Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірінші мүшел неліктен 13 жаста болады?: мүшел жас туралы қызықты деректер

Опубликовано:

Қалта сағаты
Қалтаға салып жүретін сағат. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқында "мүшел жас" деген ұғым бар. Адам өмірін кезеңдерге бөлудің мәні неде? Мүшел жастың ерекшелігі қандай? Ислам дінінде бұл туралы қандай деректер бар? Осы сұрақтардың жауабын жазбамызда тарқатып айтамыз.

Қазақ халқы 13 жасты алғашқы мүшел деп атайды. Содан кейін әр 12 жыл өткен сайын мүшелге толады деп есептейді. Мүшел сөзінің мағынасы қандай? madeniportal.kz порталында жарияланған Нұргүл Сабақанованың "Мүшел жастың мәні неде?" мақаласында мүшел сөзінің "мүше" деп те айтылатыны туралы жазылған. Кейбір деректерде мүшел сөзі қатар деген мағынаны білдіреді. Халық нанымында сол жылы қатер болуы мүмкін деп мынадай ырымдар жасаған:

  • құдайы беріп, мал шалу;
  • қимайтын әдемі киімдерін, бұйымдарын басқа адамдарға, жарлы-жақыбайға тарату.

Мүшел жас пен ғылымның байланысы қандай?

Астрономия ғылымында әрбір 12 жыл сайын Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығатыны айтылады. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Бір жылда 12 ай бар. Мүшел - 12 жыл уақыт атауы. Қазақтың ұлттық дүниетанымында жас саны мүшелмен есептеледі. Халық даналығының осы бір қағидасы санақтың ең тапқыр есебі екенін ғылым да жоққа шығармайды. Мұндай тәсіл өткен жылдарды есептеуге әрі адам жасын анықтауға өте ыңғайлы бірден-бір есептік жүйе.

Мүшел жасқа толған адам әдетте сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Бұл жөнінде "Мүшел жастың мәні неде?" мақаласында қазақ халқының мұндай кезеңде сақтануы негізсіз емес делінген. Өйткені адам ағзасында әрбір 12 жыл сайын елеулі өзгерістер болып тұрады. Ертедегі шығыс ғылымдарында да бұл жайлы айтылған.

Мүшел жас қалай есептеледі?

  1. Мүшел – 13 жас (ер жете бастау);
  2. Екінші мүшел – 25 жас (жігіттік жас);
  3. Үшінші мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату);
  4. Төртінші мүшел – 49 жас (орта жас, кемелдену);
  5. Бесінші мүшел – 61 жас (орта жас);
  6. Алтыншы мүшел – 73 жас (қарттық);
  7. Жетінші мүшел – 85 жас (кәрілік);
  8. Сегізінші мүшел – 97 жас (қалжырау);
  9. Тоғызыншы мүшел – 109 жас (шөпшек сүю);
  10. Оныншы мүшел – 121 жас (немене сүю).

Қазақтың көне күнтізбесінің бірегей көрінісі - мүшел есебі. Зейнеп Ахметова "Күретамыр" кітабында мүшелмен жас санау, жыл қайыру халық даналығынан шыққан ұтымды әрі ыңғайлы әдіс болғанын қазіргі ғалымдардың өзі мойындайтынын жазған. Мүшел жылы Наурыз мерекесінде ауысады, яғни жыл қайыру есебіндегі жылдарды ажырату Наурызбен межеленеді.

Бірінші мүшел неліктен 13 жаста болады?

Мұның жауабын Зейнеп Ахметова былай түсіндірген:

"Қазақ бірінші мүшелді 13 жас деп есептейді. Мысалы, тышқан жылы туған баланың жасы келесі тышқан жылы қайта айналып келгенде 13-ке толады. Бірінші мүшелдің 13 жас, ал қалғанының 12 жылдан болуы ананың құрсағында өсіп-жетілген мерзіммен байланысты".

Сыйлық қорабы
Қызғылт бау тағылған сыйлық қорапшасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мүшел жас туралы ислам діні не дейді?

Шариғатта мүшел жасқа келгенде құран бағыштап, қимайтын киім-кешегін тарату деген жоралғылар жоқ. Бұл туралы islam.kz сайтындағы Абдусамат Қасымның берген жауабында жазылған. Имам Тәбарани, Муъжамул Кәбир жеткізген хадисте:

"Шынында мұсылман кісінің берген садақасы өмірін ұзартып, жүздеген жамандықтан сақтайды. Сондай-ақ Алла Тағала садақа арқылы адамдағы менмендік пен өркөкіректікті жояды", - деген.

Мүшел жасқа толған адам садақа беру керек деген міндет жоқ, дегенмен дін мамандары шүкіршілік ретінде садақа берудің теріс еместігін айтады.

Ислам дінінде адамды құқықтық-әлеуметтік тұрғыда былай бөледі:

  • Құрсақтағы шағы.
  • Сәбилік шағы. Бұл шамамен баланың 6-7 жасқа дейінгі кезеңі.
  • Мүмәйіз шағы. Баланың есі кіріп, оңы мен солын тани бастаған балиғат жасқа дейінгі уақыты. Шамамен 7-12 жас.
  • Балиғатқа толған шағы. Қыз бала үшін - 9 жас, ер бала - 12 жас.
  • Рушд шағы. Бұл - адамның өз меншігіндегі дүниесіне ие бола алатын, ақыл-ойы жетілген шағы.
Ойнап жүрген балалар
Ойнап жүрген жасөспірімдер. Көрнекі сурет: pixabay.com

muftyat.kz сайтында жарияланған "Жас ерекшелігі" жазбасында мүшел жасқа қатысты ырымдар туралы мынадай мәлімет берілген:

"Шариғат бойынша жергілікті қолданыстағы дәстүр ислам дініне қайшы болмаса, ондай дәстүрді жалғастыруға, ұстануға рұқсат етеді. Жас ерекшеліктеріне байланысты атаулар діни сенім мен қағидаларға қайшы болмағандықтан бабаларымыз өз тұрмыс-тіршіліктерінде дәстүр ретінде сақтады. Ислам діні бойынша мұндай жас ерекшеліктер бар ма деген сұрақ туындайтыны анық. Шариғатта адам жасына қатысты айтылған мәселелер құлшылықпен байланысты қарастырылған. Мысалы: 7 жаста балаға намаз үйрету, балиғат жасы".

Адам баласының әрбір туған күні - өз-өзіне есеп беретін уақыт. Мүшел жас ұғымының астарында да ішкі жан-дүниенің тазалығы, рухани кемелдену, жақсы әдеттерді қалыптастыру сынды мазмұн жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2027360-birinsi-musel-nelikten-13-zasta-bolady-musel-zas-turaly-qyzyqty-derekter/

pixel