Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалайыр руының шежіресі: қызықты деректер

Опубликовано:

Садақ ату
Жамбы ату сайысынан көрініс. Көрнекі сурет: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақ халқының тек деген дүниеге ерекше мән беруі тегін емес. Қай рудың шежіресіне үңілсек те, батырлықтың, тектіліктің үлгісін көруге болады. Бұл жазбамызда Ұлы жүздің ішіндегі Жалайыр руы туралы қызықты деректер ұсынамыз.

Қазақ руларын жүзге бөлу қай кезден басталды?

"1607-1636 жылдардағы орыс-моңғол қатынастарының тарихы туралы материалдар" деген кітапта "жүз" деген атау Қазақ хандығында 1616 жылдан бастап пайда болды",- деп жазылған.

  1. Ұлы жүзге кіретін рулар: албан, суан, дулат, жалайыр, қаңлы, сарыүйсін, шапырашты, ысты, сіргелі, ошақты, шанышқылы.
  2. Орта жүзге жататын рулар: арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей және уақ.
  3. Кіші жүзге Жетіру: тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері, керейт және он екі ата Байұлына жататын адай, беріш, байбақты, тана, таздар, шеркеш, масқар, ысық, қызылқұрт, есентемір, алаша, жаппас, алты ата Әлім руына жататын шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей рулары кіреді.

Жалайыр руы туралы не білеміз?

Жалайыр — қазақ халқын құрайтын, шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына кіретін ру. "Алаш айнасы" газетінің "Шежіре" айдарында Жалайыр руы туралы мынадай мәлімет берілген:

Диқанбай батыр шежіресі (Н.Аристов жазып алған) бойынша, Үйсіннен — Ақсақал (абақ таңбалы), Жансақал (тарақ таңбалы) таратылады. Соңғысынан жалайыр тарайды. Басқа бір шежіреде Майқы биден тарайтын Жансақал (тарақ таңбалы) мен жалайыр бір адам деп тұжырымдалады. Жалайырдың шын аты Қабылан екен.

Аңыз бойынша жабайы құланның жалын айырып, содан жалайыр атанған. Жалайыр сырманақ, шуманақ, бірманақ болып үшке бөлінеді. Шуманақтан — андас, мырза, қарашапан, орақты, ақбұйым (арықбұйым), қалпе, сыпатай аталары тараған. Сырманақтан - арықтыным-байшегір, балғалы, қайшылы, күшік тарайды.

Бірманақтан тек сиыршы (байбөген) тарайды. Кейбір шежірелерде бірманақтың аты аталмай, сиыршыны сырманаққа жатқызады. Осыдан келіп он екі ата жалайыр атанған. Сырманақ, шуманақ атаулары Сыр мен Шу өзендерінің бойын жайлағандықтан шыққан делінеді. Ал бірманақ жеке-дара, жалғыз дегенді білдіреді.

Кейбір шежірелерде жалайырдан шыққан, бір атадан тараған арықтыным-байшегірді екі атаға бөліп, он үш ата жалайыр деп аталады. Аңыз бойынша қазіргі Қызылорда облысындағы Шиелі ауылына таяу жердегі Оқшы ата (Мерген ата) қорымы жалайырға кіретін орақтының арғы атасы Орақ батырдың лақап аты көрінеді. Кейінгі ұрпақтары оны әулие санап, атын тура атамаған деседі. VI-VII ғасырларда Түркі қағанатының құрамында болған жалайырлар VIII ғасырда Сыр бойынан шығысқа қоныс аударған деген дерек бар.

Заманында олар оғыз тайпалық бірлестігінің құрамында болған. XI ғасырда бұл топ Цзубу одағының құрамында Хэрлэннің төменгі сағасында қидан, шүршіттермен қанаттас тұрды. IX ғасырдан бастап жалайырлар он рулы "жат жалайыр" тайпасы атанып кетті.

Рашид әд-Диннің жазбаларында жалайырдың саны көп болғаны жайлы жазылған. Ал Қадырғали Жалайырдың деректерінде жалайырлар Келуран (Хэрлэн) деген жерді мекендеген.

Жалайыр руының шығу тегі

Қазақтың Жалайыр руының шығу тегі туралы үш гипотеза бар:

  • моңғол.
  • түрік.
  • аралас.

Моңғол текті деген нұсқамен байланыстырған ғалымдардың ішінде Ш. Уәлиханов, В.В. Бартольд, М.Тынышпаев сынды зерттеушілер болды.

Ю.А. Зуев XII-XIII ғасырларда көптеген түркі тайпасы, соның ішінде жалайырлар саяси себептермен "моңғолға айналды" деген. Ал Н.А. Аристов, С.А. Аманжолов, В.В. Востров пен М.С. Мұқановтар бұл руды түрік-моңғол аралас деп есептеген.

М.Т. Тынышпаев ХІІІ ғасырда Жалайырлардың төрт топқа бөлінгенін, оның екеуінен Шуманақ және Сырманақ деп аталатын қазақ тармақтары шыққанын айтқан. Шуманақтар Шу өзенінің шығысына қоныстанып, Орыс ханның (1377 жылы қайтыс болған) және оның ұлдарының әскер құрамында болған, ал Сырманақтар – Темірден жеңілген Жалайыр Ордасынан шыққан.

Жалайыр руының генетикалық тұрғыда зерттелуі қандай?

Е.Әшірбеков және Н.Айтхожинаның Жалайыр руынан шыққан 93 адамның У хромосомасына жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша мынадай мысалдар келтіруге болады:

Ғалымдар 28 шуманақ, 40 сырманақ өкіліне және руы туралы мәлімет берілмеген 25 адамның У хромосомасының алуан түрлілігін зерттей отырып, бұрыннан айтылып жүрген болжамдарды ашуға тырысты.

Нәтижесінде 15 Y хромосомасының гаплогруппасы анықталды, олардың 10-ы кем дегенде екі рет кездесті: C2-F4002 (N = 39), J2a-M410 (13), N1-M46 (9), G2-P287 (6), R2-M124 (5 ), G1-M285 (5), R1a-M198 (3), J1-M267(3), C2-M48 (3), I2aL621 (2).

Зерттеу бойынша Шуманақ руы үшін (Андас, Мырза, Сыпатай, Қалпе және Орақты) негізгі гаплогруппа C2-F4002 болды. Ал J2a Мырза тұқымынан да табылды. Сырманақ тобы көбіне әртекті болып шықты.

Күшік тұқымында жоғарыда аталған C2-F4002 басым болса, Сиыршының барлық өкілінде G2 гаплогруппасы, Балғалыда R2-M124 және I2a-L621 гаплогруппасы, ал N1-M46 және J2a түрлері Байшегір тегіне тән болды.

C2-F4002 тобындағы Жалайырлардың STR гаплотиптерінің медианалық желілерін талдау олардың бір-біріне жақындығын және басқа қазақ руларынан бөлек екенін көрсетті.

J2a, N1-M46, G2 және R2-M124 сызықтарының гаплотиптері үшін де солай болды. YHRD деректер базасынан іздеу кезінде ұқсас гаплотиптер анықталды:

  • C2-F4002 (моңғолдар, хазарлар, ұйғырлар, Солтүстік Қытай және тағы басқа. популяциялары);
  • N1-M46 (моңғолдар, хазарлар және ұйғырлар);
  • J2a (ұйғырлар);
  • I2a-L621 (венгрлер);
  • G2 (Венгрия және грек сығандары).
ДНҚ
ДНҚ құрылысы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Зерттеу нәтижелері шуманақ тобының біртектілігін көрсетеді, ал Сырманақ құрамалы топқа жатады.

C2-F4002 желісінің (Starcluster) әлем популяцияларында таралуы ХІІІ ғасырдағы моңғолдардың жаулап алған сәтімен сәйкес келеді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл олардың генофондқа қосқан үлесін көрсетеді.

Мұның Шуманақ пен Күшік руында басым болуы олардың моңғол текті екенін көрсетеді. N1-M46 желісінің жақын гаплотиптерінің моңғолдар мен хазарларда табылуы да моңғолдармен байланыстыруға дәлел бола алады. Ал J2a, I2a-L621, G2 және R2-M124 гаплотоптарының анықталған тектері Орталық Азияда моңғолдардың келуіне дейінгі дәуірде болуы мүмкін.

Жалайырлар Шыңғыс ханның ең мықты әскері болған

1190 жылы Тэмуджин (Шыңғыс хан) мен Жамуха арасында болған "он үш күрен" шайқасында жалайырлар Тэмуджиннің бесінші күрені болып аттанды. Олар үнемі Шыңғыс ханмен бірге болды.

"Жетпіс күрен құрылды, әрбір күренде мың үйлік тайпа бар еді" дейді. "Күрен" деп жорыққа 1-2 мың қол атқа қондыра алатын қауымды атаған (Д.Оссон, А. Березин).

Шыңғыс хан империясы тарихында “го ван” лауазымына ие болған жалғыз адамның есімі Мұқылай болатын. "Го ван" сөзі "ұлыс билеушісі" деген мағынаны білдіреді.

Хорезм жорығында жүріп бұл хабарды аса қайғыра қарсы алған Шыңғыс хан оның тұңғыш ұлы Бораға го ван лауазымын беріп, әке орнын бастыруға шығысқа аттандырады. Мұқылайдың ұрпақтары Юань әулетінің ақырғы кезеңіне дейін Шыңғыс хан әулетіне елеулі еңбек етті. Жалпы Шыңғыс хан әскері құрамында жалайыр тектілер елеулі рөл атқарды. Үгідей жасағындағы жалайыр Илугай үш мыңдықтың басшысы болды. Ал Мұқылайдың ағасы Тайсун, інісі Бұқа (әйгілі дарабоз Бұқа) және Ерохан (Ань Ши Сорахан деп жазған), Сартақ ноян, Бала ноян, оның ағасы Архай хоса және Тай Иесур, Мұқа Кәржулар әрқайсысы 95 мыңдықтың бір-бір мыңдығын басқарды.

Жалайыр руы туралы көне Қытай жазбаларында және араб деректерінде де мәлімет кездесе бермейді. Бұл руға қатысты мағлұматтар монғол жазбаларында бар.

Шыңғыс хан мүсіні
Шыңғыс ханның ескерткіші. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рашид ад-Дин Жалайыр руының 10 ірі атадан тұратынын жазады:

  1. Жәйіт
  2. Қоңқауыт
  3. Оят
  4. Көркін
  5. Торы
  6. Тоқырауыт
  7. Құмсауыт
  8. Нілкін
  9. Төлеңгіт
  10. Саңғыт

Ұлт зиялыларының жалайыр руының шежіресін жазудағы еңбегі

"Қазақстан тарихы" энциклопедиялық зерттеулер кітабының 3-томында Жалайырлар шежіресін жазуға қажетті материалдардың негізін XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларының еңбектеріндегі мәліметтер құрайтыны жайлы жазылған. Авторлардың өз халқының тарихын, ру-тайпалық құрылымын, рулар шежіресін өте жақсы білуі бұл ақпараттардың ерекшелігі болса керек. Сол себепті де қазіргі күні жарыққа шығып жатқан әрбір ру-тайпа шежірелерінде XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларының еңбектеріндегі деректерді қолданылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхаметжан Тынышбайұлының, Халел Досмұхамедұлының, Әлихан Бөкейхановтың еңбектеріндегі мәліметтердің жалайырлар шежіресін жазуда көп көмегі тиді. Ал Кеңес дәуіріндегі шежіреге қатысты материалдары бар ғылыми зерттеулерге С.Аманжоловтың, Т.И. Сұлтановтың, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востровтардың еңбектері жатады.

Көне жазбалар
Сарғайған ескі құжаттар. Көрнекі сурет: pixabay.com

XX ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясы тарих, археология және этнология институтындағы этнография бөлімінің ғылыми қызметкерлері Қазақстанның әр түрлі аймақтары мен өңірлерінде жүргізілген этнографиялық экспедиция барысында қазақ халқының шежіресіне, рулары мен рулық құрамына ұрандары мен таңбаларына, орналасуына қатысты көптеген қызықты материалдар жинайды. Экспедицияның қорытындысында В.В. Востров пен М.С. Мұқанов XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуына байланысты зерттеу жұмысын жариялайды. Авторлар Жалайыр тайпасы жөнінде қызықты мәліметтерімен қатар, ғылыми тұрғыда тың тұжырымдар ұсынды.

1970 жылдардан бастап жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясының томдарында "Жалайыр" және оның он үш руына қысқаша түрде ғылыми сипаттамалар беріледі. Бұл томдағы материалдардың Жалайыр шежіресін жазуда көп көмегі тигенін айта кету керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2038603-zalaiyr-ruynyn-seziresi-qyzyqty-derekter/

pixel