Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ыбырай Алтынсариннің өмірі және ол туралы танымал тұлғалардың естеліктері

Опубликовано:

Алтынсарин ескерткіші
Ыбырай Алтынсарин ескерткіші. Көрнекі сурет: egemen.kz

Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин туралы жазылған дүние аз емес. Ол өнегеге толы қысқа ғұмырын білімге арнаған тұлға. Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған әрбір бала білім жолына басқан қадамын "Кел, балалар, оқылық!" сөзімен бастайды. Себебі Ыбырай Алтынсарин - қазақ даласындағы алғашқы мектептің іргетасын қалаған ұлағатты ұстаз. Бұл жазбамызда ағартушының өмір жолы мен ол жайлы жазылған естеліктерді ұсынамыз.

Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы

Ыбырай Алтынсарин қай жылы дүниеге келген? Қазақтың аса көрнекі ағартушысы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері, этнограф, аудармашы Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүниеге келген. Шын есімі — Ибраһим.

Әкесі Алтынсары қарапайым шаруа болған, шешесі Айман (кей жерлерде Аймен деп жазылады) Арғыннан шыққан Шеген бидің қызы.

Бала Ыбырай 3-4 жасында әкесінен айырылады. Сол себептен оның балалық шағы атасының жанында өтеді. Ыбырайдың атасы Балқожа Жаңбыршыұлы заманында ірі феодалдардың бірі болған деседі. Р.С. Кареновтың "Ыбырай Алтынсарин — азатшыл Алаш мұраттарына ұласқан ұстанымдардың негізін салушы ұлт тұлғасының бірі" мақаласында Ыбырай Алтынсариннің атасы ұзақ жыл бойы Орынбордағы шекара комиссиясының қол астында Қыпшақ руына старшын болғаны жайлы жазылған. Ел ішінде биліктің тізгінін ұстаған би Орынбор əкімшілігі мен орыс шенеуніктерінің алдында өте сыйлы, беделді кісі болыпты. Ыбырайды адалдыққа, шешендікке, турашылдыққа баулыған да атасы Балқожа болатын.

Ыбырай Алтынсарин қай жерде білім алды?

1850 жылы дала өмірінде көп билікті өз қолында ұстаған Балғожа би Ыбырайды Орынбор шекара комиссиясының жанынан ашылған мектепке береді. Бұдан бұлай ел билеу ісі орысша сауатты адамдардың қолына көшеді деп ұққан Балғожа би немересі арқылы кейін де сол ел билеу ісін қолынан шығармау ниетін көздеген. Жаңа ашылған мектепте 30 бала, олардың ішінде 9 жасар Ыбырай да бар еді.

Ол уақытта Ресей үкіметі осындай мектептер арқылы жергілікті əкімшілік орындарға қазақтың өз ішінен қызметкерлер əзірлеуді көздеді. Бұл мектепте оқыған оқушылар отаршылдық саясат негізін ұстануға тиіс болды. Алайда жастайынан зерек болған Ыбырай белгілі жүйемен шектелмей, орыс және әлем классиктерінің туындыларын өз бетінше оқыды.

Ыбырай Алтынсарин мектепті бітірген соң 1857-1859 жыл аралығында атасы Балғожа бидің хатшысы болды.

Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында қай жылы мектеп ашты?

Ыбырай Алтынсарин атасы Балқожа бидің хатшысы болып қызметін атқарғаннан кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаштық қызметке ауысады. Содан кейін 1860 жылы Орынбордан Торғайға ауысып, мұғалімдік қызметке орналасады. Ал 1864 жылы өзінің күшімен қазақ балаларына арналған алғашқы мектепті ашқан еді. Алтынсариннің ағартушылық жəне педагогикалық қызметі осы кезеңнен басталды.

1860–1879 жылдар арасында Ы.Алтынсарин мұғалімдік, ағартушылық қызметімен қатар, басқа да қызметтер атқарды:

  • 1868–1874 жылдары Орынбор генерал-губернаторының арнайы тапсыруы бойынша төрт рет Торғайдың уездік судьясы;
  • 1876–1879 жылдары Торғай уездік бастығының аға жəрдемшісі болды. Инспекторлық қызметке кіріскен кезден бастап Ыбырай зайырлық мектептер ашуды қолға алды.

1864 жылы Ыбырай Алтынсарин Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында былай деп жазған еді: "Осы жылы қаңтардың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді: бəрі жақсы, есті балалар... Бұл балалар небəрі үш айдың ішінде орысша, татарша жаза білетін болды".

Бұл – халық ағартушысының ұстаздық жолы сəтті басталғанының көрінісі. Тұңғыш ағартушы өмірінің жиырма бес жылын оқыту, мектеп ашу, оқулықтар жазу ісіне арнады.

Ыбырай Алтынсариннің Қостанай өңірінде салдырған мектептерінде Алаштың ғұламалары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы оқыған, "Алашорда" дүниеге келген.

Ағартушы қазақ даласында қыз балалардың білім алуына бірінші болып ықпал жасаған. Осылайша 1887 жылы Ырғызда қыздарға арналған мектеп-интернат ашылды.

Қазақ халқының сауатын ашып, білім нәрімен сусындатқан Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде, 48 жасында "Инспектор көлі" жағасындағы үйінде ұзаққа созылған өкпе дертінен қайтыс болды.

Алғашқы мектеп
Алғашқы мектепте білім алған балалар. Көрнекі сурет: el.kz

Ыбырай Алтынсарин туралы естеліктер

Ыбырай Алтынсарин туралы қандай тұлғалар естелік қалдырды? Мұхтар Әyезов: "Абай Ыбырайды жақсы бiлген. Кейiн Абайдың өзi қадiрлегендiктен Абай қолжазбаларының iшiнде А.С. Пyшкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов шығармаларынан жасалған аyдармалар қоса кiрyiмен бiрге, Ыбырай өлендерi үнемi бiрге көшiрiлiп жазылып жүрyшi едi", - деп айтқан.

Мұхтар Әyезов өзiнiң "Ы.Алтынсарин — қазақ мәдениетiнiң зор қайраткерi" (Уақыт және Әдебиет) деп аталатын мақаласында: "Қазақ халқының тарихында үш бiрдей биiк мұнара бар. Олар — Шоқан, Ыбырай және Абай. Үшеyiне де ортақ нәрсе – қазақ топырағынан жаралғандығы, орыс халқының прогрессивтiк озық үлгiдегi мәдениетiнен нәр алғандығы және тyған халқын батыстағы, Ресейдегi мәдениеттi халықтар қатарынан көргiсi келгендiгi", - деп жазған.

Қазақстанда Ыбырай Алтынсарин шығармашылығын алғаш зерттеyшiлердiң бiрi, белгiлi ғалым, педагог-жазyшы Әyелбек Қоңыратбаев былай деп жазды:

"Ыбырай өзiнiң өзеңдерiн 1860 жылдары, прозасын 1870-1880 жылдары жазган деп шамалаймыз. Ол көбiне проза жазған. Көркем новеллаларының саны елyден асады. Өнер-бiлiмдi дәрiптейтiн өлең орыс әдебиетiнде Ломоносовтан басталса, қазақ әдебиетiнде Ыбырайдан басталады. Оның өлеңдерi жаңашылдығы, болашақты меңзеyi жағынан поэзияның прогресс жолындағы үлкен қызметiн дұрыс танығандықтың бiр айғағы. Ыбырай 1880-шi жылдардан бастап қазақтың жаңа поэзиясы мен прозасын жасады. Ол қазақтың жазба әдебиетiнiң негiзiн жасаyшылардың бiрi. Ыбырай поэзиясының дәстүрiн Абай, одан соң С. Көбеев, С.Торайғыровтар дамыта түстi".

Мөлдір Дарханбаеваның el.kz сайтына жарияланған "Ыбырай Алтынсарин – ұлы дала ағартушысы" мақаласында Әуелбек Қоңыратбаевтың Ыбырай хрестоматиясына енген және енбеген өлеңдерiн тақырыбы мен жанрына қарай алты салаға бөлiп көрсеткені туралы жазылған:

  1. Өнер-бiлiм тақырыбына жазылған өлеңдерi ("Балқожаның хаты", "Кел, балалар, оқылық", "Өнер-бiлiм бар жұрттар");
  2. Табиғат лирикасы ("Жаз", "Жаз шыққанда", "Өзен");
  3. Отбасы тақырыбындағы өлеңдерi ("Бұл кiм?", "Ананың сүюi");
  4. Мысал жанры ("Егiннiң бастары", "Екi шыбын", "Қарға мен түлкi";
  5. Сатира жанры ("Аласы ағайынның аландатты", "Фiтнелiк күннен-күнге барады асыл", "Залым төреге");
  6. Ыбырайдың ел iшiнен жазылып алынған өлеңдерi. Мұның өзi екi арнаға жiктеледi:
  • Феодалдық эпос үлгiлерi — Орақ батырдың баласы Әлiбектiң бiр ханға айтқаны;
  • Өз заманындағы түрлi ақындардың шығармасы (Нұржанның сөзi, Орынбайдың Ердендi мақтағаны, "Ей достарым", "Ей, жiгiттер", "Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен", "Өсиет өлендер", "Сейдахмет сөзi").

Ыбырай Алтынсарин дертке шалдығып, төсек тартып жатқанда орыс жолдастары оны дəрігерге қарату ісін қолға алады. Қазақтың тұңғыш педагогы дүниеден өткен күні ақырғы сапарға шығарып салу үшін қаладан көптеген танысы мен шəкірттері арнайылап келген еді. Н.И.Ильминскийдің "Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан" деген атпен Қазан баспасында арнаулы кітап бастырып шығаруы тұлғаның қаншалықты сыйлы, беделді екенін көрсетсе керек.

Ыбырай Алтынсарин қайтыс болған кезде қазақ салтымен жоқтау айтылған. Жоқтау мәтінің 1976 жылы Мəскеу мұрағатындағы "Ильминский папкасы" деген бумадан табылғаны жөнінде "Ыбырай Алтынсарин — азатшыл Алаш мұраттарына ұласқан ұстанымдардың негізін салушы ұлт тұлғасының бірі" мақаласында тарқатып жазылған:

Дəріден себеп болмады,

Шын келген соң ажалы.

Күн де ауылда болушы ед,

Жəрмеңкенің базары.

Өтіп те кеткен дүние-ай,

Дүбірлесіп жиылып,

Аспанға шығып тозаңы!

Жетімсіреп қалды ғой

Төрт ояздың қазағы...

"Бұл жоқтауды Ыбырай Алтынсариннің туыстарының бірі жазған болуы керек", - деп көрсетілген. Ал зерттеушілер мұны Ыбырайдың ерекше қадірлеген, жанында жүрген жəне қайтқан сәтінде қасында болған қазақтың белгілі ақыны Нұржан Наушабаев екенін айтады", - делінген.

Ыбырай Алтынсарин өмірден өткен кезде "Оренбургский листок" газетінің 1889 жылғы 30 шілдесіндегі санында мынадай қазанама жарияланған екен. Мәтінін аударған – Серік Мақпыpов.

"Алтынсариннің мектептік білімі Орынбордағы Шекаралық басқарма тұсындағы бастауыш орыс- қазақ училищесімен шектелген болса да, ол өзінің талаптылығы, дарындылығының арқасында және орыстың оқыған білімді адамдарының (В. В. Григорьев, Н. И. Ильминский, т. б.) тікелей әсерімен өз бетінше айтарлықтай білімге қолы жетті, сөйтіп, Отанның және өзіне қандас қазақтардың пайдасына іс атқарған аса көрнекті қайраткер болды. Алтынсарин қызмет жолын 60 жылдардың басында Торғай қаласындағы орыс-қазақ училищесінің қарапайым оқытушысы болудан бастап, халық училищелерінің инспекторы қызметін атқарумен аяқтады, арасында Торғай уездік басқарамасының іс жүргізушісі және Торғай уездік судьясының міндетін атқарды.

1876 жылдың өзінде-ақ Алтынсарин қазақтардың аса көрнекті қайраткері ретінде, сол тұста Орынбор қаласына келген халық ағарту министрі град Г.А.Толстойға жеке таныстырылған болатын. Сол кездесуде ол қазақ жазуы үшін әліппе транскрипциясы қандай болуы керек деген даулы пікірдің орыс алфавитін еш өзгеріссіз енгізу арқылы ғана шешілетініне графтың көзін жеткізген еді. Қазақ гимназистеріне жүргізген оқыту тәжірибесі Алтынсариннің ойын тамаша дәлелдеп берді, сөйтіп, ол граф Толстойдың тапсырмасы бойынша орыс әріптерімен терілген қазақтың грамматикалық әліппесін және хрестоматияны бастырып шығарды. Бұл ұлы ой-пікір, құрастыру жұмыстары, шығыс соғысы (1877) тұсында уақытша кедергіге кездесті, тіпті қазірде де толық қолдауға ие болмаған сияқты. Бірақ бұл ой-пікір өлмек емес, бұл ой-пікір өз халқын қалтқысыз сүйген Алтынсаринге мәңгілік ескерткіш белгі секілді.

1879 жылдың қыркүйегінде Алтынсарин Торғай облысындағы жаңадан ашылған орыс-қазақ училищелерінің инспекторы болып тағайындалады, сөйтіп, өзінің он жылдық инспекторлық қызметінің барлық кезеңінде де қазақтар арасында орыс білімін, озық адамзаттық қасиеттерді таратуға күш салды. Марқұм ерлерге арналған бірнеше орыс-қазақ училищелерін, бір әйелдер және бір арнаулы қолөнер училищесін — өзі қадірлейтін полковник Яковлев атындағы Торғай қалалық училищесін ашып, негізін қалады. Алтынсарин мектеп оқытушыларына өте мейірбандықпен қарап, олардың әрқайсысына да мұқтаж жағдайда қол ұшын беруге әрдайым даяр тұратын, сонысы үшін де оны оқытушылар шынайы сүйіп, құрмет тұтатын.

Қазақтар да оны өте жақсы көріп, оған соншалықты сенім артатын... Ол қазақтар мен Ресейдің пайдасына барынша ынтасымен қызмет еткен қайраткер, шын мәнінде пайдалы, барынша сүйкімді, ақылды әрі адал адам болды. Түйіп айтқанда, Алтынсарин өз халқының көшпелі, қараңғы қауымы арасында Ресейге деген сүйіспеншілік пен еуропалық цивилизация жарығын әкелуші – қазақтар арасынан шыққан алғашқы апастол болды".

Ескі қалам
Қалам мен қағаз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Екі сыныптық Ақтөбе орыс-қазақ мектебінің оқытушысы А.Мозохиннің естелігі

А.Мозохиннің 1889 жылдың қыркүйегінде жазған естелігі былай өрбиді:

"Біздің мектебімізден 700 шақырымдай жерде тұратын Алтынсарин өдетте бізге жылына бір немесе екі рет келіп кететін. Әр келгенінде үш күн болып, уақытының кебін мектепте жұмыспен өткізетін: таңғы 9-дан түскі 2-ге дейін сынытарда болып, кешкісін сағат 6-дан 8-ге дейін кешкі дайындыққа қатысатын. Біздің бос уақытымыз тек қана түнгі 8 бен 12-нің аралығы, кейде онан да кешірек мезгіл болатын. Бұл уақытты біз шынайы жолдастық әңгімемен өткізетінбіз, иә, жолдастық әңгімемен, өйткені Ибрагим Алтынсарин оқытушылардың тек бастығы ғана болып қойған жоқ, олардың әкесі де, шынайы мейірбан жолдасы да бола білді. Оның мектебімізге келуі бейне ұлы мерекедегідей қуанышты жағдай болатын... Оған бәрін де, мектептегі жұмысында жіберген барлық кемшіліктеріңді де, тіпті ревизия кезінде де байқалмайтын жайларды, баршасын да айтуға болатын, оның барлығына да ол қай кезде болмасын келешекте не істеу керектігі жөнінде қайырымды жүрегімен нақтылы ақыл-кеңес беретін. Алтынсарин марқұмның біздің мектеп жұмысына қатысты еңбегі жөнінде бұдан басқа айтарым жоқ. Бір нәрсені ғана айтқым келеді: ол барынша әділ, адал әрі аса қайырымды болатын".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2032587-ybyrai-altynsarinnin-omiri-zane-ol-turaly-tanymal-tulgalardyn-estelikteri/

pixel