Келінге кеңес: енеңмен қарым-қатынасты реттеу үшін не істеу керек
Жарияланған күні:
Қоғамда ене мен келін арақатынасы кеңінен талқыланатын тақырыптардың бірі. Бұл тақырыпқа қатысты қазақ халқында мақал-мәтел де, түрлі әзіл де, нақыл сөздер мен өсиеттер көп-ақ. KAZ.NUR.KZ порталы ене мен келіннің қарым-қатынасы жақсы болу үшін психологиялық кеңестер топтамасын назарға ұсынады.
Енемен арақатынасты қалай жақсартуға болады? Ол үшін енеңізді сыйлап, қызғаныш сезіміне бой алдырмай, ол кісіні мақтап, жиі кеңесіп тұрсаңыз жеткілікті.
Енеңізді жылы қабылдаңыз
Ғаламтордағы форумдарда ене мен келін арақатынасын "сұрапыл майданға" теңеп жататын мысалдар жеткілікті. Келіндер енесіне ренжіп, қызғанып, олардың іс-әрекетін құптамай, не істеу керек деп кеңес сұрап жатады.
Психология ғылымдарының докторы Леонид Куликовтың зерттеуінше енелерді келіндерге қарағанда ара-қатынас көбірек қанағаттандырады. Олардың сыйластық, достық сезімдері келіндерге қарағанда көбірек сезіледі.
Енеңізді танымай жатып, оттан қашқандай қорықпаңыз. Ойыңыздан маңайдағылардың сәтсіз ара-қатынастарын шығарып тастап, өз жылы байланысыңызды орнатуға тырысыңыз.
Күйеуіңіздің анасын сыйлаңыз
Енеге қандай қарым-қатынас көрсету керек? Енеңізді күйеуіңіздің анасы ретінде сыйлап, оны күйеуіңізден қызғанбаңыз. Кез келген адамның басқаны сыйлай алу қабілеті ішкі мәдениетіне байланысты. Мәдениетті адамдар кіммен болса да арақатынасын сыйластыққа негіздей отырып, құруды біледі. Олар әр адамды жеке тұлға ретінде қабылдайды. Әуелі осыдан бастаңыз.
Сіз, өз ережелері, салттары бар отбасыға мүше болып кірдіңіз. Ол отбасын сыйлай біліңіз, жамандамаңыз, өз жұртыңызбен арасына от салмаңыз. Қарсы шығу, эгоцентризмнің соңы әрқашан ұрыспен аяқталатынын ұмытпаңыз. Керісінше, күйеуіңізден отбасылық дәстүрлерін біліп, оның ұнаған тұстарын өз отбасыңызда да қолданыңыз. Енеңізге ол ұнайтыны сөзсіз.
Қызғанбаңыз
Күйеуіңізді енеңізден қызғанудың себебі әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: қалыптасқан ережелер, қызғану, енеңізбен таласта жеңілу қорқынышы т.с.с. Бұл тек сіздің ойыңыз, солардың кесірінен сіз енеңізбен дұрыс сөйлесе де алмайсыз. Сіздің күйеуіңіздің жүрегіндегі орныңызды ешкім баса алмайды, дәл солай оның анасының да орнын ешкім баспайтынын ұмытпаңыз.
Психолог Марианна Угрюмова ене мен келіннің әлеуметтік рөлі әр түрлі екенін түсіндіреді. Сонымен қатар сізді күйеуіңізбен махаббат сезімі мен төсек қатынасы байланыстыратынын ұмытпаңыз. Енеңіздің өзіңізге ұнайтын жақтарын үйреніп, қабылдай біліңіз. Өзіңізбен жұмыс жасап, қызғануға бос уақыт қалдырмаңыз.
Кеңесіп тұрыңыз
Енеге қалай ұнау керек? Енеңізге ұнау үшін ол кісіні мақтап, жиі кеңес сұрап тұрыңыз. Тек оны шынайы жасаңыз. Әр адамның мақтайтын тұстары мен үйренетін оң қасиеттері болатыны сөзсіз.
Кеңес сұрау – қарым-қатынасты жақсартудың ең жақсы әдістерінің бірі. Осылайша сіз енеңізді бағалайтыныңызды, басқаларға пайдалы болатынын көрсете аласыз. "Брать или отдавать? Новый взгляд на психологию отношений" кітабының авторы Адам Грант кеңес сұрау енеңіздің алдында сүйкімді болудың бір жолы деп жазады.
Мысалы, тамақ дайындау, консервілеу, гүлдерге күтім жасау, тігін тігу сияқты тақырыптарда тәжірибесін бөлісуін сұрасаңыз болады. Немесе күйеуіңізден анасының мықты тұстарын біліп, сол жағынан өзіңізге сабақ алсаңыз болады. Күйеуіңіздің анасына ұнайтын сыйлық сыйлаңыз. Ол арадағы "мұзды" жібітуге ықпал етеді.
Мақтаңыз
Ол кісінің қандай қасиетін ұнататыңызды анықтап, оған шынайы жауап беріңіз. Мысалы дәмді тамақ әзірлеуін, талғаммен киінетінін немесе немерелерімен жақсы тіл табысатынын айтып мақтасаңыз болады. Кез келген ата-ана үшін баласын мақтау - үлкен мәртебе екенін ұмытпаңыз.
Енеңіздің көзінше күйеуіңізді мақтап, жақсы қасиеттері мен тұстар алған тәрбиесінің арқасы екенін ескеріп өткен дұрыс. Осылайша енеңізге де, күйеуіңізге де жағып, олардың алдында беделіңіз арта түседі.
Ал енеңізге күйеуіңізді жамандап, оған шағымдану өте қате іс-әрекет. Кез келген ана өзінің баласына қатысты жағымсыз пікір айтатын адамды жақтырмауы мүмкін. Ол үшін бұл ауыр тақырып, әрі осы арқылы енеңізбен арақатынасыңызды суытып алатыныңызды ұмытпаңыз. Арадағы проблеманы күйеуіңізбен жеке шешіңіз, оған анасын араластырудың қажеті жоқ.
Енені жақсы көру міндетті емес. Бірақ ол кісіге сыйластық танытып, кішіпейіл болудан кез келген қатал ененің жүрегі жібіп, байланыстарыңыз нығая түсетінін ұмытпаңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2026638-kelinge-kenes-enenmen-qarym-qatynasty-retteu-usin-ne-isteu-kerek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.