Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қобыланды батыр жыры: жыр нұсқалары қандай

Опубликовано:

Қобыланды батыр. Сурет
Қобыланды батыр. Сурет: E-history.kz басылымы

Қазақ ауыз әдебиетінің жауһарлары – батырлар жыры болып саналады. Бүгінгі материалда "Қобыланды батыр" жырына тоқталмақпыз. Батырлық әрі қаһармандық туралы жырдың бірнеше нұсқалары бар. Солардың бірқатарын назарға ұсынуды жөн көрдік.

Қарақыпшақ Қобыланды – қазақ тарихындағы аты аңызға айналған батыр. Тарихшылар оның шамамен XV ғасырда өмір сүргенін айтады. Ол қыпшақ тайпасының қарақыпшақ руынан тараған. Осыдан барып, оны халық арасында "Қарақыпшақ Қобыланды" деп атап кеткен.

Қаһарман батыр батырлығынан бөлек, ірі шайқастарда талай рет қолбасшылығымен де көзге түскен екен. Оның ерлігі туралы жыр – "Қобыланды батыр" жыры деп аталады. Мұндай дерек "Пушкин" атындағы орталық кітапхананың ресми сайтында айтылады.

"Қобыланды батыр" жырының қандай жыр нұсқалары бар?

Тарихшылар "Қобыланды батыр" жырының 29 жыр нұсқасы бар екенін алға тартады. Солардың бірі әрі ең көлемдісі – Марабай нұсқасы болған. Е-history.kz басылымы ұсынған мәліметтерге сәйкес, аталған жыр нұсқасын көрнекті ағартушы Ы. Алтынсарин Марабай жыраудың аузынан жазып алып, "Тайбурылдың шабысы" деген саласын өзінің 1879 жылы басылып шыққан "Хрестоматиясына" енгізген екен.

"Жырдың басқа да үзінділері революцияға дейін "Дала уалаяты" (1899), "Туркестанские ведомости" (1899), "Тургайская газета" (1901), "Труды Оренбургской научной комиссии" (1910) сияқты басылымдарда сөз бола бастайды", - деп жазылған автор аталған мақалада.

Ал Аdebiportal.kz ұсынған деректерге сай, Қобыланды батыр жырының 26 нұсқасы – батырдың ерлігіне арналса, ал 3 нұсқасы оның балалары Бөкенбай мен Киікбай батырларға арналған екен. Одан бөлек, зерттеушілер "Қобыланды батыр" жырының жалғасы болып саналатын Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар көрінеді.

Бір қызығы, аталған нұсқалардың көпшілігі бертін жинақталған. Жыр нұсқалары негізінен алғаш хатқа түсіріліп, оны жыр еткен ақын-жыраулардың есімімен аталып кеткен екен. Мәселен, Марабай, Мергенбай, Біржан, Нұрпейіс, Қабыл Сүйінішәлі, Дәулетше, т.б. нұсқалар. Одан бөлек А. Айтабанов, К. Еламанов, Сыр бойындағы белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған деген дерек бар.

Жырдың қағаз бетіне түскен ең алғаш нұсқаларының бірі - 1914 жылы Қазанда жарық көрген Тұяқбай нұсқасы мен 1922 жылы Ташкентте шығарылған Ә. Диваев жинаған нұсқалар болған. Жалпы жырды жинау, хатқа түсіру жұмысы тек 19-ғасырдан бастап қана қолға алынған.

Жырдың қай нұсқасын алсақ та, онда тарихи негіз бар екенін, онда жер-су, кісі аттары бар екені көруге болады. Ерлік туралы дастар батырдың ерлігінен сыр шертіп, оның сол замандағы болмысы мен бейнесін көрсетеді.

Қобыланды батыр кесенесі. Сурет
Қобыланды батыр кесенесі. Сурет: Қобда ауданы әкімдігінің ресми сайты

Бұл туралы белгілі ғалым Серікбол Қондыбай былай дейді:

"Біріншісі - қандай да жыр болмасын, жыр оқиғасының негізінде ғаламдық, тұтас халықтық деңгейдегі оқиғаның емес, жергілікті, ауыл-аймақтық деңгейдегі, үлкен тарих тұрғысынан алғанда пәлендей маңызды емес оқиғаның  жату мүмкіндігі.

Екіншісі - жырдағы ономастиконға, яғни, адам есімдері, этнонимдер мен жер - су аттарына деген көзқарастың қарабайырлығы. Ең бастысы жырдағы екінші қатардағы, қосалқы рөлдердегі кейіпкерлердің есімдері мен тұрпаттарына дұрыс көңіл бөлінбеуі.

Үшінші - қазақтың «ноғайлы эпосының» барлық дерлік жырында кездесіп отыратын «түрікпен мәселесінің» (түрікпен есімдері, этнонимдері, түрікпен жеріне қатысты жер-су атаулары) шешілмеуі".

"Қобыланды батыр" жырының зерттелуі

Деректерге сүйенсек, "Қобыланды батыр" жырының кей нұсқаларын ғалымдар В. Радлов пен Г. Потанин зерттеген екен. Аталған дастанды қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары С. Сейфуллин мен С. Мұқанов та зерттеп, оны "Батырлар жырына" енгізген. Ал Ұлы Отан соғысынан соңғы жылдары майдангер жазушы М. Ғабдуллин "Қобыланды батыр" тақырыбында докторлық диссертация қорғап, өз монографиясын жарыққа шығарған. Қаламгер өз еңбегінде жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан.

Сол сияқты, зерттеушілер жырдың бір ғана толық мәтіні сақталғанын айтады. Жырдың бұл нұсқасы ақтөбелік жырау Айса Байтабынұлының айтуы бойынша жазылып алынған. Жырдың сюжеттік желісі Мұрын жырау, Нұрпейіс ақынның нұсқаларына ұқсас келеді.

Ерлік туралы дастанның бұл нұсқасы "Қобыланды батыр" жырының нұсқасы 1941 жылы Қазақстан ғылым және білім Министрлігінің орталық ғылыми кітапханасының қорына енгізілген. Сол нұсқа 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлінің бастамасымен үнтаспаға жазылып "Қазақ радиосының" "Алтын қорына" енгізілген.

Одан бөлек "Қобыланды батыр" жырының өзге де нұсқалары Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент және Нөкіс қалаларының мұрағаттарында, Орталық ғылым кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және жазбатану бөлімінде сақталған көрінеді.

Төменде "Қобыланды батыр" жырының Маралбай нұсқасынан үзінді келтіреміз:

Қият рулық Қараманның жауға аттанып бара жатып, құрдасы қара қыпшақ Қобыланды батырға айтқаны:

Қараман айтты: — Құрдасжан,

Мен — Сейілдің ұлы Қараман

Қазанға кетіп барамын,

Жүрмейсің бе, құрдасжан,

Көп қолқалық қыламын

Замандасым, мұңдасым,

Заманы бірге сырласым.

Жасы бірге құрдасым,

Қазан деген шәріге

Сапар тартып, жол шектім,

Жүрмейсің бе, жолбарысым?

Жасыңнан артық талайың,

Қобыланды сынды батыр ең

Жұлдызы туған жоғары,

Жүрмейсің бе, құрдасым?

Дұға тиген ер едің,

Кезіне келген дұшпанның

Білемін, Қобылан, оңбасын.

Қазандағы кәпірге

Сапар қылып жол шектім,

Жүрмейсің бе, жолбарысым?!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2038607-qobylandy-batyr-zyry-zyr-nusqalary-qandai/

pixel