Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түс жору: ежелгі қазақ түсті неге сүйеніп жорыған

Опубликовано:

Ұйқыдағы ару. Көрнекі сурет
Ұйқыдағы ару. Көрнекі сурет: pixabay.com

Түс жору - қазақ халқының салтында өте ерте, ықылым замандардан бастау алып, күні бүгіне дейін жалғасын тауып келе жатқан ғұрыптардың бірі. Ежелден бастап халқымыз түске баса мән беріп, оны түрлі жолмен жорыған. Бүгінгі мақала дәл осы түс жору тақырыбына арналмақ.

Түс сөзінің түп мағынысы - уақыт  пен мезгілді, жүз бен өңді, түр мен түсті, әр алуан бояуды  мағынасына сыйғызып, кең мәнді түгел қамтиды. Сонымен бірге  түс сөзі - адамның ұйықтағанда көрген түсі деген мағынаны білдіреді. Жалпы түске қатысты болжамды "Қазақтың түс жоруы" кітабының авторы Болат Бопайұлы былай деген:

"Ұйқыда көрінген  түс - адамның ой - санасының түсі мен түрі  болып саналады. Ол ояу көзге көрінбейді, ұйқыдағы ой көзге көрінеді. Сондықтан түс жору оп-оңай, жеп-жеңіл жори салатын, аянын ашпай, анықтамай айта салатын жағдай жай, елеусіз ескерусіз елес емес. Түсті дүрыс жору үшін өте үлкен даналық керек, тарлан талдау керек, терең білім, кемелді ғылым керек".

Яғни, автордың пікірінше, түс - адам өмірінде  кездесетін, алдағы күнде  болатын, болар істің алдын ала көрінген,  ұрық әлемінен  рухани әлемге өткен құпия жолдамалары, миға сіңірген елесті болжамдары.

Зерттеу еңбегінің айтуынша, жердегі жұмыр басты пенденің бәрі түс көреді. Әрі көрген түстерін,  түс жорушыға жорытады.  Сол арқылы көрген түсінің құпия сырын сезгісі  келеді, алда не күтіп тұрғанын білгісі келеді. Соған қарай жоспар жасайды екен. Өйткені түс - тылсым, жұмбақ құбылыс.

Қалың ну орман. Көрнекі сурет
Қалың ну орман. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқы түсті қалай жорыған?

Қазақ халқының түс жоруға қатысты түрлі салты бар. Халық арасында, әсіресе, түсті жақсылыққа жору кеңінен тараған. Ата-бабаларымыз, тіпті жаман түстің өзін жақсылыққа жоруға тырысқан. Мәселен, мұндай халқымыз: "жаман түс – түлкінің боғы" деп айтқан.

Massaget.kz cайтының мәліметінше, қазақ халқы түсті тек жақынына, жаны ашитын адамына, сенімді туысына немесе иманы жоғары, ниеті түзу жандарға ғана айтқан екен. Сайттың дерегінше, қазақ халқында түс жоруда төмендегі "оқиғалар" кеңінен таралған:

  1. Егер кісі түсінде атқа мініп, одан құламай, өзі түсетін болса, онда бұл – жақсылықтың нышаны. Өйткені халық түстегі атты өңдегі арман-тілекке балаған. Түсінде атқа мінген адам өңінде арман-тілегіне жетеді.
  2. Егер кісі түсінде түйеге мініп жүрсе, ол – жақсы. Өйткені түйе – ұлық жануар. Жалпы, түсте көлікке мініп, құламай жүру – жақсылықтың белгісі.
  3. Түсінде биікке, тауға шыққан кісі өңінде үлкен дәрежеге көтеріледі.
  4. Түсте баққа кіріп, оны аралау – жақсылықтың нышаны.
  5. Түсте жақсы көйлек кию - кісіге өңінде қуаныш әкелетін істің боларынан хабар береді.
  6. Түсіңде аспанда тұрған айды көру – өте жақсы. Мұндай түс көрген кісі мұратына жетеді.
  7. Түсінде күнді көрген кісінің мерейі өңінде дұшпандарынан үстем болып, дәулеті тасиды.
  8. Түсінде өзен көрген кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді. Егер адам түсінде өзеннен су ішер болса, онда ол өңінде мақсатына жетеді, құрметке ие болады.
  9. Түсінде інжу мен маржан көрген кісінің үйінен байлық үзілмейді.
  10. Түсте жұлдыздарды көру де жақсы. Ондай түс көрген кісінің балаларының дәрежесі жоғары болады.
Ұйықтап жатқан бойжеткен. Көрнекі сурет
Ұйықтап жатқан бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Осы ретте этнограф-ғалым Болат Ботай қазақ халқында түсті бірнеше түрге бөліп, жорығанын айтады. Олардың қатарында:

  • Құран аяттарының, пайғамбардың, басқа да ұлы тұлғалардың, періштелердің кіруі имани түс деп аталған.
  • Жүйкенің шаршауынан түс көру, бұрынғы естеліктерді түсіңізде көру.
  • Қорқынышты түс көру. Мұндай түс көргенде, қазақ халқы бидай дәнін құстар мен кептерлерге шашып, түсті қайтаратын болған.

Одан бөлек, Sputnik Қазақстан басылымы қазақ халқының түс жоруға қатысты психосарапшы Анна Құдиярованың келесідегідей қызық зерттеу назарға ұсынған:

"Түс жора білу әр адамның психологиялық мәдениетімен байланысты. Қазіргі жастар, әсіресе, балапандар психологияға бір табан жақын. Олар түс дегеннің не екенін біледі және мән-мағынасын түсінеді. Ал ересектердің барлығы бірдей біле бермеуі мүмкін. Десе де көп адам қазақтың түске қатысты мақал-мәтелдерімен етене таныс.

Қазақта "Тауықтың түсіне тары кіреді" деген мәтел бар. Психоанализден түсімізде күндіз орындай алмаған қалауларымыздың жүзеге асатынын жақсы білеміз. Мысалы, бүгін балаңызға балмұздақ сатып алып беруге уәде беріп, оны орындамадыңыз делік. Бұл бала міндетті түрде түсінде балмұздақ жеп шығады", — дейді ол.

Ал, танымал мәдениеттанушы Бердалы Оспан қазақ халқында түс жорушыны "ойшы" деп атағанын айтады. "Көрген түсің тегін емес — ол адамға берілген белгі. Қазақ халқы ерте заманнан солай түсінген.сСодан шығар, түстің жорылуына үлкен мән берген. Көрген түсті жорытуға бақсы-балгер немесе үлкен кісілерге, атақты адамдарға, тіпті хандарға да өтініш білдірген", - дейді ғалым.

Сонымен бірге зерттеуші, түс жору қазақ ертегілері мен аңызардарында, батырлар жыры сында ауыз әдебиетінде жиі кездесетінін де жазған. Мәселен, автор аталған еңбегінде "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" жырынан түске қатысты, мынадай үзінді келтіреді:

Қозыға жаста болса тілек берген, Қасында жолдасы жоқ бұған ерген. "Қозыекең түзде жүдеп жатыр ғой" – деп, Үйінде шешесінің түсіне енген. Шешесі ерте тұрып айғай сапты, Басы Тайлақ, ел-жұртын жиып апты. Қозыекең түзде жүдеп жүрген екен, Бақсы балгер, ойшыға "ойла" депті.

Ойлана келе Тайлақ Қозының жолына деп мал сойып, етін жоқ-жітік, арық-ашқа үлестіреді", - дейді автор.

Көргендеріңіздей, халқымызда түске қатысты түрлі наным-сенімдер, болжамдар бар. Олардың басым көпшілігі қазақ халқының түске сенгендігін әрі жаман түс көргеннің өзінде оны жақсылыққа балағандығын нұсқайды. Оған дәлел, халық арасындағы түске қатысты түрлі болжамдар. Жалпы ежелден ата-бабаларымыз түсті бақсы-балгерлерге, көріпкелдерге жоруды жөн көрген. Олар сол арқылы жоспар құрып, болашақты болжаған деген деректер бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2034172-tus-zoru-ezelgi-qazaq-tusti-nege-suienip-zorygan/

pixel