Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаларға арналған ең мәнді әрі қызықты ертегілер

Опубликовано:

Сүп-сүйкімді балалар
Кітапқа үңілген сүйкімді балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ертегіфольклордың ескі жанрларының бірі. Оның мазмұны шындыққа жанаса бермесе де, астарында үлкен ғибрат, қазына жатыр. Ертегінің негізгі мақсаты белгілі бір сұлба арқылы бас кейіпкердің болмысын көркемдеп жеткізіп, адамды ғажайыпқа сендіру. Бұл жазбамызда балаларға арналған қызықты әрі мазмұнды ертегілер топтамасын ұсынамыз.

Ертегі – халық прозасының көркем түрі ғана емес, ол – тәрбие құралы. Психологтар баланың тұлға болып қалуыптасу кезеңінде ертегінің алатын орны зор екенін айтады. Себебі ертегі – баланың ең бірінші танысатын көркем әдебиеті. Сонымен бірге күнделікті айтып жүрген ертегілерді түрлендіріп отырған жөн.

Осы орайда "Балалар әлемі" журналының "Ертегілер әлемі" айдарында жарияланған ертегілер топтамасын ұсынамыз. Балаларға арналған қандай қызықты ертегілер бар?

Түлкі, тасбақа және кене

Ертеде түлкі, тасбақа және кене дос болыпты. Бір күні олар жерден бір уыс тары тауып алыпты. Үшеуі ақылдаса келе тарыны жерге егіп, көбейтіп алып, үшке бөліп аламыз деп шешеді. Түлкі бір жарды көріп:

– Мен осы жарды сүйеп тұрайын, құлап кетер - деп, жарды саялап жатып алады. Тасбақа жерді тырналап, тары егеді. Ал кене піскен егінді жиып алады. Олар көп тары алады. Олар түлкіні шақырады. Түлкі келіп, егінді көріп:

– Тарыны үшеуіміз бөліссек қаншадан тиеді? Аз мөлшерде шығатын шығар. Одан да үшеуміз жарысып, кім озса егін соған бұйырсын, - деді. Мақұл деп үшеуі қатарласып, бір жерге келеді. "1, 2, 3" деп түлкі жүгіре бергенде, кене түлкінің аяғына жабысып кетеді. Түлкі барынша жүгіріп, мәреге бірінші боп жетеді. Сонда кене:

– Әй, мені басып өлтіресің бе? - деді.

Түлкі:

– Сен қашан жетіп алғансың? - деп сұрайды.

Кене:

– Сен бағана "1, 2, 3" дегенде-ақ мен келіп қалғанмын, - деп жауап береді. Екеуі дауласып жатқанда, ентігіп тасбақа келеді.

Тасбақа:

– Әй түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа маған екі қара бүркіті және тазы иттері бар ат мінген екі адам келді. "Түлкі жолдасыңды тауып бер!" - деп мені қорқытты. Түлкі, мен сен туралы айтқан жоқпын. Енді олар маған сенбей, осы жаққа қарай келе жатыр, - дейді.

Түлкі: "Мені айта көрмеңдер!",- деп жалынады. Түлкі:

– Мына тарыны екеуің тең бөліп алыңдар, мен сендерге ризамын. Аңшылар мені сұраса, "білмейміз, қайда кеткенін деңдер", - деп қашып кетеді. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты.

"Етікші" ертегісі

Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп, етік тігіпті. Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді. Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің дауысы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.

– Пеш үстінде жатқан қандай адам? - деп сұрайды дәу. Етікші:

– Бұл - етікші, - деп жауап береді.

– Бізге керек шебер етікшімісің? - дейді. Сонан соң дәу бұйырып:

– Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір! Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал орындамасаң, басыңды аламын, - дейді де етікшіні ішке кіргізеді.

Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен:

– Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? - деп үрейленеді.

Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы бар, ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ ол дәудің оны оңай үйіне жібере қоймасын біліп:

– Бәрібір дәудің қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, - деп, өткір пышағын алады.

Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде, етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып:

– Ер болсаң, екі соқ, - дейді.

Етікші:

– Бір де жетер, - деп, дәудің үстінен ұшып өтеді. Ал, дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді.

Етікші сыртта тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң, дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әзер дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші алтын мен күмісті керегінше алып, ғажайып етігін киіп, үйіне ұшып келеді.

Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді. Осылайша етікші тұратын ауылдың тұрмысы жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты.

Кітап пен қалам
Ескі кітап пен сиялы қалам. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Тапқыр қоян" ертегісі

Бірде орманда аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Ол бір қазан суды қайнаттырып:

– Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық берем, - деген шарт қойыпты. Көп сый-сияпаттан дәмеленіп, бақтарын сынап көргісі келген аңдар бірінен соң бірі келеді. Қанша өжеттенсе де, олардың қай- қайсысының да қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында ойнақтай басып қоян келеді. Ол қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:

– Суды ыстықтай ішуді жақсы көремін, - деп жан-жағына қарайды.

– Ендеше, іше-ғой, - дейді аңдар аң-таң қалып. Аңдардың бәрі қоянның не істейтінін көздерімен көруге асығады. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп:

– Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, сенбестік танытып жүрмеңдер, - деп бас-басына көрсетіп шығады. Қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шығып, бәріне бірдей көрсетем дегенше қазандағы су суып қалады. Ал қулығын асырған тапқыр қоян суып қалған суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Таңданған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Тіпті олар қоянға қызыға қарай бастайды. Алданған аң патшасы арыстан қоянға көп сыйлықтар беріпті.

– Міне, нағыз ер! - деп мақтапты. Сөйтіп, небір айлалы аңдардан асып түскен тапқыр қоян көп сыйлыққа ие болып, қуанышы қойнына сыймаған екен.

"Екі дос пен аю" ертегісі

Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенеттен алдарынан бір аю шыға келеді. Сол кезде біреуі қаша жөнеледі, екіншісі талға өрмелеп жасырынып қалады. Қашқан жігіт ортада қалып кетеді. Алайда, не істерін білмей тұрғанда: "Өлген адам сияқты жерге етпетіммен жата қалсам, бәлкім құтылып кетермін" деп жерге жата қалады.

Аю келіп оны иіскелей бастағанда демін жұтып, дем алмай жатады. Аю кеткен соң талға өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, досының қасына келіп, күліп: "Айтшы ал, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?" - дейді.

Сонда досы: "Досына қауіп-қатер төніп тұрғанда қашып кеткен адамдардан сақтану керегін, айтты", - дейді.

Бере білген бөле білер

Баяғыда бір жарлы болыпты. Мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. "Аштық – атаң емес" деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы әйеліне:

– Осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, - дейді. Әйелі:

– Мейлі, сүйтсең, сүйте ғой, - дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді.

– Тақсыр хан, - дейді ол, – Мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп қабыл алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, - дейді жарлы. Сонда хан:

– Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! - дейді де, жарлының қолына пышақ береді. Ханның өзін, ханымын, екі ұлы, екі қызын қосқанда алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды.

– Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын, - деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді.

– Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, - дейді. Содан соң екі қанатын кесіп екі қызына береді.

– Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы – қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, - деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? - деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі.

Хан: "Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер", - дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Содан соң хан баяғы жарлыны шақыртып алып: "Мына қаздарды сен бөл!", - дейді. Жарлы бір қазды алып, хан мен ханымға береді де: "Сіздер үшеу болдыңыздар!" - дейді. Бір қазды екі баласына беріп:

– "Сіздер де үшеу болдыңыз", - дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де: "Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым", - дейді.

Сонда хан: "Міне, әділ болсаң осындай бол! Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ", - депті. "Бере білген, бөле білер" деген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, ал мырзаны қуып жібереді.

Әпкелі-сіңілілер
Аттың жанында тұрған қыз балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ертегі қазақ ақын-жазушыларының назарынан тыс қалмаған. Бұған Ахмет Байтұрсыновтың, Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар Әуезов сынды тұлғалардың жарық көрген кітаптарындағы мысалдар айғақ бола алады. Қазақ ғалымдары фольклордың ерекше жанры ретінде ертегіге айрықша көңіл бөліп отырған.

Несіпбек Айтұлы шығармаларының жеті томдығында (VI том) балаларға арналған өлеңдер, ертегілер және аудармалар берілген:

Қанша басты айдаһар?

Ерте, ерте, ертеде,

Белгісіз бір өлкеде.

Мың жыл өткен кемінде,

Қанша санап көрсе де.

Болыпты бір жалмауыз,

Тоймайтұғын қанды ауыз.

Атаныпты айдаһар

Неше басты сол жауыз.

Қылғиды екен бір басы,

Бар жемісті шырынды.

Жұтады екен бір басы,

Екі-­ақ толғап піліңді.

Қақшып алып бір басы,

Құс біткенді жалмайды.

Ұрттағанда бір басы,

Көлдің суы қалмайды.

Сөйтіп жүріп бір басы,

Бір басына байланып,

Кеткен екен сұлбасы

Қара тасқа айналып.

Білеміз ғой бұл бәле,

Ертегіде жетерін.

Айтады екен кім кәне,

Қанша басты екенін?

Қазақ ертегілері баланы мейірімді, адал болуға баулиды әрі қиял әлеміне қанат бітіріп, жақсылыққа сендіреді. Ертегі – тұнып тұрған тәрбие құралы. Заман ағымы өзгерсе де, ұрпақты ертегімен өсірудің берері мол екені анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2027342-balalarga-arnalgan-en-mandi-ari-qyzyqty-ertegiler/

pixel