Ең көне батырлар жыры: кейіпкерлері мен таралу тарихы
Жарияланған күні:
Батырлар жыры – көлемі мен мазмұны жағынан халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын жанрдың бірі. Тарихи оқиғалардың ізі сақталған батырлар жырына ерлік, батырлық, елді сыртқы жаудан қорғау тақырыбы арқау етіледі. Бұл жазбамызда қазақ халқының ең көне батырлар жыры жайлы мәліметтер ұсынамыз.
Халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алатын батырлар жырының мазмұны терең. "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", "Ер Тарғын" жырлары қазақ мәдениетінде тағылымы мол туындылар болып саналады.
"Алпамыс батыр" жыры – түркі халықтары арасына кеңінен тараған ертеден келе жатқан эпостардың бірі. Дастанның көне нұсқаларының бірі түркі халықтарына ортақ "Қорқыт ата" кітабында жырланған Алып Бамсы – Бамсы Бəйрек туралы жыр болып есептеледі.
Өзбек халқында "Алпамыш", қырғыздарда "Алп Манаш", башқұрттарда "Алпамыша" атымен жырланатын дастанның қазақ жерінде А.Нысанов, С.Жаңбыршин, Н.Байғанин, Рахат жырау сынды ақын-жыраулар жырлаған нұсқалары кездеседі.
Ə.Оспанов, Е.Ақынбеков сынды авторлар "Алпамыс батыр" жырының қара сөзбен айтылатын нұсқаларын сақтап жеткізген. Жырдың 1922 жылы Ə.Диваев жариялаған ертегілік нұсқасы мен 1939 жылы С.Мұқанов құрастырған "Батырлар жыры" кітабында жарияланған нұсқасы сақталған.
"Алпамыс батыр" жыры
"Алпамыс батыр" жыры басқа батырлар жырына қарағанда ең көне жыр болып есептеледі. Алпамыстың дүниеге келуі, түртіп қалған баланың өліп қалуы, зынданда жеті жыл жатуы сияқты оқиғалар жырдың көне туынды екенін айғақтай түседі. Жырдағы жақсылық пен жамандықтың тартысына қарап ондағы кейіпкерлерді екі топқа бөліп қарастыруға болады.
"Алпамыс батыр" жырындағы жағымды кейіпкерлер кімдер?
- Алпамыс – негізгі кейіпкер.
- Байбөрі – Алпамыстың әкесі, Қоңырат елінің байы.
- Аналық – Алпамыстың анасы.
- Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы.
- Жәдігер – Алпамыстың баласы.
- Шұбар ат –Алпамыстың тұлпары.
- Гүлбаршын – Алпамыстың сүйген жары.
- Алтыншаш – Гүлбаршынның анасы.
- Қаракөз – Алпамысқа ғашық болған Тайшық ханның қызы.
- Кейқуат – Алпамыстың зынданнан шығуына себепкер болған қойшы.
- Құлтай, Тортай – Алпамыстың туыстары.
"Алпамыс батыр" жырындағы жағымсыз кейіпкерлер кімдер?
- Ұлтан – зорлық-зомбылықты өз жақындарына жасаған залым адам.
- Сарыбай – Шекті елінің байы, Гүлбаршынның әкесі.
- Қараман – Гүлбаршынды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы.
- Тайшық хан – Байбөрінің жылқысын алып кеткен хан.
- Таймас – Алпамыспен шайқасқан жігіт.
- Бадамша – Ұлтанның сақау әйелі.
- Мыстан кемпір – Алпамысты алдап қолға түсірген жауыздық иесі.
"Қобыланды батыр" жыры
"Қобыланды батыр" – халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының бірі. Әке мен шешенің зарығып көрген жалғыз баласы Қобыланды бойына жастайынан батырға тән қасиеттерді жиып өседі. Ер-азаматқа лайық болмысымен шартты орындап, Көктім аймақ ханның жалғыз қызы Құртқаны ұзатып алуынан басталған жыр оқиғасы Қобыланды батырдың ерлік, батырлық әрекеттерімен жалғаса береді. "Қобыланды батыр" жырының кейіпкерлері кімдер?
- Қобыланды – негізгі кейіпкер.
- Аналық пен Тоқтарбай – Қобыландының ата-анасы.
- Қарлығаш – Қобыландының қарындасы.
- Естеміс – Тоқтарбайдың жылқышыларының, тоқсан құлының бастығы.
- Көктім аймақ – Қызылбас елінің ханы.
- Құртқа – Көктім аймақ ханның қызы, Қобыландының сүйген жары.
- Қызыл ер – Қызылбас елінің батыры.
- Қазан – Қызылбас елінің батыры.
- Сейілдің ұлы Қараман – Қобыландының жолдасы, Қазанға қарсы күресетін батыр.
- Алшағыр – қалмақтың ханы.
- Тайбурыл – Қобыландының тұлпары.
- Көбікті – хан.
- Қарлыға – Көбікті ханның қызы.
- Ақмоншақ – Қарлығаның тұлпары.
- Орақ – Қобыландыға көмекке келген жас батыр.
- Қамқа – Орақтың анасы.
- Қара қасқа ат – Қазанның тұлпары.
"Қобыланды батыр" жырының қолжазба қорларында жиырма алты нұсқасы сақталған. Нұрпейіс Байғанин жырлаған "Қобыланды батыр" жырының үзіндісі 1940 жылы ақынның "Ақын шабыты" жинағында жарияланды. 2006 жылы жырдың толық нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған "Бабалар сөзі" жүз томдығының 36-томында жарық көрді.
Марабай жырау (Құлжабайұлы), Айса, Көшелек, Е.Ешімов, А.Толымбаев, Н.Байғанин жырлаған нұсқалары мен Ə.Диваев, М.Тұяқбаев жазып алып, бастырған мəтіндері көбірек танымал. "Қобыланды батыр" жырының ең көлемді нұсқасы – Нұрпейіс Байғанин жырлаған 9300 жолдан тұратын нұсқа.
Нұрпейіс Байғаниннің өз аузынан жазып алынған мына мәлімет Орталық Ғылыми кітапханада сақтаулы тұрған қолжазба кіріспесінде берілген:
"Мен он жеті жасымнан жырладым. Сол кезде тұқымды жырау Махует деген жыраудан осы Қобыландыны үйрендім. Махуеттің əкесі Ділмағамбет, Ділмағамбеттің əкесі Бітеген, Бітегеннің əкесі Терлікбай, Терлікбайдың əкесі Бақы, Бақының əкесі Жаскелең, Жаскелеңнің əкесі Бекберген деген атақты жыршылар өтіпті. Атадан балаға Қобыландының осы мен айтатын желісі қалған екен. Мен мазмұнын бұзбай, ертегісін сол күйінде беріп отырмын. Ожырай деген елден ақсақ Қонақберген деген айтқыш ақын да Қобыландыны осылай жырлады. Ожырай руынан Кенжеқара жыршы да Қобыландыны осылай жырлады. Қобыландының осы желісі бұрынғы басылып жүрген нұсқасынан көп өзгешелігі болғандықтан жəне шындыққа жанасымды болғандықтан, бағалы болар деп ойлаймын".
"Ер Тарғын" жыры
"Ер Тарғын" жыры – батырлар жырының ішіндегі таңдаулы шығармалардың бірі. Жырға елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат пен намыс тақырыптары өзек болған. "Ер Тарғын" жырында тарихи оқиғаларжелісі де кездеседі. Жыр оқиғасы Тарғын деген батырдың қырғыз ханының бір адамын өлтіріп, Қырық сан Қырым жұртына қашып келуімен басталады. "Ер Тарғын" жырының кейіпкерлері кімдер?
- Ер Тарғын – жырдың негізгі кейіпкері.
- Ақжүніс – Ер Тарғынның сүйген жары.
- Ақшахан – Ақжүністің әкесі, Қырық сан Қырым жұртының қырық ханының үлкені.
- Ханзада хан – Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайының ханы.
- Қарасай ұлы Көбен, Алшағырұлы Тебен, Өмірұлы Себен – Ер Тарғынның батыр жолдастары.
- Сыпыра жырау – Ер Тарғынға басу айтқан ақылды қария.
- Ардаби – Ер Тарғын мен Ақжүністің ұлы.
- Әжігерей, Айтқожа – Ардабидің ұлдары.
- Тарлан – Ер Тарғынның тұлпары.
- Қанатты қара – Ақшаханның тұлпары.
- Қартқожақ – Ер Тарғын мен Ақжүністі қуып жеткен Ақшаханның қарт батыры.
- Домбауыл – қалмақтың батыры.
Жыр соңында барлық қиындықты еңсерген Ер Тарғын елдің ханы әрі батыры болады. Ақжүніс екеуінен туған баласы Ардаби бек, асыл би болады. Оның баласы Айтқожа да бес қалаға хан болып, мұратына жетеді. Ерлік пен елдікті арқау еткен батырлар жырының соңы жақсылықпен, мұратқа жетумен аяқталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2038565-en-kone-batyrlar-zyry-keiipkerleri-men-taralu-tarixy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.