Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Орта жүз рулары: тарихы, атауы және қызықты деректер

Опубликовано:

Орта жүз рулары. Көрнекі сурет
Орта жүз рулары. Көрнекі сурет: Massaget.kz

Қазақтың үш жүзінің ішінде саны жөнінен ең көп таралған рулардың бірі – орта жүз рулары. Бүгінгі материалда орта жүз руларының шежіресі жайлы айтатын боламыз.

Қазақ жүздерінің тарихы жайлы тарихшылар түрлі деректі келтіреді. Мәселен, Қ. Мұхамбеткәрімнің "Үш жүз атауы қайдан шықты?" ғылыми мақаласында қазақ халқының үш жүзге бөлінуі жайлы мынадай қызықты мәліметтерді ұсынады:

"Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

  1. Осы үшке бөліну ежелгі тарихшы Геродоттың еңбегінде де бар. Оның айтуынша скифтердің (қыпшақ-қазақтардың М.Қ.) атасы Тарғытай 3 баласына өз иелігіндегі жерлерді бөліп берген.
  2. "Б.з.д. 2-ғасырда һұндардың жасаған жорығынан кейін, сақ (қазақ) тайпалары мекендеген өңірде үш ірі тайпалық одақ, үйсіндердің, қаңлылардың және аландардың (алаш) тайпалық одақтары жарыққа шықты. Бұл өңірлерде қалған сақ тайпалары осы одақтарға қатынасып, солардың атымен аталатын болды" ("Қазақтың көне тарихы". 58 бет)", - деген мысалдарды келтіреді зерттеуші.

Ал Мақсұт Дәуітбаевтың "Қазақ шежіресі" атты еңбегінде 1917 жылға дейін Орта жүз рулары қыста Сырдария, Қызылқұм, Қаратау, Мойынқұм, Балқаш көлінің солтүстік өңірлерін мекен етті делінсе, жазда Тобыл, Есіл, Нұра, Торғай, Ертіс, Сарысу өзендері саласының алқабында, Орталық Қазақстанның кең байтақ даласында көшіп-қонып жүргені айтылады.

Сонымен бірге аталған еңбекте, Орта жүз рулары солтүстікте Ресей иеліктерінің жерімен шектескені жазылады.

Көшпелі қазақ халқы. Көрнекі сурет
Көшпелі қазақ халқы. Көрнекі сурет: E-history.kz басылымы

Орта жүз қайдан шыққан?

"Бабалар сөзі" еңбегінің 83-томында шежіре бойынша Бекарыстың әкесі - Қазақ, Қазақтың әкесі – Алаш болғаны айтылады. Бекарыс асқан бай, кемеңгер, данышпан, көпшіл, әділ әрі қарапайым адам болған екен. Аңыз бойынша ол көзі тірісінде жомарт әрі кеңпейілді болғаны баяндалады. Алайда Бекарыс перзент сүйе алмаған екен.

Бір күні оның шаңырағында Әулие Қыдыр ата келіп, дәм татады екен. Ол Бекарыстың қонақжайлылығына риза болып, батасын берген көрінеді.

Сөйтіп арада тоғыз ай өтіп, бәйбішесі шекесі торсықтай ұл туыпты. Бекарыс оның атын Қарақожа деп қойыпты. Сөйтіп бәйбішесі бірінен соң бірін босанып, Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Мойынқожа, Ысмайыл, Қасым атты алты ұл дүниеге әкелген. Қарақожадан Арғын туады. Арғынның "аға баласы" атануы осыдан. Ақтамбердіден Қыпшақ, Дайырқожадан Қоңырат, Момыннан Найман, Ысмайылдан Керей, Қасымнан Уақ туады. Осылай Орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарайды екен.

Орта жүз рулары

"Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жарыққа шыққан "Бабалар сөзі" еңбегінде Орта жүз рулары былай деп сипатталады:

Арғын - қазақ халқын құраған негізгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүздің құрамына енеді. Ежелгі қонысы—Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өзендерінің бойлары мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі шөлейт өлке. Бұл тайпаның ежелден келе жатқанын орхон жазба ескерткіштеріндегі, Қытай жазбаларындағы мәліметтер мен М.Қашғари, орыс зерттеушісі Н.Аристовтардың еңбектері айғақтай алады. Қазақ шежіресінде Арғындар бәйбіше Арғын, тоқал Арғын болып екіге бөлінеді. Бәйбішеден тарағандар "бес мейрам" аталып, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік (Қозған), Шегендік (Қақсал), Қаракесек деген аталарға бөлінсе, тоқалдан тарағандар "жеті момын" аталып Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ болып жіктеледі. Арғын тайпасының ұраны—Ақжол, таңбасы—көзтаңба (оо).

Қыпшақ —қазақ халқының қалыптасуына ерекше үлес қосқан, тарихи деректерде көне замандардан-ақ белгілі тайпа. Бір дәуірлерде оның атақ-даңқы тек қандас түрік жұрттарының арасында ғана аспандап қоймай, Еуропа мен араб елдеріне де әйгілі болып, қыпшақ атауы бүкіл түрік тектес елдерді аясында қамтитын кең мағынада да қолданылды. Қазақ құрамына енген Қыпшақтар, шежіре бойынша, негізінен Қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасынан (ұзын, Бұлтың, Көлденең, Қарабалық, Торы) бөлінеді. Алайда бір шежірелерде Мүйізді-Сарыабыздан Қытайқыпшақ, Құланқыпшақ, Сарықыпшақ та таралады. Дегенмен олар туралы деректер кездеспейді.

Найман - көптеген зерттеушінің пікірінше, "найман" атауы моңғолша "сегіз" деген сөзді білдіреді. Қазақ халқының шежіре деректері бойынша, найман орта жүздегі аса ірі тайпалардың бірі. Найманнан Терістамғалы (Елата), Сарыжомарт (Ергенекті Найман), Телегетай, Сүгірші сияқты үлкен рулар тарайды. Найманның ортақ таңбасы— бақан (Ү), ұраны— Қаптағай.

Уақ - Орта жүз құрамына кіретін тайпа. Шежіре деректерінде уақ аталарының бірі ретінде әйгілі Ер Көкше батыр мен оның ұлы Ер Қосай батырдың есімдері аталған. Уақтың шығу тегі туралы пікірлер де әртүрлі. Тарихшылар Ә. Марғұлан мен Н. Мыңжани ІХ-ХІІІ ғасырларда моңғол үстіртін мекендеген онгуттарды уақ деп есептеген. Ш.Құдайбердіұлы мен А. Левшин оларды қазақ хандығына ХІV-ХVІІ ғасырларда ғана қосылды деп санаған. Ал Ш. Уәлиханов Ер Көкше, Ер Қосай батырлар арқылы уақтар Алтын орда ыдыраған кезден бастап көріне бастады дейді. Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша, уақ Керей тайпасымен туыстас. Уақтың алғашқы атамекені Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Моңғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан уақтар өзінің ата-мекенінен ығысып, солтүстікте Тобыл және үй өзендеріне, Батыста Торғай өлкесіне, ал оңтүстікте Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына дейін жетті. Ұраны—Жаубасар, Бармақ, таңбасы—П < (босаға, ашамай).

Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа. Қоңырат тайпасы Көтенші, Көктің ұлы деген үлкен екі бірлестіктен тұрады. Көтеншіден Жаманбай, Аманбай, Жетімдер, Божбан, Саңғыл тараса, Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Құлшығаш, Аққой, Оразкелді, Тоқболат, Қаракөсе ұрпақтары өрбіген.Шыңғыс ханның шешесі мен мұрагерлері тараған үлкен әйелі Бөрте де – қоңырат қызы. Мұхамеджан Тынышпаевтың еңбектеріне қарағанда, қоңыраттардың Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы саны 310 мың адам болған. Қоңыраттардың ұраны – Алатау, Мүкәмәл; таңбасы – босаға таңбасы.

Керей – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. 9-11 ғасырларда олардың саны 200 мың шамасында болғаны айтылады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, киіз үйде өмір сүрген. Керей Ашамайлы және Абақ деген екі үлкен бірлестіктен құралған.Керейлердің ұраны – Ошыбай, Абақ, Жәнібек; таңбасы – қосу белгісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2038820-orta-zuz-rulary-tarixy-atauy-zane-qyzyqty-derekter/

pixel