚШ киногерлерінің Columbia Pictures, Dee Gee Entertainment, IMF Internationale Medien und Film студияларында бірігіп шығарған фильмі.
- Жанры — комедия, мелодрама.
- Режиссері — Адам Шэнкман.
- Сценарий авторлары — Памела Фолк, Майкл Эллис.
- Фильм бюджеті — 35000000 АҚШ доллары.
Басты рөлді атақты Дженнифер Лопес сомдаған "The Wedding Planner" фильмі не туралы? Мэри Фиоре сияқты неке тойын жақсы білетін адамдар аз. Өйткені ол — үйлену тойын ұйымдастырудың нағыз шебері. Дегенмен, оның жеке өмірінде мәселелер жоқ емес. Бір күні Мэри қызық жағдайға тап болып, Стив Эдисонды кездестіреді. Бұл кездесу фильмнің бас кейіпкерін махаббатқа сендірді. Стивтің өте бай қызға үйленуге тиіс керек екенін білгенде оның көңілі қалады. Осылайша әйелдің жан-дүниесінде ақыл мен сезім, есеп немесе махаббат деген сұрақтар бойынша күрес жүреді.
"My Big Fat Greek Wedding — Менің грекше үлкен тойым"
2002 жылы АҚШ, Канада елдерінің Alliance Cinema, Gold Circle Films, Home Box Office (HBO), MPH Entertainment өндірісі арқылы бірлесе жарыққа шығарған фильмі.
- Жанры — драма, комедия, мелодрама.
- Ұзақтығы — 1 сағат 35 минут.
- Режиссеры — Джоэл Звик.
- Сценарий авторы — Ниа Вардалос.
- Бюджеті — 5000000 АҚШ доллары.
Махаббат пен сұлулық құдайы Афродита Туле Портокалосқа ықыласты емес. Оның әдеттегі қорқынышты түсі 30 жаста әрі әлі тұрмысқа шықпағанын еске салып тұрады. Әйнегі қалың көзілдірік киген ол туыстарының отбасылық мейрамханасында қызмет көрсетеді. Ал ұйықтаған кезде үлкен әпкелері, нағашылары мен әжелерден қайда қашуға болатыны жайлы түс көреді.
"Nyfes — Қалыңдықтар"
2004 жылы жарыққа шыққан Cappa Defina Productions, K.G. Productions, Alco Films, Greek Film Center фильмі. Грекия, АҚШ, Франция елдері бірігіп шығарған.
- Жанры - драма, мелодрама.
- Ұзақтығы - 2 сағат 8 минут.
- Режиссері - Пантелис Вулгарис.
- Сценарий авторы - Ioanna Karystiani.
Кеме Америкаға Түркиядан, Грекиядан және Ресейден келген қалыңдықтарды тасымалдайды. Әр қыздың жолсандығында болашақ күйеуінің суреті мен той көйлегі бар. Америкалық фотограф Норман Харрис сол кемемен үйіне оралады. Болашақ келіндердің бірі оған ғашық болып қалады. Осылайша екеуінің арасында махаббат хикаясы басталады.
"April Bride (Yomei 1-kagetsu no hanayome) - Сәуір қалыңдығы"
2009 жылы Жапонияда жарық көрген фильм.
- Жанры — драма.
- Ұзақтығы — 2 сағат 9минут.
- Режиссері — Риучи Хироки.
- Сценарий авторы — Хироши Саито.
"April Bride" фильмі не туралы? Бұл фильм жазушы Мари Уездің бестселер болған тарихи романының ықшамдалған түрі болып саналады. Бұл фильм Ромео мен Джульеттаның классикалық хикаясын еске түсіреді. Оқиға феодалдық дәуірде болған, онда билеуші Токугава қауымының жас лорды Наримичи таудағы ауылдың қарапайым қызы Раймен кездеседі.
"Super Kelinchak - Супер келіншек"
- Жанры — мелодрама, комедия.
- Ұзақтығы — 1 сағат 59 минут.
- Режиссері — Бахром Якубов, Тамара Моисеева, Хатам Хамроев.
- Сценарий авторы — Евгения Палехова, Бахром Якубов.
- Жарыққа шыққан жылы — 2008 жыл.
Жергілікті боулинг алаңындағы кездейсоқ кездесу Сардор мен Диананың өмірін түбегейлі өзгертеді. Ата-аналары наразы болса да, олар тездетіп үйленуге шешім қабылдайды. Бірақ мүлдем басқа ортада өскен Дианаға қайын енесімен қарым-қатынас жасау қиынға соғады. Әйелдің ішкі түйсігі мен Өзбекстанның ұлттық салт-дәстүрін зерделеудің арқасында Диана мінезі қыңыр екінші анасының жүрегін ашатын "кілтті" табады.
Қазақстанда келін тақырыбында қандай кинотуындылар жарыққа шықты?
"Тақиялы періште"
- Жанры — комедия.
- Ұзақтығы — 97 минут.
- Режиссері — Шәкен Айманов.
- Сценарий авторлары — Шәкен Айманов, Яков Зискинд.
"Тақиялы періште" фильмі 1969 жылы жарыққа шыққан. "Тақиялы періште" деп фильмнің бас кейіпкері — Тайлақты еркелетіп атайды. Тайлақ — география пәнінің мұғалімі. Өзі алпамса денелі, көркем мінезді, кең пейілді адам. Ол жер бетінде анасынан артық жан жоқ деп санайды. Ол тіпті дастарқан басында да сүйікті тақиясын басынан шешпейді. Фильмның сюжеті бойынша Тайлақтың анасы Тана ұлына келіншек іздеп Алматыға келеді. "Еркекке жалғыз өмір сүруге болмайды, оның қасында анасы, жоқ дегенде әйелі болуы қажет" - деген шешесі осылайша келін іздеуге кіріседі.
Келін іздеп жүріп ол өзіне көңілін білдіре бастаған Нияздың отбасымен танысады. Ал Тайлақ осы кезде көрікті Айшамен жолығады. Алайда анасы ұлының таңдауын бірден қабыл алмайды. Себебі Айшаның әкесі бір кездері Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайқып шыққан Тайыр деген кісі болатын. Тайлаққа тұрмысқа шығуды сыра сататын Алтыншаш та армандайды. Дегенмен Тайлақ жүрек қалауымен Айшаға үйленуге ұсыныс білдіреді. Ал Нияз болса, Тананың өзіне әйел болғанын құп көреді. Фильмге арқау еткен осы бір көңілді оқиға қос тоймен аяқталады.
"Келін де адам - Келинка тоже человек"
- Жанры — комедия.
- Ұзақтығы — 1 сағат 23 минут.
- Режиссері — Асқар Ұзабаев.
- Сценарий авторы — Сабит Рахимбаев, Ауэз Ауэзов.
2017 жылы жарыққа шыққан "Келинка тоже человек" фильмінің сюжеті ене мен келін арасындағы қиын қарым-қатынас жайында өрбиді. Бақытты отбасы болу махаббат пен шыдамдылықты қажет етеді. Фильм сюжеті бойынша бір күні таңертең ене мен келіннің жаны ауысып кетеді. Осының арқасында олар өмірге мүлдем басқа қырынан қарай бастайды. Ене мен келін бұл жағдайдан сабақ алады. Кинотуынды тек қызықты оқиғаны баяндап қоймайды, одан өмірдің әр түрлі қиын сәттерінен қалай жол табу керегін де көруге болады.
Көрерменнің көңілінен шыққан фильмнің екінші нұсқасы да жарыққа шықты. Онда жас отбасы Мақсат пен Айжанның Жаңа жыл қарсаңындағы оқиғалары баяндалады. Арадағы сүйіспеншіліктің сынға түскен уақыты ерекше сюжеттер арқылы көрсетіледі.
"Келинка Сабина"
Бұл фильмде еркінен тыс ауылға келін атанған Сәбина Қарсыбаеваның басынан өткен оқиғасы баяндалады. "Фильм премьерасы 2014 жылдың 27 қарашасында өтті. "Келинка Сабина" — жеңіл әрі отбасы мүшелерімен бірге көретін комедия жанрындағы фильм. Онда басты рөлдегі кейіпкердің тығырықтан қалай шықпақ болғаны көрсетіледі. Сол арқылы елдегі келіндердің басындағы мәселелерді көрсетуге тырысқан. Фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаған актер — Нұртас Адамбаев.
"Келінжан" телехикаясы
2018-2023 жылдары "Хабар" телеарнасының тапсырысы бойынша "GG Cinema Production" түсірген қазақстандық танымал отбасылық сериал. Төрт маусым бойы көпшілік назарына ұсынылған телехикаяда Күләш апаның үш ұлы мен келіндері арасындағы қарым-қатынас көрсетіледі. Қазақ ауылындағы қарапайым отбасының оқиғасын комедиялық жанр арқылы көрсеткен телесериал көрерменнің көңілінен шығып үлгерді.
Телехикаяның режиссерлері – Ернар Нұрғалиев, Гүлнұр Мамасарипова.
Кинотуынды көрерменге көңіл-күй сыйлап қана қоймайды, оның астарында үлкен мән, идеология жатыр. Әсіресе, отбасы құндылығымен байланысты тақырыптар бойынша түсірілетін фильмдердің өзіндік салмағы болады. Сондықтан кез-келген фильмнің жарыққа шығуы зор еңбекті талап етеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2026623-kelin-turaly-en-qyzyqty-ari-tanymal-kinotuyndylardy-bilesiz-be/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.