Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлы жүзден шыққан әйгілі тұлғалар туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Киіз үй
Жайлаудағы киіз үй. Көрнекі сурет: pixabay

Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалар аз емес. Ерен еңбегімен, ерлігімен, игі істерімен ел жадында сақталған жандардың қай кезде де өскелең ұрпаққа темірқазық тәрізді жол көрсетіп тұратыны анық. Бұл жазбамызда ұлы жүзден шыққан бірқатар тарихи тұлғалар жайлы мәлімет береміз.

Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би

Майқы би жайлы қандай деректер бар? Халықтың ауызша тарихына сүйенсек, Майқы би (ХІІ – ХІІІғғ.) Шыңғысты хан көтеруге қатысқан атақты 12 бидің бірі. Ол – әділ билігімен, тапқырлығымен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би" деген ескі сөз бар. Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан – Ұзынсақал Ыбрайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз әңгімелерде кездеседі.

"Қазақ Совет энциклопедиясында" оның Шыңғыс ханның ел бастау ісіне көмектесіп, ақылшысы әрі өзі жорыққа аттанғанда орнына қалдыратын биі болғаны, Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің он қанатын басқарғаны айтылады. "Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалар" кітабында Майқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен қарайлас, болмаса ептеп үлкен болуы мүмкін. Ал қазақ аңыздары оны одан бірер ғасыр кейін жасатып, қазақтардың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбек би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер ретінде көрсетіледі.

Майқы би қазақ руларын үш жүзге бөліп, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Арғын бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атайды. Ноғайлы хандарының бірі – Қызыл Арыстанның баласы Ахметті Ұлытауда үш жүздің ханы етіп көтереді. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді. Ұлыс туын ұстаған Үйсінге "жалау", ортада жүрген Арғынға "көз", жауға алдымен шабатын Алшынға "найза" таңбасын беріп, 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде "Майқының таңбасы" деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен "Нұра таңбасы" аталып кеткен.

"Шипагерлік баян" еңбегінің авторы жайлы не білеміз?

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшы, "Шипагерлік баян" атты емшілік этнографиялық еңбектің авторы, өз заманында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бірге халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері. Шипагердің өмір дерегі, туған және дүниеден өткен жылдары жайлы "Шипагерлік баян" кітабындағы мағлұматтар бойынша белгілі. Автор 70 жасында жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Сонымен қатар Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де мәлімет бар. "Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалар" кітабында Тілеуқабылұлы Өтейбойдақты 1366 жылы дүниеге келіп, 1478 жылы дүние салды деп жобалауға болады деп жазылған.

Шипагерлік баян
"Шипагерлік баян" кітабы. Көрнекі сурет: aikyn.kz

Ғалым "Шипагерлік баян" кітабында өзі туралы былай деген:

"Өтейбойдақ - Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім - Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде - Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын".

Емшілік қасиет Өтейбойдаққа ата тегінен жұғысты болған деседі. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген тұлға бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Осылайша шипагерлікті өз заманының биік сатысына көтере білген. Ол шипагерлік жолында Әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, үйлі-баранды болу сынды пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрк етіп, бар ғұмырын шипагерліктің қыр-сырын игеруге жұмсаған.

Қазақтың Қарасай батыры

Қарасай Алтынайұлы (1598-1671) – тарихта есімі ерекше аталатын тұлға. 1652 жылы жоңғарлармен өткен шайқаста Жәңгір ханның өлімімен аяқталған қазақ жасақтарының жеңілісінен кейін ел басына қиын-қыстау күн туады. Осы тұста елдің бірлігін, халықтың намысын қорғауды Қарасай Алтынайұлы өз қолына алады. Батыр жауға қарсы жасақ құрып, жоңғар әскерлерін Шу бойынан бастап қуып Іле өзенінен, одан әрі Жоңғар қақпасынан асыра өткізіп тастайды. Сөйтіп, Суықтөбе басына жеңіс туын тігеді.

Әйгілі Қарасай батыр қай рудан шыққан? Қазақтың қаһарман батыры Қарасай батыр Шапырашты руынан шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жарақат алып, қаза тапқан. Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен топырақ бұйырған. Батырдың қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс - шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға арнап қос күмбезді кесене орнатылды.

Жамбы ату
Ат үстінде садақ ұстаған жігіт. Көрнекі сурет: Ұлттық спорт қауымдастығы

"Жылнамалар жинағының" авторы

Жалайыр Қосымұлы Қадырғали (1530-1605) – орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы, атақты биі. Тарихи шығармаларда оны "Қайырғали Жалаири" деп көрсетеді. Бұл – тарихи тұлғаның аты-жөнінің соңына оның қай мекеннен екенін білдіру үшін туған жерін көрсететін бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша алынған. Алайда мұнда ғұламаның туған жері емес, тайпасының аты көрсетілген. Ғалымның шыққан тегі – Ұлы жүздің тарақ таңбалы Жалайыр тайпасы. "Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалар" кітабында оның "Жалайри" аталуы осыдан делінеді. Тарихи шығармаларда оның есімін Қыдырғали, Қыдырәли, Қадырғали деп құбылтып атай береді. Туған жері – Қазақстан жеріндегі Сырдария бойы.

Қадырғалидың ата-бабасы Қарахандар әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның кеңесшісі, қолбастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген. Жастайынан білім алып, бірнеше тіл меңгерген Қадырғалидың өзі де хан сарайында қызмет етіп, ханның балаларын тәрбиелеу ісімен айналысқан көрінеді.

Шығай ханның баласы "Ұзын оқты" атанған Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның 13 жасар баласы Ораз-Мұхаммедті алып, өзіне қараған елмен Сібірдің Көшім ханының қол астына көшіп кетеді. Онда Қадырғалидың білімділігіне, ақыл-парасатына риза болған Көшім хан оны Төбе би етіп сайлап, өзінің ақылгөй кеңесшісі етеді. Бірақ ол онда ұзақ бола алмайды, кейін Сібір кінәзі Сейдектің ықпалымен, онымен бірігіп, Көшім ханға қарсы шығады. Сөйтіп ол енді Ораз-Мұхаммедпен бірігіп, Сейдектің мәртебесін көтереді. Осында жүргенде оларды Сібір воеводасы Д. Чулков алдап тұтқынға түсіреді. Қадырғалиды Ораз-Мұхаммедпен бірге Мәскеуге жөнелтеді. Кейін шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасым хандығынан иелігіне жер бөліп береді. 1600 жылы орыстың жаңа патшасы Борис Годунов оны Қасым хандығының ханы етіп қояды. Қадырғали оның төрт биінің бірі болып тағайындалып, осында ғылыммен шындап айналысады.

Ана тілімен бірге араб, парсы тілдерін де жақсы меңгерген ғұлама Шығыс әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең зерттейді. Соның нәтижесінде ол Орта Азияның сол кездегі атақты ғұламаларының деңгейіне көтеріледі. Кейін "Жами ат-тауарих" ("Жылнамалар жинағы") деген атаумен әлемге әйгілі еңбегін жазады. Ол өзі жайында:

"Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөздерге қанық көптеген кітап оқыған адаммын", - деп жазады.

Ұлы жүздің төбе биі – Төле би

Төле би Әлібекұлы (1663-1756) – қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған "Билер кеңесінің" мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, "Жеті жарғы" деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руы.

Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады. Тәуке ханның тұсында Төле би "Билер кеңесінің" мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оңынан шешілуіне елеулі үлес қосқан әрі жыл сайын өткен бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған.

Төле би
Туралықты ту еткен - Төле би. Көрнекі сурет: "Егемен Қазақстан" газеті

Төле би Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене араласқан. Бұл – Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез еді.

Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым-салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай.

Атақты Райымбек батыр

Райымбек батыр – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руы. "Қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалар" кітабындағы деректе батырдың тегі "Хангелдіұлы" деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі – Хангелдінің кенже ұлы Түке делінеді.

Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған:

"Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін "батыр болады екен" - деп бүркеніп жатқан ортаншысын "момын, шаруажай болады екен" - деп бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын "ағайынға ақыл айтар болады екен" - деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде "ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің" - деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі:

"Бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады", - деп тоқтатады.

Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты Райымбек батыр туады. Кейбір зерттеушілер Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Ресейге қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне "Райымбек Хангелдіұлы" деп толтырылған дегенді айтады. Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілік заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болғанда, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керегін білмей абдырап қалғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерлігі ұмытылмақ емес.

Райымбек батыр
Райымбек батыр кесенесі. Көрнекі сурет: archaeology.kz

Шапырашты Наурызбай

Шапырашты Наурызбай батыр туралы қандай деректер білеміз? Құттымбетұлы (Құтпанбет) Наурызбай (1706-1781) жоңғар әскеріне қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгілі қолбасшы. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руы. Алматы қаласы маңындағы Жалпақтөс, Серіктас деген жерлерде өмір сүрген. Ел басына түскен қиын күндер өзге замандастары секілді Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізгендей.

Халық Наурызбайды "Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты" батыр деп сипаттаған. Наурызбай "Аңырақай" шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары – Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі:

"Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай.

Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай.

Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында.

Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады", - деп есімін жырға қосқан.

Шаңырақ бейнесі
Қасиетті шаңырақ бейнесі. Көрнекі сурет: pixabay

Қазақтың Ұлы жүзінен шыққан батырлардың ерлігі өз алдына бір төбе. Жалынды жырларымен баураған ақын-жыршылар, ғалымдар мен композиторлардың халық қазынасына қосқан мұрасы мол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2041867-uly-zuzden-syqqan-aigili-tulgalar-turaly-ne-bilemiz/