Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүркіттің қасиеті: қазақ халқы бүркітті неге ерекше жақсы көрген

Опубликовано:

Бүркіт бейнесі
Қырағы бүркіт бейнесі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқы бүркітті ерекше қастерлеп, киелі құс санаған. Тарихқа көз жүгірсек, халықтың тұрмыс-тіршілігі бүркітпен байланысты болғанын көреміз. "Құстың төресі" деп атау берген бүркіттің қандай ерекшелігі бар? Бұл жазбамызда дала сермендесі саналған қыран құс жайлы қызықты ақпараттарды бөлісеміз.

Қазақ тілінде бүркітке қатысты мың жарымға жуық атау бар. Бұл жөнінде көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан деректер келтірген. Бұған қазақ тіліндегі сөз тіркестері, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерде кездесетін бүркіт жайлы теңеулер дәлел.

Қыран құсты ерекше дәріптеген қазақ халқы "Құс патшасы – бүркіт, аң патшасы – арыстан", "Көк аспанның әміршісі", "Құс төресі - бүркіт", "Аспан перісі", "Қанаттылар тәңірі", "Дала сермендесі", "Қандыкөз", "Болат тұмсық" деп атау арқылы құрметпен қараған. Қазақ халқының ұғымында бүркіт еркіндіктің, батырлық пен қайсарлықтың белгісі саналады.

Бүркіт қандай құс?

Қыран құстар тобына жататын өте ірі, дене бітімі мығым әрі жылдам ұшатын бүркіттің тұмсығы төмен қарай иіліп тұрады. Бұл құс тұмсығының түбі жалпақтау, ұшына қарай үшкірлене түседі. Тұмсығының жиектері тегіс, пышақтай өткір болып келеді. Төрт саусағы да салалы, оған қоса бұдырланып, мүйізді қабыршақтармен қапталған. Саусақтарының ұшындағы өткір тырнақтары ішке қарай иілген. Жемтігін ұстаған кезде өткір тырнақтары терінің астындағы бұлшықеттерге терең кіріп, тырп еткізбейді.

Бүркіттің өкше тұсындағы артқы саусағы тегеурін деп аталады. Қазақ тіліндегі "Тегеуріні мықты" деген сөз осыны аңғартса керек.

Бүркіттің жемтік аулауға қатысатын әрбір саусағына қатысты мынадай атаулар бар:

  • Жембасар – ішкі саусақ;
  • Сығым – ортаңғы саусақ;
  • Шеңгел (шынашақ) – сыртқы саусақ.

Бүркіттің басқа қандай атаулары бар?

Қазақ тілінде бүркіттің жас ерекшеліктеріне байланысты жеке атаулары сақталған. Р.С.Сәтімбеков "Тәуелсіздігіміздің ақиқат айғағы – киелі бүркіт" деп аталатын жазбасында бүркіттің өзіне ғана тән тіршілік әрекеті мен қауырсындарының түлеу ерекшеліктеріне сәйкес атауларын айтып өткен. Мысалы бүркіт жұмыртқасынан жаңа жарып шыққан балапандарының үлпілдек ақ түсті қауырсындарына қарай оны "ақүлпек" деп атаған. Кәнігі құсбегілер бүркіттің жасын көбінесе қанаттары мен құйрық қауырсындары түсінің жыл сайын түлеп өзгеруіне қарап ажыратқан:

  • 1 жаста – балапан;
  • 2 жаста - қантүбіт;
  • 3 жаста – тірнек;
  • 4 жаста – жастүлек (тастүлек);
  • 5 жаста – мұзбалақ;
  • 6 жаста – көктүбіт;
  • 7 жаста – қана (құмтүлек);
  • 8 жаста – жана (қутүлек);
  • 9 жаста – майтүбіт (қоңыртүлек);
  • 10 жаста – баршын (кәрітүлек);
  • 11 жаста – барқын (ақтүлек);
  • 12 жаста – шөгел (ақырғы түлек немесе кәрі бүркіт);
  • 15 жаста – сұмтүлек;
  • 20 жастан асқан соң "мола" (молаға ықтағыш деген ұғым) деп атаған.
Қоян аулаған бүркіт
Бүркіттің қоян аулап жатқан сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Тәуелсіздігіміздің ақиқат айғағы – киелі бүркіт" мақаласында бүркіттің пірі "Шегірбаян" деп аталатыны жайлы ертедегі айтыс өлеңдерінде кездеседі. Ал бүркітшінің пірі "Жалайыр Шора" деп аталады. Бұған қатысты аңыз бойынша бүркіт "Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора алады" деген сөз тіркестері сақталғаны туралы мысал келтірілген.

Қазақ тілінде бүркіттің еркегін "шәулі" (бұқатана) деп, ал ұрғашысын "ұябасар" деп атаған. Бүркіттің шәулісіне қарағанда ұябасардың дене тұрқы ірі болып келеді. Ұябасардың орташа дене салмағы 3,8-6,3 келіге дейін жетсе, шәулісінің салмағы 2,8-4,1 келі болады.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде бүркіттің маңызы қандай болды?

Ертедегі қазақтар тұлпарды ғана емес, сонымен бірге құсты да кие тұтып, мәйітпен бірге жерлейтін болған. Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері орта ғасырда адам мүрдесімен бірге қыран бүркітті қоса жерлегендігін келтіріп отыр. Бұл жөнінде Б.Хинаят, Қ.М.Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" кітабында мәліметтер берілген.

Атырау облысы Құлсары кентінің солтүстік шығысындағы атақты Бекет Ата – Ақмешіт культтік жерлеу кешенінен алты шақырым жердегі Аралтөбе қорымындағы үш қорғанның (ІІ) бірінен еркек пен әйел мүрдесімен аң стилінде жасалған алтын бұйымдар, бүркіт пен протомалары бірге жерленген (Суретті қараңыз). Үш бөліктен тұратын кеңістікке киелі құс бүркіт адам жанын көкке алып шығады деген танымнан туған. Шығыс Қазақстан облысындағы Маңырақ, Тарбағатай арасындағы Шілікті жазығындағы ерте темір дәуіріне жататын аттас қорғандарынан табылған алтын әшекейлер арасынан бастары артқа қайырылған шеңгелі мен жанары перуза тастармен көмкерілген 36 дана жыртқыш құс (бәлкім бүркіт) кескініндегі құйма алтын қапсырмалары ұшырасады.

Бүркіт мүрдесі
Аралтөбе маңынан табылған бүркіт мүрдесі. Көрнекі сурет: З.Самашевтың қазба жұмысында түсірілген сурет

Құсбегілік жайында

"Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" кітабында көшпенділердің құсбегілік өнері жайлы мынадай деректер берілген:

Көз тойғысыз қызығы мол құсбегілік өнер сол кездегі хан, патшалардың сән-салтанатына айналған еді. Әлемді дүр сілкіндірген әмірші Шыңғыс хан сұңқар салғандығы туралы парсы жылнамашысы Ата Малик Жувейни жазады. Оның тұстасы Керей Тұғырыл хан, Шыңғыс мұрагерінің бірі Құбылай хан, сондай-ақ Әмір Темір сияқты адамзат тарихындағы атақты тұлғалардың сүйікті ермегі, пір тұтқан киесі құс салу болғандығын тарихи жазбаларда хатталған. Шыңғыс ханның құсбегілік өнерді жоғары бағалағаны соншалық, ол бұл өнерді мемлекет деңгейіне дейін көтерген болатын. Қызықты да тамаша кұсбегілік өнері моңғолдардың Орта Азияға жасаған шапқыншылығы кезінде әскери жаттығудың ең маңызды мәртебесіне ие болды. Қағанға қыран құстар, соның ішінде ақсұңқарлар көбінесе сый ретінде келіп отыратын болса, кейбір сұңқарлар салық ретінде алынатын.

Орта ғасырда көшпенділер арасында құсбегілік өнер дами түсті. Саятшылық көшпенді халықтың тіршілігімен тығыз байланысты болды. Тіпті, әскери жаттығудың, шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болған деседі. Марко Поло хан ордасында қыран құстың көптігін және олардың бәрі құсбегілікке қолданылатыны туралы қызықты күнделіктер жазған. Ал Гильом де Рубруктың 1253-1255 жылдары. саяхат күнделігінде:

"Оларда (көшпенділерде) ителгі және сұңқар құстары өте көп. Олар құстарын оң қолдарына отырғызады және сұңқарлардың мойындарында құс кеудесінің ортасына дейін салбырап тұратын жіңішке қайыс тағады", - деп жазады.

Қазақ халқы бүркітті неліктен киелі деп санаған?

Жасындай ғұмырын ғылымға арнаған қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың жазбаларында бүркіт құсы жайлы мынадай деректер кездеседі:

Қыран бүркіт – көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптеледі. Жыртқыш құстарды аса қадірлеген қазақтар болса, садақ оғының жебесін "күшігеннің қойлық жүнімен" және "тазқараның тайлық жүнімен" (қауырсынымен) ұштаса, тік ұшады деп сенген.

Б.Хинаят, Қ.М.Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған мәліметте бүркіттің қауырсынының да қадірлі саналғаны жазылған.

Бүркіттің түлегі кезінде түскен қауырсындарын теріп алып, кереге басына іліп қоятын салт бізде бұрыннан бар. Бұл қауырсынды қастерлеушілік, әрі саятта құстың қауырсыны сынып, құстың ұшуына бөгет болса, кәдеге жарату деген сөз. Бүркіт қанатымен үй, кілем, сырмақ, басқа да дүниелерді сыпырмайды. Керісінше, оны жастыққа салып жатса, бас ауырмайды, басты пәледен сақтайды, адам шошып оянбайды деп сенген халық санасынан берік орын алған.

"Көтеріліп" ауырған, қатты шошынған аурулардың басына бүркіт қондырып емдейтін салт бар. Толғақты жеңілдету үшін үйге бүркітті әкеліп, қанатымен желпіп, қыранды көрсететін болған. Бұл - бүркіттің киесі толғатқан әйел мен нәрестені жебесін дегеннен пайда болған ырым.

Қазақ елінің мемлекеттік Туында бейнеленген қыран бүркіт нені білдіреді?

Қыран (бүркіт) бейнесі көп халықтың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының ресми интернет-ресурсындағы "ҚР Мемлекеттік рәміздері" жазбасында берілген.

Қыран бейнесі әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2035500-burkittin-qasieti-qazaq-xalqy-burkitti-nege-erekse-zaqsy-korgen/

pixel