Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арғын руы қалай таралған: тарихтағы ерекше аңыздарды білесіз бе

Жарияланған күні:

Арғын руының таңбасы. Сурет
Арғын руының таңбасы. Сурет: Baribar.kz

Орта жүздің ішінде саны жөнінен ең көп таралған рулардың бірі – арғын руы. Танымал рудың тарихы мен шежіресі жайлы бүгінгі материалдан білетін боласыздар.

Арғын руының шежіресі

Ежелгі заманнан Қазақ хандығының құрамына еніп, халықтың басым бөлігін рулардың бірі – орта жүздің Арғын руы деп саналады. Арғындар Орта жүз руларының ішінде саны жөнінен ең көп болуымен ерекшеленген. Белгілі ғалым М. Тынышбаев XX ғасырдың басында 6 миллионға жуық қазақ болғанын және олардың ішінде саны жөнінен ең көп таралған ру – арғын (890 мың) екенін жазып кеткен.

Sputnik Қазақстан басылымы таратқан мәліметтерге сай, Арғын руы екі үлкен атадан тұрады:

  • Бес мейрам немесе Ергүл бәйбішеден тараған арғын (Қуандық, Сүйіндік, Бегендік(Қозған), Шегендік (Қоқсал) және Қаракесек (Болатқожа). Олар Ақмола, Баянауыл және Қарқаралы өңірін мекендеген.
  • Жеті момын немесе тоқал арғын (Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Шақшақ, Сарыжетім). Олар XIX соңы мен XX ғасырдың басында Көкшетау, Ерейментау, Ертіс, Шыңғыстау және Торғай өңірін мекендеген екен.

Тайпаның ұраны – Ақжол, таңбасы – көзтаңба болған.

Рудың шығу тарихы

Арғын руы ежелден Ертіс, Нұра, Есіл және Торғай өзендерінің бойы, Балқаш көлінің солтүстігін мекендеген екен. Ғалымдар арғындардың арғын тегі тіпті ежелгі жазбаларда кездесетінін айтқан. Олар жайлы, мәселен, "Орхон-Енисей" ескерткіштеріндегі жазуларында "ұлық-арғұн" деп жазылса, Қытай жазбаларында Гаугуй (алун) тайпалары және моңғол тіліндегі "он" деген сан есімді білдіретін "арғын" сөзі бар деген пікір бар.

Сонымен бірге, зерттеушілер "арғын" атауы көне түрік тілінде "батыс ғұн" деген сөзден шыққан деген болжамды айтады. Ресей тарихшысы Н. Аристов қытай жазбаларында кездесетін "башмыл", ал, Орхон жазбаларындағы "басмыл" тайпасы дәл осы арғындардың арғы аталары болуы мүмкін деген болжам айтады.

Арғын руына қатысты тағы бір деректе Қытайдың Таң патшалығы кезіндегі жылнамаларда қарлұқтардың бір тайпасы – Сопы деп аталатынын айтылады. Ал "сопы" сөзі қазақ руларының ішінде тек Арғындардың құрамына кіретін Ақ сопы, Қарасопы, Сарысопы сияқты ру аттарында ғана сақталған екен.

Осылайша, тарихшылар Түрік қағанаты тұсында Алтай рулары мен Аргун өзенінің арасында басмыл тайпасы өмір сүргенін, кейіннен олар Тарбағатай, Алакөл, Іле маңын, соңғы ғасырларда Сарыарқаны мекендеп, Арғын руы пайда болған деген дерек айтады. Сөйтіп, шежіреде Арғындар Бәйбіше және Тоқал арғын болып екіге бөлінген.

"Арғын" сөзінің мағынасы көне түрік тілінде "аргун" - "көп" деген мағынаны білдірген. Қазіргі таңда, қазақтардың ру бойынша жарияланған бейресми деректерінде қазақ халқы арасында ең көп таралған рулар қатарында – арғын (509 мың адам), екінші орында – наймандар (395 мың адам), үшінші орында – дулаттар (334 мың адам) тұрғаны айтылады.

Арғын руына байланысты қызықты деректер

Ғалымдар арғындардың шығу тегіне көп қызығушылық танытқан. Себебі, қазақтың басқа руларының ішінде дәл осы арғындардың шығу тегі XV ғасырға дейін зерттелмеген деген дерек бар. Сонымен бірге тарихшылар Арғын руының шығуына байланысты мынадай болжамдарды келтіреді:

"Арғын - XIV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Оның есімі көшпелілердің арасында кең танымал болған. Рудың атауын өмір сүрген адамның есімімен атау тәжірибесі көшпелілер арасында кең таралған.

Қодан би, Арғынның ұлы. Ол жүзге дейін өмір сүрген атақты ақын әрі би болға екен. Ол қазақ хандарының атасы Орыс ханның кеңесшісі болған. Баласы Ақжолдың қайтыс болуына байланысты қатты қайғырып, толғау арнайды, ол халықтың жадында күні бүгінге дейін "Қодан би толғауы" атауымен сақталған.

Сол сияқты, Арғындардың Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, Қазақ хандығының негізінің қалануына қатысты мынадай аңыз сақталған:

"Ақжол (Дайырқожа), Қодан бидің баласы. Ақжол Орыс ханның немересі Барақ ханға Темір әулетінің ықпалынан құтылуға көмектеседі. Өзбектің Әбілқайырына ең жақын тұлғалар қарақыпшақ руынан Қобыланды батыр мен арғын руынан Ақжол аталған Дайыр қожа болған. Олардың бақталастығы Дайырқожа (Ақжол) мен қарақыпшақ Қобыландының қырқысуымен аяқталды. Содан Арғындар Әбілқайырдан Қобыландыны сұрайды, хан олардың бұл өтінішін қабылдамайды, сондан соң Жәнібек пен Керей сұлтан бастаған арғындар (және керейлер) Әбілқайырды тастап, шығыс жаққа кетіп қалады.

Бұл аңыз тарихтан бізге белгілі Жәнібек пен Керейдің Моғолстанға, Балқаш көлінің оңтүстігіне (Хан тауға) не себепті кеткенін түсіндіреді. Байқағанымыздай, бұл қанды реніштен ұғатынымыз, қалған рулар Жәнібектің ұрпақтары пен шайбанидтерге бөлінген сәтте шайбани әулетінде ешбір арғын қалмайды, сірә, Түркістанды шабуылдаған сәттегі Мұхамед Шайбанимен бірге болған рулардың тізімінде де арғынның аты аталмайды".

Арғындар - қазақ халқы тарихында тектілігімен, дипломат әрі сөзге шебер болуымен, бір ауыз сөзбен бүтін бір елдің дауын шешетін көрегендігілімен есте қалған. Қазақ халқында арғын руынан шыққан ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері мен ғұламалар жетерлік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2042684-argyn-ruy-qalai-taralgan-tarixtagy-erekse-anyzdardy-bilesiz-be/