Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұрар Рысқұловтың ұрпақтары кім және олар қазір қайда

Опубликовано:

Тұрар Рысқұлов. Скриншот
Тұрар Рысқұлов. Скриншот: YouTube/Тайны и судьбы великих казахов. Т. Рыскулов

Көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың қазақ тарихында алар орны ерекше. Көпшілік оның қоғамдық-саяси өмірі жайлы біле бергенімен, оның жеке өмірі, ұрпақтары жайлы біле бермейді. Бүгінгі материалда осы сауалға жауап іздейтін боламыз.

Елімізде 30 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні деп белгіленген. Өкінішке қарай, сол жылдары саясаттың құрбаны болғандардың саны әлі күнге дейін белгісіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әлі күнге дейін жазықсыз жазаланғандары ақтап алу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда 6000-нан аса іс қайта қаралуға тиіс екені жайлы мәліметтер бар.

Гумилев атындағы ЕҰУ, политология кафедрасының профессоры Наталья Калашникованың айтуынша, репрессия жылдары жазықсыз мерт болғандар қатарыда Т.Рысқұлов та болған.

"Репрессияға түскен адамдардың отбасылары үшін, оларды қайта ақтап алу аса маңызға ие. Себебі ол отбасыларда "халық жауы" атауы дақ болып қалыптасқан. Сондықтан қаза болғандардың ұрпақтары әлі күнге дейін белсенді түрде мәліметтер іздеп, тың деректермен бөлісуде. Бұрын бұл тақырыпты қозғау сын, ұят болып қабылданса, қазір керісінше, мақтанып жеткізетіндей тақырыпқа айналған.

Сондай жазықсыз мерт болғандардың қатарына Тұрар Рысқұловтыда жатқызуға болады. Бір кездері жұмыс барысымен, Рысқұловтың қызымен жолығудың сәті түскен. Ол кісі де, көптің бірі болып, әкесінің жазықсыз жазаланғанын дәлелдеу мақсатында, қазіргі күнге дейін ізденіс үстінде", - деп жазған ол мақалада.

Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік ғұмыры

Т. Рысқұлов ең алдымен көрнекті қоғам қайраткері. Түркістан газетінде жарыққа шыққан Ахмет Өмірзақтың "Тұрар Рысқұлов – мемлекетшіл тұлға атты" мақалада оның 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу жерінде дүниеге келгені айтылады. Әкесі Рысқұл тарапына әділетсіздіктер орын алып, ол болыс Саймасай Үшкемпіровты өлтірумен аяқталады. Осылайша, болысты өлтіргені үшін Тұрардың әкесі түрмеге жабылып, кейін әкесі "болыс ұрпақтары кек алуы мүмкін", - деп арыздана жүріп, Тұрарды да өзінің жанына алдыртып алады.

Сөйтіп түрме басшысының үйінде жұмыс істеп жүріп, ол орыс тілін үйренеді. Әкесін Сахалинге жер аудартып, 10 жыл бас бостандығынан айырған соң, Тұрар нағашыларына барып, Қырғызбаев деген текпен Меркідегі орыс тілді бастауыш мектебінде білім ала бастайды.

Одан кейін Тұрар Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша білім алады (1910-1914). Сосын Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны да оқып бітіреді.

Тұрар Рысқұлов жас кезінде. Сурет
Тұрар Рысқұлов жас кезінде. Сурет: Turkystan.kz

Естеріңізде болса, қазақ даласында 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басталған еді. Автордың айтуынша, осы оқиға Т. Рысқұловтың саяси тұлға ретінде қалыптасуына зор әсер еткен. Осылайша 1917 жылы ақпан төңкерісінен соң, ол Меркіге келіп "Қазақ жастарының революциялық одағын" құрып, Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясына мүше болады.

Ал, 1918 жылы көктемде қайраткер Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары, қыркүйекте Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Зерттеу авторының айтуынша, ол осы қызметтерде жүргенде Әулиеата қазақтарын ашаршылыққа ұшырап, қырылып қалудан аман алып қалған екен. Мәселен, Түркістан автономиялық республикасының 19 уезі мен қалаларында, Т. Рысқұлов 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашқан.

Бұл жөнінде Ғалымжан Елшібайдый "Ақмешіт жастары" газетінде жарияланған мақаласында былай делінген:

"Тұрардың басты қасиеттері қандай? Ең алдымен, ол тазалықты сүйген. Қашанда киімін кір шалдырмай, мұнтаздай қалпында жүруден жаңылмаған. Әкесі Рысқұлдың "жағаңды кірлетпе" деген ескертуі ешқашан есінен шықпаған. Ату жазасына кесілген кезде "ақырғы тілегіңді айт" дегенде, "жуынып-шайынып, тазалынып алайын" депті. Тұрар атақ-даңққа, қызметке қызықпаған. Аштықтан қиналған балаларға арнайы пансионат ашқызғанда, "пансионатқа Тұрар Рысқұловтың атын берейік" деген көпшіліктің ұйғарымына әлдекімдердей келісе кетпей, "Жас Түркістан" деп аталуын ұсыныпты.

ТүркЦИК-тің төрағасы болудан бас тартуы да талайды таңдандырған еді. Билікті қарақан басының қажетіне жаратпай, тұтас ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды көздеген азамат "айдауға жүріп, айтқанға көнетін" қолбала болғысы келмеді. Денсаулық сақтау комиссары қызметінен де өз еркімен бас тартып, жаңадан аштықпен күрес комиссариатын құруды ұсынды. Өйткені аштықтан қынадай қырылып жатқан мыңдаған, миллиондаған адамның тағдырына араша түспей, сырттан қарап отырғанға ары да, жаны да шыдамады. 1932 жылғы аштықта да Тұрар зор қайрат көрсетті".

Т. Рысқұлов 1919 жылы 14 наурызда Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары,  1920 жылы 21 қаңтарда Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Ал 1924 жылы Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді және сол жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол осы қызметінде Моңғолияның жас мемлекет ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңіріп, сол елдің Конституциясын әзірлеуге атсалысқан. Сондай-ақ, Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп аталуына себепші болған.

1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға келіп Қазақ өлкелік комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалса, сәуірде Қазақ өлкелік БКП(б) комитеті қаулысымен "Еңбекші қазақ" газетінің жауапты редакторы қызметіне келген. Бірақ бір айдан соң қайтадан Мәскеуге шақырылып, Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады.

Айта кетерлігі мемлекет қайраткері осы жоғары қызметінде жүргенде, ол Түрксіб темір жолын салуда, алты жылға арналған жобаны үш жылды бітіріп береді. Осы табандылығымен қайраткер білікті қазақ жұмысшы тобын қалыптастырып, қазақ жастарының Ресей мен шетелдік оқу орындарында білім алуына көмектеседі.

Сонымен бірге ол, бұл қызметтерінде Ф.И. Голощекиннің "Қазақстанда кіші Қазан" төңкерісін жасау идеясына қарсы шығып, кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасаған. Сөйтіп И.В. Сталинге ұлтшылдығы, халыққа жанашырлығымен жақпай қалады.

Т. Рысқұлов бір топ халықтың ортасында. Скриншот
Т. Рысқұлов бір топ халықтың ортасында. Скриншот: YouTube/Тайны и судьбы великих казахов

ҚР Президенті Архивінің Архив қорларын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу басқармасының сарапшысы Ж.Қ. Өзбековтің "Қазақ халқының жанашыры – Тұрар Рысқұлов" атты деректік шолуында, бұл жайлы былай деп жазылады:

"1932 ж. 29 қыркүйекте Т. Рысқұлов  БК(б)П  ОК хатшысы И. Сталинге Қазақстандағы мал шаруашылығының жағдайы және ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушіліктер жөнінде хат жазған. Аталған хатта ол Қазақстанда мал саны 1928 ж. 32 миллион бас болғанын (кейбір мәліметтер бойынша 40 миллион), 1932 ж. ақпан айында жүргізілген бүкілодақтық мал санағының есебі бойынша мал санының 5 миллион 397 мың басқа дейін, яғни 83 %-ға дейін кемігенін баяндайды. Мал саны кемуінің басты себебі ретінде малдың жаппай сойылуы мен ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікті көрсетеді".

"Ақмешіт жастары" газетінде жарияланған мақалада Т. Рысқұловтың алашордашыларға қалай көмектескені туралы да айтылады.

"Ең әуелі Тұрардың өскен ортасы мықты болды. Өмірдегі үзеңгілес серіктері де осал болған жоқ: Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфандияров, Нығмет Нұрмақов және т.б.. Әйгілі Мұхтар Әуезов екеуі сырлас болды. Әңгімесіне құлақ түріп, әкесі Рысқұлдың ноқтаға сыймас тағдыры туралы қаламгер "Қараш-Қараш оқиғасын" өмірге әкелгенде тамаша туындыны ерекше толқыныспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен. "Алашордашыл" деген айыппен қуғындалған Мұхаңды абақтының азабынан арашалап алып, суық тиген өкпесін емдетіп қайтуға Қырымдағы шипажайға жолдама әперіпті. Ахмет Байтұрсыновты да екі рет түрмеден құтқарып қалған. Тұрар онымен бірлесіп, "қазақ халқының отаршылдық саясаттан қысым көріп жатқаны жайлы" Ленинге ашық хат та жазған. Димекеңді, Дінмұхамед Қонаевты "байдың баласысың" деп Мәскеудегі түрлі-түсті металдар институтындағы оқуынан шығарғалы тұрған тұста Тұрар көмектесіпті. Қаржылай да қарасқан. Қаныш Сәтбаевқа да көп қамқорлық жасаған" деп жазылған аталған мақалада.

Тұрар Рысқұловтың жеке өмірі мен ұрпақтары

Тұрар Рысқұловтың жеке өміріне қатысты оның немересі Владимир Рысқұловтың El.kz сайтында жарияланған материалында мынадай қызықты деректерді келтіреді:

  1. Т. Рысқұловтың бірінші әйелі Ташкенттің генерал-губернаторы Владимир Павлович Колосовскийдің қызы Татьяна Колосовская болған деген дерек бар. Олардың ұлы Александр (Ескендір) ата-анасы ажырасқан кезде әкесі мен әжесі Варвара Валерьяновна Колосовскаямен бірге қалған.
  2. Т. Рысқұловтың екінші әйелі - Надежда Константиновна Пушкарева болған. Ол Ташкентке Сібірден келген. Сол кезде оның әкесі дүниеден өтіп, оның анасы Надежда, Татьяна және Ольга деген үш қызымен қалған. Анасы үш қызымен аштықтан аман қалу үшін, Ташкентке көшіп келген. Сол жерде Надежда Т. Рысқұловпен танысқан. Осы некеде қайраткердің Софья есімді қызы дүниеге келген. E-history.kz сайтында жарияланған Аян Әденнің "Тұрар Рысқұловтың әйелдері мен балалары" атты мақаласында қоғам қайраткерінің Вера Дергачева атты азаматтық некедегі әйелі болғанын, одан тағы бір қызы Майя дүниеге келгендігі жазылады. Анасы қызы туған соң одан бірден бас тартқан, сөйтіп бір жасқа толғанда оған әкесі қамқорлық танытқан. Ал Т. Рысқұлов қайтыс болған соң, ол балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін ол жақтан оны Надежда Пушкарева алып кеткен. Қайраткердің немересі Владимир Рысқұлов бүгінде Майяның Юлия мен Владимир тараған.
  3. Қайраткердің үшінші әйелі Әзиза Есенқұлова болған. Бұл некеден Тұрардың Сәуле мен Рида деген қызы дүниеге келген.

Рысқұлов түрмеге тоғытылғаннан кейін, Надежда тарих және философия институтынан қуылса, Әзизаны АЛЖИР-ге жөнелткен. 10 сыныпта оқыған Ескендір болса түрмедегі әкесімен байланысты үзбейді. Кейін ол да қамалып, Архангельсктегі лагерьге аттандырылады, сол жерде ол туберкулезге шалдығып, бар болғаны 20 жасында қайтыс болады. Ал 1938 жылы Әзизамен бірге оның анасы Арифа, ағасы Шәміл, немере ағасы Оразбай Молдабеков та ұсталады. Сөйтіп, Рысқұловтың қыздары Майя мен Сәуле балалар үйіне жөнелтіледі. 1939 жылы балалар үйінен Майяны Надежда Пушкарева алып алса, Сәулені Шәміл Есенғұловтың әйелі Саида алып алады. Рида үш жасына дейін анасымен болса, кейін Осакаровскийдегі балалар үйіне жіберіледі. Сонымен бірге жоғарыдағы мақалада Рысқұловтың немересі Владимир Сәуледен Заур, ал Ридадан Адель және 1988 жылы қайтыс болған Тұрар есімді ұлы болғанын еске алады.

Майя есейген соң, әкесінің өмірі жайлы зерттей бастайды, сөйтіп оны Қазақстанға айдайды. Десе де, ол тағы да қудаланып, итжеккенге тағы бес жылға жөнелтіледі. Дегенмен Лаврентий Берияның көмегімен ақталып шығып, кейін Д. Қонаевтың кезінде Рысқұловтың екі қызы Софья мен Майяға Мәскеуден пәтер беріледі.

Осылайша алаштың ардақты азаматының соңынан 1 ұл мен 4 қыз қалған. Алайда ұлы ерте қайтыс болып, қыздары жан-жақта болған.

КТК телеарнасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Сәуле Рысқұлова радиоэкология саласындағы ғалым, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы болған. Сонымен бірге ол Семей ядролық полигоны жайлы зерттей бастаған алғашқы ғалымдардың бірі ретінде тарихта қалған. Ол 2013 жылы қайтыс болған. Сәуле Рысқұлова өмірінің соңғы жылдарын әкесінің шығармашылығын зерттеуге арнаған. Оның ұлы Заур анасы бар ғұмырын әкесін ақтауға жұмсағанын айтады. Жалпы қайраткер 1956 жылы 13 тамызда ақталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2032292-turar-rysqulovtyn-urpaqtary-kim-zane-olar-qazir-qaida/

pixel