Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурызбай батыр: ел есінде қалған айрықша батылдығы

Опубликовано:

Шапырашты Наурызбай батыр. Сурет
Шапырашты Наурызбай батыр. Сурет: Ана тілі газеті.

Ел есінде Шапырашты Наурызбай есімімен танылған Наурызбай батыр жайлы тарихта дерек көп. Бүгінгі материалда батырдың ел арасында тараған айрықша ерліктері жайлы тың деректерді ұсынбақпыз.

Наурызбай батырдың шыққан тегі

Құттымбет (Құтпанбет) ұлы Наурызбай (1706-1781) – Абылай ханның қолбасшыларының бірі, он мың әскерді басқарған түменбасы болған. Батыр Алматы облысының Жамбыл ауданында, қазіргі Жалпақтас-Серіктас жерінде дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы Г. Сақтағанованың зерттеуінше, Наурызбайдың шежіресі былай болған: Шапырашты – Асыл – Байбағыс – Батыр – Көрпе – Төлеміс - Серек - Көштай - Сүлеймен - Сиқымбай - Құтпанбет (Құттымбет) – Наурызбай. Автор аталған мақаласында былай деп жазады:

"Наурызбайдың әкесі Құтпанбеттің (Құттымбет) 5 ұлы болған. Наурызбайдан басқа үлкені – Құдайберген, Доланғармен жекпе-жекте танымал болған, осы күресте қаза болған; келесі екі ұлы – Хангелді және Жангелді Іленің сол жақ жағындағы шайқаста қайтыс болған. Наурызбайдың кенже інісі – Қожағұл ұзақ өмір сүрген.

Наурызбай бала кезінен өзінің құрдастарынан мықты дене бітімімен ерекшеленді, ұзын бойлы, қуатты бала болып өсті. Шапырашты Наурызбай туралы Қазыбек былай деп жазады: Мен өмірімде адамзат баласының ішінде Наурызбайдай биік және алып адамды кездестірмедім. Наурызбайдың бойында күш-қуаты бар кезінде иығы түйенің өркешімен тең келген. Және түйенің қасында ол түйенің өзі сияқты биік болып көрінді. Бойымен де түр әлпетімен де ерекшеленді.

Шапырашты Қазыбек Наурызбайдың бала кезгі күшін суреттеген. Бір жирен қасқа құнанды жылқышылар бұғалық тастап ұстай алмай жүрді. Нақ сол сәтте Наурызбай асауға жолбарысша атылды. Оның туқұйрығынан алып жерге баса қалды. Бейшара қасқа құнан шыңғырып жіберді де, дәрет сындыратын итше, қимылдауға шамасы келмей шоңқайып тұрып қалды. Міне, Наурызбай шын мәніндегі күштің иесі еді. Пенденің ерекше тұлғасын көргенім осы Наурызбай ғана".

Наурызбай кішкентайынан ірі әрі ержүрек болып өскен. Ұлының бойындағы батырлық қасиет пен ерекше дене бітімін аңғарған әкесі, оған арнап екі құлынды өсірген екен. Қос тұлпардың екеуі де Наурызбайға 18 жыл бойы қызмет еткен. Ол осы тұлпарлардың бірімен өзінің жоңғарлармен болған ең алғашқы шайқасына аттанған екен.

1723 жылы "Ақтабан шұбырынды" заманында Наурызбай батыр 17 жаста болған. Бұл жылдары батыр өзінің бес ағасымен бірге ерте есейіп, ұлы көшке қатысқан, жоңғарларға қарсы шабуылдап, аз уақыт арасында Қазақ хандығының ең атақты батырларының біріне айналған.

Қазақ батырлары. Көрнекі сурет
Қазақ батырлары. Көрнекі сурет: Argymak.kz

Наурызбай батырдың ел есінде қалған ерліктері

А. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Наурызбай батыр атақты Аңырақай шайқасына қатысып, 23 жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте жеңіп, батыр атанады екен. Баһадүрдің ерлігі мен батырлығына риза болған жұрт оны: "Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады" деп, мақтан тұтқан көрінеді.

Тарихшылардың дерегінше, Аңырақай шайқасы қазақ даласын жайлап жатқан үш жүздің бірігуіне себеп болған. Сол кездері хан болған Абылай хан Арқаға барып, Қазақстанның әр түкпірінен батырларды жинай бастаған екен. Осылайша, Ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай сияқты батырлар келіп, Абылай әскеріне қосылады. Бір қызығы, аталған батырлардың ішінде Абылайдың жанында тек Наурызбай батыр қалады екен. Райымбек бұл әскерге бара алмай қалса, Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған саясатын түсіне алмай, еліне қайтатын көрінеді. Ал Наурызбай хан Абылайдың жанында болып, оның сенім артар атақты батырлардың біріне айналған екен.

1750-1752 жылдары Шапырашты Наурызбай батыр Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге жоңғарларды Тұрпаннан қуып, қазақ әскеріне талай жеңісті сыйлайды.

Зерттеушілер бұл шайқастарға Наурызбаймен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысқанын айтады. Алайда олардың барлығы жау қолынан қаза тапқан екен.

Тарихшылар сонымен бірге Кенесары ханның да үнемі Наурызбай батырмен бірге кеңескенін алға тартады. Бірде Кенесары қоршауда қалғанда, Наурызбай батыр оны құтқарып алмақ болған екен: "Кене аға, маған Ағыбай мен Құрманды бас қылып жүз жігіт беріңіз. Мен қырғыз шебін жарып өтіп, жол ашамын. Сол жерден сіздер де шығасыздар. Бұл бірден-бір дұрыс жол болатын. Бірақ Кенесары:

"Жау шебін жарып өтіп, аты жүйріктеріміз қашып құтылармыз, ал қалғандар қайтеді? Бәрі түгел қырылмай ма? Маған сеніп соңыма ерген елімді жауға тастап, өз басымды сақтасам, сонда менің кім болғаным? Жоқ, өлсек бәріміз бірге өлеміз, құтылсақ бірге құтыламыз!", - деген екен.

Тарих ғылымдарының докторы З. Сақтағанова тарих және этнология инстутының ресми сайтында жариялаған мына мақаласында Наурызбай батырдың ерлігі жайлы мынадай дерек келтіреді:

"Шамал шайқасқа өзінің әйгілі жауынгерлері – Қаскелең, Домбайыл, Боралдай, Қаңыр және басқаларын қояды. Қаскелең жоңғарлардың ішіндегі ең әйгілі және күшті жауынгерлердің бірі болды. Қаскелеңнің атасы мен әкесін XVII ғасырдың аяғында қазақтар тұтқынға алады, ал Қаскелеңнің өзі қазақтардың арасында өскен екен (бір деректерде өзінің есімі қалмақтар (жоңғарлар) тұрып жатқан Алматы маңындағы ауданның атымен аталған дейді). Кейін туыстарына оралғаннан кейін Қаскелең Шамал ханның қолбасшыларының бірі болады. Қаскелең мықты әрі қауіпті қарсылас болған, қазақ тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әсіресе қазақтардың әскери істерін білетін, қазақтардың іс-әрекетін бірден түсіне алған. Ұрыс алдында алғашқы жекпе-жек қалмақ Боралдай мен Шапырашты Қазыбек батырдың ұлы Қасқара арасында басталды. Екінші ұрысқа қазақтардан – Қаскелең, ал қазақтардан Наурызбай батыр шықты. Ұрыс ұзаққа созылмады, Наурызбайдың найзасы жауды тесіп өтті. Аңыз бойынша, Шапырашты Наурызбайдың жеңісі туралы хабар бүкіл далаға тарады. Батыр ұлы батыр мен қолбасшы атақ-даңқына ие болып, түмен (он мыңдық әскер) басшысы атанды", - деп жазады автор.

2006 жылы Алматы облысының Қаскелең қаласында Шапырашты Наурызбайдың 300 жылдығына арналған батырдың құрметіне ескерткіш ашылған. Ескерткіш мүсіншісі – Н. Далбай.

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы батырға арналған ескерткіш. Сурет
Алматы облысы, Қарасай ауданындағы батырға арналған ескерткіш. Сурет: Жетісу газеті

Батырды Бұқар жырау, Жамбыл Жабаев және т.б. атақты жыраулар мен ақындар өз жырларына қосқан. Сол сияқты Н. Айтұлының "Шапырашты Наурызбай" поэмасы (2011), Б. Әбілдаұлының "Шапырашты Наурызбай батыр" тарихи романы (2009), Қазақ хандығының 550 жылдығына орай "Мирас" баспасының үш томдық "Шапырашты Наурызбай батыр" (2015) атты үш томдығы жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2040349-nauryzbai-batyr-el-esinde-qalgan-airyqsa-batyldygy/

pixel