Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қалжа той, шілдехана: қазақ халқы өмірге сәби келгенде қандай той жасайды

Опубликовано:

Жаңа туылған сәби. Көрнекі сурет
Жаңа туылған сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқы ежелден балаларға ерекше көңіл бөлген. Халқымыз сәбиді жаман күштерден қорғап, оған бақытты өмір сыйлауға тырысқан. Ол үшін бала туылғанда жасалатын дәстүрлі дәстүрлерді жасаған. Нәресте мен ана үшін ең маңызды ұлттық жоралғылар– шілдехана, қалжа той, бесік той және қырқынан шығару. Оларды бала туғаннан кейінгі алғашқы 40 күн ішінде жасау керек.

Шілдехана

Шілдехана - бала өмірге келген кезде жасалатын мерекелік іс-шара. Оны бала туған соң тақ күні, үшінші, бесінші немесе жетінші күні тойлаған. Туған-туысқа өмірге сәби келгені жайлы хабар таратылып, тойға шақырылған. Дәстүр бойынша бұл тойға тек жастар қатысады. Ежелгі дәстүр бойынша бұл күні айтыс ұйымдастырылып, көкпар тартқызып, аламан бәйге жасалған. Тойдың мағынасы – жаман күштерді той-тойлау арқылы қуып, баланың қорғаныш болатын жақындары бар екендігін ұғындыру.

"Концепт семья в казахской национальной культуре" кітабының авторлары бұл күні қонақтар "құтты болсын" айтып, жақсы тілектерін білдіреді деп жазған. Ырым бойынша қаншалықты көп жақсы тілектер айтылса, соншалықты баланың тағдырына әсер етеді деп сенген. Шілдеханаға киім, ойыншықтар, төсек-орын, суға түсуге арналған жабдықтар, баланы дамытушы құралдар, автомобиль креслосы т.с.с сыйлықтар берген.

Егер не сыйлау керек екенін білмесеңіз ата-анасынан сұрап алыңыз немесе ақшалай сыйлық жасаңыз. Еуропалық әдіс бойынша қазір ата-аналар шақыру билетіне қажетті заттардың тізімін жасап жібереді, ал қонақтар тізімнен бір затты таңдап, тойға өздерімен ала келеді. Біздің заманда шілдехана той - анасы мен баласы ауруханадан шыққан күні тойланады.

Ана мен сәби. Көрнекі сурет
Ана мен сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қалжа той

Қалжа той деген не? Қалжа той дегеніміз - нәрестенің анасына арналып жасалатын той. Жас босанған ана тезірек өз-өзіне келсін деп молынан дастархан жайып, жас қойдың етін жегізген. Қалжа тойды босанған әйелдің күйеуі немесе күйеуінің туыстары ұйымдастырған. Әйел босанған соң жас қой сойылып, оның етін нәзік әрі жұмсақ болғанша пісіріп, сорпасын қою қылып ұсынған. Қазір көбінесе қалжа тойды жас босанған әйелдің енесі жасайды.

Той басталғанша ең бірінше сәбидің анасына бауыр жегізеді. Бауырдың пайдасы өте мол. Тойға тек әйелдер шақырылады. Олар анаға өз сыйлықтарын беріп, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Тойдың ең негізгі бөлігі "шілде тері" деп аталады. Босанған әйелді жылы орап, ыстық сорпа береді. Осылайша терлетіп, ежелден ананың денсаулығын қалыпқа келтіру үшін көмектескен. Ас ішіп болған соң, барлық еттің сүйектері тазаланып, асығын бесікке іліп қойған. Мойын сүйегін жоғары жаққа іліп, бала мықты болып өссін деп ырымдаған.

Анасының құшағындағы сәби. Көрнекі сурет
Анасының құшағындағы сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бесік той

Бесік той – баланы бесікке бөлегенде ұйымдастырылатын той. Қазақстан Халық Ассамблеясының дерегінше бұл тойды да бала туылған соң ұйымдастыруға болады. Бірақ шілдеханадан соң тойлайтын болған. Бесік пен баланың жасауын оның нағашылары, кей аймақтарда әкесінің туыстары дайындайды. Егер сәби бұл отбасында тұңғыш болмаса, бұрынғы бесікті де пайдалана беруге болады. Қазір көп отбасылар заманауи бала төсегін қолданады. Бірақ бесіктің қазақ үшін маңызы ерекше.

Бесікті ырым бойынша сындыруға, лақтыруға, отқа жағуға болмайды. Олай болса, сол отбасының ұрпағы жалғаспай тоқтап қалуы мүмкін. Бесік ағаштан дайындалып, оюмен безендіріледі. Оның негізгі ерекшелігі төменгі жағындағы арнайы тесіктің болуы. Ол тесікке шүмек орнатылып, баланың құрғақ жатуына көмектеседі. Бала құлап кетпеуі үшін жұмсақ белдікпен байлап қойған. Бесік тойға жақын туыстар шақырылады. Олар балаға, анасына сыйлықтар сыйлаған. Сондай-ақ құдалар да 9 түрлі сыйлықпен алмасқан.

Баланы бесікке салмас бұрын, бірінші бесікті аластап, жаман күштерден тазартып алу керек. Сосын бесікке әр түрлі тәттілер салынып, балаларға, үлкендерге таратылған. Баланы бесікке әулеттің ең үлкен, ақылды әжесі салу дәстүрге айналған. Ұл бала өскенде абыройлы болсын деп үстіне шапан жауып, қолына қамшы ұстатқан. Ал қыз бала сұлу, көркем мінезді болсын деп бесікке айна мен тарақ қалдырған. Бесік той немесе шілдехана тойында балаға ат қою рәсімі өткізіледі. Сәбиге атты туыстары, молда немесе ауыл үлкендері қойған.

Бесік жанында отырған әжелер. Скриншот
Бесік жанында отырған әжелер. Скриншот: YouTube/Анжелика Талалаева

Қырқынан шығару

Қырқынан шығару дәстүрі - балаға 40 күн толған соң, оған адам жаны қонды деп, бөтендерге көрсетуге болады деп, зұлым күштерге қарсы шыға алады деп ырымдап тойланған. Ұлдарды қырқынан 38-39 күні, күшті, батыр болсын деп шығарған. Ал қыздарды 41-43 күндері, қамқор, мінезі жұмсақ, қалың малы көбірек болсын деп шығарған. Ағаш кесеге 40 күміс тиын, күміс әшекейлер, ұлдарға асық, қыздарға моншақ салып – байлық пен жақсылыққа жорыған. Баланы жуындырған судан 40 қасық су алып, сумен баланы шайындырады.

Жақсы тілектер айтылуы керек. Кейін кіндік шешесі алғаш рет баланың шашы мен тырнағын алып тастайды. Шашын сақтап қояды, ал тырнағын адам баспайтын жерге көміп тастау керек. Сәбиге әдемі көйлек кигізіп, ал 40 кунге дейін киген киімдерін бала аңсап жүрген әйелдерге ырымдап берген. 40 күннен соң бала адам қатарына қосылды деп есептеледі. Қазақтар бұл рәсімді қалай атап өтсе, келешегіне солай әсер етеді деп сенген.

Қазір бала туылуға байланысты салт-дәстүрлер, ырымдар өзгеріске ұшырап, дәл сол қалпында орындалмайды. Дегенмен, ата-бабалардан жастарға үлгі болып, сақталып келе жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2028592-qalza-toi-sildexana-qazaq-xalqy-omirge-bala-kelgende-qandai-toi-zasaidy/

pixel