Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үйсін батыр мен тоқалы Доғалақ: Ұлы жүз руларының тарихы, атауы және қызықты деректер

Опубликовано:

Үш жүздің Қазақстан аумағы бойынша орналасуы. Сурет
Үш жүздің Қазақстан аумағы бойынша орналасуы. Сурет: abai.kz

Қазақ шежіресінде ру санының көптігімен ерекшеленетін жүздердің бірі - ұлы жүз. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын мекендеген ежелгі рулар күні бүгінге дейін географиялық орналасуы жағынан дәл осы аймақтарда тұрақтаған. Ұлы жүз рулары туралы қандай қызықты деректерді білеміз?

Әлем бойынша қазақ халқы - қанының тазалығы бойынша бірінші орында тұратын ұлыстардың бірі. Мұның бірден-бір себебі халқымыздың жүзге, оның ішінде руға бөлінуінен деп айтуға толық негіз бар. Қазақ хандығы мен ондағы ру-тайпалардың шығу тегіне байланысты мына мақалада қазақтың үш жүзіне қандай рулар кіретіні жайлы ақпарат ұсынылған.

"Қазақ хандығының үш территориялық-әкімшілік аймаққа, яғни үш жүзге: Ұлы жүз - Ақарыс, Орта жүз - Жанарыс, Кіші жүз - Бекарыс болып  бөлінуі сан ғасырлардан бері жалғасып келеді: 

"Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.

  • Ұлы жүз тайпалары: 1. Үйсін, 2. Шапырашты, 3. Ошақты, 4. Ысты, 5. Албан, 6. Суан, 7. Дулат, 8. Сіргелі, 9. Қаңлы, 10. Жалайыр, 11. Шанышқылы.
  • Орта жүз тайпалары: 1. Арғын, 2. Найман, 3. Қыпшақ, 4. Қоңырат, 5. Керей, 6. Уақ.
  • Кіші жүз тайпалары: 1. Байұлы, 2. Әлімұлы, 3. Жетіру.

Тарихшылар әр жүздің руларының Қазақстан территориясы бойынша орналасқан жерлерін былай деп болжайды:

  • Ұлы жүз – Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы Жетісу өңірі.
  • Орта жүз – Солтүстік, Шығыс, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі.
  • Кіші жүз – Батыс Қазақстан аумағы.

Ұлы жүз руларының шығу тарихы

Ұлы жүздің шығу тарихына қатысты тарихшылар түрлі болжам айтады. Мәселен E-history.kz басылымындағы мына мақалада ұлы жүз рулары Майқы биден тарағаны айтылады. Ол өз заманында Жошы мен Бату ханның ұлы қолбасшысы болған екен.

Ал Sputnik Қазақстан басылымы ұсынған мақалада Үйсін батыр мен оның тоқалы Доғалақ туралы аңыз мысалға келтірілген. Батыр жорыққа аттанарда, халық Доғалақ "жолда толғатып, босанып қалады" деп, оны елде алып қалған екен. Ертеңінде тоқалы қалған елді жау шауып, олар Доғалақтан: "Ел қайда?" деп сұраған екен. Сонда ол: "Мына таудың артында осы елдің жылқысы бар, оны айдаған, айдамағанын білмеймін" депті.

Сөйтіп Доғалақ жауға жол сілтеген екен. Жау жылқыны айдап әкеліп, әйелге бір жылқыны бермек болыпты. Сонда ол өзіне "маған жылқы берсең, осы кәрі құла айғырды беріңіз" деп, кәрі айғырды алдыртыпты. Ал қалған жылқыны жау айдап әкеткен екен. Десе де кәрі айғыр екі күннен кейін бар жылқыны үйірімен қайтадан айдап әкелген көрінеді. Жау жылқыны қайыруға қайтадан келмепті. Доғалақ жылқы тауды айналып орнына барған соң, әйел таудың белінен қиялай түсіп, жылқының ішіне қос қылып отырыпты.

Бірнеше күннен кейін Үйсін батыр еліне келіп, жұртын таппаған көрінеді. Ол сол арадан жылқыны тауып, жылқы ішінен тоқалын тапқан екен. Сөйтіп, екеуі еліне қайтып бармай, тоқалымен сол жерде үй тігіп, қалған. Ал бәйбішесінің он екі баласы батырмен араз болыпты. Соған қарғыс тиіп, қазір сол он екі баланың тұқымы тозып кеткен деген аңыз бар. Ал тоқалының тұқымы "Ұлы жүз" атанып, содан ұлы жүз рулары тараған екен. Басылым бұл деректі "Бабалар сөзі" сериясымен шыққан еңбектен алған.

"Қазақ хандығы" фильмінен үзінділер. Сурет
"Қазақ хандығы" фильмінен үзінділер. Сурет: Қазақфильм киностудиясының ресми сайты

Ұлы жүз руларының шежіресі

"Мәдени мұра" бағдарламасы аясында "Бабалар сөзі" сериясымен жарыққа шыққан еңбекте ұлы жүз руларына толық анықтама берілген. Назарларыңызға ұлы жүз руларының шежіресі жайлы мынадай қызықты деректерді ұсынамыз:

  1. №Албан —шежіре бойынша, ұлы жүз құрамына енеді. Албан атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. V-VI ғасырларда Албандар Жетісу өңіріндегі үрбі (Юебань) қауымдастығында чубань тайпасы аталып, Дулу одағында болған. Қазақ шежіресі бойынша, Бәйдібектің Домалақ ана (Нұрила) есімді кіші әйелінен туған. Жарықшақтың тұңғыш ұлынан тараған тайпа. Атамекені—оңтүстік-шығыс Жетісу. Кейбір ұрпақтары Қазығұрт тауының (оңтүстік Қазақстан) бөктерін мекендейді. Ұ раны—Бақтияр, тайпалық ұраны—Райымбек, Бәйдібек, таңбасы—дөңгелек.
  2. Дулат — қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Қазақ шежіресі бойынша, Дулат—ұлы жүз құрамына кіретін ірі тайпалардың бірі. Н.А.Аристов жазып алған Диханбай батыр шежіресі бойынша, үйсін Бәйдібектің кіші әйелі Домалақ енеден (Нұрила) туған. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды. Дулат өз ішінде Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр болып бөлінеді.
  3. Жалайыр —ұлы жүздің құрамына кіретін рулардың бірі. Диханбай батыр шежіресі бойынша (Н.Аристов жазып алған) үйсіннен Ақсақал, Жансақал, Жансақалдан Жалайыр тарайды. Басқа бір шежірелерде Майқы биден тарайтын Жансақал мен Жалайырды бір адам деп көрсеткен. Жалайырдың шын аты - Қабылан екен. Аңыз бойынша, жабайы құланның жалын айырып, содан Жалайыр атанған. Жалайырдан Сырманақ, Шуманақ, Бірманақ болып үшке бөлінеді. Рулық белгісі — тарақ таңба.
  4. Суан — Жарықшақтың ортаншы баласынан өрбіген тайпа. Суаннан Байтүгел, Тоқарыстан, Бағыс.
  5. Үйсін — Ақарыстан (жоғарыда аталған шежірелер бойынша) Жұмабай, ұзынсақал ыбырайым; осылардың бірінен Кейкі би; Кейкіден—Майқы би; одан—Бақтияр; Бақтиярдан—үйсін, ойсыл. Үйсін өз ішінде Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ) болып жіктеледі.

Ұлы жүздің өзге рулары жайлы шежіреші Мақсұт Дәуітбаев өзінің "Қазақ шежіресі" еңбегінде мынадай анықтама береді:

  1. Сіргелі – Ұлы жүз құрамындағы 11 арыс елдің бірі. Қазақтың барлық шежіре деректерінде үйсінмен бірге туғаны айтылады. Ежелгі деректерде сіргелінің Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ежелгі тайпа екені айтылады. Таңбасы – мұрындық, сірге.
  2. Ысты – 13 ғасырда қазақ жерінде Шу мен Талас бойын мекендеген тайпа. 15 ғасырда Қазақ хандығының құрамына енді, содан кейін өзге тайпалармен араласып, біраз бөлігі Іленің сол жағалауын қоныстанған. Әулиеата, Шымкент, Верный уездерін де мекендеген. Таңбасы – көсеу, ұраны – Жауатар.
  3. Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Ол байлы, қаңыр, аталық, тас жүрек секілді рулар бірлестігіне бөлінеді. Байлыдан сүзік, байсары, қасқа, қабыл рулары; қоңырдан шуылдақ, алданар, жамантымақ, түлікші рулары; аталықтан орақ, жалмәмбет рулары тарайды. Тас жүректен он екі ру тарайды: қосақ, солақай, сейіт, тоқтауыл, қараман, келмембет, бөлек, тас, тілеу, қайғы, таз, кенже. Ошақтылар Талас өзенінің төменгі ағысын қоныстанған. Ошақтының ұраны – Бақтияр, таңбасы – тұмар.
  4. Шапырашты – Ұлы жүз құрамындағы көне тайпа. Тарихи деректерге қарасақ, шапыраштыдан тараған рулар Іле Алатауының бөктеріндегі Түрген, Талғар, Алматы, Ақсай, Қаскелең, Қарғалы, Жаманты өзенінің бойын жайлап, Іле бойын қоныстанған. Шапыраштыдан Қарасай, Кәшке, Бөлек, Байторы, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Қараш, Қаумен, Қасқары, Қазбек, Қастек, Наурызбай, Сатай сиқяты даңқты батырлар мен Жамбыл, Сүйінбай, Үмбетәлі секілді ақындар шыққан. Шапыраштының ұраны – Бақтияр, таңбасы – ай, тұмар.

Қазақстан территориясында еліміздің оңтүстігін алып жатқан ұлы жүз тайпалары халық арасында саны жағынан ең көп тайпалардың бірі. Мәселен, ұлы жүздің дулат тайпасы ел бойынша саны жағынан алғашқы үш рудың құрамына кіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2038630-uisin-batyr-men-toqaly-dogalaq-uly-zuz-rularynyn-tarixy-atauy-zane-qyzyqty-derekter/

pixel