Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасиеті неде: Бекет атаны халық не үшін әулие санаған және ол туралы аңыз-әңгімелер

Опубликовано:

Бекет ата
Бекет ата мекені. Көрнекі сурет: kazaknews.kz

Ел аузында Бекет атаның ерекше қасиеттері туралы аңыз-әңгіме көп. Әулиенің көк асасы, жылан кейпіне ене білуі, аққу боп ұшуы секілді аңыздар халық арасында жиі айтылады. Бұл жазбамызда ізгілік дәнін сеуіп, ғибратты ғұмырымен бүгінгі ұрпаққа рухани мұра қалдырған тарихи тұлға жайлы айтамыз.

Бекет ата туралы не білеміз?

Бекет Ата 1750 жылы Жем бойында дүниеге келген. Тұлғаның туған жылына қатысты бірнеше болжам бар. Әулие Маңғыстаудан Хиуадағы сол кездегі діни ең жоғары оқу орны медресеге барып, Пақыржан ғұламадан дәріс алып, батасы дарыған. Пақыржан ғұлама Қожа Ахмет Ясауи жолын ұстанған, сопылық ілімін меңгерген тұлға болған.

Бекет Мырзағұлұлы Шерғазы хан медресесінде түрікмен, өзбек, қарақалпақ зиялыларымен бірге оқыған. Жоғары діни білім алып оралған Бекет ата сол кезеңде елдің келешегі үшін әр тұстан мешіттер салды. Мұндай игі ісі ел іргесін бекем ету үшін жасалған еді. Бекет атаның бұл орындарды жаттың табаны таптамасын деп өсиет етуі тегіннен-тегін емес.

Бекет ата жас кезінде жауынгер болған деп те айтылады. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпелі халықтар арасында жер үшін жиі күрес болғаны мәлім. Ешбір ел өз жерін өзгеге оңайлықпен бергісі келмейді. Ол кезеңдерде әрбір ер азаматтың қару-жарақ асынуы қалыпты жағдай.

Бекет атаның бойындағы төрт қасиет қандай?

  1. Елдің еркіндігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан батыр;
  2. Ғылымның қиын жолымен жүріп өтіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы;
  3. Ежелгі дәстүр бойынша елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші;
  4. Мүсәпірлер мен ауруларға қол үшін берген ерекше дарынды азамат және аса маңызды оқиғаларды болжай білген сәуегей.

Бекет ата мешіттері жайлы қандай деректер бар?

Бекет ата жерасты ғимараттарын қашап салудың ежелгі дәстүрін дамытқан. Бойындағы қасиеті аңызға айналған Бекет ата Оғыландыдағы мешітке жерленген.

Бекет атаның 270 жылдығына орай өткен "Түркі еліне мәшһүр тұлға – Бекет ата" атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференцияда әулие мешіттері туралы мынадай мәлімет берілген:

"Бекет ата ескерткіштері – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет ата есімімен байланысты жерасты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған. XIX ғасырда Үстіртті зерттеген топограф Эдуард Эверсман, Александр Дюгамель сынды ғалымдар сол аңыз-әңгімелердің негізінде жинаған деректерін жазып қалдырған.

Эдуард Эверсман: "Үстірттегі таудан үңгіп жасаған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткішті Бекет төрт жерде жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда, екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда", - дейді. Бекет ата бұл мешіт-медреселерде құдайға құлшылық еткен, бала оқытқан. Оғыландыдағы ғимарат жақсы сақталған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған. Үш-төрт қанат көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Жерасты ғимараты маңында Бекет ата пайдаланған бұлақтар, құдықтар бар.

Ел жадында қалған әңгімелерде Бекет ата Жем бойындағы Ақмешітте бала кезін, ал өмірінің соңғы жылдарын Оғыландыда өткізген.

Бұл мешіттер заманындағы аса елеулі ерлікке бергісіз істер дерлік, ал Оғыландыдағы мешіт – тіпті алып құрылыс. Бұрын жерасты мешіттері Маңғыстауда салынған, ал Бекет Ата соны дамытушы. Бекет ата діни сәулет өнерінде ежелгі иудей, христиан дінінің тауды қашап ғимарат, мінәжатхана тұрғызған дәстүрін қыр жағдайында ұластырып орнықтырушы бола білді. Сонымен бірге Маңғыстауда Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің үрдістерін жаңғыртты. Бұл үрдіс ескерткіштерімізде де кеңінен өрістеп кетті.

Тас өңдеу мәдениеті әлі дамымай тұрған кезде таудың кесек тасынан тұрғызылған Қожаназардың күмбезінде сәулет өнерінің ежелгі дің үлгісінің сипаттары сақталған. Қожаназар Бекет атаның замандас досы болған.

Бекет Ата мешіттерінің ішіндегі ең танымалы – Оғыландыдағы тәуап орны. Онда Бекет ата және онымен туыс бірнеше адам жерленген.

Бекет ата мешіттері
Қасиетті мекенге зиярат жасаған адамдар. Көрнекі сурет: kazaknews.kz

Бекет ата жайлы ел аузында қандай аңыз-әңгімелер айтылады?

Жазушы Сарбас Ақтаевтың "Тарихтан – тәбәрік. Ел иесі, жер киесі – Пір Бекет" мақаласында Бекет атаның қасиеті жайлы былай жазған:

"Әсілі, Бекеттің асасын шанышқан жерден су шығарып, алақанын тосқан кезде жауын жауғызатын кереметі бары шын болса керек. Жан-жануардың тілін түгел білген ол аяқты аңды да айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген деседі.

Бір жаугершілікте жалғыз ұлы мен келінінен айырылып, емшектегі кішкентай сәби немересіне сүт тауып бере алмай, зар илеп отырған кейуананы көріп ет жүрегі езілген әулие дұға оқып, табан астында өрістегі арқардың тушасын алдырып, нәрестені соның бауырына салады. Сол арқар бала қашан емшектен шыққанша күн сайын келіп оны емізіп тұрған екен. Бекет атаның баласызға бала беретін, панасызға пана болатын қасиеті болған".

Сандуғаш Мамышқызының "Бекет ата: аққу, арқар, жылан" деп аталатын мақаласында Бекет атаның жылан кейпіне енуі, аққу боп ұшуы және Оғыланды жеріндегі арқарлар жайлы былай жазылған:

Қазақ халқында жыланды әруақпен байланыстыратын наным-сенім бұрыннан бар. Адайдың ішіндегі Шоңай руынан шыққан Бекбаулы атты әулиені сынау мақсатында Бекет ата сары үйек жыланға айналып алдына барған деседі. Ал Бекбаулы әулие бұған бүлк етпейді. Мұндай сынақтан сүрінбей өткен әулиенің алдынан Бекет ата екі бас жылан болып шыққан екен.

Бозащы түбегіндегі Бекет ата мешітіне барған бір адам киелі орынның қақ ортасынан сары үйек жыланды көзі шалады. Ол жартылай көтеріліп, басын шайқап тұрған екен. Дәл осындай оқиға Ақмешіттегі кесенесін салу барысында да қайталанған. Сарғыш жылан оратылып, сол маңда біраз жүріпті. Бұл жыландар Бекет атаға қатысты қасиетті жерлерде кездесіп отырған.

Бекет ата және арқар

Пір Бекеттің Оғыланды жеріндегі қасиетті мекенінде арқарлар бар екені жиі айтылады. Оларға тиісуге, атуға, ұстауға болмайды дейді жұрт. Егер кімде-кім арқарларға зұлымдық жасаса, өздері мертігіп, қазаға ұшырайды делінеді. Осы орынға зиярат етіп келушілерге арқарларды көрінсе, тілегіміз қабыл болады дегенге сенеді екен.

Бірде осы маңды мекен ететін аңшы айналадағы аңдардың бәрін бітірген соң, Оғыландыдағы арқарларға көз тігеді. Мылтығымен жайылып жүрген бір арқарды көздеп, енді атпақ болғанда, білте мүлде басылмай қалады, ал екінші рет оғы айдалаға ұшады. Аңшы өзі ісінің қызығына кіріп кетіп, Бекет атаның осылай ескерткеніне мән бермейді. Үшінші атқандағы оғы өзінің оң көзіне тиіп ағып түсіреді. Қатты ызаланған аңшы ата аруағын балағаттап, ауыр сөздер айтады. Ақыры қайтар жолда тегіс жерден сүрініп, аяғын сындырып, мүгедек болып қалыпты.

Бекет атаның аққу боп ұшуымен байланысты аңызда есеп жоқ. Ауыл абызы мен Барақ, Өмір батырлардың Бекет ата қасиеті турасында былай деген сөздері бар.

Абыз: "Қасиетің аспанда жеті аққу боп ұшты, сенің бойыңда тылсымың жеті ұрпағыңа жетеді екен, аруағың да биік тұр", - десе, Барақ батыр: "Артыңнан ұшқан үш аққуды көрдім, зайырлыңың үш атаңа дариды", - дейді. Өмір батыр: "Алдыңнан жалғыз аққудың ұшқанын ғана көрдім, бар қасиетің өзіңмен бірге кететін болады", - дейді.

Бекет ата жайлы жырлар

Бекет ата басында

Есенғали Раушанов

Астасатын Үстірттің қиырымен,

Басталатын алып ой бүйірінен.

Бекет Ата басында арқар деген

Үйірімен жүреді, үйірімен. 

Тәкаппарлық, паңдық бар қарасында,

Ескерткіштей кұйылған жарасымға,

Қауіп сезбей тұратын емін-еркін

Ақар-шақар тастардың арасында. 

Емін-еркін секіріп тау-тасынан,

Қарап тұрар жартастан, жар басынан.

Адамдарды бұл жерде ол туыс көріп,

Маңғаз басып өтеді дәл қасынан. 

Бұл жерде арқар айналған асыл аңға,

Тимейді оған таңқы да, тасырың да.

Оларды ешкім шошытып, қорқытпайды.

Оларды ешкім атпайды осы маңда.

 Ішін кезіп таулардың  ұзын көштің,

Демес мұнда  аңдардың ізін кестім.

Қонып жатқан, қайтадан ұшып жатқан,

Үркітпейді бұл жердің кұсын да ешкім. 

Бұл жерде адам жат ойды аластайды,

Өтірік те, өсек те жақ ашпайды.

Бұл жерде адам даурығып, таласпайды. 

Осы жердің тау-тасын кезіп кеттім.

Кезіп кеттім, қаншама ой сезіп кеттім:

Кей адамнан безінсем, келер кейде

Бекет Ата жағына көшіп кеткім.

***

Пір Бекет

Шота-Аман Уәлихан

Не кешпеді, не көрмеді бұл дала,

Қорлық, зорлық, сұмдықтарды сұрама.

Мың-мыңдаған шақырымнан тіл қаттым,

Арыстанбаб жанындағы жыр ана.

Шабыс қана тілегені тұлпардың,

Намыс қана жүдегені сұңқардың.

Я, Пірім деп тебірендім, толғандым,

Зікірімен Әзіреті Сұлтанның.

Ата-бабам мойындаған бес парыз,

Құдай деген момындарға дос қарыз.

Қаратаудан Бекетіне қайырылды,

Баба ата мен, Бабай түкті шашты Әзіз.

Ақ шапанды аса таяқ бұйырған,

Әулиелер жасай бермек әр мезет.

Бұрғызып ең, аттың басын бір кезде,

Әруағыңнан айналайын Пір Бекет.

Арылсын деп іште күнә түйнектен,

Алла өзі көбейткен де сиреткен.

Жаратқанның достары ғой достары,

Бауырмалдық, мейірбандық үйреткен.

Жамандыққа мұсылманның бөгеті,

Дүние мен малдан берген зекеті.

Аламанға ат қосыпсыз, ас беріп,

Қабыл болсын, Тұрғараның Бекеті.

Әулиенің аңғарған соң пейілін,

Мешіт болып Тау да төккен мейірін.

Ащы су да тұщып, балдай сусын боп,

Сауын қылған секеңдеген Елігін. 

Мәдинада – Мұхаммед ұстағаны,

Түркістанда – Қожа Ахмет нұсқағаны.

Маңғыстауда – Пір Бекет аталарым,

Бір Алланың жердегі үш тағаны!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031905-qasieti-nede-beket-atany-xalyq-ne-usin-aulie-sanagan-zane-ol-turaly-anyz-angimeler/

pixel