Қозы Көрпеш - Баян Сұлу: әйгілі ғашықтық жырының кейіпкерлері туралы не білеміз
Жарияланған күні:
"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры - қазақ әдебиетінің баға жетпес жауһары. Қанша ғасыр өтсе де, пәк сезімнің, адалдықтың символы болған ғашықтық жырының орны бөлек. Бұл жазбамызда мәңгілік махаббат дастанының кейіпкерлері туралы қызықты мәліметтер ұсынамыз.
"Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" жырының қазақ тіліндегі мәтінін алғаш рет Ғ.Дербісәлин 1834 жылы хатқа түсірген. Содан сәл кейінірек 1840-1841 жылдары Шыңғыс пен Шоқан Уәлихановтар жырдың бірнеше нұсқасын жазып алған. Бұл нұсқалардың кейбірін Шоқан ұстазы Н.Ф.Костылецкийге беріп, ол И.Н. Березинге жолдайды. Сөйтіп, жырдың бірнеше мәтіні И. Березин жинақтарына енеді. Уәлихановтар жазып алған мәтіндердің кейбірі қолжазба күйінде ел арасына тарап, көшіріліп отырғанға ұқсайды. Сондай бір көшірме Аягөзде тілмаш боп істеген А. Фроловтың қолына түседі де, ол оны көшіріп алады. Қазақ тіліндегі мәтіндер осылайша қолжазба түрінде елге тарады. Оған қоса жыршылардың орындауында ауызша таралып, бір жыршыдан екінші жыршы үйреніп, әр жерде орындалып жүрген. Бұл туралы Сейіт Қасқабасовтың "Алтын жылға" кітабында жазылған.
"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры бірнеше тілде жарыққа шыққан. Жырдағы бас кейіпкерлердің есімдері негізгі түбірлерін сақтай отырып, фонетикалық және инверсиялық өзгерістермен айтылады. Қазақ тіліндегі нұсқаларды Қарабай, Сарыбай, Қозы Көрпеш, Баян Сұлу, Қодар деп келсе, алтайлықтарда Қара хан (Қаратыхан), Ақ хан, Қозын Эркеш (Кезюйке, Кезил), Байым-Сұр, Қодур уул, Қарықпай, Сарықпай, ал башқұрттарда Қарабай, Сарыбай, Кузыйкүрпәс, Маянһылу, татарларда Қара хан, Ақ хан, Кузы Көрпә, Баянсылу (Пайансылу), Қара Қалмақ деп келеді.
Шығарманың ортақ мотивтері ұқсас:
- Екі перзентсіз (ұлсыз) адамның аңға шығып, уәделесуі, құда болуы;
- Ұлдың әкесінің қазаға ұшырауы;
- Жетімге қыз бермеу үшін қалыңдық әкесінің көшіп кетуі;
- Қозы Көрпештің Баян туралы естіп, анасынан сұрауы, шешесінің қарсы болуы;
- Қозының жолға шығуы, жол бойында алуан түрлі кедергілерге тап болуы;
- Қозының қалыңдығының ауылына тазша кейпінде келуі, Баянмен табысуы;
- Қос ғашыққа бір әйелдің қас болуы, қыз әкесі мен оның жақтастарының Қозыға арақ беруі;
- Қозының Баян көмегінің арқасында құтылып кетуі, оның Шоқтерекке барып паналауы;
- Ғашықтарға торғайдың дәнекер болуы, торғайды қаскүнем әйелдің ұстап алып, Қозының қайда екенін біліп алуы;
- Дұшпандардың Қозыны өлтіруі, ол туралы Баянға хабарлауы;
- Баянның әкесіне ауыр сөз айтуы, Қозының қасына барып өлуі;
- Екеуінің бір жерге жерленуі;
- Екі бейіттің үстіне гүл (ағаш) өсуі.
Жырдың бас кейіпкері Қозының бейнесі қалай суреттеледі?
"Алтын жылға" кітабында Қозының өте батыл әрі тәуекелшіл адам екені айтылады. Анасы қанша қарсы болса да, тіпті неше түрлі қиындыққа ұшырайтынын айтса да, Баянды іздеуге тәуекел етеді және осы жолда небір кедергілерден өтеді, басына түскен ауыртпалықтың бәрін жеңеді. Алған бетінен қайтпайтын Қозы тіпті Қарабай бастаған топтың оған қастандық жасау үшін әдейі өткізген тойына Баян қаншама айнытса да барып, аңғалдықпен арақ ішеді, сөйтіп олардың торына түсіп қала жаздайды. Қозы Көрпештің аңғалдығы оның Қодарға сенгенінен де көрінеді. "Батыр аңғал болады" деген халық түсінігін жыршылар Қозының бейнесін сомдау үшін пайдаланған.
Баянның нәзік болмысы қалай бейнеленген?
Баян Сұлу – өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар оның бойына қазақ әйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Баян – сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор әйел ретінде суреттеледі. Қозы Көрпеш туралы, оның кім екені, қандай өмір кешіп жатқаны жайлы Айбастан естігенге дейін Баян жырда "Қыз Баян" деп аталады. Қозы Көрпеш жайлы мәліметке қаныққан соң Баян енді бұрынғы Ай мен Таңсық сөздерінің рас екеніне көзі жетіп, өзін Қозының нағыз қалыңдығымын деп есептейді.
"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жырындағы Қарабай бейнесі қалай сипатталады?
Қарабай – тумысынан сараң әрі қара ниетті адам. Мыңғырған малы болса да, үстіне іліп бір дұрыс шапан кимеген адам. Оның сырты қандай қара болса, іші де сондай. Буаз маралды өзі атпай, құдай атымен достасқан Сарыбайды сорлы жануарды атуға мәжбүр етеді. Бұл – маралдың киесі өзіне емес, Сарыбайға тисін деген арам пиғылы еді. Оның адамгершіліктен жұрдай екені әу бастан білінеді. Жаңа ғана Алланы атап, құда болайық деп серттескен Сарыбай өліп жатса да, Қарабай бұрылып қараған да жоқ, оққа ұшқан маралға барып, ішіндегі екі бұзауын тірідей жарып алып, атына өңгеріп, жөнеле береді. Қарабайдың жауыздығын жыршылар барған сайын күшейте түседі, оны барынша қатыгез, бірмойын, залым етіп көрсетеді. Қарабайдың істеген ісінің бәрі – имансыздық, халық түсінігіне жат қылықтар, сондықтан оның жолы болмайды, түптің-түбінде жеңіліс табады.
Ғашықтық жырының жағымсыз кейіпкері Қодар қалай суреттелген?
Қодар – өзімшіл адам. "Арқаға қызы сұлу бай көшіпті" дегенді ести сала Қарабайдың ізіне түседі, ауылын табады. Сондағы оның ойы – Сұлу қызды алу, мұнысын Қарабайға ашық айтады. Екеуі келіскеннен кейін ол қара жұмысқа кірісіп кетеді. Қызды көрген де жоқ, оның мән-жайын білген де жоқ. Құдық қазып, мал бағып жүре береді. Қызды сыртынан иемденіп, онымен сөйлесуді де білмейді, сөйлесу керек деп ойламайды.
Сейіт Қасқабасовтың зерттеулерінде Қодардың мінез-құлқы да, қылықтары да, сыртқы пішіні де сарказммен баяндалып, суреттелетін айтылады. Мысалы, оның сырт пішіні күлкілі: "Анық он кез өзінің бойы бар, жауырынының жалпағы үш жарым кез, сыңар жұдырығы қолағаштай, ұзыны жауырының алты қарыс". Оның денесі алып болса да, жыршы оны келеңсіз етіп, ирониямен көрсетеді.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне алғашқылардың бірі болып енгізілген. Көне түркі дәуірінен бастау алып, аңызға айналған бұл махаббат оқиғасы толассыз ғасырлар сынынан өтіп, халық жадында сақталды.
Мәңгілік махаббаттың ескерткішіндей болған мазар Шығыс Қазақстан облысы, Таңсық (Тарлаулы) ауылына таяу маңда, Аягөз өзенінің жоғарғы бөлігінде бой көтерген. Таңсық теміржол бекетіне ең жақын орналасқан қала – Аягөз. Аралығы шамамен 100 шақырымды құрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2037344-qozy-korpes-bayan-sulu-aigili-gasyqtyq-zyrynyn-keiipkerleri-turaly-ne-bilemiz/