Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың батыр қыздары: ерліктері мен батылдығы

Опубликовано:

Қазақтың батыр қыздары. Көрнекі сурет
Қазақтың батыр қыздары. Көрнекі сурет: Massaget.kz

Қазақ халқы ежелден батылдығымен әрі ержүрек болуымен ерекшеленген. Халық жадында ел басына күн туған сәтте атқа қонып, ерлермен бірге атқа қонған қазақ қыздары да еста қалған. Бүгінгі материалда қазақтың батыр қыздары мен олардың ерліктері жайлы қызықты деректерді ұсынатын боламыз.

Сақ патшайымы – Томирис

Халық арасында қазақтың батыр қыздар десе бірден, арғысы сақ патшайымы – Томиристен бастап, бергісі Желтоқсан құрбаны Хиуаз Доспановалар ойға оралады. Сондықтан бүгінгі материалды сақтардың даңқты қолбасшысы – Томирис – Тұмар патшайымнан бастағалы отырмыз.

E-history.kz басылымы ұсынған мәліметтерге сәйкес, осыдан үш мың жыл бұрын қазақ даласында қуатты сақ тайпалары өмір сүрген. Гректер оларды деп атаса, тарихтың атасы Геродот, тіпті Гераклды да сақ тайпасынан шыққанын айтқан. Сол дәуірде сақтардың жаулары тайпаның әйелдерінен қорыққан деген аңыз бар. Себебі сақ әйелдері ерлермен бірге атқа қонып, садақ атқан, жауға қарсы тұрып, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтауға атсалысқан.

Томирис – массагеттердің патшайымы, скифтердің патшасы Мадийдің шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың қызы немесе немере қызы болған. Кішкентай Томирис бала күнінен батыл әрі ержүрек болып өскен. Ол бес жасында асау атқа мінсе, алты жасында қолына семсер алған. Бес жасынан анасынан айырылған кішкентай қыз, әкесінің тәрбиесінде болған.

Томиристің тарихта қалған ең үлкен ерлігі – б.з.д. V ғасырда өмір сүрген Кир патшасын жеңуі болды. Бүкіл Азия елін басып алмақ болған Кир патша ұрыста Томиристің жолдасы мен ұлын да өлтірген. Сөйтіп оған өзіне тұрмысқа шығуға ниет білдіріп, сақтарды бейбіт жолмен басып алмақшы болған. Десе де Томирис оған көнбей, тіпті қан майданда жеңіске жетіп, Кирдің басын қанға бөктірген деген аңыз бар. Ол мұнысын: "Қанға тоймаған Кир патша, енді қанша ішсең де өз еркің" деп түсіндірген екен.

Бүгінде қазақ тарихшылары батыр қыздың шежіресін зерттеп, түрлі деректі, көркем фильмдер көрермен назарына ұсынылуда. Томирис патшайымның ерлігі – бүкіл түркі елдерінің жадында мәңгі сақталып, көзсіз ерліктің символы болары сөзсіз.

Батыр қыз – Зарина

Қазақ халқында батыр қыздардың дәуірі ежелгі сақ, ғұн кезеңінен бастау алған. Сақ дәуірінде патшалық құрған қыздар туралы деректер ХVІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Әбілғазы Баһадүр Ханның "Түрік шежіресі" еңбегінде бар деседі. Онда Заринаның ханшайымның шамамен 4-5 ғасырда өмір сүргені айтылады. Патшайым туралы деректер, сондай-ақ, Диодор, Ктесий сынды ежелгі тарихшылардың да еңбектерінде кездескен.

Зарина патшайым да сақ тайпасын басқарған. Ол тарихта өзінің батырлығы, сұлулығы және ақылдылығымен ел есінде қалған. Зарина патшайым тұсында сақтарды бағындырмақ болған талай хандар жеңіліс тапқан деректер бар. Оған қоса патшайым елге әділ олып, халықтың тұрмысын жақсартқан, түрлі қалаларды салған.

Зарина патшайым жайлы, сонымен бірге, тарихшы Тұрсын Жұртбайдың "Дулыға" еңбегінде де айтылады. Онда Зарина ханшайым мен Мидия ханзадасы Странгияның бір-біріне ғашық болғаны, алайда Зарина өз елінің тәуелсіздігі үшін, ханзаданың «өзіне тұрмысқа шығу» ұсынысынан бас тартқаны, сөйтіп ел тағдырын өз тағдырынан жоғары қойғаны баяндалады. Ал, Алма Қыраубаеваның "Ежелгі әдебиет" еңбегінде Заринаның ежелгі "амазонкалар" сынды тек қыздардан жасақталған әскери жасағы болғаны, онда тек әйелдер болғаны айтылады. Не дегенмен, Заринаның – қазақ қыздарына үлгі болатындай батыр қыздары санатына жатқызылатыны анық.

Қазақтың батыр қыздары. Көрнекі сурет
Қазақтың батыр қыздары. Көрнекі сурет: E-history.kz басылымы

Ел есінде қалған қазақтың батыр қыздары

"Ақ босаға" газеті ұсынған "Қазақтың батыр қыздары" атты мақалада ерлігімен ел есінде қалған батыр қыздардың мынадай тізімі берілген:

Айбике батыр - Бұланбай батырдың жары. Ол барлаушы топқа жетекші болып, Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар әскерлері, олардың орналасуы туралы мол мағлұматтар жеткізіп тұрған екен. ("Ақиқат", №8/93). "Өскен өңір" басылымы ұсынған деректерге сай, ол алғыр әрі ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін жетік меңгеріп, еліміздің қазіргі Шығыс өңірінде тұманды, боранды күндері адаспай жол тауып, барлау жұмысын жасаған көрінеді. Тарихи деректерде ол 1757-58 жылдары атамекенге қайтқан деп ұсынылады.

Айтолқын батыр – ертеде елінің егемендігі үшін күресіп, жау қолында қаза тапқан батыр қыз. Оның сүйегі қазіргі Ақтөбе облысындағы Терісбұтақ өзенінің бойында жатыр.

Ақбикеш - Қаратаудың солтүстік беткейін мекендеген лтын елінің батыр қызы деген дерек бар. Ол ерлермен бірге жауға қарсы тұрып, ұрыста талай мәрте батылдығымен көзге түскен екен. Тарихшылар батыр қыздың жау қолында қаза тапқанын айтады. Бүгінде Қаратау өңіріндегі Ақсүмбе мұнарасы дәл осы Ақбикешке арнап орнатылған деген аңыз бар. («ҚСЭ», I том, 204-6., т.б. материалдар).

Бопай – Хан Абылайдың ұрпағы, Қасымның қызы, Кенесарының қарындасы (апасы) болған. Тарихи деректерде ол алты ұлын арбаға салып алып, жауға қарсы ұрысқа шыққан деп жазылады. Ол ел тарихындағы маңызы деген барлық шайқастарға қатысқан. Кенесарыға қолдау көрсетіп, талай рет ерлігін паш еткен көрінеді. (Т. Қаратаев, «ЕҚ», 25.5.98).

Гауһар - Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасының қазақ тарихында алар орны ерекше. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жары болған. Тарихшылар Гауһардың жолдасымен бірге көп жорыққа шығып, батырлығымен елді таң қалдырғанын айтады. Baribar.kz сайты ұсынған мәліметтерге сай,  1724 жылы Түркістан жоңғарлардың қоршауында қалады. Бұл шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр, Орта жүзден Сәмеке, Қабанбай батыр келіп, жауға қарсы тұрады. Гауһар батыр сол кезде жаудың қоршауын бұзып, Қабанбай әскеріне қосылған деген дерек бар. Содан бері қос батыр шаңырақ көтеріп, осы тарихи қарсылықтан соң, 1725 жылы "Бұланты" шайқасы жеңіспен аяқталған. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты – Майсара болған деген деректер де бар.

Назым батыр — Қабанбай мен Гауһардың қызы. Ол ата-анасымен бірге көптеген жорыққа қатысып, зеңбіректерді атудың шебері болған деседі. Назым батырдың ерлігі туралы мынадай дерек сақталған:

"Абылай хан тұсында Жаңақорғанды алу үшін сойыл шоқпарсыз жау зеңбірегіне жүрексінбей шапқан ерлігімен ел есінде қалған. Жоңғар тағының мұрагері Цевен Доржы тұрған төбеге қарай басында үкілі кәмшат бөркі бар, ақ боз атты бір қыз бала "Қабанбай! Қабанбай!" деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай лап қойып, "Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай!" деп айқайлап, зеңбірекшілердің түйесін таптап өтеді.

Бүлдіршіндей қыздың осыншама ерлігіне дән риза болған Абылай беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін шешіп, қызға сыйлапты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған жеңісі сол Назымның атымен байланысты болған».

Жандалі (Жәнделі) - Найман елінің батыр қызы болған. Ол жорықта садақ атумен көзге түсіп, мерген қыз деген атқа ие болған. Садақшы, біраз соғысқа қатысқан. Гүліндей жауқазынның нәзік жүзі, Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызы. Азаматтың аққуы Жәнделімнің, Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі. (Ноғайбай ақын).

Ат үстіндегі жауынгер қыз. Көрнекі сурет
Ат үстіндегі жауынгер қыз. Көрнекі сурет: E-history.kz басылымы

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақтың батыр қыздары

Қазақтың батыр қыздары жайлы сөз қозғағанда, Ұлы Отан соғысының батырлары, қос батыр қыз – Әлия мен Мәншүк жайлы атап өтпеу мүмкін емес. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан қазақтың батыр қыздары туралы былай дейді:

"Ұлы Отан соғысында Шығыстың қос жұлдызына айналған батыр қыздар бар. Оның алғашқысы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы айтуға болады. Ол 1925 жылы 25 қазанда дүниеге келген. 4-5 ай бүрын Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы аталып өтті. Қазақ батыр қызы жастайынан анасынан айырылып, әжесінің қолында тәрбиеленген. Алматы қаласында тұрған. Молдағұловтар отбасы Мәскеуге, соғыс алдында Санкт-Петербург қаласына көшті. Ол жақта жүріп, балалар үйінде тәрбиеленді. 1942 жылы КСРО халық комисариатының бұйрығымен мергендер мектебі құрылған.

Әлия осы мектепте оқып, мерген атанады. Курсант бола жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысты. Қазақтың батырлық қасиеті ата-бабаларынан Әлияға да дарыды. Өйткені ол мергендік мектебін бітіріп, соғыста бірқатар ерлік көрсетті. Қаншама жаудың көзін жойды, жастайынан жауға қарсы шыққан ержүрек қазақтың қызы. Қан майданда соғыста жүріп Әлия 1944 жылы жауынгерлермен айқаста ерлікпен көз жұмды. Ол жауына қырғидай тиген мергенші атанды. Әлия Молдағұлова ерлігі ол қазақ тапқан соң жоғары бағаланып 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы атағы беріледі", - дейді тарихшы.

Шығыстың қос шынары. Сурет
Шығыстың қос шынары. Сурет: Жетісу газеті.

Әлия Молдағұлова - 1925 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында өмір есігін ашқан. Ол бала күнінде анасынан айырылып, кейін Алматыда ағасының қолында тұрған. Сөйтіп, 1935 ж. Ленинградтың Красногвардейский ауданындағы №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Ол Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. 1943 ж. Снайперлерді даярлау орталық әйелдер мектебін аяқтаған батыр қыз, 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Осылайша Әлия Молдағұлова фашистердің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің мерт қылған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан.

Батыр қызға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы беріліп, ол Ленин орденімен марапатталады.

Бүгінде Әлия Молдағұлова туралы жазылған кітаптар, естеліктер, фильмдер мен көше аттары, ескерткіштер жетерлік.

Қазақ қыздарының арасында алғаш рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған - Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі – Мәнсия) болды. Ол 1922 жылы Орал облысы Орда ауданында туып, 1943 жылы қазанның 16-ы күні майданда қаза тапқан. Анасы оны еркелетіп Моншағым деген екен, ал бала Мәншік оған тілі келмей, өзін Мәншүк деп атап кеткен. Батыр қыз ата-анасынан ерте айырылған. Ол Ұлы Отан соғысы басталған жылы, Алматы медициналық институтында оқып жүрген. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен әскерге аттанып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамына кіреді. Сөйтіп ол ұрыста өзінің мергендігімен, батылдығымен көзге түскен. Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапқан.

Бүгінде туған жерінде оған ескерткіш орнатылса, Невель, Алматы, Орал және басқа да қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Ел бойынша ондаған мектепке, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесіне Мәншүк Мәметова есімі берілген. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы "Мәншүк туралы жыр" (авторы – А. Михалков-Кончаловский, режиссері М.Бегалин) көркем фильм түсірілді.

Хиуаз Доспанова - 1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау облысында дүниеге келген. Ол Ұлы соғыста әскери ұшақпен жаудың көзін құртумен ерекшеленсе, соғыстан кейінгі жылдары қайраткерлегімен есте қалған. Хиуаз Доспанова штурмандарды даярлайтын арнайы курсты бітірген. Сөйтіп 1942 жылдың көктемінде ол авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі уақытта жау шебін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанған екен.

Хиуаз Доспанова Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Қазақтың батыр қызы 300-ден астам маңызды тапсырмаларға жіберіліп, оның бәрінде ерлікпен жеңіске жеткен.

Кеңес одағының батыры атағын алған Марина Чечневаның Хиуаз Доспанова жайлы былай деп еске алады: "Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын". Осы ерлігі үшін Доспанованы “Түнгі жалмауыз” деп атап кеткен екен.

"Халық Қаһарманы" Хиуаз Доспанова 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден өткен.

Қазақ қыздарының батырлығы сан ұрпаққа ерлік пен елге деген сүйіспеншіліктің, Отанға адал қызмет етудің символы болып қала бермек. Жас ұрпақ батыр қыздардың ерлігінен үлгі алып, оны ғасырлар бойы мақтан тұтатынына сенімдіміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2041513-qazaqtyn-batyr-qyzdary-erlikteri-men-batyldygy/

pixel