Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абылай ханның ең маңызды ерліктері: көпке белгісіз деректер

Опубликовано:

Абылай хан. Сурет
Абылай хан. Сурет: Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институтының ресми сайты

Абылай хан қазақ тарихында дипломат атанған әрі үш жүздің басын біріктірген әйгілі хан ретінде қалды. Тарихшылар Абылайдың ел басына күн туған сәтте өшпес ерлік көрсетіп, қазақ халқын жоңғар басқыншылығынан талай мәрте аман алып қалғанын айтады. Осы орайда Абылай ханның ерліктері жайлы мақаланы назарға ұсынамыз.

Абылай ханның өмірі мен өскен ортасы

Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ресми сайтында, тарих ғылымдарының докторы З. Е. Кабульдиновтың "Абылай хан" атты мақаласында Абылай хан Қазақ хандығының қалыптасуына ерекше ықпалы тиген, дара хандардың бірі болғаны жазылады. Оның азан шақырып қойылған есімі – Әбілмансұр, 1711 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Өзімен аттас атасы - Ташкент, Түркістан қалаларын басқарып, ел арасында "қанішер Абылай" деп танылып кеткен.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ұсынған деректерге сәйкес, Әбілмансұр "Ақтабан шұбырынды" заманында ерте жетім қалып, Төле бидің қолына жіберіледі. Оның азып-арып, күтілмегендігін көріп, Төле би оған Сабалақ деген есім береді. Осылайша ол бидің малын бағып, күнін көреді. Ш.Уәлихановтың жазбаларында: "Сол жылдары Сабалақтың жасы небәрі 13-те еді, бірақ Төле би өз тәрбиесін беріп үлгерген. Төле бидің тәрбиесі мен берген кеңестерінің арқасында Абылай мықты қолбасшы бола білді", - делінген. Сонымен қатар, Төле би: "Кез келген жауды жеңуге болады, тек ел ішінде бірлік керек", - деп үйреткен екен.

Хан Абылай мұсылмандық білім алып, шығыстың бірнеше тілін жетік меңгерген, домбыраның құлағында ойнап, бірнеше күйлердің авторы болып танылған. Шамамен 15 жастан бастап жоңғарларға қарсы күресте ат салысып, өзінің жауынгерлік жағын шыңдай бастайды. Дене бітімі ірі, орташа бойлы Абылай өзінің мықтылығымен, батырлығымен, шымырлығымен көзге түсіп, елінің танымал батырына айналады. Өмірінің соңына дейін, ол жауынгерлерінің жанында болып, елі үшін күресті.

Тарихшы осы мақаласында Абылайдың тапқырлығы, ақылы мен әділдігі, шынайлығы үшін халық арасында ерекше беделге ие болған да жазған. Сонымен бірге, аталған зерттеу жұмысында оның керемет оратор, шежіреші, өз маңайына адал, еліне жаны ашитын адамдардың басын біріктіріп, адал қолбасшы бола білгені айтылады.

Абылай ханның ең алғашқы ерліктері жайлы не білеміз?

Абылай 20 жасқа келгенде, Әбілмәмбеттің бастауымен өткен шайқаста ерекше көзге түсіп, таныла бастайды. 1733 жылы өткен жекпе-жекте бала Абылай жоңғардың танымал қолбасшысы Шарышты жеңіп, ел алдындағы беделін көтереді. Бұл жеңістен соң оған Арғынның ішіндегі атығай руын басқару сеніп тапсырылды.

Уақыт өте келе, 1749 жылы Абылайға бүкіл Арғын руларын, сонымен бірге Керей, Уақ , Қыпшақтардың бір бөлігін басқару сеніп тапсырылған. Өз билігін күшейту, жерін үлкейту, дипломатиялық ара-қатынасты сақтау мақсатында Абылай көрші елдің қыздарын өзіне әйел етіп алып отырған.

Тарихшы жоғарыдағы мақалада танымал қазақтың ағартушысы Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Абылайда: 12 әйел, және олардан 40 қыз бен 30 ұл тарағанын айтқан. Абылай билік құрған жылдар - ішкі саяси жағдайды реттеп, тәуелсіздікке қол жеткізуге жасалған қадамдармен дараланады. Ол ел алдында сыйлы, сөзінде тұратын хандардың қатарынан болған.

Абылай хан ат үстінде. Скриншот
Абылай хан ат үстінде. Скриншот: You Tube/Хроники архивариуса

Абылай ханның қазақтар мен ойраттар соғысын тоқтатқан ерлігі

Тарихшы Ирина Ерофееваның "Казахтанская правда" газетінде жарыққа шыққан "Абылай хан" атты мақаласында Абылай ханның 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болғаны жазылады. Зерттеушінің айтуынша, дәл сол жылы ол үш жүздің басы қосылып, Қазақ Хандығының бас қолбасшысы болып сайланады. Қолбасшы ретіндегі оның негізгі стратегиялық мақсаты Қазақ хандығын дамытып, оның тәуелсіздігін одан әрі нығайту болып табылды.

"Барлық қиыншылықтарға қарамастан, бұл міндеттен ешқашан бас тартқан емес. Халық басын қосқаннан кейінгі, оның келесі мақсаты көрші елдермен екі жаққа да тиімді байланыс орнату, қауіпсіздікті нығайту болып табылды. Бұл мақсатты орындау жолында, хан тіпті қалмақтарда тұтқында бола тұра, қазақ пен қалмақ арасында, көптен күткен бейбітшілік орнатуға қол жеткізеді", - дейді автор өз мақаласында.

Сонымен бірге Абылай хан Ресей және Қытай елдерімен ұзақ экономикалық байланыс туралы келісімшартқа отырады. Жоңғарлармен соғыста қазақтардың ойсырай ұтылуын күткен бұл мемлекеттермен жасалған келісімшарт, қазақ елі үшін өте тиімді болып саналды.

1755 жылы, екі жүз жылдық тарихы бар қазақтар мен ойраттар арасындағы соғыс, дәл осы Абылай ханның тұсында жеңіске жетіп, тоқтатылады. Бұл жеңіс Қытай мен Ресей елдерінде алаңдаушылық туғызып, 1756 жылы Қытай елі Қазақ хандығына шабуыл жасайды. Бірақ Абылайдың дипломатиялық тәжірибесінің арқасында, соғыс 1757 жылы тоқтатылды.

Автор жоғарыдағы мақаласында 1765, 1770 жылдары Абылайдың бастауымен Қырғыз ұлысына шабуылдар жасалып, нәтижесінде Қазақ елінің шекарасы ұлғайтылғанын айтады. 1771 жылы ол, Еділ қалмақтарын ойрандай жеңеді. Абылайдың ел шекарасын ұлғайтуда, қосқан үлесі зор. Сонымен бірге, дәл сол тұста қазақ халқының психологиялық, патриоттық жағдайы да әлдеқайда мықты еді.

Абылай билікке келген жылдары, ел территориясының басым бөлігі жоңғарлармен басып алынған еді. Ханның салиқалы саясатының арқасында, көп жерлер елге қайтарылды. Жоңғарларға қарсы бірге шыққан, Қанжығалы Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары батырлардың көптеген жазбаларында Абылайдың алатын орны ерекше. Тарих жазбаларында Абылай жоңғарларда тұтқында бола тұра, өзінің ақылымен, дипломатиялық ара-қатынасымен ұнағандығы соншалық, жоңғарлар оған өз қыздарын тұрмысқа берген екен, деген жазбалар бар.

Қазақтың ханы Абылай. Сурет
Қазақтың ханы Абылай. Сурет: Tarikh.kz

Абылай ханның дипломатиядағы ерлігі

E-history.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болған. Орнатылған ереже бойынша оның орнына хан ретінде бауырлары немесе үлкен ұлы Әбілпайыз тағайындалуы керек еді. Бірақ жергілікті сұлтандардың, сонымен бірге Әбілпайыздың рұқсатымен хан болып Абылай сайланады. Бүкіл Қазақ хандығының ханы деп жарияланса да, Қытай императоры, Жоңғар қоңтайшысы, Орта Азия елдерінің басшылары, орыс императрицасы Екатерина II, Абылайдың тәжірибесінен қорыққаннан, оны мойындамай, тек Орта жүздің ханы деп қабылдаған екен.

Қазақ елінің территориясы геосаяси қауіпті аймақта болса да, Абылай Қытай, Ресей еліменде тығыз байланыс орнатып, ел шекарасын қалыптастыра білді. Абылайдың дипломатиялық, қолбасшылық, ел билеу сияқты қасиеттерінен бөлек, ол мықты күйші ретінде де танымал. Оның: "Ақ толқын", "Бұлан жігіт", "Дүние қалды", "Жетім торы", "Қайран елім", "Қара жорға" т.б сияқты күйлері бар. Бүкіл өмірін жорықта, ел үшін күресте өткізген Абылай 1781 жылы Арыс өзенінің бойында көз жұмады. Оның денесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2032956-abylai-xannyn-en-manyzdy-erlikteri-kopke-belgisiz-derekter/

pixel