Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Азулы Шыңғыс хан туралы ел білмейтін құнды деректер

Опубликовано:

Шыңғыс хан бейнесі
Атқа мінген Шыңғыс хан бейнесі. Көрнекі сурет: adebiportal.kz

Ғасырлар бұрын дүниені дүр сілкіндіріп, ел-жұрттың үрейін ұшырған Шыңғыс хан есімін білмейтін адам жоқ. Тарихта ең ірі әмірші ретінде аты қалған Шыңғыс хан шамамен 40 жыл ішінде әлемнің үштен екі бөлігін өзіне бағындырған. Әйгілі тұлға туралы әлі күнге дейін зерттеу жұмыстары жазылып келеді. Бұл жазбамызда Шыңғыс хан туралы құнды деректер ұсынамыз.

Шыңғыс ханға жаудың есімі қойылған

Шыңғыс хан қашан дүниеге келген? Шыңғыс хан 1155 жылы әкесі татарларға жасаған кезекті жорығы кезінде бірнеше татар басшысын, оның ішінде Темучин-Угені тұтқындап, жеңіспен оралған сәтте дүниеге келген екен. Аңызға сүйенсек, Есугей мен Ұлұнның тңңғышы оң қолымен бір кесек қатқан бауырға ұқсас ұйыған қанды уысына ұстап туған екен. Есугей мұны баласының атақты адам болатынының көктен келген белгісі деп білді. Оған қоса өзінің де дәл жауды жеңген сәтінде туған баласының болашағын жауынгер, жаулап алушы болады деп жориды. Сондықтан нәрестеге жеңіліп қолға түскен дұшпан — Темучиннің аты беріледі. Көне монғол тілінде бұл "ұста" деген сөз болатын. Бұл туралы Тұрсын Сұлтановтың "Шыңғыс хан және оның ұрпақтары" кітабында баяндалған.

Шыңғыс ханның бала кезі

Шыңғыс ханның балалық шағы қалай өтті? Темучин он-он екі жасқа келгенде, әлі де жап-жас әкесі Есугей өзіне у берген қас дұшпандары — бұйырнұр татарларының қолынан қаза табады. Туысқандары мен руластары Есугей баһадүр отбасынан сырт айналып кетеді. Темучин мен анасы Ұлұн және бауырлары құс атып, балық аулап күн көруге мәжбүр болады. Сатқындық, талау, зорлық пен өлімді көріп өскен бала өз жақындарына да қатыгездікпен қарайды. Бірде ойын кезіндегі түкке тұрмайтын ерегіс үстінде Темучин мен інісі Хасар екеуі — бірі алдынан, бірі артынан көздеп, Бектерді садақпен атып өлтіреді. Өліп бара жатқан Бектер бүлардың өз інісі Билгүтайды (Бектер, Билгүтай — Есугей баһадүрдің екінші әйелінен туған ұлдар) өлтірмеулерін сұрап, жалғыз өтініш айтады. Кіндіктес бауырларының қанға боялған жансыз денесін жақын маңдағы төбеге қалдырып, Темучин мен Хасар үйіне оралады. Олардың түріне қарап-ақ ақылды ана Ұлұн бәрін де айтқызбай біле қояды.

— Қанішерлер! - деп ызалана айқайлайды ол. — Мына біреуі менің құрсағымнан бекерге қан шеңгелдей туды дейсің бе?! Ана құрсағына ауыз салған жабайы иттер-ай, құртып келдіңдер-ау! Ел ішіндегі аңызда оның аузына мынадай сөздер түскен деседі:

Сен — төбетсің іште жатып жұлынған,

Сен — бүркітсің тасқа барып ұрынған,

Сен — арыстан, тұла бойы ыза кек,

Сен — құбыжық, бәрін жүтар қыза кеп.

Сен — бурасың — өз ботасын шайнаған,

Сен — қорқаусың — өз апанын лайлаған,

Сен — бір итсің қабаған,

Соқыр, зағип адамдарды талаған!

Төкті аямай қарғысын,

Көне сөзден арғысын

Ызалана ұлдарына жаудырды!

Алайда өз отбасы, руластарының ғана емес, бүкіл монғол халқының даңқын әлемге паш етіп, ұлан-асыр жерді жаулап алу арқылы дүниені аяғына бас игізу тек қана сол қандықол Темучиннің маңдайына жазылған еді.

Есугей баһадүрдің өлімінен соң іле-шала 1167 жыл шамасында оның қол астындағы тайпалар бірлестігі ыдырап кетті. Темучиннің әкесіне қарап келген олардың үлкен бір бөлігі сол кездегі монғол тайпаларының ең күштісі саналатын тайшұт тайпасы көсемінің туының астына ауысты. Жетімдіктің жүгі ауыр. Қият тайпасының жаулары тайшұттар, меркіттер және басқалары Есугей отбасының қонысына жиі-жиі шабуыл жасап, малын айдап алып, Ұлұн, Темучин және оның бауыр-қарындастары орманға барып паналауға мәжбүр болды. Шешелері кек алуды ғана ойлап, ұлдарына тайшұттардың бұларға қас дүшпан екенін үнемі ескертіп отырды.

Рашид ад-Диннің деректері бойынша Темучин бірнеше рет тұтқынға түсіп, кісенделіп, бірақ құдіреттің күшімен құтылып кетіп отырған екен.

Монғол деректемесіне сүйенсек, Темучин тайшұт тұтқынынан босап шыққаннан кейін өз отбасымен Бұрқан-қалдунның күнгейіндегі Кулелгу шатқалында тұрады. Ол жерде олар тарбаған (суыр), тау атжалманы — күшігүр аулап, азық еткен.

Осынау оқшау тірлікте Ұлұн хатунның отбасы әлденіп, балалары ер жетеді. Темучин білекті жігіт болып өседі. Ақылды да айлалы, епті де батыл Темучин арасында текті әулеттен шыққандары бар, бір топ жалаңдаған жас тобырдың басшысы болып шыға келеді, олар оны өздерінің көсемі деп таниды.

Шыңғыс хан
Шыңғыс хан ескерткіші. Көрнекі сурет: abai.kz

Талас-тартысқа толы жылдар

XII ғасырдың соңғы он жылы Монғолия үшін қырқысқа толы болды. Жекелеген нояндар мен тайпалар арасындағы сансыз соғыстар, әлеуетті тайпалардың әлсіздерге қырғидай тиюі, барымта, тонау, тұтқынға айдап әкетуі күнделікті дағдыға айналды. Монғол империясы заманында, XIII ғасырда Монғолияда үш рет болған парсы тарихшысы Жувейнидің сөзіне қарағанда, монғолдардың көбісі ол кезде талау мен тонауды, азғындық пен маскүнемдікті ерлік пен артықшылық деп білген.

Бозбала Темучин осындай жағдайда есейді, болашақ билеушінің аңызға айналған ұстамдылығы, құрыштай қатал мінезі осылайша шыңдалып, шынықты. Айналасына бірнеше тайпаларды біріктірген Темучин тайшұттарға қарсы жорық бастап, өзінің бағының жануына маңызды баспалдақ болған жеңіске жетеді.

"Шыңғыс хан және оның ұрпақтары" кітабында 1185 жылы Темучин монғолдың өзге екі көсемімен бірігіп, меркіттерге қарсы жорық жасап, аса күшті меркіт тайпаларының одағын тас-талқан еткені жазылған. Бұл жеңіс Темучинді монғол даласындағы үстем билік үшін таласып жүрген қолбасшылар қатарына қосып, Темучинге басқа тайпалар да қосыла бастайды.

1189 жылы өз қол астындағы тайпалар Темучинді хан сайлайды. Бірақ, шын мәнінде, ол әлі де болса Монғолияның шығыс бөлігіндегі билеушілердің бірі ғана еді, оған бүкіл Монғолия бағынатын күн әлі алыс болатын.

Темучиннің аты керей ханының найман, меркіт және татарлармен соғысына қатысуы арқылы дүрілдеп шықты. Әлемнің болашақ билеушісі сол керей ханының бағыныштысы (вассалы) ретінде соғысты. Алайда бағыныштылық қатынас ұзаққа созылған жоқ. Темучин өз ұлына әйелдікке керей ханының қызын сұрады, ал керей ханы өз ұлын Темучиннің қызына үйлендіруді ойлайтын. Бірақ бұл қарсы құдалық жүзеге аспады, соның зардабы керей ханы мен Темучин арасында дұшпандық отын тұтатты.

Темучин күш-қуатын арттыра отырып, 1203 жылы керейлерді тас-талқан етіп жеңді де, келесі жылы оның 45 мыңдық әскері наймандар мен меркіттерге қарсы жорыққа шықты.

Шыңғыс әскері
Шыңғыс хан және оның әскері. Көрнекі сурет: qazdauiri.kz

Меркіт пен найманның бір бөлігі Темучинге бағынды, қалғандары Ертістен өтіп, батысқа, Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы — XI ғасырдан бастап шығыста Ертіс, батыста Днестр аралығындағы кең дала осылай аталған) жеріне қашты.

1204— 1205 жылдардағы жорықтарда Темучин бұйырнұр татарлары мен өзінің ең басты жаулары — керей, меркіт, наймандарды тізе бүктіру арқылы Монғолияның басты тайпаларын өз қол астына біріктіруді аяқтаған еді.

1206 жылға қарай Монғолия бұрынғы толып жатқан текті де тексіз көсемдердің орнына тумысынан тегеурінді әміршіге, ақылды да айлакер, мәселе найзаның ұшына тірелгенде, әмісе жеңіп шығатын билеушіге ие болды.

Рашид ад-Диннің "Жылнамалар жинағында" Шыңғыс хан жайлы былай суреттеледі:

"Хижраның 602 жылғы раджабынан (1206 жылғы ақпан — наурыз) басталатын Барыс жылы (он екі жануардың ауыспалы күнтізбесі бойынша. — Т.С.) болып саналатын... мамыражай әрі шат-шадыман жыл келіп жеткенде, көктемнің басында Шыңғыс хан тоғыз шоқтықты ақ қылдан ту көтеруге бұйрық берді де, жиналғандардың қатысуымен аса мартебелі ұлы құрылтай өткізді. Осы қүрылтайда оған "Шыңғыс хан" деген есім беріліп, салтанатты түрде таққа отырды. Осы есімді көнқотан руынан шыққан Мұңлық бек эшігенің ұлы Көкешу бекітті, ол Тәп-Тәңірі деп аталатын".

Қатыгез әрі кұдіретті әмірші ретінде танылған Шыңғыс хан әскеріне де өте қатаң тәртіп орнатқан. Ол жазбаша іс жүргізуді қолға алып, "Яса" ("Жасақ") атты заңдар жинағын жариялаған. "Яса" заңдарын орындамаған, тіпті кішігірім қателік жіберген немесе қорқақтық жасаған жауынгерлер бірден өлім жазасына кесілген.

Шыңғыс хан қай жылы қайтыс болды? Шыңғыс хан 1227 жылы Таңғұт мемлекетіне жорыққа аттанған кезінде қайтыс болады. Оның жерленген жері әлі күнге дейін белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2037791-azuly-syngys-xan-turaly-el-bilmeitin-qundy-derekter/

pixel