Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жүсіп Баласағұн: балалық шағы, жастығы және өмірбаяны

Опубликовано:

Жүсіп Баласағұн. Сурет
Жүсіп Баласағұн. Сурет: Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институтының ресми сайты

Танымал түрік ойшылы, философ, ақын Жүсіп Баласағұнның өмірбаяны туралы деректер аз болғанымен, тарихшылардың ол жайлы аз да болса еңбектері бар. Бүгін назарларыңызға ғалымның өмірі жайлы құнды мәліметтерді ұсынбақпыз.

Философ, ойшыл Жүсіп Баласағұн шамамен 1016-1018 жылдары, Қарахан мемелекетінде, Баласағұн қаласында, қазіргі Шу облысы, Тоқмоқ қаласында дүниеге келген. Дәулетті отбасында дүниеге келген ол, Фараби, Қашғар, Бұқара қалаларындағы мәдени орталықтарда білім алады. Кейбір деректерде оның ата-анасы саудагерлер болуы мүмкін деп жазылған.

Баласағұн араб және парсы тілдерін еркін меңгерген. Жастайынан философияға, ғылыми мақалаларға қызығушылығы ерекше болып өседі. Кішкентайынан әкесі өнерге, білімге құштар қылып тәрбиелейді. Баласағұнның балалық шағы, өмірбаяны жайлы мәліметтер өте аз сақталған. Десе де солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Жүсіп Баласағұнның балалық және жастық шағы

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ресми сайтында жарияланған, PhD докторы Т. Ә. Әпендиевтің "Жүсіп хас хажиб Баласағұн" мақаласында оның Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден XI ғасырда, әйгілі музыканттар отбасында дүниеге келгені айтылады. Тарихшылар ғалымның туған жылын күні бүгінге дейін нақты дәлелдей алмауда. Зерттеушінің айтуынша, кей ғалымдар 1015, 1017 жылдарды туғанын айтса, енді бірі 1020 жылдүниеге келген деп көрсетеді екен.

Мақала авторы онда Ж. Баласағұнның шыққан тегі және ортасы туралы Х. Сүйіншәлиевтің мынадай мәліметін келтірген: ол Жүсіптің әкесі де өнер иесі, күйші-музыкант болғанын айтқан. Замамында ол да Қарахан мемлекетінің билеушісі Сатух Боғраханға қызмет еткен.

Сонымен бірге зерттеуші бұл мақаласында Жүсіптің талантты өнерпаз әкесінің тәлімін алып өскені айтылады. Жасынан зерделілігімен көзге түскен ол сарай қожаларының назарына түскен көрінеді. Шығыс Түркістан, Қашқар, Баласағұн, Жетісу өлкелерін билеп тұрған Боғрахан (1012 ж. өлген) Жүсіптен үлкен үмітті боп, оны ғылым мен білімге баулыған. Бұл туралы автор өз еңбегінде былай дейді:

"Жүсіп кезіндегі атақты білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Әділет жолын іздеп, алас ұрған жігерлі жас әдебиет пен ғылым салаларын жете меңгерген. Жүсіп өз кезінің білімді адамы саналған. Ол жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай тілдерін жақсы білген. Сол кез әдебиетінен, тарихынан, астрономиясынан, геометриясынан, тағы басқа ғылымдарынан мағлұмат алған", - деп жазған автор.

Жүсіп Баласағұн. Сурет
Жүсіп Баласағұн. Сурет: E-history.kz басылымы

"Құтты білік" дастаны туралы не білеміз?

Kazislam.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, Жүсіп Баласағұн әлемге “Құтадғу білік” (“Құтты білік”) дастаны арқылы танылған. Жүсіп Баласағұн бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазірғі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды “хандардың ханы” – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 – 955) тарту еткен екен.

Ғалымдар аталған дастанның қай тілде жазылғаны туралы әлі де пікір талас жүргізуде. Мысалы, Massaget.kz сайтында жарыққа шыққан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті, 1-курс магистранты Әмзе Нұрмұқасан зерттеуші С.Маслов "Құтты білік" көне ұйғыр тілінде жазылған десе, А.Щербак қарлұқ тілінде, Г.Благова дастандағы сөздердің талдану сипатына қарап, бұл шығарма қарлұқ-қыпшақ тілінде жазылған деген қорытынды жасайтынын айтқан. Автор сондай-ақ аталған зерттеу мақаласында "Құтты білікте" не жазылғаны туралы да сөз қозғайды.

"Құтты білік" дастанының мән-мағынасы бұл қарапайым сюжетінде емес. Мұндай сюжет дидактикалық шығармаларда көмекші қызмет атқарады. Басқаша айтқанда, бұл дастанда көтерілген басты мәселе шығарма қаһармандарының басынан өткізген оқиғаларында емес, сол қаһармандар арқылы айтылатын автордың өсиет-уағыздары мен ғибрат сөздерінде, сұрақ-жауаптарында жатыр.

Шығарманың негізгі тематикалық бағыт-бағдарын автор дастанның басты қаһармандарымен оқушысын таныстыру арқылы аңғартады. Сонымен, «Құтты білік» дастанының сюжеттік бөлімі негізінен шығарманың бас қаһармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, олардың бір-біріне жазған хаттарынан тұрады", - деп жазады авторы.

Одан бөлек, e-history.kz сайты ұсынған мәліметке сәйкес, Жүсіп Баласағұн дастанды "хандардың ханы" - Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға тарту еткендіктен, хан оны өз жарлығымен "хас хажиб" - "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген екен.

Сол сияқты деректерде ғалым аталған шығармасын 54 жасында жазып бітіргені жайлы айтылады.

Сол сияқты El.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, дастанның көне қолжазбасы табылғанын әлемге тұңғыш рет хабарлап, 1823 жылы "Азия" журналында (Париж) Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес екен. Ал Венгер ғалымы Германи Вамбери (1832 – 1913) "Құтты біліктің" бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарған.

Жалпы бұл шығарманы көп зерттеп, ғылыми мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен айналысқандар арасында В.В. Радлов (жиырма жыл бойы (1890 – 1910) үзбей айналысқан) та бар. Одани бөлек түрік ғалымдары да "Құтты біліктің" үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарған. Дастанды зерттеу ісіне, әсіресе, түрік ғалымдары Р.Р. Арат (1900 – 1964), М.Ф. Кепрюлд (1890 – 1960) және А.Дильгар (1897 – 1979), т.б. көп еңбек сіңірген.

Деректерде Жүсіп Баласағұн осы еңбегін жазып бітірген соң, шамамен бір жылдан соң 1074-1075 жылдары қайтыс болған деп жазылады. Оның денесі Қашғар қаласында жерленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2033211-zusip-balasagun-balalyq-sagy-zastygy-zane-omirbayany/

pixel