Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алаш орда тарихы: қалай құрылды және негізін қалаушылар

Опубликовано:

Алаш қайраткерлері. Сурет
Алаш қайраткерлері. Сурет: "Алаш" электронды кітапханасы.

XX ғасырдың басы - қазақ тарихында Алашорда үкіметінің құрылып, қазақ халқының Ресей империясынан бөлек, "Алаш" автономды мемлекетін құру идеясымен ел есінде. Жалпы Алаш орда тарихы қалай құрылды? Оның негізін қалаушылар қатарында кімдер болды? Аталған сұрақтардың жауабын бүгінгі материалдан біле аласыздар.

Алаш орда қашан құрылды?

Алаш орданың құрылуына қатысты тарихшылар көптеген деректі келтіреді. Тарих ғылымдарының докторы А. Мұсағалиева Алаш қозғалысының тарихына тоқталады.

"Алаш қозғалысының тарихы 1905 жылдан бастау алып, 1937 жылға дейін жалғасады. Жалпы алғанда Алаш қозғалысының тарихы бүгінге дейін жалғасуда деп толық айта аламыз. Себебі Алаш тарихы қазақ үшін өте киелі ұғымдардың бірі және 20 ғасырда қазақ халқының ұлттық ұранына айналды. Қазақстан тарихындағы күрделі мәселелерді бірі – бұл Кеңес Үкіметі кезеңіндегі Алаш үкіметінің тарихы", - дейді ғалым.

Сонымен бірге тарихи деректерде Алаш орда үкіметін алғаш рет қазақ зиялылары құрғаны жазылады. Бұл жөнінде "Алаш" электронды кітапханасында жарияланған "Алаш партиясы, Алашорда үкіметі – Алаш автономиясы" еңбегінде былай деп айтылады:

"1905 жылы соңына қарай Орал қаласында өткен қазақ облыстары өкілдерінің сиезі "Қазақ конституциялық демократиялық партиясын құру туралы" шешім қабылдады. 9 адамнан тұрған оның ОК мен бағдарламасы жөніндегі хабар "Фикер" (Пікір) газетінде жарияланды (1905, 25-желтоқсан).

Орталық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғышарттар қалыптаса қоймаған болатын. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. М. Сералин бастаған "Айқап" журналы төңірегінде топтасқан зиялылар ең өзекті мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдамаларға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді".

Тарихшылардың зерттеуінше Алаш орда Үкіметінің құрылуына Ресей империясының қазақ елін отарлау саясаты, халықтың өз елін өзі билеу құқығынан айыруы, тіл, дін, мәдениет пен әдебиет мәселесінің күрделенуі себеп болған. Осы тұста Алаш орданың құрылу жолында Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Ж. Досмұхамедов және т.б. тұрған.

Зерттеушілер Алаш орданың құрылуына себеп болған тағы бір жағдай – Ресейдегі қос төңкеріс болған. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан Гуманитарлық академиясының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова "Алаш орда үкіметі және мемлекеттік тіл" мақаласында былай дейді:

"1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.

1917 жылы Қазақ съездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ съездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті", - дейді автор.

Алаш үкіметінің көрнекті қайраткерлері. Сурет
Алаш үкіметінің көрнекті қайраткерлері. Сурет: E-history.kz басылымы.

Алаш орда тарихындағы негізгі жалпықазақтық съездер

Ал 1917 жылы 21-28 шілдеде бірінші жалпықазақ съезі өтіп, онда "Алаш" партиясы құрылады. Онда 14 мәселе қаралған:

  1. Мемлекет билеу түрі;
  2. Қазақ облыстарындағы автономия;
  3. Жер мәселесі;
  4. Оқу мәселесі және т.б.

Алаш орда үкіметінің екінші съезі, яғни екінші жалпықазақ съезі 1917  жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен. Съезде қаралған маңызды мәселелерге: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б. жатқан.

Тарихшының айтуынша, аталған съезде қоғам қайраткері, күрескер Міржақып Дулатов баяндама жасаған екен. Ол онда қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру қажет екенін айтқан.

"Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді.

Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с.", - дейді зерттеуші.

Алаш Орда үкіметінің құрудағы басты мақсат – қазақ қоғамын оятып, халықтың ұлттық құндылықтарын ұмытпауына, өзіндік, дербес ел болып қалыптасуына жол ашу, жас ұрпақтың білімді, өз тіліне құрметпен қарайтын, ұлтшыл болып қалыптасуына үлес қосу болды. Өкініштісі, Алаш орда үкіметін құрған ұлт қайраткерлерінің барлығы дерлік саясат құрбаны болып, 1937-1938 жылдары ату жазасына кесілді.

Десе де Алаш орда мен оның қазақ тарихындағы алар орны ерекше болатыны сөзсіз. Алаш ардақтылары кейін Кеңес үкіметі тұсында ақталып, олардың бай әдеби мұрасы әлі де зерттелуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2037902-alas-orda-tarixy-qalai-quryldy-zane-negizin-qalausylar/

pixel