Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Орта жүзден шыққан әулие-ғұламалар туралы не білеміз

Опубликовано:

Орта жүзден шыққан ғұламалар. Көрнекі сурет
Орта жүзден шыққан ғұламалар. Көрнекі сурет: E-history.kz басылымы

Тарихта орта жүзден шыққан әулие-ғұламалар жетерлік. Бүгін назарларыңызға солардың бірқатарына тоқталып, олар жайлы қызықты деректерді ұсынбақпыз.

Әбу-Насыр әл-Фараби

Орта жүздің қыпшақ руынан шыққан ұлы ойшыл Аристотельден кейінгі екінші ұстаз саналған. Ғалымның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки болған. Ғалымдар оның тегінің "Ат-Түрки" болуы оның тегі түркі екенін, ал "әл-Фараби" Фараб қаласында туғандығын білдіретін айтады. Сонымен бірге ғұламаның азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің есімі – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ екені белгілі болды. Зерттеулерде Фарабиді кейде "Тархани" деп те атағаны жазылады. Сонымен бірге Әл-Фараби дәулетті отбасында дүниеге келгені айтылады. Сонымен бірге кей деректерде оның руының қаңлы-қыпшақ екені де жазылады. Десе де ғалымдардың дені оны қыпшақ руынан шыққан деседі.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті "Философия және саясаттану" кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Дина Кульбаева ғұламаның әкесі әскербасы болғандықтан, оған "Тархан" деген атау содан берілгенін мәлімдейді.

"Әскери отбасында дүниеге келген соң ба, әл-Фараби туралы еңбектерде оның ержүрек, батыр болғаны, жебені жақсы тартқаны, нысанаға дөп тиетіні айтылады. Соған қарағанда, Әбу Насыр әл-Фараби тек ғылым-біліммен айналысып қоймай, сол кездегі түркілерге тән соғыс өнерін де жақсы меңгерген болуы керек", - дейді ғалым.

Орта жүздің қыпшақ руынан шыққан әл-Фараби жастайынан ілімге қызығушылық танытады. Сөйтіп сол замандағы Бағдат қаласына келіп, сонда тұрақтап қалады екен. Ғұлама мұнда "Байт әл-Хакма" атты ғалымдар үйі мен бай кітапхана үшін қоныс аударған көрінеді. Дәл осы қалада Әбу-Насыр әл-Фараби сол кездің ғалымдарымен танысып, олармен сырлас досқа айналады. Сол сияқты грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренген.

Әбу-Насыр әл-Фараби өз заманының ұлы ойшылы болған. Неміс ғалымы М.Штейшнейдер философ өзінен кейін 117 еңбек қалдырды десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров ғалымның 200-ге жуық трактаты бар деп болжайды. Олардың қатарында астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия және т.б. ілімдер бар. Қыпшақ руынан шыққан әйгілі ғалым орта жүз ғана емес, күллі түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының мәңгілік жауһары болып қалатыны сөзсіз.

Әбу-Насыр әл-Фараби. Сурет
Әбу-Насыр әл-Фараби. Сурет: Әл-Фараби кітапханасы

Баба түкті Шашты Әзиз

Баба түкті Шашты Әзиз жайлы ел арасында аңыз жетерлік. Алайда зерттеушілер оны орта жүздің қоңырат руынан шыққан деседі. Ресми деректерде Баба түкті Шашты Әзиздің 8-ғасырды өмір сүргені және ол Меккеде патша болғаны айтылады. "Қазақ энциклопедиясында" оның шын есімі – Баба Түклас, ал әкесінің есімі керемет Әзіз деген дерек бар. Сонымен бірге тарихшылар оны орта жүздің қоңырат руынан шыққан деген деректі айтады. Оның шыққан тегі туралы зерттеушілер арасында әлі де болжамдар жетерлік. Олардың бірі оны қоңыраттан бөлек маңғытай руына жатқызса, енді бірі қожадан тараған дейді.

Ғалымдар әлі күнге дейін "әулие өмірде болған кейіпкер ме, әлде аңыз адам ба?" деген сауалға жауап таппай келеді. Ол жайлы El.kz басылымы мынадай қызық аңызды ұсынады:

"Баба түкті жас кезінде Жылыбұлаққа шомылып жүрген үш қызды көрген деседі, олар су перісінің қыздары екен. Баба түкті олардың киімдерін жасырып қояды, сөйтіп үш қыздың біреуін әйел болуға көндіреді. Қыз күйеуге шығар алдында үш шарт қояды. Бірінші – аяқ киімін шешкен кезде қарамау, екінші – шашы мен тырнағына қарамау, үшінші – қолтығына қарамау. Жігіт бір күні шарты бұзады, қыз аққуға айналып ұшып кетеді, артынан іште қалған баланы әкеліп тастап кетеді. Бұл бала кейін Едіге деген атпен белгілі болған". 

Баба түкті Шашты Азиз кесенесі. Сурет
Баба түкті Шашты Азиз кесенесі. Сурет: El.kz басылымы

Алайда ғалым Серікбол Қондыбаев Баба түкті шашты Әзиздің өмірде болғанын әрі оның кесенелері еліміздің екі аймағында орналасуы мүмкін деген дерек келтірген. Олардың бірі Маңғыстау облысындағы әуилелер жатқан жерде болса, енді бірі Қызылорда облысындағы Шолаққорған ауданындағы кесенесі болуы мүмкін.

Әулиенің өмірде болғанын "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", "Шора батыр" жырлары арқылы түсіндіруге болады. Себебі аталған жырларда Баба түкті Шашты Әзиздің есімі кездеседі. Зерттеушілер оны Орталық Азия мен Қазақстан жерінде ислам дінін таратушы әрі уағыздаушы деп көрсетеді.

Баба Түкті Шашты Әзіз бабаның мазары, қазіргі таңда, Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы, Жылыбұлақ жерінде орналасқан. Халық оған киелі әрі қасиетті жер ретінде барып, бабаның басына тағзым еткен. Тіпті күш атасы Қажымұқан додаға түскен сәтте: "Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр" - деп сыйынған деген дерек бар.

Арғын руынан шыққан – Әнет баба

Әнет баба Кішікұлы – Орта жүздің ішіндегі Арғынның Тобықты руынан шыққан. Ол Ұлы Абайдың алтыншы атасы саналады. "Қазақстан ұлттық энциклопедиясының бірінші томдығында" оның Әз Тәуке ханның тұсында өмір сүргені әрі ханның кеңесшісі болғаны жазылады. Одан бөлек ғалымдар Әнет бабаны "Жеті жарғының" авторларының бірі ретінде көрсетеді.

Сонымен бірге энциклопедияда оның жас кезінде Бұхар-шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге медресе бітіргені, сондай-ақ ислам қағидаларына, шариғат ережелеріне жүйрік болғаны айтылады. Әнет баба әділдігімен, діндарлығымен ел есінде қалған екен.

Қазақтың бес арысының бірі Әнет бабаны өзінің «Қалқаман-Мамыр» поэмасына қосқан. Ол онда:

"Әнет бабаң - Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молда ғұламасы.

Орта жүзге үлгі айтқан ғаділ екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы", - деп көрсеткен.

E-history.kz басылымы ұсынған деректерге сәйкес, Шәкәрім Құдайбердіұлы "Қалқаман-Мамыр" жырында оның беделін, әділдігін жырлаған екен. Тіпті «Тобықты шежіресінде» оның үрім-бұтағы туралы айтылады, дейді мақала авторы.

Сонымен бірге осы мақалада Әнет бабаның жас кезі мен өмірі жайлы мынадай қызықты дерек келтіріледі:

"Шыңғыстаудың баурайында 1626 жылы өмірге келген зерек бала сауатын ерте ашып, Бұхарадағы Шәріпғаділ медресесіне оқуға аттанады. Бұл жерде ол мұсылмандық шариғатты, Сократ, Платон, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йассауи сияқты сол заманның ғұлама философтарының еңбектерімен танысып, он жеті пән мазмұнын толық меңгеріп, жан-жақты білім алған үздік шәкірт атанады. Діни сауатты, философиялық ой өресі қалыптасқан, әлем кеңістігінің өзгерісінен, саяси бағытынан хабардар оқымысты жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ елінің болашағына зер сала, өркендету жолында тер төгеді. Ол көп жылдар бойы Жәңгір хан (1645-1680), Тәуке хан (1680-1718), Батыр хан, Болат хан ордаларында кеңесші болған. Тіпті, Әз Тәукенің тұсында бас уәзір болып мемлекеттік іске батыр, билермен қатар, қара халықты тартушы алғашқы қайраткер болған", - деп жазады автор.

Халық жазушысы Мұхтар Мағауин мен академик Салық Зиманов Әнет баба жөніндегі зерттеулерінде оның мына сөздерін мысалға келтірілген:

"Баба, дүниеде «не арсыз, не ғайып, не даусыз, не қадірсіз, не тәтті, не күшті, не жаман?» деген көпшіліктің 7 сұрағына қысқа да нұсқа берілген жауаптардың біреріне назар аударасақ. «Үш арсыз – ұйқы, күлкі, тамақ; үш тәтті – жан, мал, жар; үш күшті – ақыл, жүрек, тіл; үш жаман – нақақ қан төгу, ұрлық, ата-баба жұртын бұзу; үш даусыз – мінез, кәрілік, ажал; Бұдан сақ болыңдар" депті.

Қазақтың би-шешендері. Көрнекі сурет
Қазақтың би-шешендері. Көрнекі сурет: Егемен Қазақстан басылымы. Көрнекі сурет

Әнет баба өмірінің соңына дейін қазақтың хандарына ақыл-кеңесін айтып, қазақ халқын даналығымен, шешендігімен таң қалдырып, билік еткен екен. Халық арасында бабаның "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" жылдарында елінен кетпей, "ата-бабамның аруағы қонған, балаларымның сүйегі қалған жерімнен кетпеймін" деп елде қалып, сол жақта көз жұмғаны айтылады. Ал кейін, Әнет бабаның мүрдесін Көкенай батыр Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи мазарына апарып жерлеген екен. Қазіргі таңда Алматы қаласында Әнет бабаның есімі берілген көше атауы бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Ол араб және парсы тілдерінен бөлек, әлемнің бірнеше тілін жетік меңгерген екен. Ол Арғын руының Сүйіндік руынан тараған. Бұл туралы mazhab.kz сайтында былай деп жазылған:

"Мәшһүр Жүсіп Орта жүз Арғыннантарайтын Бес Мейрам әулетінен. Мәшһүр Жүсіптің шыққан руы Сүйіндік – Мейрамныңбір үлкен бұтағы".

Қасиетті тұлға ақындығымен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оны басып шығарумен айналысқан екен. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы қазақ ауыз әдебиетінің жауһары саналатын көптеген шежіре мен айтысты, түрлі тарихи жырды хатқа түсірген.

1887 жылы Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. ша­һарларына барып, білімін жетілдіреді. Ол мұнда араб, пар­сы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өз­бек, тәжік, және т.б. тілдеріне қызығушылық танытып, осы елдердің әдет-ғұрпын зерттейді.

Көзі тірісінде ғалым Бұхара, Түркістан, Сыр өңірі мен Ұлы­тау, Есіл мен Нұраны аралайды. Сол жылдары ол : “Сары­ар­қаның кімдікі екендігі”, “Хал-ахуал”, “Тір­ші­лікте көп жа­сағандықтан көрген бір тама­шамыз” ат­ты еңбектерін жазып, жарыққа шығарады. Ғұлама әулие аңыз бен әңгімелерді жинап қана қоймай, ондағы жер-су аттарына, олардың шығу тегіне де мән берген екен. Ол халық арасынан “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Са­йын”, “Нәрік ұлы Шора батыр”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” жырларын жинаған.

Сонымен бірге қазақтың ақын-жырауларының да бірқатар туындыларын хатқа түсірген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болған. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдиновтың "Мәшһүр әлемі" атты мақаласында:

"Бұқар жырау, Көтеш Райым­бекұлы, Жанақ Сағындықұлы, Шер­нияз Жарылқасұлы, Орын­бай Бертағылұлы, Мәделі Жүсіп­қожаұлы, Шортанбай Қанайұлы, Күдеріқожа Көшекұлы, Ақмолла Мұ­хамедиярұлы, Біржан Қожа­ғұлұлы, Базар Оңдасұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Абай Құнанбай­ұлы, т.б. қоғам қаймақтарының туындылары Мәшһүр-Жүсіптің хатқа түсіруінің арқасында бүгінге жетті", деп жазылады.

Сонымен бірге зерттеушілер оның Наурыз мереке­сін тойлауға ерекше тоқталып, қа­зақ халқы бұл мерекені 2500 жылға жуық, айта кетсек, ислам діні тарағанға дейін де тойлағанын дәлелдегенін айтады. Қасиетті тұлға діндар адам болған деседі және оның дін тақырыбына арналған көптеген еңбектері болған. Оны көптеген адамдар қасиетті санап, балаларына есімдерін қойғызған екен.

Тарихшылар Абай Құнанбайұлының да ғұламаны қадірлегенін айтады. Бұл жөнінде жоғарыдағы мақала авторы былай дейді:

"Бірде Тобық­ты еліне жолы түскен Мәшһүр-Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табал­дырықты аттап үйге кіре берген­де Абай тосын сауал қойып: «Ақыл­дының өзінен бұрын айтқаны же­теді деген. Атың құлағымды сарсы­лтып еді, шынымен Мәшһүр бол­саң айтшы кәне: "Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?" депті. Сонда Мәшһүр-Жүсіп кідірместен: "Абайдың Құдайының қайда еке­нін білмедім. Менің Құдайым жүрегімде!» деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болған шырай танытып: "Мәшһүр десе дегендей екенсің!" деп, қолын алып, төрін ұсыныпты. Абайдың ұлы Әбдірахман Мәшһүр-Жүсіптің терең біліміне тәнті болып: "Біл­мейтіні жоқ!" деп жігерлене айт­қан екен".

Мәшһүр Жүсіп кесенесі. Сурет
Мәшһүр Жүсіп кесенесі. Сурет: E-history.kz басылымы

Ұлы ойшыл 1931 жылы 27 қарашада дүниеден өткен. Бүгінде қасиетті бабаның сүйегі қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ескелді ауылында жатыр. Оның артында үш ұл, бір қызы қалған.

"Үлкен ұлы Шәрәпи де дарынды ақын болған. Әмен парсы, араб, орыс тілдерін білген. Кенже ұлы Фазыл өз ауылында шағын мектеп ашып, мұғалім болды", - дейді ғалымдар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2042023-orta-zuzden-syqqan-aulie-gulamalar-turaly-ne-bilemiz/

pixel