Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйелін ренжіткен еркектерге 10 кеңес: психолог мамандар ұсынатын кешірім сұрау тәсілдері

Опубликовано:

Ер мен әйел
Бокс киімін киген әйел мен ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Егер абайсызда әйеліңізді ренжітіп алсаңыз, одан кешірім сұрау өте маңызды. Кешірім сұрай білу кез келген мәселенің оң шешімін табуға және жұбайыңыздың қайтадан күлімдеуіне ықпал етеді. Жазбамызда психолог мамандар ұсынған 10 кеңесті назарға ұсынамыз.

Жұп арасындағы қарым-қатынас үнемі балдай бола бермеуі мүмкін. Кейде түсінбеушілік туындап, ерлі-зайыптылар бір-біріне ренжіп жатады. Мұндайда әйел адамның жаны нәзік екенін естен шығармаған жөн. Егер байқаусызда әйеліңізді ренжітіп алсаңыз не істейсіз? Психологтар қалай болғанда да, әйеліңізден кешірім сұраудың амалын ойластырған дұрыс екенін айтады.

Өзіңізге есеп беріңіз

Әйеліңізден қалай кешірім сұрау керек? Алдымен не үшін кешірім сұрайтыныңызды білу маңызды. Ненің дұрыс емес екенін, қарым-қатынастың қалай үзілгенін және неліктен ең жақсы көретін адамды ренжітетін іске барғаныңызды анықтаңыз.

"How to Apologize to Your Wife" жазбасының авторы Рэйчел Пейс кешірім сұрау үшін оңтайлы уақытты таңдауға кеңес береді.

Әйеліңіз ренжіген бойда кешірім сұрау келеңсіз жағдайдан тез шығудың тамаша тәсілі, бірақ кей кезде қолайлы уақытты күтуге тура келеді:

  • Әйеліңіздің сізбен бірге отырып, болған жайт туралы егжей-тегжейлі сөйлесуге дайын болатын уақытын күтіңіз.
  • Әдетте екеуіңіздің де сабырға келген уақытыңыз ыңғайлы.

Сөздеріңізге мән беріңіз

marriage.com сарапшылары кешірім сұрайтын кезде әрбір сөзге мән беру керегін айтады. Мысалы: "Кешір, менің жасаған ісім сені ренжітті!" - деу кінәнің бір бөлігі жұбайыңызбен байланысты екенін білдіреді. Бұл тұжырым сіздің іс-әрекетіңізге өкінбейтініңізді, тек әйеліңіздің зардап шеккеніне өкінетініңізді көрсетуі мүмкін.

"Осылай істегеніме өкінемін!" - деп қысқа қайыру сіздің сол жағдайға жан-тәніңізбен қиналып жүргеніңізді көрсетеді.

Адал болыңыз

Ең бастысы әйеліңізге деген сезіміңіз шынайы болу керек. Оның неге ренжігенін түсінбесеңіз, оған нені қалайтыныңызды ашып айтыңыз. Егер сіз болған оқиғаға толығымен жауапты емес екеніңізді сезсеңіз, мұны ақырындап жеткізуге тырысыңыз. Адалдық қай кезде де ең жақсы саясат екенін естен шығармаңыз.

Жағалаудағы ер  мен әйел серуені
Жағалаудағы сатыдан түсіп бара жатқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Физикалық байланыс жасаңыз

Жұбайыңыздың қолынан ұстау, құшақтау секілді физикалық байланыс жасау окситоциннің бөлінуіне көмектеседі. Окситоцин - бұл сіздің және серігіңіздің қайта қосылуына ықпал ететін байланыс гормоны. "5 языков любви" кітабының авторы Гэри Чепмен дененің жанасуын жақындықтың маңызды компоненті деп санайды.

Сыйлық сыйлаңыз

Сыйлық жүректі жұмсартады, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін оятады. Бұл жөнінде ислам дінінде мынадай хадистер де бар:

"Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады".

"Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады".

Тәтті кәмпиттер
Жүрек пішініндегі тәтті кәмпиттер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сөзіңізді іспен дәлелдеңіз

"Сөзден гөрі іс-әрекеттер сөйлейді" деген пәлсапа бәріне белгілі. Әйеліңізден кешірім сұраған кезде қателігіңізге өкінетініңізді айту оңайырақ. Ол екі сөзден тұрады. Бірақ қарым-қатынасыңызды нығайтып, өмірлік жұбайыңызды шынымен бағалайтыныңызды көрсету үшін сөзіңізді іске асыруға дайын болуыңыз керек. Әйеліңіз өтірік айтқаныңызға ренжісе, сол кезден бастап оған адал болу арқылы өкінетініңізді көрсетіңіз.Уәдеңізді орындау ұрыс кезінде шытынаған сенімді қалпына келтіруге көмектеседі.

Әйеліңіздің қалауына құрметпен қараңыз

Кейде әйелдердің "жалғыз қалғым келеді" деп айтатын әдеті бар. Алайда бұл сөздің шын мәніндегі мағынасы "мені құшақтап, бәрі жақсы болады деп айтшы" деген сөз болуы да ғажап емес.

Егер әйеліңіз шынымен жалғыз қалғысы келсе, онда оның қалауын құрметтеңіз. Мұндайда телефон қоңыраулары мен хабарламалар біраз титығына тиюі мүмкін. Сондықтан ол сөйлесуге дайын болған сәтте ғана жанына барыңыз. Жалғыз қалуға қатысты осы екі әрекеттің арасындағы айырмашылықты анықтап алған абзал.

Алаңдататын заттардан аулақ болыңыз

Кешірім сұрау үшін сізді алаңдататын нәрселерден алыстау болған жөн. Ұялы телефонның романтикалық қарым-қатынасты бұзып, депрессияға алып келетінін де ескеру керек. Кешірім сұраған кезде алаңдамаңыз, телефонды өшіріп, назарыңызды тек жұбайыңызға аударыңыз.

Кішіпейілділік танытыңыз

Кішіпейілділік таныту - кез келген даудың басын ашып алуға керек қасиет. Әйеліңіздің сөзін бөлмеңіз. Өз әрекетіңізді ақтағаннан гөрі мойындаған дұрыс. Ұсақ-түйекке мән бермеңіз.

Терапия көмегіне жүгініңіз

Егер кешірім сұрау қарым-қатынасты түзетпесе, отбасылық терапияның көмегі тиюі мүмкін. Кеңесші мамандар әйеліңіз екеуіңіздің қайта қосылуыңыз үшін және бақытты болашаққа арналған жоспар құруға көмек береді.

Сұлу келіншек
Көгалда отырған сұлу әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әйеліңізден хабарлама арқылы қалай кешірім сұрауға болады?

Шынайы әрі әдемі сөздер арқылы кешірім сұрау - арадағы сезімді нығайтатын қарапайым әрекет. Алдымен барынша ашық болыңыз және серігіңізді тыңдай біліңіз. Содан соң шын жүрекпен кешірім сұраңыз. Егер сүйіктіңіздің ашуы әлі тарқамаса әрі онымен бетпе-бет сөйлесуге жүрексінетін болсаңыз, оған жай ғана хабарлама жолдаңыз. Бұл сіздің арадағы қарым-қатынасқа бей-жай қарамайтыныңызды және бәрін түзеткіңіз келетінін көрсетеді. Әйеліңізден хабарлама арқылы қалай кешірім сұрауға болады? Анубхути Мишра "49 Heartwarming Sorry Messages for Wife to Melt Her Anger" жазбасында әйелді ренжітіп алған жағдайда хабарлама арқылы қалай кешірім сұрау керегін бөлісті:

  1. Сені қатты ренжіткенімді білемін. Жаныңды жаралайтын сөздер айттым. Ренжітейін деген ойым болған жоқ. Бұлай қиналғаныңды көргім келмейді. Мені кешір! Сені жақсы көремін, тәттім!
  2. Жаным, кешірші! Мен сені ренжіткім келмейді. Өтінем, мені кешір! Бұл қылығым енді ешқашан қайталанбайды.
  3. Мен қанша жерден кешірім сұрасам да, ештеңенің өзгермейтінін білемін. Десе де, мен өзгеремін деген сөзімде тұрамын, өйткені мен саған жақсы жар болғым келеді.
  4. Қымбаттым, сен менің өміріме келгелі әр күнім ерекше болды. Сенсіз өмірді елестете алмаймын. Үлкен қателік жасағанымды білемін. Саған қолдау көрсететін адам болуға уәде беремін. Жүрегің мені кешіреді деп үміттенемін. Өз ісіме өкінемін.
  5. Қымбаттым, сені ренжіткенім үшін кешірім сұраймын! Қатты абдырап қалдым, тіпті орынсыз сөздер айттым. Кешір!
  6. Аяулым, дәл қазір менің жүрегім алай-дүлей күйде. Сені ренжіткенім үшін өзімді кінәлі сезінемін. Кешіріміңмен жүрегімді орнына түсірші!
  7. Жаным, сен маған керексің. Өтінем, мені кешір! Енді ешқашан бұлай болмайды деп уәде беремін.
  8. Өзімнің айтқан сөзім өзімді мазалай бастады. Бұған өкінемін және айтқанымның бәрін қайтарып алатын жол болса ғой, шіркін! Махаббатым, мені кешір! Енді мінсіз күйеу болуға уәде беремін.
  9. Менің бақытымсың! Жүрегімнің кілті сенде. Бірақ сенiміңдi ақтамағаным үшiн өкінемін. Өтінем, мені кешіріңіз. Мен үлкен қателік жасадым.
  10. Өзіңмен бірге болу мені әркез бақытты етеді. Ерлі-зайыптының шынайы бақытқа жетуінің жалғыз жолы бір-бірін сүю екенін түсінемін. Егер мен саған қуаныш сыйлай алатын болсам, шын жүректен сұраған кешірімімді қабыл ал!
Әйел бейнесі
Ойға шомып тұрған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ер адам үшін кешірім сұрау оңайға соқпауы мүмкін. "Why Won’t You Apologize?" кітабының авторы, психолог Харриет Лернер көбінесе ер адамдар кешірім сұраудан қашқақтайтынын айтады. Салыстырмалы түрде әйелдер тым кешірімшіл келеді, себебі олар шын мәнінде кешірім сұрауға себеп бар деп түсінеді. Ал ер адамдар кешірім сұраудың мәніне бойлай бермейді, өйткені олар өзінің ісінің дұрыс еместігі жайлы көпке дейін ойлана қоймайды. Психолог Лернердің пікірінше, ер адамдар кешірім сұрау сынға немесе кикілжіңге жол ашады деп қорқатынын айтады. Бір жағынан істеген ісі мен айтқан сөзі үшін жауапкершілік алу да қиынға соғады.

ең бастысы әйеліңізден кешірім сұрау арадағы сенім мен бақытты некені қалпына келтіру үшін жасай алатын ең жақсы қадам екенін естен шығармаған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2027957-aielin-renzitken-erkekterge-10-kenes-psixolog-mamandar-usynatyn-kesirim-surau-sozderi/

pixel