Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәуке хан "жеті жарғыны" қалай жасады: қазақтың төл заңдары туралы не білесіз

Опубликовано:

Тәуке хан. Скриншот
Тәуке хан. Скриншот: You Tube/Тарих Online

Қазақ халқының тарихында "Жеті жарғының" алар орны зор. Тәуке ханның тұсында жазылған бұл дала заңын ғалымдар әділ әрі шыншыл болған деп баға береді. Бұл ретте Тәуке ханның "Жеті жарғысы" мен қазақ халқының төл заңдары туралы материалды ұсынамыз.

Қазақтың төл заңдарына қай заңдар кіреді?

Қазақ хандығы тұсында ел тарихындағы ең маңызды заңдар қабылданған. Олардың қатарында "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы" және "Жеті жарғының" алар орны зор. Аталған заңдарда не айтылған әрі Тәуке хан "Жеті жарғыны" қалай жасаған? Осы және өзге де сауалдардың жауабын төменде білетін боласыздар.

"Қасым ханның қасқа жолы"

Қасым хан жайлы ел арасында түрлі дерек тараған. Солардың ең маңыздысы – осы хан тұсында Қазақ хандығы гүлденіп, нығая түскен. Қасым хан - Керей ханның немере інісі, Әз-Жәнібек ханның баласы болған.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Есенғазы Қуандықтың айтуынша, Қасым хан жас кезінде Керей ханның баласы, тақ иесі Бұрындық ханның  әскерінің қолбасшысы,  жоңғарлармен шайқастарда ерлігімен көзге түскен тарихи тұлға ретінде есте қалған.

Ғалым келтірген деректерге сәйкес, ол шамамен 1445 жылы дүниеге келген.  Ол "Қасым ханның қасқа жолы" атты ғылыми мақаласында Қасым ханды сол кездегі тарихи әдебиетте Қыпшақ жұртының “белгілі сұлтаны, даңқты бахадүрі’’ деп атаған екен.

Тарихи деректерге сүйенсек, дәл осы Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы барынша кеңейіп, көрші елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатылып, Қазақ ордасы көркейіп, дами түскен. Қасым ханның билігі тұсында, әсіресе "Қасым ханның қасқа жолы" атты заңның қазақ тарихында алар орны ерекше.

El.kz басылымында жарыққа шыққан, Н. Өсерұлының "Қасым ханның қасқа жолы" атты мақаласында, аталған заң қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы екені айтылады. Мақалада, сондай-ақ, бұл заң Қасым хандық құрған кезде (1511–1523жж.) ел басқару ісінде қолданылғаны жазылады. Зерттеу жұмысының авторы, Қасым хан билік құрған тұста, ол халықты басқаруда әдет-ғұрып заңдарына арқа сүйегенін айтады. Мәселен, тіпті шариғат қағидасын берік ұстанатын отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, салт-дәстүрге сүйенген қазылық билікті мойындаған көрінеді.

Сонымен бірге, мақалада Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақы ғұрып ерекшеліктерін сақтағаны баяндалады. Олардың қатарына жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. әдет-ғұрыптар болған.

Бұл заңға төмендегідей ережелер енген:

1. мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы);

2. қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу);

3. әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат);

4. елшілік жоралары (майталман шешендік, халықар. қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық);

5. жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері).

Зерттеу авторы, осылайша бұл жарғы халық арасында “Қасым ханның қасқа жолы” деп аталып кеткенін жазады. “Қасқа жолдың” қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға дейін жетіп, Есім хан хандық құрған тұста (1598 – 1645) "Есім ханның ескі жолы" деген атқа ие болған.

Қазақ ханы. Сурет
Қазақ ханы. Сурет: Massaget.kz

"Есім ханның ескі жолы" Қазақ хандығында қандай мәселелерді шешкен?

Massaget.kz cайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, Есім хан Қазақ хандығы тұсында 1598-1628 жылдары хан болған. Бір ерекшелігі, ол Орыс, Қасым хандар жасаған әдет-ғұрып заңдарын қайта қарап, өз дәуіріне лайықты етіп қайта түзеген көрінеді. Заң нормалары мазмұнына сай:

  • құн дауы
  • жер дауы
  • жесір дауы
  • мал дауы т.б. бірнеше тараулардан құралған.

"Есім ханның ескі жолында" кісі өлімі мәселесіне баса мән берілген.

Мысалы аталған заң бойынша, кісі өлімі үшін құн алынған. Есім хан шығарған арнайы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші жақ құн төлеуге міндеттелген.

"Ер адамның құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе)" кесілген. Ол барлық еркек үшін бай, кедей, жас, кәрі демей бәріне бірдей сол дәуірде бұл алынған негізгі құн өлшеуінен артық құнның мынадай түрі болған:

1.   Өнер құны. Оған жүлде алған атақты адамның құны жатады. Жүлде алған деп, жұртқа белгілі ақындар мен топқа түсіп бәйге алған балуандар есептеледі, олардың құны үшін екі кісінің құны (200 жылқы, 12 түйе) кесілуі керек.

2.   Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мысалы өлген адамның сүйегі туған-туысқанының қолына түспей, жоқ болып кетсе, ол үшін екі адамның құнын төлеулері керек, деп жазылған мақалада.

Зерттеу жұмысында "Есім ханның ескі жолында" әйел адамның құны малдың шамасы бойынша өлшенгені айтылады. Оған қоса аталған заңда жер, жесір, мал дауы сынды сол кездегі өзекті мәселелер де өз шешімін тапқан. Мақала авторы Есім ханның ұрыларға аяушылықпен қарамай, оларды қатаң жазаға тартқаны да айтылады.

Ал Kazislam.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, "Есім ханның ескі жолының" төрт тұғыры болған екен:

1. Хан болсын, ханға лайық заң болсын.

2. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын

3. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын.

4. Би болсын, би түсетін үй болсын.

Қазақ хандығы тұсында аталған заңдардың түрлі даулы мәселелерді шешуде, елді бірлікте ұстауда алар орны ерекше болды. Сол себепті аталған асыл мұра ұрпақтан ұрпаққа құнды жәдігер ретінде сақталатыны хақ.

Есім хан. Скриншот
Есім хан. Скриншот: You Tube/Тарих Online

Тәуке ханның "Жеті жарғысы" туралы не білеміз?

"Казахстанская правда" газетінде жарық көрген Зарина Москаудың "Жеті жарғы – свод законов" Великой степи" атты мақаласында Тәуке ханның қазақ даласына XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында билік еткені туралы айтылады. Автор бұл кезең қазақ халқы үшін алтын кезең болғанын еске салады.

Тәуке хан билік еткен жылдары "Жеті жарғы" заңдар жинағы ерекше маңызға ие болды. Ғалымдар бұл жинақ "Қасым ханның қасқа жолы" мен "Есім ханның ескі жолының" жетілдірілген нұсқасы болғанын жазады.

Сонымен бірге мақала авторы заңның не себепті "Жеті жарғы" деп аталатынына тоқталған. Себебі заң өмірдің барлық саласын қамтитын 7 тараудан тұрған, дейді автор. Жарғы сөзі жалпы көне түркі тілінен аударғанда "жарлық, заң, билік" деген мағынаны білдіреді екен.

Сонымен бірге, Зарина Москау "Жеті жарғы" тарихшы, этнограф және заңгерлер тарапынан жоғары бағаға ие болғанын айтады. Мысалы, белгілі этнограф А. Левшин Тәуке ханды "Қазақ ордасының ликургы" деп, ежелгі спарталық заң шығарушы тұлғамен салыстырған.

Ал Martebe.kz ақпараттық білім порталы олардың қандай 7 тараудан тұрғанына тоқталып өткен:

  1. Мемлекет тұтастығы
  2. Тән тазалығы
  3. Дін беріктігі
  4. Отбасының бірлігі
  5. Қылмыс пен жаза
  6. Адам құқығы және мүлік меншігі
  7. Билік тәртібі

Одан бөлек, "Асыл арна" телеарнасы Тәуке ханның "Жеті жарғысы" туралы төмендегідей қызықты 7 деректі ұсынады:

1. "Жеті жарғы" сол заманның талабынан пайда болған

ХVІІ ғасырда Қазақ хандығына әлсіреп, жау жағадан алған сәтте ел ішінде бірлік пен ынтымақты қамтамасыз ете алатын жаңа заң жүйесі қажет болған. Сол себепті Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың ұстанған жолын негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарған.

2. "Жеті жарғы" жеті жаңа тармағымен ерекшеленген.

1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туған).

2-жарғы. Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірушілікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).

4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл – шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).

5-жарғы. Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. (

6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

3. Сайлауға қару асынып келу міндеттелген. Телеарнаның мәліметінше, "Жеті жарғы" заңдар жинағы негізінде қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналған. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілген. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруі міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

4. Кез келген қылмыстың құны төрт түлік малмен төленген. Бұл кездегі жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса, құн мөлшері жеті есеге дейін өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген.

5. "Сұлтан" немесе "қожаға»"тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болған. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз "Жеті жарғыға" сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.

6. Ауыр қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілген.  "Жеті жарғыда" қылмыстық іс пен құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмысқа кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу, т.б жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта "қанға қан" заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар да өлім жазасына кесілген.

7. Қылмыстық істерді билер соты қараған. Егер билер соты барысында екі жақ келіссе, өлім жазасын құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік берілген. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмесе, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда; жұбайлар арасындағы "көзге шөп салушылық" дәлелденген жағдайда; "Құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда". Ал, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен.

Қай заманда болмасын, ұлы дала заңдарының қоғам ішінде әділдік орнатудағы ролі айрықша болған. Сондықтан да болар, "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы" мен Әз Тәукенің "Жеті жарғысы" - қазақ заң жүйесінің негізін қалаған ережелер жинағы болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031065-tauke-xan-zeti-zargyny-qalai-zasady-qazaqtyn-tol-zandary-turaly-ne-bilesiz/

pixel