Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қоңырат руының шежіресі: қызықты деректер

Жарияланған күні:

Қоңырат таңбасы
Қоңырат руының таңбасы. Көрнекі сурет: Скрин youtube.com

Қоңырат - Орта жүз құрамындағы тайпа. Қазақ тарихында бұл рудың өзіндік орны бар. Шежіре мен зерттеулерге негізделген бұл жазбамыз арқылы Қоңырат руына қатысты қызықты деректерді ұсынамыз.

Тарихи деректерде Қоңырат тайпасына қатысты "Қоңғырат", "Оңғырат", "Қоңғила" деген атаулар кездеседі. Қоңырат сөзі "Қоңыр" және "ат" көптік жалғауынан шыққан.

Таңбасы – "П" белгісі, "босаға таңба" дегенді білдіреді, ұраны – "Алатау", "Мүкәмал" делінеді.

Қоңырат руы қай өңірлерді мекендеген?

Қазақ халқының құрамындағы Қоңырат тайпасы 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанның оңтүстігінде мал шаруашылығымен айналысқан. Жаз айларында солтүстіктегі Қорғалжынға дейінгі аумақта жайлауға шығып отырған. Моңғол, араб, парсы деректерінде және Қытай жазбаларында бұл руды ежелгі қият тайпасы және моңғол үстіртін мекендеген олхонут, хонхират руларымен байланыстырған. Осыған орай В.Бартольд, Д.Оссон, Б.Сайшаал сынды зерттеушілер Қоңырат руын моңғол текті тайпа деп есептеген.

Кейінгі зерттеулер және түркілер арасындағы "Қоңырат" этнонимі бұл тайпаның моңғолдармен байланысын теріске шығарады. alashainasy.kz сайтында жарияланған "Шежіре - Қоңырат руы" мақаласында қоңыраттардың ХІІ-ХІІІ ғасырларда көршілес моңғол тайпаларымен тығыз байланыста болғаны жайлы жазылған. Мәселен, Шыңғысханның шешесі Қоңырат тайпасының қызы болатын және Жошы, Шағатай, Үгедей, Толы сынды мұрагерлері де бірінші әйелі Бөртеден туған балалар еді. Бөрте де Қоңыраттың қызы делінеді.

Қоңырат тайпаларының қалыптасу жолында моңғолдардың ықпалы бар, алайда олардың негізгі бөлігі түркі рулары еді. Қоңыраттар Дешті Қыпшақтың сол қанаты есебінде Темір әулетіне қарсы күресте Әбілхайыр ханды қолдады. Осындай саяси тартыстар салдарынан Шайбани әулетімен бірге Мауереннахр хандығының негізін салып, кейінірек қарақалпақ халқының құрамына енді.

Жәнібек пен Керей бастаған топ көшпелі Өзбек мемлекеті құрамынан үдере көшкен кезде қоңыраттардың бір бөлігі олармен бірге Батыс Моғолстанға келіп орнықты.

Ағып жатқан бұлақ
Сылдырап аққан мөлдір бұлақ. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Қоңырат тайпасы XIX ғасырдың басында Қаратау, Талас, Ташкент, Бұхара, Қоқан маңына тұрақтаған деп жазылған. Осылайша қоңыраттар Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес тайпалармен араласып, қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт халықтарының құрамына еніп, сіңісіп кетті.

М.Тынышбаевтың еңбектеріне сүйенсек, қоңыраттардың Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы саны 310 мың адам болған. Олардың 100 мыңы Бұхара маңында, 90 мыңы Түркістан уезінде, 30 мыңы Перовск (Ақмешіт) уезінде тұрақтаған.

Қазір қоңыраттардың көбі Қазақстанның оңтүстігінде, Қарақалпақстан, Өзбекстан жерінде өмір сүреді. "Моңғолдың құпия шежіресі" кітабында Шыңғысханның бәйбішесі Бөртенің (Жошының шешесі) Қоңырат руынан екені айтылады.

1748 жылы А. Тевкелев жазған ұлы жүз, орта жүз қазақтарының рулық-тайпалық құрамының суреттемесінде қоңыраттардың "күшті ру" екені, көбіне "Үлкен ордамен бірге көшіп жүретіні" айтылған.

Ш. Уәлиханов қоңыраттардың Орта ордадан Уәли хан тұсында (XIX ғасырдың бірінші жартысы) бөлініп, "Бұхарада, Қоқанда, Ташкентте, Қаратауда және Талас өзені бойында өзбек руларымен (көршілес) көшіп жүретінін" жазған.

Жазбалар арасында бірнеше жыл айырмашылық бар, дегенмен қоңыраттардың Орта Азия мен ұлы (Үлкен) жүз қоныстарына кетіп қалғаны жайында XVIII ғасырдың ортасында да, XIX ғасырдың бірінші жартысында да айтылады. Ал олардың бұлайша кетіп қалуына не себеп болғаны жайлы нақты жазылмаған.

"Шежіре - Қоңырат руы" мақаласында Уәли хан кезінде жаппай көшудің болғаны әрі сол хан тарапынан көрсетілген қысымға наразылық ретінде 1797 жылы 15 000 шаңырақ арғындардың Ертістің оң жағалауына көшіп кеткені мысал етілген. Бірақ ол арғындар (атығайлар) қалай қоныс аударса да Орта жүз жері ішінде қалған, ал қоңыраттар бұрынғы мекенінен оңтүстік өңіріне тым алыстап кеткен делінеді. Бұл оқиғаның тарихы мынадай:

"XVIII ғасырда қоңыраттар көшпенді өзбектердің мемлекеті кезінде болған бұрынғы құдіретінен айрылды. Ол кезеңде қоңыраттар оның жауынгерлік сол қанатына енген еді. Шайбани хан Дешті Қыпшақтан Мауараннахрға бет бұрған кезде көптеген қоңырат жаулап алушы ханға еріп кетті. Шайбани хан қаза тапқаннан кейін Мауараннахрда өзара қырқыс күшейіп, XVI ғасырдың аяғы XVII ғасырдың басында ол дербес екі хандыққа бөлінді. Олар:

  1. маңғыттар басқарған Бұхара;
  2. қоңыраттар басқарған Хиуа.

Қыпшақ даласында қалып, қазақ халқының құрамына енген қоңыраттар Орта Азия халықтары тағдырына жасаған бұрынғы зор ықпалынан айрылып қалды".

XVIII ғасырда қоңыраттардың қазақ қоғамындағы маңызы қандай болған?

Белгілі бір тайпаның, рудың салмағы ұлысты, старшындықты (ресми қүжаттарда алынған терминдер) басқарған жеке адаммен (ханмен, сұлтанмен, батырмен, бимен) байланыстырылған. Бұл жеке адам мен оның төңірегіндегілер, негізінен оның жақын туыстары өз руластарының, өз тайпаластарының мүдделерін қорғау арқылы өзі де жоғарылап, жайылымдарды иелену мен қоғам өмірінде өз беделін көтеру үшін қажетті күшке ие болатын. Тілмаш М. Араповтың жазбаларында (1749) Найман руы және Арғын тайпасы, қаракесек руымен қатар Барақ сұлтан әскерінің негізін қоңыраттардың құрағаны, сол қоңыраттардың Барақ сұлтан ұлысымен қатар болғаны жазылған.

Қараша үй
Қазақтың ұлттық киіз үйі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қоңырат руының қандай тармақтары бар?

Қоңырат тайпасы екі үлкен бірлестіктен тұрады:

  • Көтенші;
  • Көктіңұлы.

Көтеншіден тарағандар:

  1. Жаманбай;
  2. Аманбай;
  3. Жетімдер;
  4. Божбан;
  5. Саңғыл.

Көктіңұлынан өрбігендер:

  1. Байлар;
  2. Жандар;
  3. Аққой;
  4. Оразгелді;
  5. Тоқболат;
  6. Қаракөсе;
  7. Құлшығаш.

Әйгілі "Алпамыс батыр" жырының Қоңырат руымен байланысы қандай?

Қоңырат руының түбі түркіден шыққанын көрсететін мысал көп. Мәселен, түркі халықтарының тарихында Қоңырат тайпасының үлкен қызмет атқарғанын "Алпамыс батыр" жырынан көруге болады. Мұны Қоңырат тайпасынан шыққан Алпамыс батыр туралы эпостың түрлі нұсқаларының болуы дәлелдейді. Қазақ пен қарақалпақ тіліндегі "Алпамыс", өзбектердің "Алпамыш", башқұрттардың "Алпамыш пен Барсын Хылду" эпостары, татарлардың "Алпамша" батырлық ертегісі, алтайлықтардың "Алып-Манаш", қырғыздардың "Манас" эпосын мысал етуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2042256-qonyrat-ruynyn-seziresi-qyzyqty-derekter/