Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Азан үні: азан айтылғанда қандай дұғалар оқылу керек

Опубликовано:

Пайғамбар мешіті
Жасыл күмбезді Пайғамбар мешіті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Азан - дүниедегі ең әдемі, әуезді үн. Жер шарының тоқтаусыз айналғаны секілді әлемдегі азан үні бір секунд болса да үзілмейді. Ғаламның әр түкпіріндегі мешіттерде бірінен соң бірі азан айтылып, мұсылман қауымын құлшылық жасауға шақырады. Бұл жазбамызда дін ғалымдарының еңбектерін негізге ала отырып, азан айтылған сәтте оқылатын дұғаларды бөлістік.

Азан сөзі қандай мағынаны білдіреді?

Азан сөзінің араб тіліндегі лексикалық мағынасы "жариялау", "хабар тарату" дегенді білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы белгілі сөздермен намаз уақытының кіргенін жариялау болып есептеледі.

Егер бір адам азанның басын бастап, екінші адам оны аяқтаса, азан дұрыс деп есептелмейді. Сол сияқты екі не одан да көп адам кезектесіп, бір адам бір сөйлемін, екінші адам екінші сөйлемін өзара келісіп, ретпен айтса да, азан дұрыс деп саналмайды. Ханафи мәзһабы негізінде жарыққа шыққан "Фиқһ әл-ғибадат" кітабында бұлай азан шақыруды "Әзәну әл-жуқ" (хор (топ) азаны) немесе "әл-Әзән әс-султани" (сұлтан азаны) деп атайтыны жазылған.

Ислами құндылық ретінде азанның алатын орны ерекше. Намазға азан айтудың Құран мен хадис арқылы келтірілген мынадай дәлелдері бар:

Құранда "Мәида" сүресінің 58-аятында:

"Оларды намазға шақырсаңдар, оны мазақ және ойыншық етіп алады. Өйткені олар – ойланбайтын қауым" - делінген.

Бұл аяттан имансыздардың азанды естісе, оны мазақ ететіндерін ұғамыз. Осы аят мұсылмандарды намазға жария түрде шақыратындығына дәлел болады. "Жұма" сүресінің 9-аятында былай делінген:

"Ей, иман келтіргендер, егер жұма күні намазға шақырылса, Алланың зікіріне асығыңдар. Білсеңдер, ол өздерің үшін қайырлы".

Яғни жұма намазының азанын естіген барша мұсылмандар намазға асығулары керек. Бұл аятта да намазға шақырудың бар екендігі айқын айтылған.

Хадистерде: Мәлик ибн әл-Хууәйрис (Аллаһ оған разы болсын): "Біз жас кезімізде Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып, оның қасында жиырма түндей болдық. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге өте мейірімді болды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

"Егер елдеріңе қайтып, оларға үйретсеңдер, мынадай уақытта мына намазды оқуға және мынадай уақытта мына намазды оқуға бұйырыңдар. Егер намаздың уақыты кірсе, біреулерің азан айтсын және үлкендерің имам болсын", - деді.

Құран аяттары
Құран Кәрім аяттары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Азан шақыру тарихы қай кезден басталады?

Тарихи мәліметтерді негізге алсақ, намазға азан айтып, адамдарды құлшылық жасауға шақыру һижраның 1 жылынан басталған. Оған дейін намазға "Әс-салаһ жәмиға" , яғни "жамағат намазына жиналыңдар" деп шақыратын болған. Әбу Дауд, әт-Тирмизи және Ахмадтың жинақтарында риуаят етілген хадисте бұл оқиға былай баяндалады:

Мәдина қаласында мұсылмандардың саны күннен-күнге көбейіп, жамағат намазының қашан оқылатынын білу көпшілік қауымға қиынға соққанын байқаған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды намазға қалай жинау керегін сахабаларымен ақылдасады. Олардың бір тобы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Намаз уақыты келгенде, ту тігіп, белгі бер, сонда оны көргенде, адамдар бір-біріне хабар береді" - деп кеңес береді. Бірақ бұл ұсыныс Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көңілінен шықпайды.

Адамдарды намазға сырнаймен, қоңыраумен шақырайық деген де ұсыныстар айтылады. Алайда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл істі құптамайтынын білдіреді.

Мұсылмандар үшін жауапты әрі маңызды сәтте қатты ойға берілген Абдуллаһ ибн Зәйд көрген түсін баяндайды:

"Қағбаны айналып жүрген бір кісінің қолындағы қоңырауды көрдім де, одан: "Мынаны маған сатасың ба?" - деп сұрадым.

Ол: "Сен мұнымен не істемексің?" - деп сұрады.

"Мұнымен намазға шақырамыз!" - деп жауап бердім.

Ол: "Мен саған бұдан да жақсысын көрсетейін бе?"- деді.

Мен: "Иә!"- деп жауап бердім.

Ол: "Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ! Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ! Әшһәду әннә Мухаммадәр расулуллаһ! Әшһәду әннә Мухаммадәр расулуллаһ! Хәййя ъаләс салаһ, Хәййя ъаләс салаһ! Хәййя ъаләл фәләх, Хәййя ъаләл фәләх! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһәиллаллаһ!" - деп айтасың деді.

Одан кейін менен сәл шегініп тұрып, егер намазға қамат айтсаң деп, жоғарыдағы сөздерге "Хәййя ъаләл фаләх" дегеннен кейін "қад қаматис-салаһ", "қад қаматис-салаһ" деген сөздерді қосып айтты.

Таң атқанда Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған түсімді айтып бердім. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла қаласа, бұл – шын түс. Біләлмен тұрып, оған көрген түсіңді айт, ол (сол сөздермен) азан шақырсын. Ол саған қарағанда жағымды зор дауысты! - деді.

Мен оған айтып тұрдым, ол онымен азан шақырды. Оны (азанды) естіген Омар ибн әл-Хаттаб үйінен шапанын сүйрей шығып: "Сені шындықпен жіберген Алламен ант етемін. Мен де оның көрген түсі секілді түс көрдім", - деді.

Жарық шамдар
Әдемі жарық шамдар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Азан сөздерінің қазақша мағынасы қандай?

Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы!

Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы!

Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ екеніне куәлік етемін!

Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ екеніне куәлік етемін!

Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беремін!

Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беремін!

Намазға асығыңдар! Намазға асығыңдар!

Құтылуға асығыңдар! Құтылуға асығыңдар!

Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құдай жоқ!

Мешіт іші
Мешіттің ішкі көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Азан айтылып жатқан кезде оқылатын дұғалар

Шымкент орталық мешітінің ресми сайтында азан айтылған кезде оқылатын дұғалар рет-ретімен берілген. Азан айтылып жатқанда қандай дұғалар оқылу керек?

Азаншының сөздерін қайталап, тек "Хаийә ъаләс- саләһ" және "хаийә ъаләл фәләх" деген кезде "Лә хаулә уә лә қууатә иллә билләһ" делінеді.

Азаншы куәлік сөздерін айтқан сәтте азанды естуші: "Мен де Алладан басқа ешбір тәңір жоқ, Ол біреу-ақ, Оның серігі жоқ екендігіне және шынында Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін. Алланы Раббым, Мұхаммедті (с.ғ.с.) Пайғамбарым, Исламды дінім деп ризалық білдірдім" - дейді.

Айтылуы: Уә әнә әшһәду әллә иләһә әлләллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу уә әннә Мухаммәдән ъабдуһу уа расулуһ, радыйту билләһи раббән, уә би Мухаммәдин расулән, уә бил – исләми динән.

Азан шақырушының сөздеріне жауап қайтарған соң Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтады да былай дейді:

Аллауммә раббә һәзиһид- дәъуәтит тәммәһ, уәссаләтил қа-имәһ, әти Мухаммәдәнил уәсиләтә уәл-фадыйләһ, уәбъасһу мәқамән-Махмудәнил-ләзи уә-ъадтәһ, иннәкә лә тухлифул-миъад.

"Я, Алла! Сен осы толық азанның әрі осы орындалатын намаздың Раббысысың! Мұхаммедке (с.ғ.с.) уәсиләні және жоғары дәрежеңді бере гөр! Әрі Оны Өзің уәде еткен мақтаулы орынға бағыттай гөр! Шын мәнінде сен уәдеңді бұзбайсың".

Бұл жердегі "уәсиле" сөзі жәннаттағы ең жоғарғы орын дегенді білдіреді.

Азан мен қамат арасында әр адам өзінің тілегін айтып, дұға жасай алады. Осы мезетте жасалған дұға қабыл болады делінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031068-azan-uni-azan-aitylganda-qandai-dugalar-oqylu-kerek/

pixel