Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мағжан Жұмабаев: ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы

Опубликовано:

Мағжан ақын
Мағжан Жұмабаев. Көрнекі сурет: Wikimedia

Мағжан Жұмабаев - ерекше жазу стилі арқылы қазақтың Пушкині атанған ақын. Ол әдебиет әлемінде лирикалық туындылар жазудың шебері деп танылды. Аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүрген Мағжан Жұмабаевтың қысқа ғұмыры қиындыққа толы болды.

Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы

Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз? Қазақ мәдениетінде Мағжан Жұмабаев өзіндік орны бар ақын, аудармашы, ұстаз ретінде белгілі. Ол жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі болып саналады.

Мағжан Жұмабаев қай жерде және қашан дүниеге келген? Ақын текті жердің тумасы, оның арғы аталары Арғын руының Атығай тайпасынан шыққан атақты адамдар болған. Ол 1893 жылы 25 маусымда (6 шілде) Ақмола губерниясы (Солтүстік Қазақстан облысы) Петропавл уезінің Сасықкөл алқабында дүниеге келген.

Әкесі Бекен ауқатты, өз ортасына беделді, болыс басшысы болып сайланған адам. Бекеннің өзі де білімді адам болған, барлық баласына бастауыш білімді жақсы игеруге мүмкіндік жасаған.

Мағжан Жұмабаев қайда оқыған? Ол сауат ашудың негізін әкесі мен үй мұғалімінен үйреніп, 4 жасынан бастап шығыс тілдерін меңгерген. Мағжан жасөспірім шағында 5 жыл Петропавлдағы медреседе оқыды. Одан әрі білім беру деңгейі жоғары діни оқу орнымен тең түсетін Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесінде оқуын жалғастырды. 1913–1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқып, алтын медальмен бітірді. 1920 жылдардың ортасында Мәскеудегі Әдебиет институтында білім алды.

Мағжан мұғалімдер семинариясын бітіретін кезде Шоқан Уәлихановтың қарындасы Зейнепке үйленеді. Зейнеп 1919 жылы босанып жатқан кезінде қайтыс болады, ал нәресте бір жасқа жетпей шетінеп кетеді. Мағжан Жұмабаевтың екінші әйелінің есімі - Зылиха, ол ақынмен бірге қиындықтың бәрін бірге өтіп, әдеби мұрасын сақтап қалды.

Мағжан Жұмабаев
Лирик ақын - Мағжан Жұмабаев. Көрнекі сурет: Wikimedia

Мағжан Жұмабаев мектеп оқулықтарын құрастыру комиссиясына шақырылған. Оқулықтармен бірге "Педагогика" ғылыми еңбегін жазды. Сонымен бірге "Алаш" партиясын құруға атсалысты. Сол үшін 1918 жылы тұтқындалып, 7 ай Омбыдағы түрмеде отырды.

Мағжан Жұмабаев бірнеше жыл ұстаздық қызметпен айналысты:

  • Омбы мен Петропавлда қазақ мұғалімдеріне арналған курстар ашты.
  • Ташкенттегі Ағарту институтында сабақ берді.
  • Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде шығыс тілдерінен сабақ берді.

Мәскеуде жұмыс істеп жүріп, бірнеше жыл Әдебиет және өнер институтында оқыды. Осы кезеңде Жұмабаев қазақ жазушыларының "Алқа" әдеби бірлестігін құруды қолға алып, бағдарлама жазды. Бірақ ұйым ол кезде рәсімделген жоқ.

1927 жылы Мағжан Жұмабаев қазақ жеріне оралып, ұстаздық қызметке кіріседі, сонымен бірге, газет-журналдардың жұмысына араласты. 1929 жылы "Алаш" партиясының 42 мүшесіне ұлтшылдық пен пантүркизм деген айып тағылып, сол жаламен Мағжан Жұмабаев та 10 жылға абақтыға жабылды. Ақын Соловкидағы атышулы Соловецкий арнайы лагерінде (СЛОН) жазасын өтеді. 1936 жылы ақынның жұбайы Зылиха Максим Горький мен Екатерина Пешковаға жолдаған өтінішхат бойынша ол мерзімінен бұрын босатылды.

Мағжан Жұмабаев қашан қайтыс болды? Ақын екінші рет 1937 жылдың 30 желтоқсанында тұтқындалған еді. Алдыңғы тағылған айыптауларға Жапон тыңшысы дегені тағы қосылды. Мағжан Жұмабаев 1938 жылы 19 наурызда атылып кетті. 1960 жылы ақын толығымен ақталды.

Мағжан шығармалары
Мағжан Жұмабаевтың шығармалары: Көрнекі сурет: YouTube/Қазақстан Тарихы

Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық жолы

Әдебиет порталында ақын Мағжан Жұмабаевтың ерекше талғампаз стилімен ерекшеленгені, оның тек музыкаға ғана бағынатын нәзік сезімдерді сөзбен жеткізе білгені айтылған. Оның шығармалары трагизмге толы әрі әрбір туындысынан тарихтың өзгерісті кезеңінде халық алдындағы жауапкершілікті сезіне білгені көрінеді.

Ақынның "Шолпан" деп аталатын тұңғыш жинағы 1912 жылы жарық көрді. Бұл туынды жас автордың жарқын, ерекше талантын көрсетті. Мағжан Жұмабаев Әдебиет институтында оқып жүргенде "Табалдырық" шығармасы арқылы өзінің шығармашылық манифесін шығарған. Онда ақын әдебиеттегі социалистік реализм принципіне қарсы шықты, ол революцияға емес, Батыс Еуропа мәдениетіне бағытталуы керек деп есептеді.

Сөз зергерінің шығармашылығындағы ең қарқынды және жемісті кезең 1920 жылдармен байланысты. Сол жылдары "Батыр Баян" тарихи жыры шығарылып, ақынның көптеген туындысы қазақ әдебиетінің қазынасына енді:

  • "Сүйемін";
  • "Мені де, өлім, әлдиле";
  • "Тәубе";
  • "От".

Жұмабаев туындыларына ақын шығармашылығын зерттеуші Мейрамгүл Жұмаділова зерттеу жасаған. Шығармашылық жолының басында ақын шығармаларында махаббат лирикасы басым болды, ол махаббатты адам сенгісіз бақыт деп санады. Жәдігерге айналған өлеңдерінде ақын бұлқынған жүрекпен жалынды диалог жүргізеді. Ақынның басқа шығармаларында оның лирикалық стилінің шеберлігі айқын көрінеді.

***

"Күннен туған баламын" өлеңінде ақын шуақты күні жусанды өлкеде желмен жарысқан тұлпар тұяғының үнін сезіне отырып, ұлттық мәдениеттің тереңінен тамыр тартады.

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам.

Өзім - күнмін, өзім - от,

Сөзім, қысық көзімде - от,

Өзіме-өзім табынам.

Жерде жалғыз тәңірі - от.

Оттан басқа тәңірі жоқ.

***

Әдебиеттанушылар тобы Мағжан Жұмабаев шығармаларының тағы бір ерекшелігі сұлулыққа құмарлығымен байланысты екенін айтады. Ақынның қазақ қыздарының сұлулығын суреттеуіне тең келетін ешкім жоқ деседі. Ақын туған жердің сұлулығын әдемі суреттей білген.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді.

Бурабайдың көлі мен Көкшетауды

Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.

Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей

Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.

***

Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы.

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол Арқамды сүйемін!

Мағжан кітаптары
Мағжан Жұмабаевтың шығармалары: Көрнекі сурет: YouTube/Қазақстан Тарихы

Мағжан Жұмабаевтың ақындық мұрасы өз алдына бір төбе. Ал оның публицистикалық қырын Ақан сері, Бұқар жырау, Әбубәкір Диваев туралы жазған мақалаларына аңғаруға болады. 1924 жылы ол халық ауыз әдебиетімен байланысты "Тарту" деп аталатын шығармалар жинағын шығарды. Әдебиет институтында оқыған жылдары басқа халық классиктерінен Лермонтов, Кольцов, Бальмонт, Мережковский, Мамин-Сибиряк, Горький, Блок, Гете, Гейне шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысты.

Қуғын-сүргінге ұшыраған ақынның мұрағатын оның жары Зылиха сары майдай сақтаған. Ондаған жылдардан кейін ақын мұрасы оқырманға қайта оралып, кейінгі ұрпақ тарапынан лайықты бағаланып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2036980-magzan-zumabaev-aqynnyn-omir-zoly-men-sygarmasylyq-murasy/

pixel