Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыз жасауына арналған ерекше әрі заманауи идеялар топтамасы

Опубликовано:

Қыз жасауына арналған заманауи жастықтар. Скриншот
Қыз жасауына арналған заманауи жастықтар. Скриншот: Instagram/ademi_alem_brand

Қыз жасауы - ежелгі түркі елдерінде ұзатылған қыздың артынан берілетін ата-анасының сыйы. Оның ішіне күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешек, тұрмыстық заттар, үй жиһаздары және басқа да заттар кіреді. Қазақ халқында да жасауға қатысты жоралғылар заман талабына қарай күн жаңаруда. Назарларыңызға қыз жасауына арналған ерекше әрі заманауи идеялар топтамасын ұсынамыз.

Қазақ халқында ежелгі замандарда қыз жасауы ретінде мал берілсе, бүгінде заман ағымына сай үйге қажет тұрмыстық құрал-жабдықтар, төсек орны, тұрмыстық техника, тіпті үйдің, көліктің кілтін беру сәнге айналған. Жалпы бұрынғы қыз жасауы мен қазіргі жасаудың айырмашылығы қандай? Қыз жасауына берілетін және беруге тыйым салынған заттарға не жатады? Заманауи қыз жасауы қалай дайындалады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын осы материалдан біле аласыздар.

Заманауи көрпе-жастықтар

El.kz сайтында жарияланған Назерке Чакирбаеваның "Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" атты мақаласында халқымызда қыз жасауына міндетті түрде көрпе-жастық берілетіні жазылған. Бұл жөнінде автор былай дейді:

"Қыз жасауы ретінде қыздың көрпе-жастығын да қоса салған. Солардың ішінде "Құдағи көрпе" деген сый болған екен. Өкінішке қарай, бұл жоралғы қазіргі күні ұмыт бола бастағандай. Бұл салт бойынша қыз жақтан барған құдалар арнайы әкелген көрпеге құдағиды бір аунатып алған. Аталған жолдың мақсаты: "Жаңа түскен келін де енесі сияқты ұл мен қыз өсіріп, ұрпақ жалғастырсын" дегенге саяды.

Қазіргі таңда қыз жасауына берілетін көрпе-жастықтарды заманауи түрде әрлеп, әр өңірдің салт-дәстүріне қарай сәндеп береді. Мысалы, "Әдемі әлем брэнд" парақшасында қыз жасауына арналған түрлі көрпе-жастық, төр көрпе мен қазіргі жастар арасында кеңінен танымал "махаббат көрпелерін" кездестіруге болады. Бұрынғы қазақ дәстүрінде қыз жасауына көрпе-жастықтан бөлек, текемет-сырмақтар берілсе, бүгінде оларды түрлі-түсті, көздің жауын алатын көрпешелер алмастырған. Қыз жасауына арналған заманауи көрпелердің үлгілерімен төменде таныса аласыздар:

Қыз жасауындағы сандықтың рөлі

Қазақ халқында ежелде қыз жасауына ағаштан жасалған сандықты берсе, бүгінде ол сандықтардың орнын қымбат матамен қапталған, ою-өрнектермен көмкерілген сандықтар алмастырған. E-history.kz сайты ұсынған "Сыр сақтаушы сандық" атты мақалада сандық жайлы былай делінеді:

"Қазақ халқы үшін сандық – қыз жасауының ажырамас бөлігі. Қызды ұзатар кезде, оның киім-кешектерін, асыл бұйымдарын сандыққа салатын болған, ал оның үстіне – төсек жабдықтары салынатын болған. Болашақ жарының үйіне ұзатылған қыз өзінің жасауымен баратын болған. Қазақ халқында сандыққа байланысты ырымдар бар. Сандық ашар – қазақ халқындағы жоралғылардың бірі.

Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысында алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне үлестіріп таратылады. Ерте кездерде сонымен қатар, босанғалы жатқан әйелдің толғағы жеңіл болуы үшін де, үйдегі бар сандықтың ауыздарын ашып қоятын ырымдар болған. Маталар бөліктерінен жас келіндер құрақ көрпе тігетін болған. Бұл қазақ халқының ежелгі салттарының бірі", - деп жазылған аталған мақалада.

Сол себепті қыз жасауына арналған тағы бір заманауи тың идея - ол бүгінгі күннің сандықтары. Хабар телеарнасындағы "Таңғы хабар" бағдарламасындағы "Қыз жасауына не кіреді?" атты сюжетте де бүгінгі күні жасауға арналған сандықтардың түр-түрі болатыны айтылған.

Қыз жасауына берілетін заманауи ас үй жабдықтары туралы не білеміз?

Тарихшылардың зерттеуінше, бұрындары қазақ қоғамында оның жасауына қарап оның қандай ортадан шыққанын білген екен. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты  Зылиха Ибадуллаева бұл жөнінде былай дейді:

"Қазақ қоғамында қыз жасауына қарап-ақ, оның қандай әлеуметтік ортадан шыққанын біліп отырған. ХҮІІІ-ХІХ және ХХ ғасырдың ортасына дейін қыз жасауына үй тұрмысына ең қажетті бұйымдар берілген. Соның ішінде ерекше атап өтерлік бұйымдар бар. Мәселен, кесте тоқу үшін біз, шаруашылық бұйымдары ішінде – келі-келсап", — дейді ғалым.

Тарихшы қазіргі таңда қыз жасауына барлық үй тұрмысына қажет заттар берілетінін айтады. Олардың қатарында күнделікті тұтынуға қажет ыдыс-аяқтан бастап, тоңазытқыш, кір жуатын машина және т.б. сынды тұрмыстық техникалар да бар. Десе де зерттеуші қыз жүгіне қазан қосып беруге болмайтынын алға тартады.

"Себебі, қазан – береке-бірліктің, ырыстың, отбасы, ошақ қасының символы саналған. Сондықтан өз елінің ырыс-берекесін өзімен бірге алып кету қызға сын болып табылған", — деп жазады автор.

Сонымен бірге "Алматы" телеарнасындағы "Таңғы студио" бағдарламасында этнограф Қатыран Досымбек ежелде қамшы, қылыш, пышақ сыйға тартпағанын айтады. Сол себепті, қыз жасауын берерде, аталған заттарды оған қоспағаныңыз жөн.

Қазіргі қоғамда қыз жасауына берілетін ыдыс-аяққа заманауи үлгідегі ағаш астаулар, қамыр жаятын тақта, ағаш кеселер мен тостағандар, тіпті ағаш жер үстелдер де бар. Сондықтан құдаларыңызды шыны ыдыстан бөлек, өзге ас үй жабдықтарыман таң қалдырғыңыз келсе, қыз жасауына заманауи үлгідегі ағаш ыдыстарды қоссаңыз болады.

Заманауи киім-кешек пен зергерлік бұйым үлгілері

Қазақ халқында қыздың жүгімен бірге оның қайын жұртында киетін бір қабат киімі мен зергерлік бұйымдарын да берген. Кеңес заманында бұл дәстүр ұмытыла бастағанымен, уақыт өте келе ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік бұйымдар қайтадан танымал бола бастады. Қазіргі таңда қыз жасауына арналған арнайы көйлек, кимешектер мен зергерлік бұйымдар әзірлейтін сәнгерлер аз емес. Сондықтан қызыңыздың жасауына ұлттық нақыштағы бұйымдардың болғанын қаласаңыз, міндетті түрде оның жасауына қазақша көйлек, кимешек пен тақия, әдемі орамалдар мен ұлттық зергерлік бұйымдарды қосуды ұмытпаңыз.

Халқымызда "қыз қонақ" деген нақыл сөз бар. Сол себепті әр отбасы қызын шамасына қарай ұзатып, оның жасауын түгендеп беруге тырысқан. Дегенмен қыз соңынан қандай мал-мүлік келіп жатса да, ең бастысы екі жастың бақытты, үлгілі отбасы болуынан артық бақыт жоқ екенін ұмытпаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2035305-qyz-zasauyna-arnalgan-erekse-ari-zamanaui-ideyalar-toptamasy/

pixel