Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ қызының тағдыры туралы ең әсерлі шығармалар топтамасы

Опубликовано:

Кітап және гүл
Кітап және раушан гүлі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ әдебиетінде болмысы нәзік қыз баласының өмірін суреттейтін шоқтығы биік шығармалар бар. ХХ ғасырдың басында әйел теңдігі тақырыбында жазылған қазақ романдары жарыққа шыға бастады. Бұл жазбамызда қазақ жазушыларының қыз баланың тағдыры туралы жазған әсерлі туындылары жайлы айтамыз.

"Бақытсыз Жамал" романы

Бұл роман әйел затының басынан өткен ауыр тағдырды суреттейді. Байлық пен кедейлік, әйел теңдігі романда көтелірген негізгі тақырып болып саналады.

"Бақытсыз Жамал" романы қалай өрбиді? Саумалкөл маңындағы Сәрсенбай ауылына ұлықтар келіп, ауыл абыр-сабыр күйге түседі. Осы сәтте байдың үйінде сәби дүниеге келеді. Көптен сәбидің иісін аңсаған Сәрсенбай қызды болады. Ол сәбидің есімі Жамал еді.

Жамал бала күнінен тым зерек болатын. Ол ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашады. Басқа балалардан бір төбе биік тұратын қыз сымбатымен де көзге түсетін. Оған қоса ақындық қасиеті де бар еді. Ол бойжеткенкезде оған сөз салғысы келетін ауыл жігіттері көбейеді. Ал Жамал болса, ондай жігіттердің ешқайсысына назарын салмайтын, тіпті сөйлетпейтін. Өзгедерден дара өскен Жамалдың аты басқа ауылдарға да таныла бастайды. Ел арасында "Сәрсенбайдың бек көркем қызы бар" екен деген сөз жүреді. Мұны естіген Байжан бай өзінің баласы Жұманға Жамалды алып беруге бекінеді.

Байжанның байлығына қызыққан Сәрсенбай бұл ұсынысқа еш қарсылық танытпай, қызын беруге келісім береді. Осылайша екі жақ уағдаласып қояды. Ал болашақ күйеуінің қандай адам екенін білген Жамал оны жақтырмай жүреді. Жамалдың анасы да қызын Жұманға беруге қарсылық білдіреді. Алайда әкесі олардың қарсылығына да, көңіліне де қараған жоқ.

Бір күні ауылда өткен жиын-тойда бітім-болмысы мен сөзі бөлек Ғали есімді жігіт пен Жамалдың сөзі жараса кетеді. Бір-бірін ұнатқан екі жас ән арқылы шерін тарқатады. Уағдаласқан мерзім жетіп, Жамал ұзатылатын күнге жеткенде Ғали мен Жамал қол ұстасып, қашып кетеді. Ал екеуінің артына қуғыншылар түседі.

Елден қашқан қос ғашық Ғалидың шалғайдағы туыстарының үйін паналайды. Екеуі бас қосып, бақытты тірлік кешіп жатады. Бірақ аяқ астынан дертке шалдыққан Ғали қайтыс болады. Ғали дүние салғаннан кейін, Жамалды Жұманға қосады. Басынан бағы тайған Жамал ол үйдегілерден теперіш көріп, ауыр тіршілік кешеді. Күйеуінің қорлығына төзбеген Жамал қыстың күні үйінен қашып кетіп, Ғалидың бейітінің басына барады. Тағдырына нала болған Жамал сүйгенінің зиратының басында жылап жатып көз жұмады.

"Ақбілек" романы

Әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғалиұлы "Ақбілек" романының мазмұнын былай суреттеген:

"Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған ең көлемді прозалық шығарма – “Ақбілек” романы былай басталады: “Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар. Алтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтаймен, сол Күршімнің қысқы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тырандасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны".

Рымғали Нұрғалиұлы қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлгенін айтады. Соның ішінде халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, әсіресе “Ақбілек” романында айқын көрінетінін жазған.

"Ақбілек" романы қалай суреттелген? Алыстағы Алтай таулары, ақ қашып, қызыл қуып, аласапыран күрестер жүріп жатқан Азамат соғысының сұрапылы қазақ ауылдарында да жеткен, өрт шалмаған шаңырақ жоқ. Марқакөл жағасында, Терең шатты мекендеген момын шаруа Мамырбай ауылын банда шауып, әйелін өлтіріп, бойжетіп, оң жақта отырған қызы Ақбілекті солдаттар алып қашып кетеді. Сұмдық осыдан кейін басталады. Бірауыз орысша тіл білмейтін соры қайнаған жас қыздың азап-қорлыққа толы, өлім мен өмір, өң мен түс арасында былғанышты, жиіркенішті күндері басталады. Бұрын етегін жел көтермеген, еркек бетіне тіктеп қарамаған ақ періште, енді табиғаттан алған асыл қазынасын рәсуа етіп, еріксізден еріксіз, ұяттан күйіп, ар-иманы өртеніп, қайдағы бір қашқын, банда, тіпті атын да білмейтін ақ әскерінің офицері – қара мұртқа ермек болады.

Он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткеннің көрген қорлығы, тапталған ар-намысы реалистік дәлдікпен, бейнелі, суретті, сенімді көрсетіледі. Романды оқыған оқырман жүрегі тілініп, Ақбілекпен бірге жылайды. Тұтқынға түскен сорлы қыздың не тілін, не дінін білмейтін, өмірінде бұрын көрмеген, жүріс-тұрысы, киім-киісі, тамақ ішісі бөлек, әдет-ғұрып, салт-санасы басқа – қара мұрт орыс офицеріне еріксіз әйел болу хикаясы айқын психологиялық саралаумен берілген, - делінеді.

Табиғат аясында жүрген қыз
Табиғат аясында тауға қарап тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Қамар сұлу" романы

"Қамар сұлу" романының бас кейіпкері Қамар - Омар есімді жаңашыл, ашық пікірлі адамның қызы. Қамардың Қасен деген орысша оқып жүрген ағасы бар. Қасенмен бірге оқып жүрген Ахмет деген кедей, бірақ ісі оңды жігіт Қамарға ғашық болады. Ахметті Қамар да жақсы көреді, бірақ ол кездегі əдет-ғұрыпқа байланысты үйіндегілердің кедейге қыз бермейтінін ойлап, оған жақындай қоймайды.

Ахмет хат жаза бастайды, ал Қамар берген жауабымен үмітін үзгісі келеді. Ахмет бұған қарсы болса да, кейін Қамардың қиналғанын, шынын айтқанын көріп, оған риза болады. Оған деген құмарлығын ішіне сақтап, сөз салуын тоқтатады.

Олар хат жазысып жүргенде, Қамарға қолы жетпеген ауыл жігіттер Ахметтің бір хатын қолға түсіріп, неше түрлі әңгіме өрбітеді. Сөйтіп оны Омардың ағасы Оспанға береді. Ел ақсақалы саналған Оспан мұндай кемшілік үшін Ахметке жала жауып, абақтыға отырғыза жаздайды. Ол кездері кедейдің байдың қызын алам деуі байлар үшін кемшілік саналған деседі.

Сол елде жорға Нұрым дейтін өзі бай, өзі болыс, өзі беделді, жасы қартаң тартқан адамның Қамарға көңілі ауады. Бұған Омар көнгісі келмесе де, Оспан еріксіз көндіреді. Өзіне бұйырмаған Қамарды Ахмет жорға Нұрымға қимай, қапа болып, "Жар-жар" орнына "Зар-зар" деген өлең шығарады.

Жорға Нұрым малын берген соң Қамарды алып кетуге келеді. Қамар қарсыласқанымен, әкесі байға қызын береді. Той жасалып, некеқияр оқылатын кезде Қамар көнбей отырып алады. Неке қиюға шақырған молда Жорға Нұрымның сойылын соғып, Қамарды көндірмекші болады. Бірақ Қамар көнбейді. Молда айтып көндіре алмай, ақырында зорлай алмаймын деп кетіп қалады. Оспан мен жорға Нұрым молданың кетіп қалғанын кінəлап, айып ретінде астындағы атын алып қояды.

Сол күні кешке Қамарды әйелдер қауымы күйеуге қинап апарады. Амалы құрыған Қамар Нұрымның қасынан қашып кетеді. Қызының мұндай халін көрген Омар қызын бермеймін деп кесіп айтады. Алайда Оспан мен ел адамдары бұған көнбейді. Ақырында Оспан және Жорға Нұрым жасырын алып қашатын айла ойластырады. Нұрым көп адаммен келіп Қамарды алып кетеді.

Құса болған Қамар дертке шалдығады. Ел ішіндегідер мұны "Ахметтің дуасы" деп ойлайды. Нұрым оған сенбей ишан алдырып, емдетпек болады. Бірақ Қамардың дерті оған да жазылмайды.

Қызғылт түсті гүл
Жауын астындағы қызғылт гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Ботагөз" романы

Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" романы қазақ еңбекшілерінің бостандық-теңдік жолындағы күресін көрсететін туынды. Романның мазмұны el.kz сайтында былай баяндалған:

Бұл роман - ауылдағы тап тартысын және оның дами келе Ленин бастаған ұлы революцияға қалай ұласқандығын марксизм-ленинизм оқуы тұрғысынан суреттеген қазақ совет әдебиетіндегі көлемді еңбек. Ғасырлар бойы екі түрлі қанаудың тепкісінде болып, шыдам таусылған кезде Ресейдегі революция дүмпуімен көтеріліс бастаған қазақ халқы 1916 жылғы июнь жарлығына байланысты қару алып күреске шығып, елдігі мен ерлігін көрсетті. Уақытша сәтсіздікке де ұшырады. Бірақ көтеріліс тек сонымен біткен жоқ. Аманкелді, не сол сықылдылардың туы астында шегіну, қайта өрбу жолдарын басынан өткізе келіп, Ресейдегі жалпы пролетариат революциясына ұштасқан, сөйтіп пролетариаттың жеңуші күштерінің сан бұлақтарының бірі болып қосылды.

Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" романында 1916 жылғы көтерілістің осы жағы дұрыс көрсетіліп, шығарманың идеялық мазмұнын күшейте түсті. Роман адамдар арасындағы қарым-қатынастарды қызықты сюжет, шиеленіскен тартысқа құра отырып, халықтың жуан ортасынан шыққан жаңа адамдарды: Амантай, Асқар сықылды қазақ революционерлерін, олардың өсу жолдарын, орыс революционерлерімен байланыс, олардың басшылық қамқорлығын шындық бейнеде суреттеп, сан алуан оқиғаны заңды түрде өрістетіп, дәлелді шешуін таба білді.

Романда бұрын үстем болып келген тап өкілдері Итбай, Мадияр, Сарбас, Құзғынбаев, Кулаковтар революция толқынына бөгет болмақ боп қанша әрекеттенсе де, кейде жанға батыра жара салса да, ақыры күйреумен тынады. Ұлы Октябрь революциясының Ресей топырағындағы жеңістерінің тарихын еске алсақ, романдағы ерлік күрес, өжет қимылдардың өмірде дәл солай болғанына шәк келтірмейсің. Романның "Ботагөз" атануы да кездейсоқ емес. Революцияның алғашқы кезінде орысша оқып, сауатын ашқан қазақ қыздарының жалпы бостандық, теңдік, әсіресе өз жынысының теңдігі жолында аянбай, белсене күреске араласқандары аз емес.

Ботагөз - жаңа дәуірдегі қазақ қызының ұнамды образы. Сондықтан да ол - жастар үшін үлгі, сүйкімді қаһарманның бірі. Өзінің көлемді романдарында Сәбит Мұқанов ұнамды, ұнамсыз образдардың әр алуан түрін жасады. Олардың ешқайсысы бірін-бірі қайталамайды.

"Ұлпан" романы

Бұл туынды ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи оқиғалар негізінде жазылған. Роман кейіпкері Есеней қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы, атақты байы болған. Ол өткір сөзді, алып денелі, қара нардай қайраткер адам болды. Жас шағында жауынгерлік қабілеті де мықты болған. Ол қалың жылқысын өзінің досы Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқан кезде алдынан ерекше киінген Ұлпан кездесіп, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді.

Елуден асып, ел ағасы болған Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қараторы, сөзі өткір Ұлпан қызға ғашық болады. Сөйтіп, Ұлпанды екінші әйел етіп алады. Бас-аяғы он бес жылдың шамасында Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды анаға айналады.

Ұлпан күйеуі Есеней қайтыс болған соң одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына кіргізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды келеке етеді. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған өр мінезді Ұлпан: "Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін!", - деп қарғап, бір түннің ішінде у ішіп өледі.

Ел анасының қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай, өзіне-өзі пышақ салады. 1920 жылы Кеңес үкіметі кезінде Торсан өмірден өтеді. Ал балалары қаңғып кете барады.

Қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалың мал, бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас, ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы секілді мәселелердің кеңінен суреттелуі романның басты ерекшелігі болып саналады.

"Қалың мал" романының буктрейлері

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031519-qazaq-qyzynyn-tagdyry-turaly-en-aserli-sygarmalar-toptamasy/

pixel