Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"77 рет ауыр жарақат алған көзсіз батыр": әйгілі Райымбек батырдың ерліктері туралы не білесіз

Опубликовано:

Қазақ батырлары. Көрнекі сурет
Қазақ батырлары. Көрнекі сурет: Қазақфильм киностудиясының ресми сайты.

Әйгілі Райымбек батыр - қазақ елінің даңқты әрі атақты қаһармандарының бірі. Батырдың ерлігі жайлы деректер күні бүгінге дейін зерттелуде. Назарларыңызға Райымбектің танымал ерліктері туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

Райымбек батырдың балалық шағы мен өмірінен қызықты деректер

Көпшілікке батырлығымен танылған Райымбек батырдың ерлігінен бөлек, оның бойында көріпкелдік әрі әулиелік қасиеті бар екенін көпшілік біле бермейді. Ол - Алматы облысы, Нарынқол ауданында 1705 жылы дүние есігін ашқан, албан руынан тараған, атақты көкжал Хангелді батырдың немересі болған.

Райымбек бала кезінен атасы Хангелді батырдың тәрбиесінде болып, күреске, садақ атуға, қылыштасуға бейім болып өседі. Хангелді батыр жоңғарларға қарсы соғыста өзін мықты сарбаз ретінде көрсетіп, ел арасында аты шыққан. Оның тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Райымбек 15 жасынан бастап жорықтарға қатыса бастайды. Өмірінің 33 жылын соғыста өткізген ол 77 рет ауыр жарақат алған екен.

Тұрсынжан Әлдибекұлының "Ана тілі" газетінде жарыққа шыққан мына бір материалында оның атасы Хангелді батыр туралы қызық дерек келтіріледі.

Бірде жалайыр еліндегі Орақ батырдың ауылын қалмақтар басып кетіпті деген хабарды естіген Хангелді батыр бастаған албандар оларға көмек қолын созуға аттанады. Жалайырлар мен албандар біріккен топтан қалмақтар ойсырай жеңіледі. Хангелді батырдың ерлігіне риза болған Орақ оған сый-құрметін көрсетіп, бұйымтайға не алғысы келетін сұрапты. Сонда көп кідірместен Хангелді ұлы Түкеге Орақтың қызы Қарашашты әйелдікке беруін сұрайды. Екі батыр өзара келісіп, Қарашаш албан елінің келіні атанады.

Райымбек батыр
Райымбек батыр в бою: YouTube/Жер сыры / Аудио әңгіме

Тоғыз ай, тоғыз күн өткенде, дүниеге шекесі торсықтай ер бала келіп, оның есімін Райымбек деп атаған. Кейін Қарашаш екінші баласын босанғанда, қайтыс болып, оның балалары жеті жасқа дейін нағашы атасының қолында тәрбиеленген екен. Райымбектің әкесі Түке, дене бітімі мығым, бойы ұзын, көп сөздің емес, істің адамы болған деседі. Ат баптап, құсбегілікпен айналысқан. Райымбек аталарының жанында болып, сол кісілердің тәрбиесін көріп өскендіктен болар, әкесі Түкені - ағасы сияқты қабылдаған. Әкесі баласына ат баптау, төзімділік пен сабырлықты, барлық пен жоқтықтың қадірін түсінуге баулыған.

Қазіргі таңда тарихшылар Райымбектің ерліктері қазақ тарихында ерекше орын алатынын айтады. Зерттеушілер тіпті оған "Қазақтың Робин Гуды" деген атақ берген екен. Райымбек туралы аңыздар да жоқ емес. Кейбір деректерде ол ешқашан жеңіліп көрмеген, қашан да қарсыласынан күштірек болып, тіпті оның көзін байлап тастайтын қасиеті бар деседі. Осындай ерекше қасиеттері туралы деректерді жинай келе, кейбіреулер оны қазақ халқына қиын-қыстау кезеңде жіберілген "Алланың ерекше адамы" деп атаған.

Райымбек батырдың ел білмейтін ерліктері

Sputnik Қазақстан басылымы ұсынған мына бір танымдық мақалада Райымбек жайлы келесідегідей қызық дерек келтіріледі.

Екі жасар бала Райымбектің аузына бірде жылан кіріп кетіпті. Әлгі жыланнан Райымбек қорықпай, керісінше басын тістеп алып, лақтырып жіберген деседі. Оны көрген жұрт бұл баладан батыр шығады деп болжаған екен. Кішкентайынан атасымен бірге өсіп, соғыстың әр алуан тәсілдерін меңгерген ол әлгі болжамды ақтап шыққандай.

Батырдың бала кезіндегі ерліктері

Нағашы атасы оған жеті жасында-ақ соғысқа қажет киімін, қару-жарағын, астына мінетін атына дейін сыйға тартқан. Сыйлаған тайға Райымбек "Көкойнақ" деп ат беріп, онымен талай жорықтың басын қайырған. Батырдың соғыста ұстанатын негізгі тактикасы - неғұрлым аз шығынмен жеңіске жету еді. Соғыста тек күшпен мықтылығын көрсетіп қана қоймай, ол ақыл-ойының ұшқырлығын, дипломатиялық қасиетін де талай мәрте дәлелдей білген.

Райымбектің Наурызбай батырға көмектескен ерлігі

Бірде Наурызбай батырдың жасағы Жетісудың бойында қалмақтарға соңғы соққысын жасайды. Ол жасақтың ішінде Райымбектің атасы Хангелді және тағы да басқа албан батырлары қатысыпты. Оны білген жас сарбаз Райымбек Іле өзенінің бойына барып, оларға көмек қолын көрсетеді. Дәл сол уақытта, ауа райының қолайсыздығына байланысты судың беті әлсіз қатып, жасақ өзен бойынан өте алмай тұр екен. Райымбектің тапқырлығының арқасында барлық жасақ аман-есен өзенді кесіп өтіп, жорыққа аттанады.

Ойрантөбе жеріндегі соғыс

Батырдың ең танымал жорығы Ойрантөбе жеріндегі соғыс. Нағашы атасы сыйлаған Көкойнағымен ол дәл осы Ойрантөбе жерінде ерекше ерлігімен көзге түседі. Жорық қазіргі Нарынқолға қарай 160 шақырым жерде болып, Райымбектің көзсіз батырлығымен есте қалған. Ол дұшпандардың бас көтерер батырларының бәрін кезекпен жығып, сөзсіз жеңіске ие болған. Жорықтың нәтижесінде Ойрантөбе, Түрген, Жалағаш жерлері жаудан босатылып, елге қайтарылған. Әрі қарай Райымбек Жіңішке, Таушілік, Қарабұлақ, Кеңсу, Қарқара жерлерін еліне қайтаруға жорыққа аттанды.

Райымбектің орта жүзге көмегі туралы не білеміз

Сонымен бірге Райымбек бірде орта жүзге де көмек қолын созған. Тарбағатай мен Шәуешек шекарасын жауып, өзара араласпай қалғанын білгенде, Райымбек бірден жорыққа аттанған. Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген батырлармен 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысып, қарсыластардың әскерінің күл-талқанын шығарған.

Аңырақай шайқасы. Көрнекі сурет
Аңырақай шайқасы. Көрнекі сурет: E-history.kz

Батырдың әулиелік қасиеті

Райымбектің бойында батырлығынан бөлек Алладан дарыған әулиелік қасиеті де болған деседі. Оған дәлел ретінде Кегенге баратын жолдағы Торайғыр тауындағы киелі бастауды айтуға болады. Торайғыр тауының бір жағында халық бір ұрттам суға жар болып өмір сүріпті. Ал екінші жағы шүйгін болған деседі. Қалмақтар соғыс барысында, қазақ халқын сол шөл жаққа ығыстыра беріпті. Мұны білген Райымбек тау басынан су шығады деп найза қадаған екен. Дәл сол жерден су көзі пайда болып, мөлдір бұлақ пайда болыпты. Әлі күнге ол жер "Райымбек қадаған найзадан шыққан су", - деген атауға ие.

Сонымен қатар Райымбек өзі өмірден озғанда, денесін түйеге салып, әлгі түйе тоқтаған жерге жерлеңдер деп өтініш жасаған екен. Артында қалған елі дәл солай жасап, түйе шөккен жерге батырды жерледі. Уақыт өте келе, ол жерде қала басшылығының жоспары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілетін болып, ол жерді тегістеу бұйырылады. Халық аузында ол жерге ешқандай техника жақындай алмай, сөніп қала беріпті деген әңгіме тараған. Содан кейін ол жерге ешкім тиіспей, Райымбектің бейіті болып қоршалған. Қазірде ол көшеге батырдың аты берілді.

Райымбек батыр мешіті. Сурет
Райымбек батыр мешіті. Сурет: muftyat.kz

Қазіргі таңда Алматы қаласының шығысында, Талғар жолында "Райымбек батыр" мешіті бой көтерген. Мешіттің жалпы көлемі 750 шаршы метрді құрап, оған бір мезгілде 850 адам намаз оқи алады. Мешіт ресми түрде 2004 жылы ашылған. Мешіт жанынан қосымша 500 адамдық намазхана 2010 жылдан бері жұмыс жасап тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2037901-77-ret-auyr-zaraqat-algan-kozsiz-batyr-aigili-raiymbek-batyrdyn-erlikteri/

pixel