Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы күні: мереке қалай және қашан пайда болды

Опубликовано:

Алматы қаласы
Алатау баурайындағы Алматы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алатаудың баурайында орналасқан ару Алматының мерейлі мерекесі жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Кез келген жанды өзіне ғашық ететін Алматы қаласы туралы қандай қызықты ақпараттар білеміз? Жазбамызда жайқалған табиғатымен, әдемі көркімен талайды тамсандырған шаһар тойының тарихына тоқталамыз.

Алматы қаласының тарихы

Қола дәуірінде қазіргі Алматы қаласының аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған ерте кезеңдегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы дәлел. Бұл жерлерде керамика, тастан жасалған қарулар, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылған.

Біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты мекені болған. Осы кезеңнен түрлі қорғандар мен қоныстар орындары қалған. Соның ішінде сақ патшаларының қорғандарын ерекшелеп айтуға болады. Олардың арасында ең танымал жәдігерлер ретінде Есік қорғанынан табылған "Алтын адам", Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасын айта аламыз. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердің орталығы болып саналды.

Х-ХIV ғасырларда "Үлкен Алматы" аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына ілінді. Алматы сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған осы маңнан табылған ХІІІ ғасырдың 2 күміс дирхемі дәлел. Онда қаланың атауы жазылған.

Ұлы Жібек жолы ыдырағаннан кейін қала өмірінде біршама өзгерістер болды. Бұл кезең Алматының, қазақ жерінің тарихына әсер еткен саяси үрдістермен тарихта қалды. Алматы аумағына қатысы бар аудандарда қазақ мемлекетінің құрылу дәуірі басталды. Ол кезең жоңғар шапқыншылығы, өз тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ батырларының оқиғасымен белгілі.

Алматы телеарнасының сайтында жарияланған ақпаратта қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты екені жазылған. 1855 жылдың ортасында бекініске орыстар қоныс аударған сәттен бастап Верный қарқынды дами түскен.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы Алматинск болып өзгерді. Алайда сол жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

1921 жылы Верныйды Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданады. Арада бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы басталды. Түркісіб құрылысы қаланың Қазақстан астанасы болып бекітілуіне септігін тигізді. 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілді.

Тәуелсіздік жылдарында Алматыда қандай өзгерістер болды?

  • 1993 жылы қала атауы Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.
  • 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.
  • 1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа Заң қабылданып, Алматы қаласы елдің ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталығына айналды.
Медеу көрінісі
Медеу мұз айдынының көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы күні қай кезден бастап тойланады?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Алматыда қала күні дәстүрлі түрде қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Мерекелік шаралар Астана алаңында ұйымдастырылатын. Әдетте қала тұрғындары өнерпаздардың өнерін тамашалап, түрлі шараның куәсі болатын.

azattyq.org мәліметінше 2009 жылы қалалық мәслихаттың ХІХ сессиясында қала күнін басқа күнге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Алматы күні содан бері қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланады. Қала күнін атап өту қарттар күні және ұстаздар мерекесімен тұспа-тұс келетіндіктен кейінге шегерілді. Ал қыркүйектің үшінші жексенбісі мереке ұйымдастыру үшін ауа райының ең жайлы кезеңі деп саналады.

Сол жылы қала күнінде Алматыда алғаш рет оркестрлер шеруі өтті. Әскери оркестрлер фестивалінен шыққан шеру ең жарқын оқиғалардың біріне айналды, оның барысында қалалықтар ашық аспан астында классикалық музыкаға қосылуға мүмкіндік алды.

2015 жылдан бастап Алматыда "Apple Fest" фестивалі ұйымдастырылып келеді. Алма жәрмеңкесі бұған дейін Алматы күнінде жыл сайын өтетін, бірақ алма фестивалі Алматы облысының түкпір-түкпірінен ондаған шаруалардың басын қосып, тұрғындарды түрлі сұрыптағы алма жемісімен қуантты.

2016 жылы Алматының мың жылдығы ерекше аталып өтілді. Қала күні қарсаңында Қазақ хандығынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихымен байланысты іс-шаралар, концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылған болатын. Сұлу шаһардың мыңжылдық мерейтойына орай алма базарына Алматы облысынан 33 шаруа қожалығы 150 тонна жеміс әкелді.

Биылғы алма фестиваліне Алматы облысының Еңбекші қазақ, Талғар, Қарасай, Ұйғыр аудандарындағы 45 бау-бақша серіктестігі 13 түрлі алма сортын әкеледі деп жоспарланған.

Жәшіктегі алмалар
Жәшікке салынған алмалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматыда 2023 жылғы қала күні қалай тойланады?

Қала күніне орай Алматыда 2-30 қыркүйек аралығында бірқатар мәдени-спорттық, ойын-сауық және табиғатты қорғау шаралары жоспарланған.

Қала тұрғындары мен қонақтары көрмелер мен әдеби кештердің, флешмоб, байқаулардың куәсі бола алады. Рухани демалысты қалайтын жандар түрлі спектакль, концерттерді тамашалай алады. Ал спортты серік еткен қауымға арнап турнирлер, бұқаралық және тау жарыстары ұйымдастырылады. Сонымен бірге қайырымдылық және экологиялық акциялар өтеді.

  • 14-30 қыркүйек аралығында арбаттағы Artbat Fest шарасы.
  • 16-17 қыркүйекте Alatau Creative Hub алаңында Almaty kids Fest фестивалі.
  • Urban Fest Almaty – 2023. Стритбол, чирлидинг, роуп джамп, көше биі, воркаут, армрестлинг, гір тасын көтеру, BMX, skateboarding, aggressive inline, kickscooter түрлері бойынша Halyk Arena, Орталық демалыс паркінде шаралар ұйымдастырылады.

Мың бояулы қаланың туған күніне орай өтетін шаралар легін мына сілтеме арқылы біле аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2036803-almaty-kuni-mereke-qalai-zane-qasan-paida-boldy/

pixel