Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зина жасаудың исламдағы үкімі қандай

Опубликовано:

Құлыптың суреті
Жүрек суреті салынған құлып. Көрнекі сурет: pixabay.com

Зинақорлық - мұсылманға тән іс емес. Тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл бөлген қазақ халқы ерте кезеңдерде мұндай әрекетке барған адамдарды қатаң түрде жазалаған. Себебі ислам дінінде зинақорлық өте ауыр күнә болып саналады. Бұл жазбамызда діни деректерді негізге ала отырып, зина жасаудың қандай үкімдері бар екенін тарқатып айтамыз.

Зина сөзінің мағынасы қандай?

"Зина" сөзінің шариғи тұрғыдағы мағынасы ер мен әйелдің бөгде біреумен некесіз төсек қатынасына түсуін білдіреді. Зинақорлық - өте қауіпті күнә. Мұндай іске барған адамның жазасы да ауыр делінеді.

Зинақорлық жайлы Құранда қандай аяттар бар?

"Фурқан" сүресінің 68-70 аяттарында зинақорлық жайлы былай делінген:

"Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды. Ал кім соларды істесе ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады. Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды".

Ал "Исра" сүресінің 32-аятында зинаға мүлдем жоламау керегі ескертілген:

"Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол.

"Әнғам" сүресінің 151-аятында күллі адамзат баласы үшін қандай да бір жаман істі жасауға тыйым салынғаны жеткізілген:

"Азғындық істердің жариясына да, жасырынына да мүлде жоламаңдар".

Құран аяттары
Қасиетті Құран Кәрім аяттары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Зинақорлық туралы хадистерде қалай жеткізілген?

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

"Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді".

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадис-шарифте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

"Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес.

muftyat.kz сайтында жарияланған "Зина - үлкен күнә" деп аталатын мақалада зина жасаған адамның иман байлығынан ажырайтыны жазылған. Нәсәи риуаятында мұндай күнәларды істеген мұсылман мойнынан Ислам дінінің жібін алып тастағандай болатыны, егер күнәні қайталамайтындай шынайы тәубе жасаса ғана Алла оны кешіретіндігі жайлы айтылады.

Көз зинасы дегеніміз не?

Өзге ерлер мен әйелдерге көз салу көз зинасы болып саналады. Шариғатта қандай да бір адамды танып-білу мақсатында бір рет қарауға рұқсат етіледі. Ал бөгде ер мен әйелге көңілі ауып, нәпсінің қалауымен қарау дұрыс емес. Жарық әлемді көруге берілген нығмет арқылы тыйым салынған нәрселерге сұқтана қарау адам баласын күнәға итермелейді. Бұған қасиетті Құран Кәрім аяттарын дәлел етуге болады.

"Нұр" сүресінің 30-аятында былай делінген:

"(Мұхаммед (ғ.с) Мүміндерге айт:) бөгде әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла олардың не істегендерінен хабар алушы".

"Исра" сүресінің 36-аятында адамның дене мүшелері үшін сұралатыны айтылған:

"Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы сұралады".

Зинақордың қияметтегі жазасы қандай?

Ибн Хишамның "әс-Сиратун Нәбәуия" атты кітабында келтірілген бір риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж түні көрген-білгендерін айта келе мынадай бір қауым жайында сөз етеді:

"Кейін мен бір еркектерді көрдім. Алдарында таза, семіз ет тұр. Ал жандарында іріңдеген шірік ет тұр. Олар алдарындағы таза, жақсы еттен емес, жандарындағы іріген іріңді еттен жеп жатыр екен. Мен: "Уә Жебірейіл, мыналар кімдер?" - деп сұрағанымда, Ол (ғалейһиссәләм): "Бұлар Алла адал еткен әйелдерін тастап, Алла харам еткен әйелдерге барғандар", - деп жауап берді", - дейді Алла елшісі.

Бұл риуаяттағы "Алла адал еткен әйелдер" сөзі некедегі адал жарын білдірсе, "Алла харам еткен әйелдер" деп некесіз бөтен әйелдерді меңзеп тұр.

Қызыл түспен боялған қолдар
Жүрек пішінінде қызыл түспен боялған қолдар. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Жеті жарғыда" зинақорлық жайлы не жазылған?

Тәуке хан қабылдаған "Жеті жарғының" төртінші жарғысында зинақорлық жайлы жазылған. Онда "Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын" делінген. Бұдан ислам дінін ұстанған қазақ халқы сол заманда Алла Тағаланың әмірін құқықтық нормативтік актілер ретінде қабылдағанын көруге болады. Сондықтан зинақорлық бабалар жолында өте үлкен айып болып саналған.

Қазақ әдебиетіндегі шығармалардан зинақорлықтың үкімі қатал болғанын аңғару қиын емес. Мәселен "Абай жолы" романындағы Қодар мен Қамқаның шалыс қадамына берілген жазадан зинақорлықтың үкімі тым ауыр екенін көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2034478-zina-zasaudyn-islamdagy-ukimi-qandai/

pixel