"Жау жүрек мың бала": көрермен жүрегін жаулаған фильм туралы айрықша деректер
Жарияланған күні:
Қазақ тарихында жоңғарларға қарсы шайқасу үшін мың баладан жасақ құрған 15 жастағы Сартай батырдың ерлігі дастанға айналды. Бұл жазбамызда көрерменнің көңілінен шыққан "Жаужүрек мың бала" фильмі туралы қызықты деректер ұсынамыз.
"Мың бала қозғалысы" қай өңірде болған?
Мың бала қозғалысы — Арал теңізі маңын мекендеген Әлім-Шекті тайпасының жоңғарларға қарсы соғысқан мың баладан құралған қолы. Тарихи деректер бойынша мың бала жасағын 15 жастағы Сартай батыр жинаған.
Алтай және Саян тауларын мекен еткен қалмақтар Орта жүз қазақтарының мал-мүлкін талан-таражға түсіріп, жиі шабуыл жасап отырған. Ал қазақтар қаншама рет шабуыл жасалса да, Алтай тауларынан әрі аса алмай, жауды жеңе алмаған көрінеді. Осындай қиын сәтте үш жүздің басын біріктіру керегін шешкен Қазыбек би сенімді өкілдерін Төле би еліне, содан кейін, Кіші жүздегі Әйтеке би еліне жолдайды.
Үш жүздің жақсылары Ордабасыда жиналу керек деген шешім қабылдайды. Әкесі Байжан биден бата алған 15 жастағы Сартай батыр мың баладан құралған жасақ жинайды. Сартай және Жылқаман бастағын "Мың бала" үш жүздің басы қосылған Ордабасыға жетеді. Бұл Әбілхайыр ханды қазақ қолының бас сардары, ал пірі етіп керейттен шыққан Әбужәлелді сайлаған жиын еді.
Осылайша Сартайдың ізіне ерген "Мың бала" шығысқа қарай бет алады. Олардың мінгені кілең тұлпар болатын. Ал әрқайсысының белінде бір-бір қылыш пен садақтары бар. Қазақтың үш жүзінен құралған жасақты Әбілхайыр бастап жүреді. Жасақталған қалың қол "Бұланты" бұлағына келіп аялдайды. "Мың баланы" бастап сапта тұрған Сартай мен Жылқаман Әбілхайыр ханның белгісін күтеді. Олардың қарсы алдында қара бұлттай түнерген қалың жаудың қолы тұр еді. Жаудың санын қақ ортасынан бөлу Сартай бастаған топтың ешбір соғыста кездеспеген жаңа әдісі болатын. Себебі ортадан жаудың тобын бөлмесе, жаудың күші әлсіремеген болар еді.
Кескілескен шайқаста жанын аямаған батырлар жоңғар әскерін жеңіп шығады. Алайда 12-16 жастағы мың баланың ішінен 500-ден астамы қаза болған еді.
"Жаужүрек мың бала" фильмі тарихи оқиғаны қалай көрсетті?
Фильмде "Аңырақай" шайқасында жоңғардың туын жыққан өрімдей жас батыр Сартай мен оның жасағына баса назар аударылады. Сонымен бірге XVIII ғасырда қазақ даласында билік құрған хандар мен билердің, батырлардың бейнесі көрсетіледі.
Ел басына күн туған кезде елдің тағдырын шешуге жиналған хандар мен билердің, батырлардың сөзі бір жерден шыға қоймайды. Сол сәтте жоңғарлардың кесірінен жетім қалған Сартай, Таймас, Құралай сынды қыз-жігіттердің буындары қатып, жаужан кек алудың қамымен жүреді. Олар әке мен шешеден айырылып қалған кезде бұларға пана болған ақсақалдан тәлім алып, тау-тасты паналап жүріп, соғыс тәсілдерін үйренеді. Үнемі шынығып жүретін балалар сәті түскенде әр жерде қостарын құрып, алаңсыз жатқан жоңғарларға тұтқиылдап тап беретін. Олар осылайша өз беттерінше соғысып жүрді. Сөйтіп, өздері секілді жетім қалған жасөспірімдерді жасақтарына қосып, күн сайын көбейе берді.
"Сартай жасақ жинап жатыр" дегенді естіген балалар өз еркімен жасаққа қосыла берді. Фильмде Сартайдың кішкентайынан бірге өскен Таймас есімді досының қызғанышы да көрсетіледі. Ол барлық атақтың Сартайға келіп жатқанына күйініп, досын өлтіруге дейін барады. Бірақ Сартай бұдан аман қалады, ал Таймас "Аңырақай" шайқасында Сартай үшін жанын береді. Осылайша "Жаудан кек аламыз" деген серт орындалады.
"Жаужүрек мың бала" фильмі қай өңірде түсірілген?
Фильм түсірілімі 2011 жылдың ақпанында Қапшағай аумағында басталған. Бұл туралы Мейіргүл Оңғарованың жазбасында тарқатылып жазылған. Ал көктем айларында Шарын шатқалында, кейін Қапал-Арасан маңында жалғасқан. Жаз мезгіліндегі түсірілім жұмыстары Қапшағайда, Таңбалы Тас шатқалында жүзеге асқан. Соңғы түсірілім жұмыстары Үлкен Алматы көлінде жүргізілген.
"Жаужүрек мың бала" фильмі туралы қандай қызықты деректер бар?
- Түсірілім кезінде ауа райының күрт өзгеруіне қатысты кедергі көп болған. Бұл түсірілімнің 90 пайызының далада өтуімен байланысты.
- Фильмге түскен актерлер екі ай бойы шеберлігін шыңдаған. Олар атпен шабуды, садақ атуды жақсы меңгеру үшін аянбай еңбек етті. Актерлер "Номад" каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновтен дәріс алған.
- Фильмді дайындауға 15-ке жуық мемлекет атсалысқан.
- Соғыс сахнасы бойынша Қытайдың атақты кинематографисі Теди Чен кеңесші болған.
- Дыбыс монтажы Францияда жасалған.
- Фильмге мыңға жуық каскадер қатысқан.
- Фильмге арқау болған "Аңырақай" шайқасы тоғыз күн түсірілген.
- Ескі үлгіде тігілген киімдер, қару-жарақтар, сауыт-саймандан отандық және Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Беларусь компанияларының мамандары арқылы жасалған.
Айнұр Сенбаеваның "Жаужүрек мың бала – азаттықтың айнасы" мақаласында фильмнің бас кейіпкеріне және екінші дәрежедегі актерлерді таңдауға жарияланған кастингке 22 мыңнан астам үміткер қатысқандығы жазылған. Фильм режиссері Ақан Сатаев түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен "The Independent", "Hollywood Reporter", "Variety" сынды әлемдік ірі медиа өкілдері де болғанын айтады.
"Сартай батыр" дастанының авторы неліктен ату жазасына кесілді?
1897-1937 жылдары өмір сүрген ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы Сартай батырдың ерлігін қағазға түсіріп, дастан жазған. Алайда қазақ халқының батылдығын, батырлығын дәріптеген, салт-дәстүрін үлгі еткен бұл жазбасы үшін "Халық жауы" атанып, ату жазасына кесілген. Кейіннен қаламгер Өмірзақ Жолымбетов "Сартай батыр" дастанының халық арасында таралуына ықпал етті. Дастанда жауға аттанып, қаза болған қазақтың өрімдей бес жүз баласына арнап жазылған мынадай шумақтар кездеседі:
Өрімтал елі үшін жанын қиған,
Жаратқан өздеріне берсін иман.
Халықтың бақыты тек азатыққа,
Байлықтың пайдасы жоқ жаудан жиған.
Баян еттім қазақтың бір тарихын,
Сыртқа сыймай, білгенім ішке сыйған.
Дұға ет оқи қалсаң бұл дастанды,
Өмірге келген, кеткен мен де мейман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2028710-zau-zurek-myn-bala-korermen-zuregin-zaulagan-film-turaly-airyqsa-derekter/